Экранға телмірген баланың назары қазір қазақ анимациясына ауысып жатыр. Бұл саланың жағдайы әлемдік мультипликация өнерінде әлсіз екені туралы талай айтылып еді.
Тұрдыбек Майдан: «Алтын адам» қазақтың символы болғаны жөн
2,387
оқылды

Бірақ ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеп, ұрпақтың санасын жаңғыртып жатқан қазақ анимациясының қоржыны тағы бір жаңа мультфильммен толықпақ. Сақ дәуірінің жауынгері «Алтын адам» туралы түсірілген алғашқы анимациялық фильмнің балаларға берері көп болатынына еш шүбәміз жоқ. Мультипликатор-суретші Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақтан» кейінгі түсірілген бұл анимациясы жуырда көрермен назарына жол тартады. Мұның алдында автордың өзімен туынды туралы әңгімемізді оқырманға ұсынбақпыз.

– Алтынмен апталған «Алтын адам» – тарихи құнды жәдігерлеріміздің бірі. Сол «Ал­тын адам» енді анимациялық фильмге ар­қау болып отырған секілді. Бұған дейін еш­кім «Алтын адамды» түсіру туралы ойға ал­маған ба?

– «Алтын адам» – біздің еліміздегі құ­ны жетпес тарихи жәдігер. Біздің мақ­са­тымыз – осы бағалы байлығымызды тек му­зейде сақтап қоймай, оның құнын жас ұр­паққа түсіндіру, тарихымызды санасына сіңіру болды. «Алтын адам» – бір фильмге ға­на емес, бірқатар фильм мен сериал жа­сауға арқау болатын құнды дүние. Жә­ді­гер музейде алтын сауыт ретінде сақ­тал­ған, солай тұр. Ал балалардың ойында осын­­дай сауытты қандай адам киген, ол қан­дай болды деген сұрақ тууы мүмкін. Осы анимациялық фильмді түсірудің не­гізгі мақсаты да сол – балалардың сұра­ғы­на жауап беру. Оны балалардың көз­қа­ра­­сымен және анимациялық тілмен жет­­­­­­кізуге тырыстық. 

Анимациялық фильмнің тақырыбын «Алтын адам» деп алу идеясы «Мұз­ба­лақ­ты» жасап жатқан кезде пайда болды. Бү­­­­гінге дейін бұл тақырыпта кино не ани­мация түсіру көптеген режиссердің ойын­да болды деп ойлаймын. Студенттік ша­ғымда Темірбек Мәмбетов «Алтын адам» туралы фильм түсіруді бастап еді, бір­ақ ол аяқсыз қалды. Дегенмен қай та­қы­рып болса да, оны әр режиссер өзінше бас­қа қырынан, әртүрлі тәсілдер арқылы көр­сетеді. Бүгінде фильм болсын, ани­ма­ция болсын дәл осы «Алтын адамды» қол­ға алып, аталған жобада нақты жұмыс іс­теген режиссерді әлі көрмедім.

– Анимациялық фильмнің мазмұны қан­дай болмақ: тарихи оқиғаларға негіз­дел­ген бе әлде ойдан шығарылған қаһарман ба?

– Қазір фильмнің мазмұнын толық ашып айтпай-ақ қояйын. Жалпы, жаңағы айт­қанымдай, алтын сауытты киетін адам­ның қасиеттері мен сипаттары түсін­дірі­леді. «Алтын адам» дегенде ойға бірден сыр­ты жылтыраған, не болмаса киімдері ал­тынмен апталып, күміспен күптелген, бай-қуатты адамның бейнесі келеді. Бірақ анимацияның мазмұны бойынша ішкі жан-дүниесі, рухы алтын адамның қа­сиет­тері баяндалады. Шынында алтын адам солай болуы керек. Фильмдегі бас кейіп­кердің аты – Аңқыл, 11-12 жас ша­ма­сындағы бала. «Алтын адамға» лайықты кейіп­керге қарап, көрермен балалар да оған ұқсағысы келетінін, сондай қасиетті бой­­ға сіңіруге, патриоттық сезімге бау­лу­ды көздедік.

