Біз тілге тиек еткен ыстық суды Арал теңізі төскейіндегі Ақеспе деп аталатын алақандай ауылдың аумағынан табуға болады. Дерекке сәйкес, бұлақ 1986 жылдан бері жер астынан үздіксіз шығып жатыр. Қандай жыл мезгілі болмасын судың ыстықтығы 60 градустан кем түспейтін көрінеді. Оның мың метр тереңдіктен шығып жатқаны да айтылады.
Тұрғылықты халық арасында жер астынан шыққан судың түрлі ауруға емдік пайдасы зор екенін алға тартады. Тіпті, бұлақ басында бұл жайында жазылған арнайы нұсқаулықты көруге болады. Онда жүйке ауруларына, салқын тию, тері, буын секілді түрлі дертке өте пайдалы болатыны көрсетіліпті.
«Жер астынан шығып жатқан ыстық су табиғаттың кезекті керемет құбылысы десек артық айтпаспыз. Оған лек-легімен барып жатқандардың қарасы қалың. Арал халқымен қатар, көршілес Қазалы ауданынан және өзге облыстардан арнайы келетіндер де көп. Түрлі сырқат жандарға шарапаты тиіп жатқанын да естіп жүрміз. Халық арасында бұл су жайында сан алуан пікірлер жүріп жатыр. Алайда ыстық судан дертіне шипа іздеп келушілердің оң пікірін көп естиміз. Ең бастысы, мұны табиғаттың керемет құбылысы деп айтар едім. Ендігі жерде бұл орынға келушілерге жайлы жағдай жасауға көптеп көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын», – дейді өңір тұрғыны Қайрат Абдуллаев.
Жалпы, Ақеспе – Арал ауданы орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан кішігірім балықшылар ауылы. Ауыл аумағынан шығып жатқан емдік суды жергілікті жұртшылық «Ыстық су» атап кеткен. Шипалы суға келушілер қарасы әр жылда мамыр айынан бастап жаздың соңына дейін толастамайтын көрінеді. Жаз уақытында өз бетінше шатыр тігіп, демалысты бұлақ басында өткізуге келетіндер де болып тұрады екен.
Негізінен, ең алғаш ыстық су ауыл аумағынан 1986 жылы табылғаны мәлім. Оның өзіндік тарихы да бар екен. Сол кезеңде бұлақ қазу жұмысының басы-қасында жүрген аудан тұрғыны Құдайберген Саржановтан осы жайында сұрап көрдік.
«1986 жылы Ақеспе ауылының маңындағы қазіргі ыстық су шығып жатқан орынды қаздыруға ықпал жасаған едім. Ол уақытта Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі болып қызмет еттім. Ол кезде бұл орыннан ыстық су шығады деген ой төрт ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Бізде жерасты суын елді мекен балықшыларының кәдесіне жаратсақ деген мақсат қана болды. Осы мақсатта сол кездегі Геология министрінің рұқсатымен қазу жұмыстарын жүргіздім. Нәтижесінде, сол аумақтан ыстық су шықты. Дереу тиісті орындар арқылы сынамасын алғызып, тексеріске жіберттік. Сынама қорытындысымен жерасты суының емдік пайдасы бар екені анықталды. Суы ғана емес, сол аумақтағы батпағының да түрлі дертке шипа болатыны белгілі болды. Осыдан кейін Ақеспе ауылынан әрірек жерге санаторий салуға шешім қабылдадық. Бұлақ жанынан қонақүй салып, ыстық су мен балшықтың игілігін ел көрсін деген мақсатта жұмыс істедік. Алайда уақыт өте келе сол кездегі үкімет тарап, бастаған ісіміз аяқсыз қалған болатын», – дейді Құдайберген Саржанов.
Бертін келе бұлақ басына жылу жеткізуге ниет білдіріп, келушілерге жағдай жасауды мақсат тұтқан кәсіпкерлер де бой көрсеткен. Бірақ әр жылдары қолға алынған жобалары соңына дейін жетпей, аяқсыз қалумен келеді екен.
Бүгінде дертіне шипа іздеп, ыстық суға ағылып жатқандар жол сапасын сынға алып отыр. Халықтың ыстық суға қауіпсіз қатынауы үшін сапалы жол салынса деген үміттері асқақ.
Осы орайда Ақеспеге апаратын жолдың қазіргі жағдайын Арал ауданы әкімдігінен сұрадық.
«Ыстық судың емдік қасиеті ел арасында айтылып жүр. Оған келушілер қатары да аз емес. Соған орай қазір ауыл тұрғыны, жеке кәсіп иесі Дархан Кенжебаевтың бастамасымен сырттан келген қонақтарға арналған 15 орындық қонақүй мен 20 орындық асхана ашылып, жұмыс істеп тұр. Сол сияқты 2023 жылы Арал аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 6 шақырым жол құрылысына 497,9 млн теңгеге Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылып, қаржыландыру күтілуде. Осы мәселе оңтайлы шешімін тапса, халық сапалы жолдың игілігін көретін болады. Сол сияқты келешекте аталмыш ыстық су аумағын туристік аймаққа айналдыру жоспарда бар. Соның негізінде «Жак-Нұр» ЖШС-ның бастауымен Ақеспе елді мекенінде орналасқан «Ыстық су бұрқағы» жанынан емдік шипажай салу жоспарлануда. Жоба бойынша жалпы құны 1,2 млрд теңгеге «Су бұрқағы» жанынан 150 орындық шипажай, спорт алаңдары мен саябақ салу қарастырылған. Жоба іске асқан жағдайда 220 адам жұмыспен қамтылатын болады», – деп түсіндірді бұл жайында Арал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Жанаев.
Осылайша, құзырлы орын тарапынан алдағы уақытта Ақеспе аумағын туристік аймаққа айналдырып, ыстық суға арнайы келушілерге барлық жағдай жасалатынын алға тартып отыр. Халықтың талабы да осы. Тек тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілсе игі.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы