Абай Құнанбайұлы қара сөздерінің бірінде: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойландым» деп өзіне сауал тастайтыны бар. Шынында да, қазір нені қадірлеп, құндылық деп танып жүрміз? Сіз үшін басты құндылық не? Осы сауалды түрлі сала өкіліне сауал жолдап көрген едік.
«Құндылық дегеніміз – тәрбие», – деп жауап берді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. Мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаевтың пайымынша, ғылым мен білім – басты құндылық. Мұғалім Сәуле Есмағанбетова – ар-ұятты, зейнеткер Гүлнұр Аблахатова адамгершілікті құндылық санайды. Ал заңгер Қанат Қожабеков адам өмірі мен бостандығынан артық құндылық жоқ деп кесіп айтты.
Хакім Абай жоғарыдағы өз сауалына қатысты өзінің бай-мырзалардан, би-болыстардан жерігенін айта келіп, өзі былай жауап береді: «Енді, әлбетте, момындығынан: «ырыс баққан дау бақпас» деген мақалмен болам деп, бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштықпен баға алмай, өзі залым, қуларға жеміт болып жүрген момын шаруаны аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды, сонан басқаны таба алмадым» (22-қара сөзінен).
ХІ ғасырдағы түркі әлеміндегі белгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде «Уайым жоқ – сөзің тегін кетпесе, өкініш жоқ – күнің босқа өтпесе» деген ұстанымды алға тартыпты.
Мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменованың ойынша, барлық құндылық тәрбиеден бастау алады. «Тәрбие – білім процесінен ешқашан бөлінбеуі керек. Тәрбие процесі – сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта, мектепте, отбасында түрлі құндылыққа негізделе отырып жүзеге асырылатын тұтас процесс. Сондықтан оған құндылық деп қарасақ, ұтылмаймыз», – дейді депутат.
Алматыдағы №117 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Есмағанбетова «Мен үшін негізі құндылық – адамның ар-ұяты, тазалығы. Адамдарды сол қасиетімен бағалаймын, адам бойындағы жан тазалығын бірінші орынға қоямын. Ар-ұяты жоғары адамнан жамандық тумайды» десе, зейнеткер Гүлнұр Аблахатова өз жауабында: «Құндылық деген – адамгершілік. Адамгершілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Ол адам мен адамның қарым-қатынас жасауынан, жай-күйін түсінуден, қиыншылықта көмек беру, қолдау көрсетуінен көрінеді», – деп жазыпты. Білім мен ғылымды жоғары қоятынын айтқан мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев: «Өткен өмірімнен түйгенімнен айтар болсам, әркім өз өмірін бағдарлай білуі керек. Алтын уақытыңды босқа өткізіп алмай, жас кезіңнен білім мен ғылымнан нәр іздеу керек. Ұлы Абай «Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп текке айтқан жоқ. Адамның жақсы өмірге, мол игілікке жетудегі бірден-бір жолы – білім мен ғылымда. Екіншіден, қандай жағдайда да сабырлы болу. Нәресте жалған дүниенің есігін ашқаннан шынайы өмірге қадамы басталады. Сол жолда адам баласы не көрмейді? Сол сынақтарда төзімді болу керек. Өмір сынағына төзгендерге бақ та, дәулет те береді», – деп түйіндепті.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, заңгер Қанат Қожабек әр адам үшін, мемлекет пен қоғам үшін ең басты құндылық – адамның өмірі және құқығы мен бостандығы болуы тиіс дейді. «Біз адамның құқығын құндылық ретінде қарауымыз керек. Ол туралы Конституцияда да нақты жазылған. Бірақ көп жағдайда ол екінші орынға қалып қойып жататыны жасырын емес. Адам өмірі бір рет қана беріледі және ол қайталанбайды. Басқа құндылықтың барлығы адам өмірі мен құқығы және бостандықтарынан туындайды. Осыны ұмытпайық», – дейді ол.
