Жарылыстардың қатты болатыны соншалық, үйлердің іргесі сөгіліп, терезелері шатынай сынып, қабырғаларына сызат пайда болған. Тұрғындар жергілікті атқарушы органдарға талай мәрте арыз-шағымын айтып, құзырлы органдарға хат жолдағанымен, түйткілдің түйіні еш тарқатылмай тұр. Тіпті, керісінше жыл санап тау-тасты үңгіп, үйіндіге айналдырған карьерлер саны өсіп барады. Мұнымен қоса, тұрғындар қиыршық тас карьерлерінен тәулік бойы тоқтаусыз 60 тонналық ауыр камаздармен жүк таситындықтан, бар-жоғы алты шақырым жолдың тас-талқаны шыққан.
Көкшетаудан таяқ тастам қашықтықтағы Васильков, Гранитный ауылдарындағы халық ащы жанайқайын күні бүгінге дейін айтпаған жері қалмаған. Әсіресе, бүгінде бар-жоғы 500 адам ғана түтін түтететін Гранитный ауылындағы жағдай аса алаңдатарлық. Ауылда осыдан бірнеше жыл бұрын кәріз құдықтары мен жүйелері мүлдем бітеліп қалып, халық кәрізді өз күшімен тазартуға көшкенін жазғанбыз.
Оның үстіне қазір ауылдың айналасын түгелдей қоршап қиыршық тас өндіретін бес бірдей карьер орын теуіпті. Жылдар бойы карьерлерден қиыршық тас өндіретін зауыттардың қатты жарылыстардың салдарынан жоғарыда аталған ауыл үйлері түгелге жуық іргетастары сөгіліп, қабырғаларында ірі-ірі сызаттар пайда болған.
Тіпті, бірқатар үйдің терезесі де шатынай сынған жағдайлар да болыпты. Қатты жарылыстардан кейін тиіп тұрған карьерлердің ауылға қарай сап-сары шаң көтеріліп демалуға да қиындық келтіретін болған. Оның үстіне жөңкіле қиыршық тас таситын ірі жүк көліктерінің тоқтаусыз ағыны да тұрғындардың әбден ығырын шығарған. Ауыр көліктердің илеуіне шыдамаған тас жолдар ойлы-шұңқырға айналып, әкімдікпен жылда тегістелгенімен онысы аптаға жетпей таз қалпына түсе береді.
Ауылдың белсенді тұрғындары округ, аудан әкімдерінен бастап облыс әкімінің де жеке қабылдауында болып түйткілді мәселенің шешімін табуға ықпал етуін сұраған. Бірақ құрғақ уәдеден басқа еш әрекет болмаған. Ауыл тұрғындары былтыр қиыршық тас зауыттарының жүгенсіз кеткен әрекетіне еш амал таппаған соң кен карьерлеріне баратын жалғыз жолды жауып та тастаған. Жергілікті атқарушы билік өкілдері «бәрін шешуге» уәде бергенімен күні бүгінге дейін түйткілді мәселенің мұрты да бұзылмаған. Жолдары жырым-жырым болғандықтан Гранитный облыс орталығынан небәрі 16 шақырым ғана болғанымен қоғамдық көлік те мұнда қатынауды қойған. Қалаға қатынап жұмыс істейтін жұрт таксидің де араны ашылып, таяқтастам жерге 2 мың теңгеге дейін алатынын айтып зар илейді.
– Ауылдың дәл іргесінде «Көкше Неруд», «Көкшетау жолдары» және басқа да жаңадан ашылған бірнеше карьер жұмыс істейді. Ай сайын бірнеше мәрте жарылыстар болады. Жарылыстар болғандар үй тұтастай дірілдеп, жер сілкінгендей болып жиһаздар шайқатыла бастайды. Ауыл үйлерінің түгелдей іргетастары сөгіліп, қабырғаларында сызаттар пайда болған. Қатты дыбыстан құлақ тұнады. Оның үстіне халық ала жаздай шаңнан көз ашпайды. «Көкше Неруд», тіпті қысы-жазы жара береді. Жергілікті қауымдастық төрағасы қазір Ресейге қоныс аударған Ирина Волкова аудан әкімі Әсен Жақсылықовқа, бұрынғы облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа да кірген. Былтыр жазда, тіпті тұрғындар жолдың бойына тұрып алып кен орындарына көліктерді өткізбей де тастады. Әкімдік бәрін қалпына келтірмек болған. Бірақ құрғақ уәдеден әрі аспады. Жарылыстар сол бәз-баяғыша жарылып жатыр. Карьерлер үлкейіп енді Васильков ауылында да жарылыстардың салдары байқалып жатыр. Трассаға дейінгі алты шақырым жолдың ойраны шығып жатыр. Әкімдік былтыр тас төгіп амалдағанымен онысы екі апта ішінде жүк көліктерімен талқаны шықты. Кәріздер ол бітеліп жатыр. Қоқыс айлап төгілмейді. Міне, осындай өткір мәселелер халықтың ащы жанайқайына айналған, – дейді Гранитный селосының Галина Ивановна есімді тұрғыны.
Түйткілді жағдай жөнінде Ақмола облысының Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшылығымен тілдеспек болдық. Бірақ еш мүмкін болмады. Түйткілді жағдай жөнінде тек Қонысбай ауылдық округының әкімі Жеңіс Башаровпен ғана сөйлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, биыл карьерлерден жүретін жүк көліктермен аяусыз ойран болған жол биыл бюджет қаржысымен жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалу үстінде. Сондай-ақ карьер қазушы компанияға жанама жол салу талабы қойылған.
– Республикалық маңызға ие Петропавл трассасы жолына шығар жолға былтыр күзде жартысы, яғни 4,5 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл енді толықтай 9 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізу үшін Зеренді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Жобаға бюджеттен қаржы бөлініп, мәслихат сессиясында бекітілсе жолға толықтай асфальт төселмек. Жол толықтай жөнделгеннен кейін жүк көліктеріне көлік полициясы арқылы бұл жолмен жүруге тыйым салынады. Біз карьерлерден қиыршық тас өндіретін компанияларға жанама жол салу қажетін ескерттік. Олар да өздеріне жанама жол салатын болды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне бірнеше мәрте хат жазып, олар карьерлерде 3 мәрте тексеріс жүргізді. Осы тексерістерден кейін жарылыс жасау біршама азайды. Қазір тек «Көкше Неруд» компаниясы ғана жарылыстар жасайды. Жарылыс күші қалыпты нормаға сәйкес деген жауап алдық, – дейді Қонысбай селолық округының әкімі Жеңіс Башаров.
Тұрғындардың төзімін тауысқан түйткілді мәселелердің жақын уақытта шешімін таппайтынын байқадық. Бұл орайда, құзырлы органдар мен жергілікті билік өкілдерінің сондай-ақ жергілікті қауымдастық өкілдерінің бірлесе комиссия құрып, бірлесе әрекет етіп, комиссиялық түрде жарылыстар жасайтын карьер иелерін тезге салса, ауылдағы ауыр ахуалға сеп болар ма дейміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы