Қаржыгер сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, бұл сала терең зерттелмей келеді. Ал Үкімет ұсынатын толықтырулар – уақытша шешімдер.
Салық омбудсмені қажет
Әрине, бұған дейін еліміздің салық саясаты аз реформаланған жоқ. 1991 жылы нарықтық қатынастардағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат тұтып қабылданған «Салық туралы» заң 1995 жылы әлемдік стандартқа сай болуы керек деген желеумен салық пен бюджетті топтастырып бір өзгерді. Ол кезде салық саны 17 түрге дейін оңтайландырылды. 2001 жылы алғашқы Салық кодексі қабылданды. Экономиканың өсуіне сәйкес, салық салу базасы кеңейді, салық төлеушілерді қадағалау күшейді. 2008 жылы іскерлік белсенділікті ынталандыру арқылы салық жинауды арттыруға бағытталған жаңа редакциядағы Салық кодексі қабылданды. Ынталандыру негізгі салықтарға ставканы төмендету жолымен жасалды. Ал қазіргі Салық кодексі 2017 жылы қабылданды. Оның айырмашылығы, көптеген өзгерту мен толықтырулардан тұратын 53 пакет – түзетулердің енгізілгені. Бірақ бұл да өз жемісін бере қоймады. Неге? Өйткені осылардың бәрінде де фискальдық парадигма бірінші орында тұрды. Ол дегеніміз, бар мен жоққа қарамай бірінші кезекте бюджетті толтыру. Одан бюджет тапшылығы жойылып кеткен жоқ. Ұлттық қорға қол салу азаймады. Экономиканы диверсифакация жасауға мұрша болмады. Сонымен қайтадан келіп тығырыққа тіреліп тұрған жайымыз бар. Өзімізде энергетикалық та, агроөнеркәсіптік те ресурстар мол бола тұра импортқа тәуелді болып қалмағанымыз сияқты, салық көзі боп табылар отандық компаниялар қатарын арттыра алмадық. Ендеше, не істемек керек?
«Бұл тұста түбегейлі өзгерістер керек.Салық кодексін өзгерте бергеннен ештеңе ұтпайтынымызға көзіміз жетті. Өйткені оған әр тарап өз мүддесін тықпалайды. Мәселен, «Атамекен» өзіне қолайлы жеңілдіктерді, қайбір министрліктер өздеріне қажет арнайы режимдерді қосып-ақ келеді. Былайша айтқанда, Салық кодексі біртұтастық жоқ жамау-жамау құрақ көрпеге айналып кетті. Сол себепті түсініксіз. Мұндай жеңілдіктер мен арнайы режимдерді екшеп азайту керек. Заңды қарапайым және түсінікті етіп жазу қажет. Әрбір бапқа нақты түсіндірмесі берілуге тиіс. Сондай-ақ бұрын салық заңнамасына кез келген өзгерістер әр жылдың сәуір айына дейін енгізілетін, қазір ол жоқ. Оны аңдып отыру үшін орта және шағын бизнес арнайы бухгалтер ұстауға мәжбүр. Мұндағы әкімшілердіру мен есептілік мидай араласып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жүйелі жұмыс жоқ. Үкімет бұл саланы терең зерттегісі келмейді, ағымдағы мәселелерді шешсе болды, оңай құтылғанға құмар», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, құжаттағы кез келген екіұшты тұжырымдар кәсіпкердің пайдасына қарай тәпсірленуге тиіс. Осы мақсатта Салық омбудсмені деген институт енгізу керек. Салық кодексінің соңғы түсіндірмесін сол айту қажет. Әйтпесе, салық инспекторлары қандай да бір әрекеттерін дәлелдеу үшін ішкі құжаттарына сілтеме жасайды. Ал ол құжаттың бар-жоғын кәсіпкерлер білмейді, тіпті біле де алмайды. Соның кесірінен салынған айыппұлдардың сомасы салықтай қарыздардың сомасынан да асып кетіп жатады. Әрине, салық органдарының бизнесті тұншықтыру деген мақсаты жоқ болар, бірақ олар қызметтік құжаттарды бұлжытпай орындауға мәжбүр. Сол себепті, заңнан кіші нормативті-құқықтық актілер, ішкі нұсқаулықтар салық саясатына кесірін тигізбеуі керек.
