Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чем­пио­натында қазақстандық спортшы Ақмолда Сайрамкез күміс жүлде иеленді.
Ақмолда Сайрамкез күміс жүлде иеленді
1,015
оқылды

Ақмолда Сайрамкез 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ол жұл­қа көтеруде – 126 келі, серпе көтеруде 166 келіні еңсеріп, қос жат­тығудың қорытындысында 292 келі көрсеткішпен 2-орын иеленді. Алтын медальді Солтүстік Корея өкілі Ри Вон Джи (137+180 келі) қан­­жығаласа, қола жүлдені таи­ландтық спортшы Терават Ратфет (128+158 келі) жеңіп алды. Осылай­ша, Азия чемпионатында Қазақ­стан қоржынына алғашқы жүлде түсті. 10 ақпанға дейін жал­ғасатын құрлықтық біріншілікте Париж Олим­пиадасына қатысуға мүмкін­дік беретін рейтингтік ұпайлар үлес­тіріледі.

Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионатында Париж Ол­им­пиа­да­сына қатысуға мүмкіндік беретін рейтингтік ұпайлар сарапқа салы­нады. Жарысқа 34 елден 192 атлет қатысып жатыр. Азия чемпио­на­тын­да ауыр атле­тикадан ел намысын жеті спортшы қорғады. Ерлер арасында Ақмолда Сайрам­кез (67 келі), Әлібек Рақымберді (73 кг), Александр Уваров (81 келі), Сергей Петрович (96 келі) және Кирилл Старо­вер­кин (96 келі), ал әйелдер арасында Айнұр Әбдіхалы­қова (49 келі) мен Арай Нұрлы­бекова (81 келі) жарысқа аттанған еді. Өзбекстанда ауыр атлетикадан Азия чемпио­наты ерлер арасында 52, әйелдер арасында 33-рет өтіп отыр. Осы­ған дейін аталмыш жарыс Таш­кентте 2016 және 2021 жылдары болды.