Жаңа Қазақстанға бағыт түзегелі мемлекеттік активтерді түгендей бастадық. Бұл жұмыстар тіпті уақыт өткен сайын қарқын алып келеді. Соның бірі – «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңның жаңарған нұсқасы.
Әділ Жұбанов: Трансферттік баға – халықаралық іскерлікті реттеу құралы
4,724
оқылды

Бұл заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолданған болатын. Соған сай, осы заң жобасын қараған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановпен сұхбаттасқан едік. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі аталған өзгерістер ел экономикасына және қоғамға қалай әсер ететінін және оның халыққа қандай пайдасы бар екенін айтып берді.

– Әділ Орынбасарұлы, трансферттік баға дегеніміз не? Осыны қарапайым оқыр­манға түсініктірек етіп айтып беруге тырысайықшы?

– Трансферттік баға дегеніміз – екі тараптың мәмілелер жасау кезіндегі бағалар ауқымын ескере отырып өзара келіскен бағадан немесе объективті түрде қалыптасқан нарықтық бағадан ерекшеленетін баға. Ол тек  халықаралық іскерлік операцияларға қатысты қолданылады. Мысалы, импорт пен экспортқа қатысты. Осы сауда-саттық кезіндегі бағаны мемлекеттік уәкілетті орган қадағалайды. Салықтан жалтарып жатқан жоқ па? Арзанға сатып жатқан жоқ па? Әлде қымбатқа алып жатқан жоқ па? Осы мәселелерді мұқият тексереді. Себебі қай бағамен сатты, сол бағамен салық төленеді ғой. Мәселен, алпауыт мұнай компанияларының Лондондағы биржада 50 долларға сатып жатқан мұнайының шын бағасы 100 доллар болуы мүмкін. Бұл – біздің мемлекетіміздің кірісі 50 па­­йыз азайды деген сөз. Сол сияқты импортқа қатысты да осыны айтуға болады. Ол 1 миллион доллардың дүниесін 10 миллион деп көрсетуі мүмкін. Неге? Капиталды сыртқа шығару үшін, бір. Екіншіден, оның қымбаттығын бұлдап, шығыны өтелгенше салықтай жеңілдік алу үшін. Бұл тұста мемлекет екі рет ұтылады. Аталған құжат соны болдырмау­ға арналған. Мұндағы негізгі мақсат үшеу: бұрыннан бар заңды жетілдіре түсу, активтерді елден шығаруға әрекеттенетіндерге бақылауды күшейту, мемлекеттің кірісін жоғалтуға жол бермеу. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейінгідей емес, енді процес­тердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің салықтан жалтару мақсатында қаржы мен есепті жасыр­мауы үшін қажет. Нақтырақ айтқанда, ол активтердің шетелге кетпеуі үшін бақылау шараларын күшейтуге бағытталған.

Осы мақсатта Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілетін болады. Ал қолданыстағы заңға трансферттік бағаға қатысты бес жаңашылдық енбек. Олар – заңға бұрын болған, бірақ 2019 жылы алынып тасталған, уәкілетті органға тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылау функциясын қайтару, бағалардың нарықтық диапазонын жетілдіру, мәмілеге қатысушылардың «өзара байланысты тараптар» туралы анықтамасын кеңейту, үш деңгейлі есеп­тілікке қойылатын талаптарды өзгерту және нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру.

– Бес жаңашылдықты тарқатпас бұрын «неге арзанға сатып, қымбатқа алуы мүмкін?» деген сұрақтың жауабын түсіндіре кетіңізші?

– Негізі, осы бес өзгерісте бәрі қам­­тыл­ған. Бірақ қысқаша түсіндіре кетсем, бұл жерде барлығы олигархиямен байланыс­ты. Өйткені халықаралық іскерлік субъек­тілері негізінен байлығы тасып жатқан дәулетті адамдар ғой. Міне, осындай бай адамдар байлығын сақтайтын қауіпсіз жер іздейді, оның сақталатынына кепілдік беретін оффшорларға тығып қойғанды қолай көреді. Ол үшін әуелі ол байлығын елден шығару керек қой. Ол үшін не істейді? Өзінің шетелдегі, нақтырақ оффшордағы компаниясына өндіріп отырған мұ­най, тау-кен, металл сияқты пайдалы қаз­ба­­ларын арзанға сатады, яки мемлекетке аз салық төлейді, мысалы кіріс салығы. Ал оны өз кезегінде әлгі компаниясы ары қарай қымбатқа сатып, үстіндегі табысын жинап қояды. Бұл экспорт. Импортта керісінше, миллион доллардың тауарын тағы да сол өз компаниясынан он мил­лионға алса, оның үстіндегі тоғыз мил­лион байлығы оффшорға жиналады. Міне, осын­дай қитұрқы әрекеттердің алдын алу керек.

