Қазір елімізде хабар-ошарсыз кеткен 2 098 қазақстандық тізімде тұр. Бұл – еліміздегі Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу коми­тетінің дерегі.
Із-түзсіз жоғалғандар қайда кетеді?
857
оқылды

Жыл сайын Қазақстанда 1 000-1 500 адам жоғалады. Оның 20 пайызын –балалар. Абырой болғанда, жоғалғандардың көпшілігі алғашқы бір айдың ішінде табылып жатады.

Былтыр Атыраудың өзінде «жоғалу» фак­тісі бойынша полицияға 1 065 хабарлама келіп түскен. «Оның ішінде 826 адам алғашқы 24 са­ғатта табылды. Жоғалу бойынша 239 дерек­ке қатысты іс-қозғалды. Қазіргі уақытта  бір  адам бойынша бірде-бір дерек анықталмай отыр», – деді  Атырау облысы Полиция депар­таментінің өкілі Мейірім Ердәулет.

Жоғалу дегеннен шығады, жоғарыда айтылған әр цифрдың артында адам тағдыры тұр. Сол сияқты, хабарсыз кету жағдайлары­ның да өзінше  бір оқиғалары бар.

Мәселен, жыл басында Атырауда өнерде жүрген танымал үш жігіттің жоғалу оқиғасы қоғамда кәдімгідей резонанс тудырды. Үш тәулікке жуық уақыт ас-сусыз далада қалған жігіттерді көлігі батып, қозғала алмай тұрған жерінен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тапты.

Хабарсыз қалған азаматтар 11 қаңтарға қараған таңғы сағат 03:20-да Қызылқоға ауда­нының «Ораз мола» орнынан табылды. Атал­ған жер Атырау облысы Мақат ауданы Доссор поселкесінен 120 шақыым қашықтықта орналасқан. Үйлеріне аман жеткізілгеннен кейін Нұрғали Бекежан, Ренат Оразов пен Дархан Ғаббасов өздерін жабыла іздегендердің барлығына алғыстарын айтты. 

Ақтүтек боранға ұласқан қыстың түнінде жолдан адасқан жігіттердің жолда көліктері батып, әбден қиналған. Оның үстіне, тікұшақ қанша айналып қараса да, ақ түсті көлік ақ қар­дан көрінбей, іздеу жұмыстарында біраз қиындықтар туған. «Біткен жеріміз – осы» деп ойлап едік, дәм-тұзымыз таусылмаған екен», – деп ағынан жарылған жігіттер енді алыс жолға шықпастай болды. 

«Дәм-тұзы таусылмаған» дегеннен шы­ғады, із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болып, араға жылдар салып табылатындар да бар. Атыраулық Әсел – осындай ерекше тағдыр иесі. Ол 19 жылдан кейін табылып, ата-ана­сымен қауышты. 

Жастықтың буымен тәжік жігітіне ғашық болып, 2000 жылы 7 cәуірде «Саратов-Ду­шанбе» бағытындағы пойызбен Тәжікстанға кеткен кейіпкеріміз сол кезде жиырма жылға жуық уақыт  елден жырақ жүремін деп күтпесе керек.

Қолында туу туралы куәлігі ғана болған ол жат жерге келгеннен кейін далада қалған.  «Сүйіктісі» алдап, тастап кеткеннен кейін вокзалды паналап, жергілікті бір әйелмен танысып, соның үйінде 10 жыл тұрған. Не білімі, не куәлігі болмағаннан кейін ол Душанбе қаласындағы дәмхананың бірінде даяшы болып күн көрген. Қаза берсек, мұндай оқиғаларды көптеп табуға болады. 

Былтыр Атырауда Әсемай есімді оқушы қыз жоғалып кетті. Үріп ауызға салғандай сүй­­кімді қызды күштік құрылымдарды қоспа­ғанда, туыстары, еріктілер жаппай іздеді. Бірақ бірнеше күнге созылған іздеу опе­рациясы сәтсіз аяқталды.

10 сәуір күні кешкісін Әсемайдың көпірден секіріп, суицид жасағаны белгілі болды. Іздеу жұмыстарына қатысқан ерікті Сандуғаш Кукенованың айтуынша, жеке үйлердің бірінің бақылау камерасына  Әсемайдың көпірге шығып бара жатқан сәті түсіп қалған. «Әрі қарай не болғанын біле алмадық. Жеке тұрғын үйде тұрған камерадан көреміз бе деп ойладық, алайда үй иесі бірнеше күн бойы үйінде болмады. Кейін  қыздың әкесі камераға түсіп қалған видеоны көрді. Өкінішке қарай, ол жерде Әсемайдың көпірден секірген сәті видеоға түсіп қалған», – деді ерікті.

Жергілікті Полиция департаментінің сарап­тауынша, жоғалу фактілері көп жағдайда жасөспірімдер арасында жиі болып жатады. Әдетте, тұрмысы нашар отбасынан шыққан­дар, интернат, балалар үйі тәрбиеленушілері үйден кетуге бейім тұрады екен. Күйзеліске шыдай алмайтындардың қатарында ер адамдар да кездеседі. Отбасылық жанжал, туыстардың, жолдастарының арасындағы өзара келіспеушілік те себеп болуы мүмкін. Қарыз қамытын киіп, басы ауған жаққа кетуге шешім қабылдайтындары да бар. 

Немесе жеке өмірін «реттеу» үшін ға­шығымен бірге «қашу операциясын» ұйымдастыратын «махаббат батырлары» да кездеседі. 

Сарапшылар жоғалған әрбір екінші кісінің еңбекке қабілетті ер адам, әр төртінші адамның жасөспірім, әр бесіншінің зейнет жасындағылар екенін айтады. Біз жоғарыда бірнеше оқиғаны ғана мысалға келтірдік. Ал адам жоғалуына байланысты кей оқиғалардың артында қылмыс әлемінің тұруы да ғажап емес.

Сарапшылардың айтуынша, көп жағдайда «қара тізімге» жұмысшылар, бизнесмендер, зейнеткерлер мен үй-күйсіз қаңғып жүргендер ілігеді екен. Полиция өкілдері «кәсіпкерлерді көбінесе ақша бопсалау мақсатында немесе сол адамға борышты болып қалғандар ұрлай­ды» деп отыр. 

«Еңбекке қабілетті ер адамдарды құл­дықта, әйел адамдарды сексуалдық құлдықта ұстау мақсатымен ұрлайды. Тіпті, оларды шетел асыратындар да бар. Балаларды ішкі дене мүшесін алу немесе жәбірлеу мақсатында көзден таса етеді. Ал үй-күйсіз жүргендер ішкіш «достарының» тоқпағынан көз жұмады. Араларында жазылмайтын ауруға шалдық­қандар да болады» дейді мамандар.

Әсия Құлжанова – іздеу жұмыстарына еріктілерді ұйымдастырып отырған волонтер. Қазір оның тобында 35 адам бар.

 «Қазақстан бойынша адамдарды іздеу жүйесі жетілмеген, сондықтан еріктілер жиі көмекке келеді» дейді ол. Волонтердің айтуынша, посткеңестік кеңістіктегі елдерде адамды ауыр жұмыстарда мәжбүрлеп ұстайтын құлдық жағдайлары жиі кездеседі. Құжатсыз, ақшасыз, қашып кету мүмкіндігі жоқ мұндай адамдар мемлекеттік және ерікті ұйымдардың көмегіне өте мұқтаж. Сондықтан қауіпсіз көше, қауіпсіз қала концепциясын жетіл­діруге, әлде де болса бақылау камераларын көбейтуге әрекет ету керек» дейді волонтер. 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы