Сен кімсің, Z ұрпақ?
Сен кімсің, Z ұрпақ?
1,088
оқылды
Заманауи қоғам ұрпақтың төрт-бес буынынан тұрады. Олардың ұстанымы, арман-аңсары, қажеттілігі мен қызығушылығы әртүрлі және өзара үйлеспеуі де мүмкін. Осыдан түсінбеушілік туып жатады. Олардың дара қырларын білу тек ғалымдар мен маркетологтарға ғана емес, билік өкілдері үшін де маңызды. Әңгіме соның ішіндегі аз зерттелгені – Қазнет пайдаланушылары «зың-зың ұрпақ» деп атайтындар туралы болмақ. Осы бағыттағы зерттеулердің сүбелісі америкалық ғалымдар Нил Хоув пен Уильям Штраусқа тиесілі. Олар 1991 жылы «Ұрпақ­тар» (Generations) атты кітапта «ұрпақтар теориясын» ұсынды. Оған жүгінсек, әр буынның өкілі белгілі бір нышанға ие, әрқайсы­сын ерекшелер қыры бар. Нил Хоув әр буынның ерекшелік бел­гілері заманына, өскен және тәр­биеленген ортасына байланысты дейді. Психологтар мен әлеумет­танушылар адамның құндылық­тары негізінен 10-12 жасқа дейін түзілетінін айтады. Болашақ тұл­ғаның қандай болып қалыпта­са­тыны мектепке, оқыған кітаптары мен көрген телебағдарламаларына, достарына, қоршаған ортасына, ата-анасына байланысты: бала соларға қарап, қоғамда өзін-өзі қалай ұстау керегін үйренеді, дүние таниды. Сарапшылар жаңа буынның қалыптасуына 1981 жылы ашылған MTV арнасының ықпалы зор бол­ғанын айтады. Белгілі өнертанушы Полина Виноградова оның жаң­ғырығы Кеңес Одағына дейін жет­кенін нықтады. «Телеарна қоғам әдепсіз, тіпті жиіркенішті деп таныған дүние­лерді көрсете бастады. Эфирге шығарған тұңғыш бейнебаяны «Видеожазба радио жұлдызын өлтірді» (Video Killed the Radio Star) деп аталған. Ағысқа қарсы жү­зуі, қоғамға қарсы үн қатуы ар­қа­сында жастар арасында кең танымал болды. Rolling Stones, Sex Pistols және басқа да панктер мен рокерлер жас ұрпаққа өз ұстаны­мын таңды. Көрнекті талғам­сыз­дық (показная безвкусица), яғни жыртылған джинсы, көнетоз тері күртке сәнге енді. Оған дейін теле­визия сабырлы, байсалды болатын. Ал эм-ти-ви кадрлардың тез алма­суын, экшнді енгізді», – дейді ол. Бұл ақыры үлкен ауқымда ақ­парат қабылдай алмайтын, үлкен мәтінді оқуға шыдамы жетпейтін жастарды тудырды. Twitter пайда болды. Әлеуметтанушылар қазіргі ұрпақты келесі буынға бөледі: бі­ріншісі – ұлы ұрпақ (Greatest generation, the World War II generation), оған 1900-1923 жылы дүниеге келген адамдар жатады. 1923-1943 жылы өмір есігін ашқандар – үнсіз ұрпақ (Silent Generation деп ата­лады. Тайм журналы 1951 жылғы 5 қарашада «Кішіпейіл ұрпақ» деген мақаласында азаматтық құқық­тарды қорғауға күш салған әке-шешелеріне қарағанда, осы буын жастары плакат көтеріп, шеруге шықпайтынына, мінберге ұмтыл­майтынына, тыныш қана іс тын­дыруды жөн көретініне назар аудартты. Осы ұрпақ көп елде «үн­сіз көпшілікті» құрайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін барлық елде, соның ішінде Қазақстанда да бала туу көрсеткі­ші күрт өскен. Сондықтан 1943-1963 жылдары туылғандар «бэби-бу­мерлер» саналады. Ары қарай 1963-1983 жылғылар «Х ұрпағы», 1983-2003 жылғылар миллениал немесе «Y ұрпағы» аталады. Жер бетінде ХХІ ғасырда, 2003 жылдан бері өмір сүретіндер – «Z ұрпағы» қатарына кіреді.  

