Заманауи қоғам ұрпақтың төрт-бес буынынан тұрады. Олардың ұстанымы, арман-аңсары, қажеттілігі мен қызығушылығы әртүрлі және өзара үйлеспеуі де мүмкін. Осыдан түсінбеушілік туып жатады. Олардың дара қырларын білу тек ғалымдар мен маркетологтарға ғана емес, билік өкілдері үшін де маңызды. Әңгіме соның ішіндегі аз зерттелгені – Қазнет пайдаланушылары «зың-зың ұрпақ» деп атайтындар туралы болмақ.
Осы бағыттағы зерттеулердің сүбелісі америкалық ғалымдар Нил Хоув пен Уильям Штраусқа тиесілі. Олар 1991 жылы «Ұрпақтар» (Generations) атты кітапта «ұрпақтар теориясын» ұсынды. Оған жүгінсек, әр буынның өкілі белгілі бір нышанға ие, әрқайсысын ерекшелер қыры бар. Нил Хоув әр буынның ерекшелік белгілері заманына, өскен және тәрбиеленген ортасына байланысты дейді. Психологтар мен әлеуметтанушылар адамның құндылықтары негізінен 10-12 жасқа дейін түзілетінін айтады. Болашақ тұлғаның қандай болып қалыптасатыны мектепке, оқыған кітаптары мен көрген телебағдарламаларына, достарына, қоршаған ортасына, ата-анасына байланысты: бала соларға қарап, қоғамда өзін-өзі қалай ұстау керегін үйренеді, дүние таниды.
Сарапшылар жаңа буынның қалыптасуына 1981 жылы ашылған MTV арнасының ықпалы зор болғанын айтады. Белгілі өнертанушы Полина Виноградова оның жаңғырығы Кеңес Одағына дейін жеткенін нықтады.
«Телеарна қоғам әдепсіз, тіпті жиіркенішті деп таныған дүниелерді көрсете бастады. Эфирге шығарған тұңғыш бейнебаяны «Видеожазба радио жұлдызын өлтірді» (Video Killed the Radio Star) деп аталған. Ағысқа қарсы жүзуі, қоғамға қарсы үн қатуы арқасында жастар арасында кең танымал болды. Rolling Stones, Sex Pistols және басқа да панктер мен рокерлер жас ұрпаққа өз ұстанымын таңды. Көрнекті талғамсыздық (показная безвкусица), яғни жыртылған джинсы, көнетоз тері күртке сәнге енді. Оған дейін телевизия сабырлы, байсалды болатын. Ал эм-ти-ви кадрлардың тез алмасуын, экшнді енгізді», – дейді ол.
Бұл ақыры үлкен ауқымда ақпарат қабылдай алмайтын, үлкен мәтінді оқуға шыдамы жетпейтін жастарды тудырды. Twitter пайда болды.
Әлеуметтанушылар қазіргі ұрпақты келесі буынға бөледі: біріншісі – ұлы ұрпақ (Greatest generation, the World War II generation), оған 1900-1923 жылы дүниеге келген адамдар жатады. 1923-1943 жылы өмір есігін ашқандар – үнсіз ұрпақ (Silent Generation деп аталады. Тайм журналы 1951 жылғы 5 қарашада «Кішіпейіл ұрпақ» деген мақаласында азаматтық құқықтарды қорғауға күш салған әке-шешелеріне қарағанда, осы буын жастары плакат көтеріп, шеруге шықпайтынына, мінберге ұмтылмайтынына, тыныш қана іс тындыруды жөн көретініне назар аудартты. Осы ұрпақ көп елде «үнсіз көпшілікті» құрайды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық елде, соның ішінде Қазақстанда да бала туу көрсеткіші күрт өскен. Сондықтан 1943-1963 жылдары туылғандар «бэби-бумерлер» саналады. Ары қарай 1963-1983 жылғылар «Х ұрпағы», 1983-2003 жылғылар миллениал немесе «Y ұрпағы» аталады. Жер бетінде ХХІ ғасырда, 2003 жылдан бері өмір сүретіндер – «Z ұрпағы» қатарына кіреді.
Көшпелілердің заманауи мұрагері
Американың маркетингтік өлшеу жүргізетін ірі Nielsen ұйымы қызықты зерттеуін жариялады. Оның дерегінше, «Z ұрпағының» өкілдері мектеп бітіргеннен кейін бірден жоғарғы білім алуға жанталаспайды екен, ең алдымен төл бизнесін ашып, дамытуға құлшынады. Оларды кәсіпкерлердің дербестігі, бизнестегі іс-қимыл еркіндігі қызықтырады. Зумерлер планетаға, экологияға, қоғамға көмегін тигізуге, өз өмірін мағыналы, мәнді етуге құштар. Демек, ерікті-волонтерлер солардың арасынан көп шығады. Бұл ретте осы жастардың бір бөлігі өз ісін дөңгеленту үшін ЖОО бітіру міндетті емес деп есептейді екен.
Мұны әр елде мыңдаған жасөспірімге сұрау салған TD Ameritrade сауалнамасы да растады: қазіргі заман жастары ескіше оқығысы келмейді, 89%-ы дәстүрлі университеттердің өмірге қажетті білім береріне сенбейді. Z ұрпағы өкілдерінің 30%-дан астамы мектеп бітірген соң бір жыл тынығуды жоспарлап отырғанын, тек содан кейін жоғарғы білім жайын ойластыратынын жеткізіпті. Бұлардың үлесі жыл санап өсуде.
Бір ғажабы, бүгінгі балалар мектеп жасында жоғарғы технологияларды жақсы игереді. Біразының біліктілігі жоғары болғаны сонша, олар кеңсеге бармай-ақ қашықтықтан тапсырысты орындай беретін «цифрлы көшпелілер» (Digital nomad) сапын белсенді толықтыруда. Болашақтағы кадр корпусының ұстынын солар құрайтынын түсінген компаниялар мен жұмыс берушілер мектеп оқушыларын кәсіби дағды-машыққа үйретуге ден қойып жатыр. Осылайша, компаниялар зумерлердің жоғарғы оқу орнына айналады: жұмыс беруші нақты жұмыс орнына қажетті мамандарды өзі даярлайды, нарықта жұмыс істеудің қыр-сырына баулиды, жасөскіндердің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемде өзекті білім алуына жәрдемдеседі.
Google, Adobe, Hubspot, Microsoft секілді жаһандық алпауыттар ағылшын тілін меңгерген кез келген елдің оқушысына арзандау немесе мүлдем тегін курстан өтуді ұсынады. Бұл жалпылама білімге, ынталандыру мен шешен сөзге құрылған қазақстандық бостекі тренингтерге ұқсамайды. Онда игерген білім жастарға нақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Зумерлердің бір бөлігі білім ордасынан түлеп ұшқасын табыс табуды, саяхаттауды және волонтерлікті қоса алып жүруге ынтық.
Біздің елде Z өкілі қанша?
Қазақстандық «Z ұрпақ» кім? Қатары қалың ба? Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оларды кедей, бірақ жаңа заманға барынша төселген ұрпақ деп бағалайды. Министр ұрпақтар арасында транзит жүріп жатқанын нұсқады.
– Әңгіме 1981-1995 жылдары туған Y (игрек) және 1995 жылдан кейін дүниеге келген Z (зет) буындарына тән құндылықты бағдарлар мен дүниетанымдық ұстанымдардың бірін-бірі ауыстыруы жайында болып отыр. Біздің әлеуметтік зерттеулеріміз паш еткендей, зет ұрпағы цифрлы қызметтерді көп тұтынады. Еңбекке, ақшаға, демалыс түріне қатысты көзқарасы дәстүрліден ерекшеленеді. Олар компанияның миссиясына, құндылықтарына баса мән береді. Басым көпшілігі жұмысты қашықтықтан орындауға бейім. Сондықтан әлдеқайда мобильді. Тұрғылықты орнын жиі ауыстыруы мүмкін, – дейді Д.Абаев.
Әлеуметтанушылар сан алуан зерттеу нәтижесінде анықтағанындай, аға ұрпақтан және миллениалдан айырмашылығы сол, бұл жаңа буын өкілдері кеңседе отыруды ұнатпайды. McKinsey&Company зерттеуі олар үшін жылжымайтын мүлікке ие болғаннан гөрі, қызметтерге қолжетімділік әлдеқайда маңызды екенін көрсетті. «Цифрлы көшпелілердің» негізін құрайтын зумерлер санды телекоммуникация технологиялары көмегімен жұмысты коуоркинг-орталық, дәмхана, фудкорт, баршаға ортақ кітапхана, саябақтарда орындай береді. Әлдебір стационарлы жұмыс орнына байланбаған.
Нәтижесінде, жұмыс берушіге кеңсе жалдап, оны ғаламтор, ауабаптағыш, кофеқайнатқыш, диспенсер-кулер, компьютер-принтер және басқасымен жабдықтау қажет болмайды. Цифрлы көшпелі жастар онсыз да тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай орындайды. Сонысымен құнды.
«Шетелдік әлеуметтанушылар Z ұрпақ – кедей, бірақ заман талабына ең бейімделген буын екенін атап өтеді. Өйткені олардың меншігінде баспанасы, тіпті көлігі де болмауы мүмкін. Бірақ жұмыс кестесі мен тапқан табысы оларға жайлы апартамент жалдауға, қала ішінде қозғалу үшін Uber пайдалануға мүмкіндік береді», – дейді министр.
Біраз уақыттан соң Қазақстанның тізгінін «Зет ұрпақ» қолға алмақ. Олар отандық телеарналарды көрмейді, газет-журнал оқымайды. Негізінен, әлеуметтік желіде, әсіресе Instagram, TikTok-та өзін ілгерілетуге көбірек алаңдайды. Демек, бұл ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды, елдік бағдарды дарыту үшін билік тәрбиенің жаңа тәсілдерін меңгергені абзал.
Айхан ШӘРІП