Судья – қоғамдағы әділдіктің кепілі. Кейде оның заңды қызметіне кедергі келтіру немесе сол қызметі үшін кек алу мақсатында қасақана қастандық жасалып жатады. Қазақстанда судьялардың өмірі мен денсаулығы қаншалықты қорғалған? Судьялардың тәуелсіздігі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңда нақты бекітілген. Бұл құжатта судья, оның жақындары және дүние-мүлкі мемлекет қорғауында екені тайға таңба басқандай жазылған. Егер судьяның тарапынан қандай да бір шағым түссе, ішкі істер органдары уақыт оздырмай шара қолдануы тиіс.
Судьяға да қару кезеніп еді
Әзірге «Жоғарғы сот мүшелерін біреу қорқытыпты, қоқан-лоқы жасапты» дегенді естіген жоқпыз. Алайда облыстық, аудандық деңгейдегі заң өкілдерін өлтіруге оқталған жағдайлар ара-тұра кездеседі. Мәселен, 2007 жылы Тараз шаһарында Жамбыл облыстық сотының судьясы Р.Баймырзаеваға әлдекімдер қастандық ұйымдастырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалса да, қаскөйлер ізін суытқан. Сол жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы А.Юваковаға да шабуыл жасалған. Қарақшылар оған түрлі дәрежедегі жарақаттар салып, құжаттарын тонап кеткен. Әйтеуір кінәлілер ұсталып, әрқайсы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Тараздағы тағы бір оқиға: қалалық соттың үкіміне наразылық танытқан М.Исмаилов есімді азамат қос ұңғылы шолақ мылтықпен өз-өзін атып өлтірді. Куәгерлердің айтуынша, Исмаилов алғашында қаруын судьяға кезеніпті. Бірақ судья дер кезінде шалт қимылдап, жалтарып үлгеріпті. Ал сот отырысындағы қауіпсіздікке жауапты приставтар жедел әрекет етудің орнына қалшиып қатып қалыпты. Тергеу барысында Исмаиловтың мылтықты судьядан кек алу үшін ғимаратқа алып кіргені анықталды. Осының өзі заң өкілдерінің өмірі қыл ұшында тұрғанын аңғартады. 2017 жылы Көкшетауда Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрайымы Жанна Бердықұлова өз үйінде кісі қолынан қаза тапты. Полицейлердің дерегіне сүйенсек, қанды оқиға маусымның 13-і күні болған. 1971 жылы туған әйелдің мүрдесі өз үйіндегі жуынатын бөлмеден табылды. Бірнеше күннен кейін тұтқындалған Медет Әбдірахманов аса ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет сотталыпты. Қанішер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға қоғамды тіксінтіп тастады.Мемлекет қорғаса, қарудың қажеті қанша?
Қазір Жоғарғы соттың аппаратында судьялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлім жұмыс істейді. Оның негізінде барлық облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалық соттарының әкімшілігінде судьяларды қорғау қызметі құрылған. Судьялардың басына қатер төнген фактілерді осы қызметкерлер тіркеуге міндетті. Сондай-ақ олар алдын алу шараларын жүргізеді. Бірнеше жыл бұрын судьяларға атыс қаруын алып жүруге рұқсат беру мәселесі көтерілген еді. Алайда құзырлы орындар жабулы қазанды жабулы күйде қалдырды. Өйткені судьяға ұстатқан қаруды ертең басқа да мемлекеттік қызметкерлер сұрауы мүмкін деп сақтанды. Мамандар қарапайым азаматтар мен судьяларға жасалатын шабуылдардың үлес салмағын салыстырып, заң өкілдеріне әркімнің тісі бата бермейтінін әйгіледі. Кейбір сарапшылардың пікірінше, қастандық көбінесе прокурордың сөзіне құлақ түріп, адвокатты тыңдамайтын, біржақты үкім шығаратын судьяларға қатысты жасалады-мыс. Әрине, бұл туралы арнайы статистика түзіп, дәлелдеп-дәйектеген ешкім жоқ. Сондықтан өз ойымызды айтудан аулақпыз. Заң бойынша, әрбір азамат сияқты, құқық қорғау қызметкерінің де өмірі қорғалуы керек. Мұндай тәжірибе әлемдік қолданыста бар, сондықтан бұл жүйе дұрыс жұмыс істесін десек, осы жүйеде қызмет атқаратын адам кәсібіне қатысты қастандықтан барынша сақтандырылуы қажет. Бүгінде тергеушіге, прокурорға және судьяға қастандық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Судьяның өміріне, денсаулығына нұқсан келсе, дүние-мүлкі шығынға ұшыраса, орны республикалық бюджеттен толтырылады.Сот тәуелсіз болса қауіп те азаяды
Бұл жерде соттың тәуелсіздігі аса маңызды. Негізі, заңға және ішкі түйсігіне сүйеніп, әділ шешім қабылдаған судьяны ешкімнің жауапқа тартуға қақысы жоқ. Қазақстан сот жүйесінің еркіндігі жөнінен әлемде 71-орында тұр екен. Құқық үстемдігінің индексінде 65-орындамыз. Кейінгі кезде сот жүйесінде біршама реформалар қолға алынды. Жақсы нәтижелер мен оң өзгерістер жоқ емес. Мойындау керек, бұқаралық ақпарат құралдары судьялардың бірлі-жарым қате шешімдерін алаулатып-жалаулатып жариялап, халықтың сотқа деген өкпе-ренішін одан сайын өршітеді. Осы орайда судьялардың қызмет бабында моральдық және психологиялық соққыға өзгелерден гөрі жиірек ұшырайтынын атап өткен жөн. Сан сауал, қиын сұрақтың жауабын тауып, адам тағдырын шешетін, бірде алғыс, бірде қарғыс арқалайтын, бәріне төзетін – судьялар. Енді олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмасақ, ел атымызға сын.