Көшпелілердің заманауи мұрагері

Американың маркетингтік өлшеу жүргізетін ірі Nielsen ұйымы қызықты зерттеуін жариялады. Оның дерегінше, «Z ұрпағының» өкілдері мектеп бітіргеннен кейін бірден жоғарғы білім алуға жан­таласпайды екен, ең алдымен төл бизнесін ашып, дамытуға құл­шы­нады. Оларды кәсіпкерлердің дербестігі, бизнестегі іс-қимыл еркіндігі қызықтырады. Зумерлер планетаға, экологияға, қоғамға кө­мегін тигізуге, өз өмірін мағы­налы, мәнді етуге құштар. Демек, ерікті-волонтерлер солардың ара­сынан көп шығады. Бұл ретте осы жастардың бір бөлігі өз ісін дөң­геленту үшін ЖОО бітіру міндетті емес деп есептейді екен. Мұны әр елде мыңдаған жасөс­пірімге сұрау салған TD Ameritrade сауалнамасы да растады: қазіргі заман жастары ескіше оқығысы келмейді, 89%-ы дәстүрлі универ­ситеттердің өмірге қажетті білім бе­реріне сенбейді. Z ұрпағы өкіл­дерінің 30%-дан астамы мектеп бітірген соң бір жыл тынығуды жоспарлап отырғанын, тек содан кейін жоғарғы білім жайын ой­ластыратынын жеткізіпті. Бұлар­дың үлесі жыл санап өсуде. Бір ғажабы, бүгінгі балалар мектеп жасында жоғарғы техно­логияларды жақсы игереді. Біра­зының біліктілігі жоғары болғаны сонша, олар кеңсеге бармай-ақ қа­шықтықтан тапсырысты орын­дай беретін «цифрлы көшпелілер» (Digital nomad) сапын белсенді толықтыруда. Болашақтағы кадр корпусының ұстынын солар құ­рай­тынын түсінген компаниялар мен жұмыс берушілер мектеп оқу­шыларын кәсіби дағды-машыққа үйретуге ден қойып жатыр. Осы­лайша, компаниялар зумерлердің жоғарғы оқу орнына айналады: жұ­мыс беруші нақты жұмыс орны­на қажетті мамандарды өзі даяр­лайды, нарықта жұмыс істеудің қыр-сырына баулиды, жасөс­кін­дердің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемде өзекті білім алуына жәрдемдеседі. Google, Adobe, Hubspot, Microsoft секілді жаһандық алпауыттар ағылшын тілін меңгерген кез кел­ген елдің оқушысына арзандау немесе мүлдем тегін курстан өтуді ұсынады. Бұл жалпылама білімге, ынталандыру мен шешен сөзге құ­рылған қазақстандық бостекі тре­нингтерге ұқсамайды. Онда игерген білім жастарға нақты жұ­мысқа орналасуына мүмкіндік береді. Зумерлердің бір бөлігі білім ордасынан түлеп ұшқасын табыс табуды, саяхаттауды және волон­терлікті қоса алып жүруге ынтық.  

Біздің елде Z өкілі қанша?

Қазақстандық «Z ұрпақ» кім? Қа­тары қалың ба? Ақпарат және қо­­ғамдық даму министрі Дәурен Абаев оларды кедей, бірақ жаңа заманға барынша төселген ұрпақ деп баға­лайды. Министр ұрпақтар арасында транзит жүріп жатқанын нұсқады. – Әңгіме 1981-1995 жылдары туған Y (игрек) және 1995 жылдан кейін дүниеге келген Z (зет) буын­дарына тән құндылықты бағдарлар мен дүниетанымдық ұстаным­дардың бірін-бірі ауыстыруы жа­йында болып отыр. Біздің әлеу­меттік зерттеулеріміз паш еткен­дей, зет ұрпағы цифрлы қызмет­терді көп тұтынады. Еңбекке, ақ­шаға, демалыс түріне қатысты көз­қарасы дәстүрліден ерекшеле­неді. Олар компанияның миссия­сына, құндылықтарына баса мән береді. Басым көпшілігі жұмысты қашықтықтан орындауға бейім. Сондықтан әлдеқайда мобильді. Тұрғылықты орнын жиі ауыстыруы мүмкін, – дейді Д.Абаев. Әлеуметтанушылар сан алуан зерттеу нәтижесінде анықтаға­нын­дай, аға ұрпақтан және ­мил­лениалдан айырмашылы­ғы сол, бұл жаңа буын өкілдері кеңседе отыруды ұнатпайды. McKinsey&Company зерттеуі олар үшін жылжымайтын мүлікке ие болғаннан гөрі, қызметтерге қол­жетімділік әлдеқайда маңызды екенін көрсетті. «Цифрлы көшпе­лілердің» негізін құрайтын зумер­лер санды телекоммуникация тех­нологиялары көмегімен жұ­мысты коуоркинг-орталық, дәмха­на, фудкорт, баршаға ортақ кітап­хана, саябақтарда орындай береді. Әлдебір стационарлы жұмыс орнына байланбаған. Нәтижесінде, жұмыс берушіге кеңсе жалдап, оны ғаламтор, ауа­баптағыш, кофеқайнатқыш, дис­пенсер-кулер, компьютер-принтер және басқасымен жабдықтау қажет болмайды. Цифрлы көшпелі жас­тар онсыз да тапсырылған жұ­мысты тап-тұйнақтай орындайды. Сонысымен құнды. «Шетелдік әлеуметтанушылар Z ұрпақ – кедей, бірақ заман тала­бына ең бейімделген буын екенін атап өтеді. Өйткені олардың мен­шігінде баспанасы, тіпті көлігі де болмауы мүмкін. Бірақ жұмыс кестесі мен тапқан табысы оларға жайлы апартамент жалдауға, қала ішінде қозғалу үшін Uber пайда­лануға мүмкіндік береді», – дейді министр. Біраз уақыттан соң Қазақ­стан­ның тізгінін «Зет ұрпақ» қолға ал­мақ. Олар отандық телеарна­лар­ды көрмейді, газет-журнал оқы­майды. Негізінен, әлеуметтік же­лі­де, әсіресе Instagram, TikTok-та өзін ілгерілетуге көбірек алаң­дайды. Демек, бұл ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды, елдік бағ­дарды дарыту үшін билік тәр­биенің жаңа тәсілдерін меңгергені абзал.    width=Айхан ШӘРІП