Ел ішінде Сыр өңіріндегі ыстық су төңірегінде түрлі қауесет желдей есіп тұр. Әсіресе, Жаратқанның құдіретімен жер астынан атқылап жатқан тіршілік нәрінен дертіне шипа тапқанын айтып жүргендер аз емес.
Ақеспедегі ыстық су
4,398
оқылды

Біз тілге тиек еткен ыстық суды Арал теңізі төскейіндегі Ақеспе деп аталатын алақандай ауылдың аумағынан табуға болады. Дерекке сәйкес, бұлақ 1986 жыл­­­дан бері жер астынан үздіксіз шығып жатыр. Қандай жыл мезгілі болмасын судың ыстықтығы 60 градустан кем түс­­пейтін көрінеді. Оның  мың метр терең­­­дік­тен шығып жатқаны да ай­­тылады.

Тұрғылықты халық арасында жер астынан шыққан судың түрлі ауруға емдік пайдасы зор екенін алға тартады. Тіпті, бұлақ басында бұл жайында жа­зылған арнайы нұсқаулықты көруге болады. Онда жүйке ауруларына, салқын тию, тері, буын секілді түрлі дертке өте пайдалы болатыны көрсетіліпті.

«Жер астынан шығып жатқан ыстық су табиғаттың кезекті керемет құбылысы десек артық айтпаспыз. Оған лек-ле­гімен барып жатқандардың қарасы қа­лың. Арал халқымен қатар, көршілес Қа­залы ауданынан және өзге облыс­­тар­дан арнайы келетіндер де көп. Түрлі сырқат жандарға шарапаты тиіп жат­­­­қанын да естіп жүрміз. Халық арасында бұл су жайында сан алуан пікірлер жүріп жатыр. Алайда ыстық судан дертіне шипа іздеп келушілердің оң пікірін көп естиміз. Ең бастысы, мұны табиғаттың керемет құбылысы деп айтар едім. Ендігі жерде бұл орынға келушілерге жайлы жағдай жасауға көптеп көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын», – дейді өңір тұрғыны Қайрат Абдуллаев.

Жалпы, Ақеспе – Арал ауданы орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан кішігірім балықшылар ауылы. Ауыл аумағынан шығып жатқан емдік суды жергілікті жұртшылық «Ыс­тық су» атап кеткен. Шипалы суға келу­­­шілер қарасы әр жылда мамыр айынан бастап жаздың соңына дейін толастамай­­­тын көрінеді. Жаз уақытында өз бетінше шатыр тігіп, демалысты бұлақ басында өткізуге келетіндер де болып тұрады екен.

Негізінен, ең алғаш ыстық су ауыл аумағынан 1986 жылы табылғаны мәлім. Оның өзіндік тарихы да бар екен. Сол кезеңде бұлақ қазу жұмысының басы-қасында жүрген аудан тұрғыны Құдай­­берген Саржановтан осы жайында сұрап көрдік.

«1986 жылы Ақеспе ауылының ма­ңын­­­­­­дағы қазіргі ыстық су шығып жатқан орынды қаздыруға ықпал жаса­­ған едім. Ол уақытта Қазақ ССР Балық шаруашы­лығы министрі болып қызмет еттім. Ол кезде бұл орыннан ыстық су шығады деген ой төрт ұйықтасақ түсі­­­­мізге кірген емес. Бізде жерасты суын елді мекен балықшыларының кәдесіне жаратсақ деген мақсат қана болды. Осы мақсатта сол кездегі Геология министрі­нің рұқса­­­тымен қазу жұмыстарын жүр­гіздім. Нә­­­тижесінде, сол аумақтан ыстық су шықты. Дереу тиісті орындар арқылы сынамасын алғызып, тексеріске жі­­­берттік. Сынама қорытындысымен жерас­ты суының емдік пайдасы бар екені анықталды. Суы ғана емес, сол аумақтағы батпағының да түрлі дертке шипа болатыны белгілі болды. Осыдан кейін Ақеспе ауылынан әрірек жерге санаторий салуға шешім қа­был­дадық. Бұлақ жанынан қонақүй салып, ыстық су мен балшықтың игілігін ел көр­сін деген мақсатта жұмыс істедік. Алайда уақыт өте келе сол кездегі үкімет тарап, бастаған ісіміз аяқсыз қалған болатын», – дейді Құдайберген Саржанов.

Бертін келе бұлақ басына жылу жеткізуге ниет білдіріп, келушілерге жағ­­­дай жасауды мақсат тұтқан кәсіп­керлер де бой көрсеткен. Бірақ әр жыл­­­дары қолға алынған жобалары соңына дейін жетпей, аяқсыз қалумен келеді екен. 

Бүгінде дертіне шипа іздеп, ыстық суға ағылып жатқандар жол сапасын сынға алып отыр. Халықтың ыстық суға қауіпсіз қатынауы үшін сапалы жол са­лынса деген үміттері асқақ. 

Осы орайда Ақеспеге апаратын жолдың қазіргі жағдайын Арал ауданы әкімдігінен сұрадық.

 «Ыстық судың емдік қасиеті ел ара­сында айтылып жүр. Оған келушілер қатары да аз емес. Соған орай қазір ауыл тұрғыны, жеке кәсіп иесі Дархан Кенже­­баевтың бастамасымен сырттан келген қонақтарға арналған 15 орындық қо­­нақүй мен 20 орындық асхана ашы­­лып, жұмыс істеп тұр. Сол сияқты 2023 жылы Арал аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы­­лар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 6 шақырым жол құрылысына 497,9 млн теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылып, қаржы­ландыру күтілуде. Осы мәселе оңтайлы шешімін тапса, халық сапалы жолдың игілігін көретін болады. Сол сияқты келешекте аталмыш ыстық су аумағын туристік аймаққа айналдыру жоспарда бар. Соның негізінде  «Жак-Нұр» ЖШС-ның бастауымен Ақеспе елді мекенінде орналасқан «Ыстық су бұрқағы» жаны­­нан емдік шипажай салу жоспарлануда. Жоба бойынша жалпы құны 1,2 млрд теңгеге «Су бұрқағы» жанынан 150 орын­дық шипажай, спорт алаңдары мен сая­бақ салу қарастырылған. Жоба іске асқан жағдайда 220 адам жұмыспен қам­тыла­тын болады», – деп түсіндірді бұл жа­йын­да Арал аудандық кәсіпкерлік бөлі­мінің басшысы Ринат Жанаев.

Осылайша, құзырлы орын тарапынан алдағы уақытта Ақеспе аумағын туристік аймаққа айналдырып, ыстық суға ар­­найы келушілерге барлық жағдай жаса­­латынын алға тартып отыр. Халық­тың талабы да осы. Тек тиісті жұмыстар жүйе­лі жүргізілсе игі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы