Әлемде адам аяғы тимеген табиғат тамашалары жетіп артылады, о баста сондай сұлулықты көруге құштар жиһанкездердің ғана ермегі болған бұл саяхатқа кейіннен экстремал күйді сүйетіндер қосыла бастады. Бүгінде психологияға «тәуелді» қоғамда өзін-өзі тануға әуес қауымның да қызығушылығына айналған.
ХХ ғасырдың басында автокөлік өнеркәсібі дамыған уақытта адамдар арасында жеке көлікпен саяхаттау мәдениеті қалыптаса бастады, әйтсе де, туризмнің бұл түрі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды дамыды. Бұл кезеңде толық жетекті автоның экзотика санатынан жалпы қолданысқа өтіп, жол талғамайтын көліктерге сұраныс артты. Оның үстіне, көптеген дамуға бет бұрған ел ұзын-сонар тасжол салу ісімен белсенді айналысты. Осылайша, ХХ ғасырдың бел ортасында автотуризм алдымен АҚШ-та қарқын алды, ол жақтағы азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына байланысты тіптен жалпы сипатқа ие болды. Одан бертін Еуропа мен Азия елдерінде дамып, көлікпен саяхаттау түрлене бастады. Бүгінде ең танымалының бірі – офроуд.
Табиғат тамашасына тоймайсың
Жолсыз саяхатқа жеке шығатындар аз, олар көбіне ұжымдасып саяхаттайды немесе арнайы компанияның көмегіне жүгінеді. Соңғы сегіз жылын жолсыз саяхатқа арнаған Евгений Козлов жылына кем дегенде төрт сапарға шығады екен. Алғашқыда ел ішін аралайтын жиһанкез бүгінде көрші мемлекеттердің көрікті жерлеріне саяхаттап жүр.
«Өзім Талдықорғанның тумасымен. Әкем әскери қызметкер болғандықтан, көшіп-қонып жүретін едік. Ағам екеуіміз бала күнімізден саяхатшымыз деуге болады. Әкем зейнетке шыққан соң Талдықорғанға тұрақтады, мен де сол жерде жұмыс істеп, ата-анаммен бірге тұрған едім. Он шақты жыл бұрын Алматыға қоныс аудардым. Саяхатқа деген қызығушылығым осы уақыттан басталды деп ойлаймын. Әр демалыс, сенбі-жексенбі сайын қаланың сыртындағы тау-тасты аралап кететін едім. Сөйтіп жүріп тауға шығатын, сол жерде шатыр құрып түнейтін жақсы достар тауып алдым. Оларға ілесіп, Алматы маңындағы тау шыңдарын бағындыруды әдемі әдетке айналдырдық. Мұндай басқосуларда түнімен отты айнала отырып, таңға дейін саяхат туралы әңгіме айтатын едік», – деп бастады әңгімесін Евгений.
Кейіннен ол көлікке жинап жүрген ақшасын жолсыз саяхатқа жұмсап жіберген. Өйткені тауға шығатын ұжымындағы бір досы Ресейдегі офроуд саяхатпен айналысатын бір топқа қосылып, Башқұртстан Республикасына жол сапарлап қайтады.
«Диас досымның Башқұртстанға алты күндік саяхатынан алған әсерін тыңдап, сол түні көз ілмедім десем болады. Әлгі офроуд командаға қосылғым келгені соншалық, жеңіл көлік алуға жинап жүрген ақшамның жартысын төлеп, менің де Башқұртстанға жолым түсті. Маусым айы болатын, алғашқы жолсыз саяхатым күні кеше болғандай, әліге дейін есімде. Башқұртстанның жабайы табиғаты – орман-көлі, тау-тасы, үңгірі – бәрі-бәрі сондай таңсық, соншалық тылсым еді. Мұндай мәдени сапар таным-көкжиегіңді ашып, түрлі сезімге бөлейді. Рухани байып, тынығып қайтқан едім», – деп есіне алады жиһанкез.
Бұл сапарынан келген бойда Евгений қосымша жұмысқа тұрып, көлікке мейлінше тезірек ақша жинауға бел буады. Жарты жыл ішінде қажет сомаға толтырып, жастарға ұнайтын сәнді жеңіл көлік емес, «Нива» сатып алады.
«Талдықорғандағы көршіміз Василий ағайдың «Нива» көлігін сататынын естіп, қолымда бар ақшамды беріп, брондап қойдым. Ол кісі өте ұқыпты, көлігін күтіп ұстайтын еді. Сөйтіп, жарты жыл дегенде қалған сомасын төлеп, «Ниваның» кілтін қолыма алдым. Талдықорғаннан Алматыға дейін айдап келе жатып, қиялымда түрлі саяхатымның жоспарын сызған едім. Жолай Қапшағайдың жағасына тоқтадым. Екі қаланың арасында арлы-берлі талай рет өтіп жүреміз, бұл көлдің маңына жолай сан мәрте аялдаған да едім. Алайда бұл жолы бәрі басқаша болды, ол кезде айналамды, әдемі айдын көлін, сырға толы табиғатты саяхатшы сезімімен жақсы көріп тұрдым», – дейді Евгений.
Бүгінде оның еліміздің барлық дерлік өңіріне табаны тиген. Республикамыздағы ұлттық табиғи парктерге, тылсымға толы елді мекендерге жол талғамайтын көлікпен жетіп, ондағы тіршілікпен танысуға құмар. Кей сапарына досын, ағасын, жұбайын ертіп шығады екен. Былтыр әкесімен Қатонқарағайға жүрген сапарынан ерекше әсер алған. Жалғыз баратын саяхаттары да аз емес. Женяның айтуынша, елімізде, әлемде табиғаттың таңғалдыратын тамаша жері көп және олардың бәрін көріп-біліп біте алмайсың.
«Бір барған жеріңе екінші рет жолың түскенде мүлдем бөлек әсер аласың. Оның үстіне, жылдың әр мезгілінде табиғат құбылып, түрлі түсті реңкке бөленеді. Мұның қай-қайсысына да тоймайсың. Қазір офроуд менің саяхатым ғана емес, болмысыма айналды деуге болады. Жолсыз сапарға шығуға ниеттеніп жүргендерге кеңесім, өзіңіз тұрып жатқан елді мекеннің айналасындағы табиғатты танудан бастай беріңіз. Сапарыңызды кейінге шегермеңіз», – деп түйді саяхатшы.
Сабырлы болсаң ғана сапарға шық
Евгений сияқты жолсыз саяхатқа жалғыз шығуға жүрегі дауалайтындар аз. Өйткені бұл көбіне көп қауіпсіздігіне кепілдік жоқ сапар. Сондықтан мұндай туристік саяхат қызметтерін ұсынатын мамандандырылған агенттік көп. Олар маршруттарды жобалаумен, қонақүй, кемпинг, жатақхана таңдаумен, паромдарды брондау және виза рәсімдеумен айналысады. Қауіпсіздігі төмен, жайлылығы аз саяхат болса да, офроудтың тартымдылығы артып отыр. Өйткені мұнда туристер сапарын өз бетінше және ешкімнің көмегінсіз жоспарлау мүмкіндігіне ие, экстремалды көңіл күй, тың сезім, тылсым әсер, жаңаны тануға себеп көп. Арнайы агенттіктер ел ішінен бастап елден тыс мемлекеттерге түрлі сапар ұйымдастырады. 2022-2023 жылы трендте болған офроуд маршруттардың үштігі – Иран, Моңғолия, Мысыр. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстандағы офроуд ұжымдар Қазақстанға да жиі сапарлап тұрады екен. Біздің елде шетелдік туристер үшін тартымды мекендер: Көлсай, Шарын, Бозжыра және тағы басқалары.
Off-road expedition компаниясының жетекшісі Расул Антоновтың айтуынша, пандемия кезінде үйде отыруға мәжбүр қылған карантиннен кейін жалпы серуендеу, пикникке шығу, саяхаттау, соның ішінде жолсыз сапарлауға деген сұраныс артқан. Жылына 6-8 сапар ұйымдастыратын ұжым офроуд сапар барлық адамға бірдей ыңғайлы бола бермейтінін айтады.
«Бізге көбіне көп саяхаттауға аса құштар жандар жаңа қызық іздеп жүргендер қосылады. Бұдан өзге өзін-өзі іздеп жүргендер, сабырын сынап көргісі келгендер де ниет білдіріп жатады. Сапарға шықпастан бір ай бұрын барлық маршрутты, бетпе-бет келуіміз мүмкін түрлі кедергі мен қиындықты ашық айтып түсіндіреміз. Саяхатқа шықпай тұрып қорқып, айнып қалатындар болады. Өйткені жолда көлік бұзылып қалуы мүмкін, көбіне байланыс аясынан тыс жерде болатынымыз бар және тағысын тағылары. Әйтсе де, бұл сапарға барып-келген соң өкінгендер болған емес», – дейді Расул.
Офроуд сапардың бағасы әртүрлі. Бұл ұйымдастырушы агенттікке, жолға шығатын көліктің түріне, баратын жердің алыс-жақынына, тап болатын кедергілер және басқа да себептерге байланысты түрлене береді. Елімізде жолсыз сапарға шығатын агенттіктердің ел ішіндегі ең арзан сапары 200 мың теңгеден басталады. Ал Африка елдеріне сапарлайтын компаниялардың пакеті 3000-4000 доллардан басталады.
Бүгінде офроуд сапарға шығатын блогер-саяхатшы көп. Мақаланы соның бірі – YouTube-тегі «дОроги дорОги» арнасының авторы Евгений Шаталовтың сөзімен аяқтағымыз келіп тұр: «Біздің ұранымыз «Бремен музыканттарының» әнімен үндес – «Нам любые дороги дороги». Өйткені бізге офроуд сапардың әрқайсысы қымбат, қызық, ұмытылмас. Оның саяхатшылардың ерекше махаббатына ие болуы сондықтан».
Асыл ТҰМАР