«Алтын адамның» кейіпкерлерін еш­қан­дай тарихи оқиғаға негіздеп алға­ны­мыз жоқ. Дегенмен жалпылама аңыз­дар­дың ұшқындары бар. Солай болса да, не­гізгі кейіпкерді ойдан шығарылды деп ай­туға болады. Бұл анимацияның бірнеше нұсқасы жазылды, соңғысы – төртінші нұс­қасы.  Бірнеше сценариспен бірге оты­рып жұмыс істедік. Алғашқылары көңіл­ден шықпаған соң, қайта-қайта жазуға тура келді. Соңғы нұсқасының экранға шығуына да аз қалды.

– 2023 жылы бітуі керек еді, бірақ му­льт­фильм әлі экранға жол тартқан жоқ. Не ке­дергі болып жатыр?

– Негізі, 2023 жылдан да бұрын бітіру керек болған. Ең өкініштісі – фильмнің келісімшартпен істеген уақытының аз болуы.  Осы күнге дейін келісімшартпен жұмыс істеген күнімізді санап көрсек, 386 күн ғана екен. Ол дегеніміз – 1 жыл, 20 күн. Бұл уақыт аралығы мультфильм үшін өте қысқа. «Мұзбалақтың» өзін 2 жарым жыл­да дайындаған едік. Енді бұл жердегі тағы бір айта кететін жайт, көрсетілген мер­зімнің ішінде үздіксіз жұмыс істедік деп айта алмаймын. Бұлай деуімнің се­бе­бі, 2020 жылы фильм басталғанда 37 күн келісімшартпен жұмыс істеппіз. Сөй­тіп, төрт жыл бойы, әр жылы желтоқсанға жет­пей жоба тоқтап, тамыз айында қайта бас­талады. Сонда жылына үш-төрт айдан ар­тық жұмыс істей алмадық. Себебі Ұлт­тық киноны қолдау орталығындағы қа­зір­гі жұмыстың жүйесіздігі қатты әсер етіп отыр. Ұзақ үзілістен кейін басталатын жұ­­мысқа мамандар да бірден дайын отыра қал­майды. Өйткені олар басқа жобаларға ауы­­сып, тізгінін алып қояды. Ал жұмыс про­­цесі енді қыза бастағанда, жоба тағы да тоқтап қалады. Сол себептен фильм әлі аяқталмай жатыр. Аяқталу мерзіміне таяп қал­ған жұмыстың әлі де бірнеше айлық жұ­мысы қалды. Жоғарыда атап өткендер­дің бәрі – жүйесіздік деп айтар едім. Мұ­ның бәрі фильм аяқталмауының бірден бір себебі. Әрине, ішің удай ашиды мұн­дай­да. Анимация – ұрпаққа арналып жат­­қан дүние. Жаһандану заманында шет­­­­елдің экранына телміріп, өзге елдің дү­­ниесін көріп жүр. Бұл – бізді алаңдатуы ке­рек.

–  Осыдан бұрын түсірген «Мұзбалақта» қазақ саятшылық өнері туралы баяндалса, «Алтын адамда» қандай ұлттық болмысы­мыз дәріптеледі?

– «Мұзбалақ» – бүркіт пен адам ара­сын­дағы достықты, қазақтың мінез-құл­қы мен жан-дүниесін, қайсарлығы мен адал­­­­дығын қызықты оқиғаллар арқылы ба­лаларға жеткізген анимациялық туын­ды. Осы мультфильмнен кейін балалар Туда­ғы бүркітті мүлде басқаша түсініп, бүр­кітке деген махаббаты да артты деп ойлаймын. Оны YouTube арнада жинаған 10 миллионнан аса қаралым мен үш мың­ға жуық жазылған пікірлерге қарап айтуға бо­лады. Әлі күнге дейін мектептердегі кез­десудегі балалардың қошеметі мен ықы­ласына қарап та осындай тұжырымға ке­луге болады. «Алтын адам» анимация­сын­дағы кейіпкер киген алтын сауыт ол «қа­зақ» болуы керек, яғни Қазақстанның символы болуға тиіс деп ойлаймын. Оны ең құнды жәдігердің бірі деп айттық қой. Ал­тын сауытты дәріптеп, оны әлемдік дең­гейге символымыз ретінде көтеруіміз ке­рек. Мысалы, Эйфель мұнарасын есті­ген­де – Франция, Ұлы қорған десе – Қы­тай еске түседі. Осы сияқты «Алтын адам» де­генде Қазақстан еске түсетіндей болуы ке­рек. 