Құндылық туралы көзқарас адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағынан хабар береді. Таяуда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған сараптамалық алаңға жиналған еліміздің жетекші талдау орталықтары қазақстандықтардың қазіргі құндылық бағдарлары туралы өз зерттеулерінің нәтижесін ұсынды. Кездесуге Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, қазақстандық қоғамдық даму институтының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының, Философия, саясаттану және дінтану институтының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, сондай-ақ «Ұлттық ұстаз онлайн академиясы» орталығының өкілдері қатысты.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың сөзінше, соңғы онжылдықтарда Қазақстанның ЖІӨ тұрақты өсім көрсеткендіктен, базалық құндылықтар да өзгеріп жатыр. «Мемлекеттің экономикалық прогресі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді, сондықтан қазақстандық қоғамның мәдени және базалық құндылықтарының өзгеруі сөзсіз», – деді ол. ҚСЗИ-дің әлеуметтік сауалнама нәтижесіне тоқтала отырып, Е.Тұқымов халықтың үш тобының сипаттамасына жан-жақты тоқталды. «Бірінші топ – дәстүрлі, материалистік құндылықтарды ұстанушылар. Екіншісі – постматериалистік құндылықтарды ұстанушылар. Үшінші, ең үлкен топ – аралас құндылықтарды ұстанушылар», – деп атап өтті ҚСЗИ директоры.
Институт мамандары өз зерттеуінде құндылықтардың алты негізгі трендін ұсынып отыр. Оған сүйенсек, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 98%-ы отбасы құндылығын жоғары қоятынын айтса, екінші құндылық – достық. Яғни, 91%-ы достықты ту ететінін айтқан. Респонденттердің 89%-ы бос уақытты пайдалануды құндылық деп санайды. «Бұл – заманауи трендтің бірі» деп түсіндіреді институт қызметкерлері. Өз жұмысын құндылық ретінде көретіндер – рейтингте төртінші (88%) орында. Респонденттердің 76%-дан астамы дінді құндылық деп таныса, 61%-дан астамы саясатты атаған.
Жиында Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Елена Бурова қазіргі қазақстандық қоғамның діни және зайырлы құндылықтарының арақатынасының әлеуметтанулық өлшемдеріне тоқталды. «Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, 90-жылдардан бастап қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық қоғамды дінге айналдыру үдерісі діни қайта өрлеу кезеңін бастан өткерді. Бұл кезде дін институт ретінде қайта жанданып, діни құндылықтарға қайта оралды. Қазір діни дәстүрлер мен діни тәжірибелер зайырлы институттармен, дәстүрлермен және тәжірибелермен бәсекелесе бастады. Өз өмірлерін діни құндылықтармен байланыстырып қазақстандықтардың 19%-ы құруда», – деді Е.Бурова.
Сондай-ақ кейінгі жылдары мектеп оқушыларының өмірлік көзқарасында да ерекшелік байқалып отыр. «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының жетекшісі Гүлмира Қорғанбаева қазіргі жасөспірімдер өзіндік менін алға шығарғанды ұнатады. «Оларды зумерлер мен альфалар буыны деп атайды. Олар бірінші кезекте «мен өз мінезім бар жеке адаммын» дегенді айтады. Екінші құндылығы – еркіндік. Ол уақытты, мұғалімді таңдауларынан көрінеді, бұл қазір білім беру жүйесінде өте айқын байқалуда. Ал Z ұрпақ пен Aльфа ұрпақтары үшін міндетті құндылық – шығармашылық, инновация, мағынасы бар жаңа нәрсе жасау», – дейді ол.
Байқап отырғанымыздай, түрлі буын өкілдері арасында да құндылықтарға көзқарас өзгерген. Мамандар оған урбанизация, әлеуметтік-экономикалық жағдай, демографиялық және ұрпақ алмасу өзгерістері секілді факторлар әсер етіп жатқанын айтады. Демек, рухани құндылықтар заман ағымымен байып, жаңарып отырады. Бұл үдерісті ізгілікті қоғам құрудағы ілгері жылжудың көрінісі деп қабылдау қажет шығар.
Бауыржан БАЗАР