Екіншіден, осы оқу ордасымен қатар университеттің және факультет тарихының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан ұстаздарымыздың да мерейлі жасқа келуі. Сол ұстаздарымыздың бірегейі – Қазақстан жоғары мектебінің өсіп-өркендеуіне, Қазақстан жоғары білімі мен ғылымының дамуына ерен еңбек сіңірген көрнекті қайраткер Ержан Жатқанбаевтың мерейлі 80 жасқа келуі.
Ержан Байғожаұлы 1944 жылы Алматы облысы Талғар ауданында таулы, аршалы, шыршалы, таңғажайып Бесқайнар ауылында дүниеге келіпті. Әсілі адам баласына мәнді, көркем ат қоя білу де көп нәрсені аңғартады. Әкесі Байғожа атамыз және анасы Түнсұлу апамыз баласына сол уақыттың қиыншылық қыспағынан қысылып шыққанда, көрген ұлдарының атын аман-есен жүріп, ер жетіп, елінің елеулі азаматы болсын деген ниетпен Ержан деп атын қойыпты.
Ержан Байғожаұлы қазіргі Тұздыбастау ауылында орта мектепті үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Бірінші курстан-ақ өз ортасынан озат шыққан дарынды студент екінші курстан бастап Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетінде оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Ол кезде Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында әлемге әйгілі ең үздік жоғары оқу орнында білім алу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ондай озық оқу ордасына дара дарындылар ғана қабылданатын. Ержан Байғожаұлы шындығында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дарынды жас болды. Оқуын бітіре сала сол білім ордасына аспирантураға қабылданады. Оны ойдағыдай аяқтап, 1979 жылы кандидаттық, 1995 жылы докторлық дисертацияларын сәтті қорғады. Жоғары білім саласында ғылыми-педагогикалық қызметтер атқара жүріп, доцент, профессор ғылыми атақтарын алды, Ұлттық және халықаралық ғылым академияларына мүше болып сайланды.
Ержан Байғожаұлы Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетінің аспирантурасын бітірген соң, 1971 жылы еңбек жолын жоғары мектеп саласында ассистент болып бастайды. 1979-1984 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары білім министрлігінде инспектор қызметін атқарды. 1984 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жаратылыстану факультеттерінің «Саяси экономия» кафедрасының аға оқытушысы, доценті және 2008 жылдан бастап Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Экономика» кафедрасының, бүгінде «Менеджмент» кафедрасының профессоры болып жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Ержан Байғожаұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 1991 жылы Экономика және құқық институтының директоры, 1997 жылы университеттің Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2001 жылдан Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, 2005 жылдан Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы лауазымындағы жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Ержан Байғожаұлы жоғары мектеп ғылымының дамуына зор үлес қосты. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша 200-ден астам еңбегі жарық көрді, таңдамалылары Ресей, Үндістан, Словакия, Польша, Түркия, Аустралия және бақа елдердің ғылыми басылымдарында жарияланды. Кейінгі бес-он жыл көлемінде бірнеше оқу құралы, оқулық, монографиялар және Scopus деректер базасында индекстелетін журналдарда мақалалары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Зерттеулерінің басты нәтижелері өндіріске енгізілді, оқулықтар мен оқу құралдары, лекциялық курстар түрінде оқу процесінде қолданылуда, монографиялары жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлау ісінде пайдаланылуда.
Ержан Байғожаұлы заманауи экономикалық білім берудің жаңаша жүйесі туындаған шақта қызмет етті, жаңаша тәсілдер мен оқу әдістерін енгізіп, тәлімгерлері мен әріптестерінің тұрақты өзіндік жетілуіне, дербес дамуына қолдау көрсете білді. Жас ғалым мамандарға, студенттерге, сондай-ақ оқытушыларға біліктілігін арттыруға, шетелде тәжірибе алмасуға қолынан келгенше қамқор болды. Кезінде университет тарапынан берілген баспаналарды әділеттікпен жастарға бөлгендігіне үй иелерінің Ержан Байғожаұлына айтар алғысы шексіз.
Әсіресе, ерекше дарынды ұйымдастырушылық қабілетіне, үлкен тәжірибелік қызметіне, жинақталған ой қазынасына орай Ержан Байғожаұлы жоғары кәсіби мамандарды және ғылыми қызметкерлерді экономика саласына дайындады, оның жетекшілігімен экономика ғылымы бойынша 4 докторлық, 36 кандидаттық, 6 PhD ғылыми дәрежесін іздену бойынша диссертация қорғалды.
Қазақтың «Шәкіртсіз ұстаз – тұл», «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген мақалында өмірлік шындық бар. Шәкірті болмаса, үлкен ғалым, мықты маман болса да кім-кімде ұстаз емес. Ал Ержан Байғожаұлының жарты ғасырға жуық ұстаздығында алдынан мыңдаған шәкірт өтті. Бүгінде сол шәкірттерінің бірқатары әлемнің, еліміздің түпкір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, халық қалаулары-депутаттар, ғалым-ұстаздар, министр, әкімдер, ректорлар, ұйым басшылары т.б.
Иә, осындай шәкірттерінің қатарында өзіміздің де болғанымызды, сонымен қатар Ержан Байғожаұлымен ҚазҰУ-да әріптес-ұстаз болып, жаңа Қазақстанымыздың болашағына білімді кәсіби мамандар дайындау ісінде бірге жүргенімізді мақтан тұтамыз. Әлі де ол кісінің тәрбие, білім, ғылым үдерісіндегі білікті тәжірибелеріне, ақыл-ой, кеңестеріне арқа сүйейтінімізді жасырмаймыз. Бір ғажабы, ешуақытта «мен сендерді оқыттым, тәрбиеледім, өсірдім» деп ұстаздығын, еңбегін міндеттемейді. Керсінше, бізді экономиканың жаңа бағыттарына лайықты ғылыми мақалалар мен оқу құралдарын жазуға, тіл оқуға бастама көтеріп, ұйымдастырып, басы-қасында жүруі, ынталандыруы – ғалым-ұстаздың ізгі қасиеттерінің бірі болды. Бұл бір жағынан қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі болса, екінші жағынан зиялылығы мен парасаттылығының көрінісі.
Сондай-ақ Ержан Байғожаұлы Қазақстанда экономика ғылымының негізін салып, еліміздің ғылыми мектебін қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың көзін көрген, солармен араласқан, қызметтес болған азамат. Қызметтес болып қана қоймай, солардан үйренген, жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, олардың ғылыми ерлігін, рухани байлығын, ілім-білімін, қадір-қасиеттерін кейінгі жастарға беріп келе жатқан ұлағатты ұстаз.
Ержан Байғожаұлы мен аяулы жары Бигүл апай – мерейлі отбасы, 3 ғалым тәрбиелеген – парасатты иелері, нұр шуағына бөленген – ата-Әже.
Бірлік-берекесі ұйыған жанұяңыздың амандығын тілейміз, шаңырағыңыз шаттыққа толып, жан жылуына бөлене беріңіз. Өрісіңіз кеңейе берсін, қуаныш шеңбері – адалдық, шынайылық, ізгілік, бақыт өміріңізге айнымас серік болсын!
Л.БИМЕНДИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Экономика және бизнес жоғары
мектебінің деканы
І.ҚҰЛИЕВ,
аға оқытушы