25 қаңтар күні түс әлетінде «бомба бар» деген дабылмен Атырауда мектеп оқушылары шұғыл эвакуацияланды. Оқыс оқиға Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданында болған.
Әл-Фараби атындағы Бином мектебіне «бомба қойылғаны» туралы ақпарат түсіп, оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлер шұғыл эвакуацияланды. Оқиға орнында Полиция департаменті, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жұмыс істеді. Аталған департаменттен 6 қызметкер,1 техника, Апаттар медицинасы орталығынан 3 қызметкер, 1 бірлік техникасы жағдайды анықтауға жұмылдырылды.
Арада бірер сағат өткеннен кейін Атырау облысы Полиция департаменті тұрғындарды дүрліктірген дабылдың расталмағанын, бомба табылмағанын мәлімдеді.
Дәл сол күні кешкісін «жаппай атамыз, қырамыз, жоямыз» деп мектептердің аты аталған хабарламалар Telegram-нан бастап, WhatsApp чаттарға, Instagram, Facebook желілерінде және тарады.
«Конец Атырау» деген атаумен белгісіз біреулер Telegram-да канал ашып, «бірнеше мектепті жаппай атыстың астына аламыз» деген хабарлама әп-сәтте алақандай Атырауға тарап кетті.
Құзырлы органдардан шулы хабарламаға алғаш болып пікір білдірген Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев болды. Ол мектептерге жоспарланған қасақана әрекеттер туралы тараған ақпараттың жалған екенін айтты.
«Дәл осындай мәтінде жазылған ақпарат еліміздің бірқатар қаласында тарады, бірақ расталған жоқ. Десе де, бұған қарамастан жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтеді, – деді Жасұлан Бисембиев. Дегенмен дүйім жұртты дүрліктірген хабарлама салдарынан мектептерге келесі күні оқушылардың 50 пайызға жетпейтін бөлігі ғана келді.
Айтқандай, полиция екі жағдай бойынша да іс қозғап жатыр. Қылмыстық істің тергеу барысы, нәтижелері туралы әлі де болса хабар ала алмай отырмыз. Дегенмен БАҚ Ақтөбеде дәл осындай мәтінде тараған фейк-хабарламаларды таратқан 18 жастағы күдікті қолға түскенін хабарлады. Ресми мәліметке сенсек, күдікті шетелдің азаматы.
Қоғамды үрей құшағына итергісі келетіндер кімдер? Олардың артында кім тұр? Біз өзімізше зерттеу жүргізіп көрдік.
Атырауда осы жағдайға қатысты оқиғаларды сараптай келе «телефон террористерінің» артында түрлі әлеуметтік топ өкілі тұрғанын көруге болады.
Мәселен, өткен жылдың қарашасында «мектептердің бірінде жарылғыш құрылғы орнатылған» деген хабарды таратқан адамның ұсталғанын жергілікті тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Жалған хабармен күштік құрылымдарды тік тұрғызған ер адамның 27 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Тергеу барысында әлгінің «үздіксіз типтегі параноидты шизофрения, тұрақты ақауы бар» созылмалы психикалық ауруға шалдыққаны анықталды. Сотта шырылдап түсінік берген ер адамның анасы ұлының науқас екенін, жалған хабар берілген күні оның жағдайы нашар болғанын айтты.
Күдікті қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанымен, оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарында мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.
Бірақ бұл – бірлі-жарым жағдай. Кейде бастығына иә айналасына «ренжіп», осындай қорқынышты әңгімемен «әзілдейтіндер» де бар болып шықты. Осыдан біраз бұрын Атырауда өкпесі ауыратын науқастарды емдейтін стратегиялық нысан – «Атырау облыстық туберкулез диспансерінің» әбігерге қалғаны бар. Полицияға бомба туралы хабар түсіп, диспансер эвакуацияланды. Тексере келе диспансерден жарылғыш зат табылмады. Кейін полицияға хабар берген басқа емес, диспансердің қызметкері екені анықталды.
Өткен жылғы мәлімет бойынша, «жалған терроризм» хабарламасы бойынша, 115 қазақстандық істі болып, сотталған. Олардың ішіндегі 15-і – кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірімдер. Ішкі істер министрлігі өкілі Алмас Талқанбаевтың мәлімдеуінше, жалған хабарламалар әдетте белгілі бір мақсатсыз, бос жүрудің немесе алкогольдің әсері, кейде психикалық жағдайдың әсерінен беріліп жатады. Араларында психикалық ауруға шалдыққандар да, жұмыссыз күйзелісте жүргендер де бар.
Кейбіреулер тіпті, осындай жолмен өзін ренжіткендерден кек алғысы келеді, мекеменің жұмысын немесе мектептердегі сабақтарды тоқтатуды көздейді екен. Еске сала кетсек, Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандар 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен жазаланады. Сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ірі қалалардағы теміржол вокзалының бірін эвакуациялау жұмыстары үшін кемінде мемлекетке 1 млн теңгеге дейін залал келуі мүмкін. Ал ірі сауда орталықтарының әр сағатынан болған шығын бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Тіпті, заң жалған хабар таратқан жасөспірімге де жаза қарастырған.
Сондықтан әр адам «телефон терроризмінің» артында жауапкершілік барын біле жүруі керек.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы