«АMANAT» партиясының алаңында әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандартты енгізу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті.
"AMANAT" партиясы алаңында әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандартты енгізу мәселесі талқыланды
677
оқылды

 

«АMANAT» партиясының алаңында әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандартты енгізу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті. Мәжіліс депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері мүгедек адамдардың қажеттілігін ескере отырып, нысандар мен қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

Сөз басында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев нысандар мен қызметтерді ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнап бейімдеу мәселесінің өзектілігін ескере отырып, әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандартты енгізудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде мүгедектігі бар адамдарға қалалар мен ауылды жерлердегі нысандардың қолжетімділігі, сондай-ақ оларға түрлі қызмет көрсету мәселесі – өте өзекті. Көбінесе әлеуметтік маңызы бар мекемелерде арбаға таңылған азаматтарға арналған лифт, пандус жоқ немесе олар стандартқа сай келмейді. Ал аулалар мен көшелерде бордюр арбамен жүруге кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, ерекше қажеттілігі бар адамдарға ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалмаған. Сондықтан, мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық өмірге араластыру ісінде ұлттық стандартты енгізу мәселесі маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, бұл қадам барша азаматқа кедергісіз орта, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Әбдиев.

Әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандарт Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен әзірленді.

«Стандарт мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауды көздейтін жұмыстарды ұйымдастырудың кешенді әдісі саналады. Атап айтқанда, ол қаладағы, ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен қызметтерінің барша азаматқа физикалық тұрғыда қолжетімді болуын талап етеді. Стандарт жергілікті атқарушы органдарға, халыққа қызмет көрсететін ұйымдарға арналып, олардың қызметін үйлестіруге қатысты талаптарды белгілейді. Сарапшылардың пікірінше, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдар толық қамтылған жағдайда, бір жылда еліміздегі нысандардың 70%-ын бейімдеуге болады», – деді «ҚазСтандарт» РМК бас директорының орынбасары Искандер Хамитов.

Өз кезегінде, «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының» басшысы Вячеслав Пак қоғам белсенділері бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын екенін жеткізді.

«Инклюзивті әрі жайлы әлеуметтік орта – қалалар мен өңірлердегі тұрақты дамудың өзегі. Бұл ұлттық стандарт қалалық әкімшіліктер мен халыққа қызмет көрсететін ұйымдарда баршаға бірдей қол жетімді жағдай жасауға мүмкіндік береді. Стандартта түрлі құрылымның бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасайтын жалпы ережелер, терминдер мен анықтамалар ұсынылып отыр. Солай бола тұра, ұлттық стандарт тез арада нәтижеге жетуді талап етпейді. Нысандардың 3 деңгейлі сапалы қолжетімділігі айқындалды. Бұл қадам әкімдіктерге және түрлі ұйымдарға, ғимарат иелеріне нысанды кезең-кезеңімен ұлттық стандарт нормаларына сай келтіруге мүмкіндік береді», – деді Вячеслав Пак.

Дөңгелек үстел жұмысына жергілікті атқарушы органдардың, атап айтқанда, елорда әкімдігі мен қала аудандарының өкілдері қатысты. Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің кеңесшісі Жанат Қабдолла инклюзия бойынша ұлттық стандартты енгізу мәселесіне қолдау білдіргенімен, оны тез арада жүзеге асыруға қатысты алаңдаушылық танытты.

«Стандартта қамтылған бірқатар талап бұрыннан бар болғанымен, нәтиже аз. Қаладағы нысандардың мүгедектігі бар адамдарға қолжетімсіздігі мәселесіне жиі тап боламын. Мәселен, арбамен жүріп өту үшін үй ауласындағы бордюрді алып тастауға қатысты өтініш білдіргеніме де бір айдың жүзі болды. Алайда әлі нәтиже жоқ. Мүлік иелерінің бірлестігі әкімдіктерге, ал әкімдіктер Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасына сілтейді. Ал уақыт болса, өтіп жатыр. Стандарт осы процестердің барлығын жеделдетеді деп сенемін», – деді Жанат Қабдолла.

Отырыс барысында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері стандартты енгізу мәселесіне қатысты пікір алмасып, бірлесіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс білдірді. Осылайша, әлеуметтік инклюзия бойынша ұлттық стандарт аясында ведомствоаралық ресурстық орталық құру жоспарлануда. Ол түрлі құрылымдардың бытыраңқылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ, инфрақұрылым нысандарының барша азаматқа қолжетімділігі мәселесін шешуге тың серпін береді.