Сүргін есеп сүрінтеді
Бүгінде адал жұмыс істеп жүрген біздің кәсіпкерлер 43 түрлі салық төлеуге мәжбүр екен. Ол аз десеңіз, 23 ақпараттық жүйеге 221 түрлі есеп береді, тіпті кейбірі бірін-бірі қайталап жатады. Осыған 18 салықтай емес төлемдерді қосыңыз. Олар – утилалымдар, зейнетақы және әлеуметтік шегерімдер, міндетті медициналық сақтандыру және тағы басқалар. Бұл енді өз алдына бөлек көп жұмыс екені анық. Егер біздің осы жүйені өзге елдермен салыстырсақ, мұндай күрделі есептілікке бойұрған оншақты ғана ел бар екен. Бірақ олардың басым көпшілігі – АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур сынды жоғары дамыған елдер. Сонда біздің Салық кодексіміз қазіргі экономикамыз бен қоғам дамуынан да ілгері озып кеткен болып тұр ғой. Олай дейтініміз, Қазақстан қысқа уақыт ішінде сан мыңдағын озық фискалды идеяларды бірінен соң бірін сынақтан өткізген бірден бір ел екен.
«Салық кодексін түсіну осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандардың өзіне де қиын. Өйткені онда әртүрлі заңның біріне-бірі гросс-сілтеме жасаған тұстары өте көп. Мәселен, әр базадан өнім түріне байланысты алынып тасталатын түрлі «шегеру» бар. Міне, осы сомалардың кейбірін электронды шот-фактура арқылы өткізу міндетті болса, енді бірінде міндетті емес. Сол үшін де өндіретін өнімдеріңнің қайсысы қай «шегеруге» жататынын мұқият қадағалап отыру керексің. Ал бизнесмен адамның одан да басқа бастан асып жатқан қыруар жұмыстары көп емес пе? Сол үшін бухгалтер жалдау – қосымша шығын. Бір сөзбен айтқанда, салықтар мен есептердің түрі де, талабы да көп, ал әкімшілендіру өте күрделі. Одан да сорақысы – қолданылатын жаза. Мемлекет жеңілдікпен ілгері ынталандырамын деп, айыппұлмен кейін тартып отыр», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Бұл спикердің де айтатыны, салық базасын бір ізге түсіріп, салық санын азайтып, түрлі квазисалықты мүлдем алып тастау керек. Ол дегеніміз, мысалы, – утилизациялық алым. Міндетті жарна болып саналатын бұл алымдар бюджетке түспейді, ал кімнің қалтасына түсіп жатқаны тағы белгісіз. Бәлкім, мұндай алымдарды мемлекет қазынасына түсетін көлік салығына қосып жіберген дұрыс болар ма еді?
Жылдар мен жеңілдіктер
Қай елдің болмасын салық саясатындағы басты мақсат – бюджетті толтыру. Осы тұрғыда Салық кодексінің алдыңғы нұсқалары бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайта түсуге арналды. Осы фискалды сипатынан бөлек оның көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару, жеңілдіктермен ынталандыру, артық табысқа ауыртпалық салу сынды тағы да басқа реттеушілік күші бар. Оларды біздің мемлекетіміз сонау Тәуелсіздік алғаннан-ақ мүмкіндігінше қолданып келеді. Десе де, осы жылдар аралығында Қазақстан фискальды бағыт пен мотвациялық бағыттың тең ортасын таба алмай келеді. Өйткені көзсіз жеңілдік жасау ел қазынасын толтыруға кедергі. Ал ауыр салым-салықпен елді қинауға тағы болмайды.
«Біз жүргізген талдау көрсеткендей, 2015 жылдан бастап Қазақстанда салық ауыртпалығын төмендету үрдісі байқалады. 2014 жылы салық ауыртпалығы шамамен 30% болса, 2015-2021 жылдар ішінде бұл көрсеткіш 20%-25% аралығында болды. Негізінде салық ауыртпалығының төмендеуі салық базасын кеңейтуге оң әсер ете отырып, экономикалық белсенділік пен тұтынуды ынталандыруға әкелуі керек болатын. Ал бұл өз кезегінде салық түсімдерін өсіруі тиіс еді. Алайда біздің тәжірибемізде, мұндай өзгеріс байқалмай отыр», – дейді қаржыгер-сарапшы Олжас Төлеуов.
