Монография кіріспе, төрт тарау, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Белгілі бір ғылыми еңбекті жазуға автордың ұстанған концепциясы сол еңбектің сипатын анықтайды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі қытайтанушы ғалым, түрколог Дүкен Мәсімханұлының аталмыш еңбекті жазудағы ұстанымын монографияның кіріспесінен аңғарамыз. «Зерттеу мақсаты, – дейді автор. – Қытай еліндегі түркология ғылымының қалыптасып, даму барысына тарихи тұрғыдан зерттеу жүргізу, олардың алға қойып отырған мақсаттары мен міндеттеріне назар аудару. Түркология тек ғылым үшін ғана емес, еліміздің дамуы мен қауіпсіздігі сынды аса маңызды тарихи қажеттілікпен де іліктесіп жатады» деп санайды. Бұл зерттеу тақырыбының өзектілігін де түсіндіреді. Сондай-ақ ол ғалымның аталмыш тақырыпты зерттеу тұғырын ұлттық қауіпсіздік деңгейіне қойып отырғанын білдіреді.
Монографияның бірінші тарауы «Қытайдағы түркі тарихына қатысты деректер мен зерттеулер» деп аталады. Бұл тарауды автор екі тараушаға (параграфқа) бөліп пайымдайды. «Түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызды деректер» деп атаған бірінші тарауында, Қытайдың ресми тарихи жазбалаларындағы түркілер жөнінде жазылған маңызды дереккөздерін сұрыптап таныстырады. Зерттеуші Қытайда жазу мәдениетінің пайда болуынан тартып, тарихи жазбаларының өмірге келуін және Қытайдың «26 тарихын» атап көрсетеді. Осы арада түсіндіре кетуді қажет ететін біраз мәселе бар.
Қытайдың династиялық тарихын әдетте «24 тарих» деп атайды. Бұл тарихта өткен қытай әулеттерінің орда тарихшылары жазған патшалық тарихтарының жалпы атауы болып саналады. Мұның бәрі биографиялық жанрда жазылған тарихтар. Онда аңыз болып айтылып келген Хуанди дәуірінен (б.з.д. 2550 ж.) тартып, Мин патшалығының соңғы жылына (1644 ж.) дейінгі тарихтағы Қытайдың саяси, экономика, әскери, руханият, мәдениет, астрономия және география сияқты салаларын кең көлемде қамтыған кешенді тарих, қолжазба бойынша жалпы 3 213 томнан (бумадан) тұрады. Бұл еңбектер «ресми тарих» (zheng shi) болып саналады. Бұларға «Жаңа Юань тарихы (Xin yuan shi)» мен «Цин патшалығы тарихы қолжазбасын (Qing shi gao)» қосып, «26 тарих» деп те атайды. Автор бұл жерде ҚХР ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясындағы қазақ ғалымдарының Қытайдың «26 тарихындағы» ежелгі түркі тайпаларына қатысты деректерді іріктеп аударып, «Чжунго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деген атпен баспадан шығарған нұсқасын негізге алып таныстырып отыр. Өйткені бұл еңбектер кирилл жазуында елімізде баспадан шыққандықтан зерттеушілер үшін қолжетімді.
Деректану ғылым тұрғысынан қарастыратын болсақ, көшпенділер жөнінде, түркілер туралы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін жүйелі де кешенді жазылған деректер тек қытай тілінде хатталған және Қытай елінде сақталған. ХХ ғасырда Қытай үкіметі жүздеген тарихшы ғалымдарын жұмылдырып, аталмыш тарихи жинақтардың қолжазбасына жүйелі түрде дерекнамалық зерттеулер жүргізіп, комментарий беріп, жаңа технологиямен қағаз және электронды нұсқасын шығарған. Сондықтан ол еңбектерге қайтадан деректану тұрғысынан жұмыс жүргізудің қажет жоқ, жеке адам оны жүргізе де алмайды. Тек сол жинақтардың арасынан түркілерге, қазақтарға, Орталық Азияға қатысты деректерді тауып пайдалану керек. Бұл да оңай шаруа емес, телегей-теңіз қытай жазбаларынан түркілерге қатысты маңызды материалдарды танып, қолдану жеңіл-желпі шаруа емес. Сондықтан автор аталған еңбегінде қытай жылнамаларындағы маңызды деректердің қайнар көзін ашып көрсетуді көздеген. Монография авторы қытай тілінде «Тужуэ» (Tujue) деп аталатын «Түркі» этносы атауының пайда болғаннан кейін жазылған хронологиялық тарихтар және оған жатпайтын «Цзы Чжи тоң Цзянь» (Zi zhi tong jian) «Тай пин Хуанью Цзи» (Tai ping huan yu ji) сияқты көптомдық жазбалардағы деректердің ең маңыздысын іріктеп таныстырған. Бұның өзі ізденушілердің деректі түпнұсқадан пайдалануына көп қолайлылық жаратып бергендік болып табылады.
«Ежелгі түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты зерттеулер» деп атаған екінші тарауында автор Қытайда түркі тарихы туралы арнайы һәм жүйелі зерттеулердің ХХ ғасырдың бастапқы кезінен тартып қарастырады. Сондай-ақ тарихнаманың даму үдерісіне негізделіп, екі кезеңге жіктеп пайымдайды. Бірінші кезең немесе ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейінгі мезгілде жарияланған Чжу Цзуминнің «Ғұндардың батысқа көшуі» (1933 ж.), Чжан Симанның «Үйсін мен қазақтар» (1942 ж.), Хань Жулиннің «Түркілердің лауазым аттары» сияқты ғұндар, үйсіндер мен түркілерді зерттеген біршама құнды еңбектерді таныстырады. Ал екінші кезеңдегі немесе өткен ғасырдың екінші жартысында жарық көрген тарихнамалардың дені 80-жылдардан кейін баспадан шыққанын пайымдайды. Сондай-ақ «Шыңжаңның қысқаша тарихы» атты үш томдық академиялық еңбекте ежелгі түркі тайпаларының тарихы мен мәдениетінің зерттелгенін, профессор Ван Чжилайдың 4 томдық «Орта Азия тарихы», Юй Тайшанның бас редакторлығымен жарық көрген «Батыс өңірдің жалпы тарихы» сияқты іргелі зерттеу еңбектерінде қамтылған ежелгі түркі халқы мен мәдениеті, діні мен тұрмыс салты жөніндегі зерттеулерді мысалға келтіреді. Әрине, бұл салада Қытай басылымдарында жарияланып жатқан зерттеу мақалалар мен басылып шығып жатқан кітаптар ұшан-теңіз. Зерттеуші соларды саралай отырып, пайдалану құндылығы біршама жоғары деген қытай және ұйғыр тілінде жарияланған 65 кітапты атап көрсетеді. Бұл еңбектер қытайлық түркологияны зерттеушілердің міндетті түрде танысуға тиісті кітаптары болып саналады.
Монографияның «Қытай еліндегі классикалық түркология ғылымының зерттелу жағдайы» деп аталған екінші тарауында, автор отандық оқырмандарға беймәлім тіл мен әдебиетке қатысты деректер мен зерттеулерді таныстыруға басымдық берген. Мысалы, 1407 жылы құрылған «Сы-и-гуан (Si yi guan) сарайында» бұратана халықтардың тілі мен жазуын меңгерген аудармашыларды дайындау және төңіректегі елдердің тіл-жазуын, тарихы мен мәдениетін зерттеумен шұғылданғаны айтылады. Сондай-ақ аталмыш «Сарайдың» «Татар бөлімі» мен «Көктаң бөлімі» түркі-моңғол тілдерін зерттегенін, олар жазған «Көктан бөлімі жазбалары» (Gao chang guan zazi), «Көктаң бөлімі дәрістері» (Gao chang guan ke) деген еңбектер арқылы дәйектейді. 1795 жылы құрастырылған «Бес тілді Цин сөздігі» (Wu ti Qingwen jian), «Батыс өңірдің жағырафиясы мен тарихи тұлғалары туралы анықтамалар» (Qin ding xiyu tong wenzhi) сияқты еңбектердегі түркі сөздерінің қазіргі қазақ-қырғыз тілдерінде қаз-қалпында сақталып отырғанын атап көрсетеді. Сонымен бірге Қытайда түркологияның негізін қалаушы Хань Жулин, Чэн Инкэ, Цэн Чжунмиянь, Фэн Цзяшэн, Гэн Шимин сияқты аса көрнекті ғалымдарды таныстырумен қатар, әйгілі «манасшы» Жүсіп Мамай, зерттеуші ғалымдар Хамит Төмір, Әнуар Байтұр, Ерін Ауғали, Адил Жұматұрды, Айдар Міркамал сияқты қазақ, ұйғыр, қырғыз ғалымдарының да Қытайдағы түркология ғылымының дамуына қосқан үлестерін ашып көрсетеді.
Монографияның ІІ тарауының екінші бөлімінде «Түркі әдебиеті мен фольклорына қатысты зерттеулер» таныстырылады. Қытайдағы түркологияның дамуына байланысты өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, түркі халықтарының ежелгі тілі мен әдебиеті, көне ескерткіштері мен жазба әдебиеттері, фольклоры, тарихы мен мәдениеті т.б. салалары жеке-жеке зерттелгенін ескеріп, автор түркі әдебиеті мен фольклорының зерттелуіне жеке бір тарау арнаған. Мұнда ежелгі түркі ескерткіштерінің мәтіндері мен көне ұйғыр жазуында жеткен жәдігерлердің зерттелуінен тартып, «Оғызнама», «Диуани лұғат ат-түрік», «Құтадғу біліг» сынды еңбектердің зерттелгенін және «Ұйғырдың 12 мұқамы», «Қазақтың айтыс өнері» бойынша жарыққа шыққан «төрт топтама» сияқты мемлекеттік іргелі бағдарламалар аясында жарық көрген әдебиеттер және олар жөнінде зерттеулерді таныстырады.