– Фильмді шығаруда қанша аниматор жұмыс істеді? Бұл толықметражды ани­ма­цияның мазмұндық құрылымы басқа фи­льм­дерден несімен ерекшеленеді?

– Жобаны жүзеге асыру кезінде әр­түр­лі жұмыс атқарылды. Әр кезеңде әртүрлі бол­ды. Мәселен, дайындық кезеңінде көп ма­ман жұмыс істемейді. Ал  түсірілім ке­зінде шамамен 40-45 маман жұмыс істеді. Әр фильм сюжетімен, режиссерлік қойы­лы­мымен, түсімен ерекшеленеді. «Алтын адам» мультфильмі тарихи кезеңдерге сай түсірілгендіктен, Сақ дәуіріндегі стильмен ерек­шеленеді, ел  құрылымынан бастап ха­лық­тың жай-күйі, батырлардың атқа үзең­гісіз мінуіне дейін баяндалады. Ани­ма­ция да жанр болғандықтан мультфильм­нің өзінің заңдылықтары бар және сол бойынша түсірілуі керек. Қазақтың қо­лынан шыққан дүние болғандықтан, ұлт­тық болмысы да, тарихы да міндетті түр­де көрініс табады.

– Сөзіңіздің бірінде «Бекітілген қаржы әлі күнге дейін бөлінбей келеді» деп қаржы тап­шылығынан жобаның тоқтап қалғанын ай­тыпсыз. Жалпы, бізде анимация сала­сында қаржыландыру мәселесі ақсап тұрған секілді. Неге?

– «Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды» деген бар ғой. Қаржының тоқ­тап қалуы, жобаның асықпай, жайбасар­лық­пен жылдың соңында қайтадан бас­талуы­на етімізді де үйреніп қалды. Бізде әлі күнге дейін жоба жұмысының кестесі  мем­лекет тарапынан белгілі бір жүйеге қойыл­ған жоқ. Анимациялық жобаларда бір адам немесе бір команда жұмыс істе­мей­ді. Оның артында мемлекеттік деңгей­де үлкен қолдау болуы керек. Байқасаңыз, анимацияны қуатты мемлекеттер жа­сайды. Біз де өзімізді қуатты елміз деп са­­наған соң, бұған жүйелі түрде қарауымыз ке­рек, бұл – ұрпаққа керек дүние. Бұл ту­ра­лы тек сұқбаттарда айтылып, газет-жур­нал­дың бетіне жазылып қоймау керек, мем­­лекеттік деңгейде заңдастырылып, жүйе­­лі түрде бір жолға қойылуы керек, сон­да ғана ешқандай мәселе болмай, жо­ғары деңгейде дамиды. Негізі, анимация да­мып тұрған сала ғой, көрермен тара­пы­нан да сұра­нысқа ие. Біз бүкіл идеоло­гия­ны, та­рих­ты, барлық ұлттық құндылықты осы му­льтфильм арқылы жеткізетінімізді, ай­та­тынымызды барлығы түсінсе екен деймін.

– Әлемде жылына қаншама анимация­лық фильмдер шығып жатыр. Бізде әлі сол: бірен-саран мультфильммен алданып отырмыз. Аниматор мамандар аз ба?

– Көршілес Ресейдің өзі жылына 200-300 сағат мультфильм шығарса, Қытай 3 000 сағат мультфильм шығарады. Қы­тай­лықтар анимацияны көбіне экология, ұлттық тәрбиелі мемлекеттің идеология­сын жүргізу, халқының ұлттық болмысын паш ететін тақырып төңірегінде жасап, оның бәрін ұрпақтарының санасына құйып жатыр. Біздің анимацияда «Мұз­ба­лақ» 2018 жылы шыққан, одан бері екін­ші толықметражды мультфильм шы­ғарған жоқпыз. Оған жаны ашып жүрген еш­кім жоқ, көбі мультфильмді баланың ер­мегі деп түсінеді. Қазақстанда анимация ма­мандарын даярлайтын жоғары оқу орын­дары, колледждер бар. Бірақ бөлі­не­тін грант саны өте аз, одан шыққан ма­ман­дардың қаншасы осы салада жүргенін де білмейміз. Ақылы бөлімде оқып, өз­дігінен ізденіп жатқандар бар, бірақ елі­міз­дің анимация саласындағы жүйе­сіз­дік­тің кесірінен олар шетелге кетіп жатыр. Бұ­дан өзімізде мамандардың тапшылығы бай­қалады. Балалар үшін жасалатын му­льтфильмдерге бюджет аз бөлінеді, оның нәтижесі шетелмен салыстырғанда, құмға сіңген тамшыдай. 