Егер мемлекеттік бюджеттің кірісін талдап көретін болсақ, 2010 жылдан бері оның 68%-ын салықтар құрайды. Қалғаны – жыл сайын өсіп келе жатқан Ұлттық қор трансферттері. Салықтың да басым бөлігі – Корпоративті кіріс салығы (ККС) мен Қосымша қосылған салық (ҚҚС). Бұл тұста бюджетке түсетіні бар, Ұлттық қорға түсетіні бар барлық салықтың 42%-ын тек 20 компания төлейді екен. Ал бізде 2 миллионнан астам бизнес субъектісі бар екенін ескерсек, бұл мұнда үлкен фискалды жік бар екенінен хабар береді. Өйткені бизнес іріленуге мүдделі емес. Ірі бизнес көп салық төлейді, ҚҚС-дан үнемдеу үшін олар ұсақталуға ұмтылса, ұсақ бизнес іріленуге мүдделі емес. Оның үстіне оның ставкасын алдағы уақытта көтеру қарастырылуда. Бірақ басқа елдерде қазіргідей ставкамен-ақ көп қаржы жинап отырғанын ескерсек, мәселе оның көлемінде немесе төлеушілер санында емес, әкімшілендіру жұмысында, яки есептеп шығудағы күрделілігінде екенін түсінуге болады.
«Біздің экономиканың ерекшелігі, кәсіпкерлердің 50%-дан астамы сауда-саттық және қызмет көрсету саласында шоғырланған. Онда да олардың 90%-ға жуығы жеке кәсіпкер статусында жұмыс істейді. Өйткені оларға жеңілдік режимде есеп беру қарастырылған. Ал олар жалпы режимде жұмыс істер болса, бұдан экономикаға көбірек пайда болар еді. Бұл тұста елімізде барлық кәсіпкердің 40% нөлдік декларация тапсыратынын атай кету керек. Сондай-ақ 9 миллион экономикалық белсенді халықтың 2 миллионы ең төменгі жалақыдан төмен табыс табатындықтан, салық жүйесінен тыс қалып отыр. Егер де олар да тұрақты түрде орташа табыс табар болса, онда бюджетке қосымша жарты триллион ақша түсер еді. Одан бөлек, заңнамадағы жеңілдіктермен ынталандырумен салыстырғанда әкімшілік айыппұл салудан елеулі табыс түсіп тұрғанын атай кету керек. Мәселен, 2013 жылы оның сомасы 35,5 млрд теңге болса, 2022 жылы ол 114 млрд теңгеге жеткен. Мұның бәрі жарияланған мораторийге қарамастан мүмкін болып отыр», – дейді экономист Мақсат Нұрпейісов.
Салықтық жеңілдіктер ретінде арнайы экономикалық аймақтарды, инвестициялық келісімшарттарды, салық шегерімдері мен төмендетілген ставкаларды, нөлдік ставка шеңберіндегі салық жеңілдіктерді және басқа да салық режимдерін айтуға болады. Қазір осындай салықтай жеңілдіктердің елімізде 277 түрі бар. Олардың жиынтық ақшалай көлемі де өте ауқымды. Осы тұста ел қазынасы қағылып жатқан кірістердің сомасы туралы әртүрлі тұжырым бар. Соның бірі – жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімсіздігі. Ал елімізде салық жеңілдіктерін негізінен ірі компаниялар алады екен. Жоғарғы аудиторлық палатаның тұжырымы бойынша соңғы 4 жылда бюджеттің «қолдан сусыған» кірісі 30 триллион теңге болыпты.
Тығырықтан шығудың бір жолы – патриотизм
Жалпы, әлемдік практикада мінсіз салық салу жүйесі деген ұғым бар. Оны сақтау үшін бір-бірімен байланысты бірқатар фактор міндетті түрде болуы керек. Мәселен, салық төлеушілер тарапынан белгілі бір салық тәртібі сақталуы қажет. Бірақ ол тәртіп бізде көп ретте сақталмайды. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы бір шағын шаруашылықты алайық. Оның иесі өзінің техникасы болмағандықтан тракторы немесе комбайны бар танысына өтініш жасап, жанар-жағармайын құйып, әр гектарына ақшасын беріп, жерін өңдетіп алады. Бұл шаруа үшін шығын. Бірақ техника иесі үшін табыс. Ол тек бір шаруа қожалығының ғана жерін өңдеп бермейді, бірнешеуінен сөйтіп ақша алады, бірақ одан салық төлемейді. Оны қадағалап, өндіріп аларлықтай да жергілікті әкімдіктердің қолында ешқандай тетік жоқ. Осылайша, бюджетке қарайған ақша түспей қалады. Ал шындығында ол салықты техника иесі өзі саналы түрде түсініп төлеу керек еді. Сонда ғана ел қазынасы толып, мемлекет өзінің функциясын анағұрлым кем-кетіксіз атқаратын болады.