Монографияның «Қытай еліндегі түркологиялық ғылыми орталықтар, басылымдар және жетекші ғалымдар» деп аталған үшінші тарауында, «ҚХР Түркі тілдерін зерттеушілер қоғамы», «ҚХР халықаралық ескі жазуларды зерттеу қоғамы», «ҚХР Алтайтану ғылыми қоғамы», «Шыңжаң қазақ тілі мен әдебиеті қоғамы», «ҚХР ұйғыр классик әдебиеті мен мұқам ғылыми қоғамы» сияқты 19 ғылыми қоғамдық ұйымдарды атап көрсетіп, бірнеше ғылыми журналдарды және түркология саласындағы жиырма шақты жетекші ғалымдарды таныстырады.
Монографияның «Қосымша» деп аталған IV тарауы «Жапония мен Моңғолия еліндегі түркология ғылымның зерттелу жағдайы» деп аталған. Автордың бұл елдердегі түркологияны «қосымша» қарастыруы жайдан-жай емес деп ойлаймын. Өйткені жапондық ғалымдар жоғарыда таныстырылған қытай жазба деректері негізінде және археологиялық мәдени жәдігерлер негізінде түркі тайпаларын зерттеуден бастап, қазір әлемдік түркология ғылымының іргелі ошағының біріне айналған ескерсе керек-ті. Ал моңғолиялық ғалымдардың түркология ғылымын зерттеуіне олардың ежелгі аумағында өсіп-өнген түркілердің қалдырып кеткен тарихи мәдени жәдігерлердің табылуы мен зерттелуі түрткі болғаны белгілі.
Кез келген елдегі ғылымның даму тарихына көз жіберіп қарайтын болсаңыз, сол елдің әлеуметтік әлеуетінің өсуімен өркен жайғанын аңғарасыз. Жапониядағы түркология да сондай. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы «Мэйдзи реформасынан» кейінгі капитализмнің дамуына байланысты әр сала ғылымдары өрістеген болатын. Сондықтан автордың сол кезден бергі тарихтың әр кезеңінде аты әлемге мәшһүр болған түрколог ғалымдарды және олардың құнды еңбектерін және Жапон еліндегі ғылыми-шығармашылық ұйымдарды да жіптіктей таныстырғаны монографияның ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байыта түскен.
Әлемдік түркология тарихында Моңғол еліндегі түркологиялық зерттеулердің мәні де айрықша. Өйткені моңғол мен түркілердің этногенезі мен тарихи қоғамдық өмірінде, дүниетанымында, тіршілік тәсілінде, тұрмыстық салт-санасында етене жақындықтар бар. Бұл елдегі түркологияның ерекшелігі – көне түркі бітіктастары мен ескерткіштерді зерттеумен сипатталуында деп санаймыз.
Қорытып айтқанда, «Қытайдағы түркологиялық деректер мен зерттеулер» атты монография – жалпы дерекнамалық және тарихнамалық тұрғыдан зерттелген түркология категориясына жататын кәсіби ғылыми еңбек. Автор жалпы қытайдың тарихи даму үрдісі бойынша мәселені қарастырады, Қытайдың тарихи деректері және оның ішіндегі түркологиялық деректері нақтылап көрсетуімен бірге, ол жөнінде зерттеулердің алғаш басталуын, оның тоқырауы және қайта дамуы сияқты процестерді сол дәуірдегі қоғамдық саяси жағдаяттарға байланыстырып пайымдайды. Аталмыш монографияны Қытайдағы түркологиялық деректер мен зерттеулерді жүйелі түрде зерттеген, өзіндік тың жаңалықтары мен қорытынды тұжырымы бар, отандық түркология ғылымына қосылған құнды да іргелі еңбек, еліміздің ғылыми өміріндегі елеулі жаңалық деп санаймын. Өйткені қазірге дейін отандық гуманитарлық ғылымда түркология ғылымы саласында мұндай іргелі зерттеу еңбегі жарық көрген емес. Сондықтан аталмыш монография өзіндік ғылыми танымдық және практикалық құндылығымен маңызды болмақ.
Әрине, алғашқы еңбек болғандықтан, монографияны әлі де жетілдіре түсетін тұстары, түзетуге тиісті техникалық қателіктер байқалады. Мұны автордың өзі де «бұл кітап алдағы уақытта да түзетіліп, өңделіп, толықтырып отыруды қажет етеді» деп ескерткен-ді. Дегенмен мемлекеттік нысаналы қаржыландыру жобасындағы тақырыптарды қаржыландырудың тым кеш басталатыны және кесімді зерттеу мерізімінің тым қысқа болатыны да жазылған еңбектерде кейбір олқылықтардың орын алуына себепкер болатынына куә болып жүрміз. Профессор Дүкен Мәсімханұлы болашақта бұл зерттеуін әрі қарай да жалғастырып, құнды, көлемді еңбек ұсынады деп сенеміз.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
профессор, әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті жанындағы
«Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының»
директоры