– Соңғы жылдары жақсы кадрлар шық­са, шетелге кетуге асығады. Қазақ­стан­да бұл саланы дамытуға мүмкіндік жоқ па?

– Қазір еліміздегі барлық саланың бі­лікті мамандары шетелге тартылып жат­қандары көрініп тұр. Оның себебін іздеу керек бізге. Бүгінгі цифрлы ақпарат зама­нын­да интернет  арқылы шетелмен бірге жұмыс істеп жатқан қанша қазақ жастары бар. Өз еліміздегі студияларда шетелден тап­сырып алып, бөтен елдің жұмысын ат­қарып жүр. Қараңыз, елде арнайы осы са­ла үшін грант бөлінеді, ал оқуын тә­мам­даған түлектердің көбі шетелдің жұмысын іс­теу­ге кіріседі. Мұндайда елдегі анимация то­қырауға түседі. Жүйелі жұмыс кестесі құ­рыл­мады әлі. Құруға қабілетті әріп­тес­те­­­ріміз болғанымен, оларға мүмкіндік жоқ­тың қасы.

– Анимация саласында қаржы тапшы­лы­ғынан бөлек, қандай кемшіліктер бар?

– Анимация саласындағы ең бірінші кем­шілік, қаржы тапшылығына келіп ті­ре­леді. Бюджеттің бөлген бір миллиард тең­гесін көп көретін халықпыз ғой. Ани­ма­циялық фильмдердің шетелдегі құны қандай, бұл өнердің бағасын елімізбен са­лыстырып отырған адам, ойымша аз. Осын­дай зерттеулер жүргізіп, мультипли­ка­тор адамдармен сөйлесіп, шетелдің та­рифтеріне қарап, саналы түрде жүйелі кес­те құрып жұмыс істесе жақсы болар еді. Жұмыс істейтіндер бар ғой, бірақ олар­­­дың құлқы жоқ. Былайша айтқанда, еңбегінің құны да болмайды. Оларды қазақтың баласы көріп жатыр. Салыстырмалы түрде қазақ анимациясы мен шетелдіктердің жұмыс деңгейі көрініп тұрады. Мысалы, шетелде 150 миллион долларға жасалатын фильмдер мен қазақта бір миллионға жетпейтін фильмдерді халық салыстырып отырады. Шетел анимациясы өздерінің ішіндегі ең мықты мамандарды жұмысқа шақыра алады. Қытайдағы бюджеті ең төмен хронометраж фильм 16 миллион доллар тұрады екен. Қазақстан мен Қытай арасында бір мультфильм жасамақ бол­ғанда осындай айырмашылық шықты. Осы уақытқа дейін Қазақстанда  бір мил­лион долларға бюджеттен анимациялық фильм жасаған жоқ. Ал Ресейде бюджеті ең аз мультфильмдер 3-4 миллион доллар екен. Анимация жасау үшін бәрі бір жүйе­де болуы керек. Қазір кино заңы жасалып жа­тыр. Оның ішінде анимация туралы тар­мақтар бар ма, ол жерде айтылған пікір­­лерді білмейміз. Енді туған бала да шет­елдің фильмдерін көріп, санасына сіңі­ріп өсіп келеді. Өкініштісі экранға қа­рап өсіп жатқан балаға керегін бере ал­май жатырмыз. Біз ұлтты, елді тәрбие­лей­міз десек, осыларды қолға алуымыз керек. Балаға рухани азық та керек қой. Осыны әлі де кешеуілдетіп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