«Бұл тұста мәселе неде? Бұл салық төлеушінің қаржылай мәдениетінің, соның ішінде салық сауаттылығының жоғары деңгейімен байланысты дүние. Егер олар заңды сақтап, соған бағынып, соны орындаса, онда салық жинау тәртібі де сақталар еді. Осы тұста салық патриотизмі деген ұғым туындайды. Ол үшін салық төлеуші өркениетті қоғам құруға ұмтылуы керек. «Менің қоғамның жақсаруына қосып отырған үлесім қандай?» деген сұраққа ойлануы керек. Бірақ біздің менталитетіміз соған сай деп мен толығымен айта алмаймын. Неге десеңіз, бізде өңірлерде кейбір жерлерде өте төмен деңгейде еңбекақы төленеді. Ал өзі аз табыстан кім-кімнің де жырып, салық төлегісі келмейтіні тағы аян», – дейді профессор Лутпулла Омарбакиев.
Экономика ғылымдарының докторының айтуынша, салық төлеушілердің мәдениетін арттыру мәселесінде бізге шетелдерден үлгі алу керек. Мәселен, Германияда бұл жағдай азаматтардың мемлекетті қолдауы деген ұғымда қарастырылады. Салықтың өзі «штайер» деп аталады. Ол тікелей аударсақ қолдау деген сөз. Әрбір неміс салық төлеу кезінде мемлекетке, ортақ игілікке үлесімді қосып жатырмын, қолдап жатырмын деген патриоттық сезімде болады. Ал Америкада салық төлеу дегеніміз – қалыпты өмірлік нормаға айналып кеткен. Яки, солай болуға тиіс деген ұғым қалыптасқан. Бас салық департаментінің алдындағы алаңда «Салық дегеніміз – өркениетті қоғам орнату үшін жасалатын төлем» деп жазылып тұр. Ал Британдық көзқарасты айтар болсақ, олар үшін бұл – азаматтық борыш. Бізде де Ата Заңда 35-бапта: «Салық төлеу – әрбір азаматтың борышы» деп жазылған. Бірақ бізде сол борышты азаматтарымыз толығымен орындап жатыр ма, дұрыс атқарып отыр ма? Міне, мәселе – осында, салық тәртібінде жатыр.
«Мұндағы басты себеп насихат жұмыстарында жатыр. Ең басты кемшілік – халықты ақпараттандыру жұмыстарының жеткіліксіздігі. Қоғамда азаматтар арасында салық органына деген сенімсіздік қалыптасқан. Салық жинау дағдарысы деген бар. Мәселен, көптеген құжат уақытылы өткізілмейді. Бұл енді салық төлеушілердің, соның ішінде заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ұйымдастырушылық тәртібінің нашарлығымен, қаржылай сауаттылығымен байланысты. Бұл өзара әлеуметтік жауапкершілік дегенге алып келеді. Жинақтай келгенде бұл біздің азаматтық мәдениетіміздің қандай деңгейде екендігін көрсетеді. Ал ол мәдениетті көтеру үшін мемлекет тарапынан қаржылай сауаттылықты арттыру, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу сияқты тағы да басқа кешенді жұмыстар істеуі керек», – дейді Лутпулла Амурулламұлы.
Салық заңнамасы – ұдайы өзгерістерге ұшырап тұратын нормативтердің бірі. Уақыт пен нарық талабына сай бейімделгенімен, еліміздің Салық кодексі әлі де болса бір тұрлаулы деңгейге шыға алмай келеді. Сондықтан да бұл мәселеге тек бір құжаттың көлемінде қарауға болмайды. Мұнда бірінші кезекте әкімшілендіру жұмыстары жолға қойылуы тиіс. Екінші талап – цифровизация. Сол арқылы «бір терезе» қағидатын орнату керек. Ондай тәжірибе бойынша біз әлемде көш басында тұрмыз. Электронды Үкімет жобасы – соның бір көрінісі. Ендеше, салық саясаты мен мәдениетін көтере түсудің бір жолы да осында жатыр.
Нұрлан ҚОСАЙ