Жаңашылдықтар осы тұстағы мемле­­кеттік уәкілетті органның құзыретін ны­­ғайтуға бағытталған. Ол үшін бірінші кезекте ол құзыретті оларға беру ке­рек қой. Мәселен, тауар биржаларында жа­салған мәмілелер 2019 жылға дейін ба­­қылауда болған. Содан кейін алынып тасталған. Салдарында компаниялардың нарықтан төмен бағамен мәмілелер жасасқан фактілері тір­келіп отыр. Мысалы, 2019 жылы Қазақстанның сұйыты­лған газы мен астығы Өзбекстан, Тә­­жік­­стан, Ауғанстанда нарықтық бағадан 10-25% тө­­мен бағада сатылған. Қазақ­­­станда кірістің көп бөлігі экспорттан түседі десек, бақылаудың жоқ­­­ты­­ғынан баж салығының түсімі ойла­ғаннан аз болды. 

Енді екінші жаңашылдық – бағалардың нарықтық диапазонын жетілдіру дегенге келелік. Салықтан жалтару үшін кей кәсіпкерлер түрлі схема қолданады. Соның бірі жаңағы айтқан, 100 доллардың мұнайын 50 долларға сату мысалы. Осындай қитұрқылық болмас үшін салық салу жолы мен нарық бағасының диапазонын өзгерткен жөн деп шештік. Өйткені қолданыстағы заңда оның әдістемесі дұрыс емес. Енді өзгертілген нұс­қада шығын есептеледі де, орташа пайда үшін салық салынады. Осылайша, оның диапазоны 25 пен 75%-дың ортасы болады. Ал бұрын оның диапазоны кең еді, яки кәсіпкердің шығынын жалпы табыстан алып тастап, салықты оның пайдасынан ғана алатын. Сондықтан мемлекетке аз кіріс түсетін.

– Үшінші жаңашылдықтағы «өзара байланысты тараптар» дегеніміз кімдер?

– Олар – сырттай дәлелдеу қиын, бі­рақ бір-бірімен тығыз байланысты компаниялар, түпкі ортақ бенефециары бір адам. Мәселен, ірі салық төлеушілер, яки алпауыт компаниялар экспортталатын өнімді өткізерде оны жаңағы айтқандай, елден арзанға шығару үшін жа­санды делдал құрылым құрады. Сырттай қарасаң, бір экспортер бір трей­­­­дер­ге үлкен көлемдегі өнімін сатып жатыр, араларында байланыс жоқ сияқты. Ал шындығында олар бір топтың компаниялары. Бірақ қазіргі заң бойынша оны дәлелдеу қиын. Трейдер туралы ақпарат қолжетімсіз. Енді заң жобасында «өзара байланысты тараптар» туралы анықтама кеңейтілгелі жатыр. Егер салық төлеуші тауарының 50%-дан астамын бір бейрезидентке экспорттаса немесе импорттаса, егер бір тұл­ға өнімі­­­нің бастапқы құнынан 50%-дан астам сомасында лицензиялық тө­­лем­­ді алса, егер контрагент алдындағы жал­пы берешек борышкердің меншікті капиталының 50%-ынан асса және тағы да басқа жағдайларда салық төлеушілерге трейдерлерден қаржылық ақпаратты талап етуге заңды негіздер беріледі.

Енді үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптарды өзгерту дегенге келсек, трансферттік баға белгілеу бойынша есеп­тіліктің жергілікті, негізгі және еларалық деген 3 түрі бар. Өзгерістер соның ішіндегі жергілікті есептілікті ұсынуға қатысты. Мұндай есепті жарғылық капиталында бейрезиденттердің үлесі бар халықаралық топқа жататын қазақстандық салық төлеу­шілер, яки құрылтайшыларының қатарында шетелдік азаматтар бар компания­лар береді. Мысалы, «Арселлор Миттал – Теміртау» АҚ сондай еді. Енді оны өзара байланысты бейрезидент тұлғалармен мәм­лелерді жүзеге асыратын барлық салық төлеушілер де тапсыратын болады. Былайша айтқанда, құрылтайшылардың құрамында шетел азаматы болса да, болмаса да міндетті. Бұл мемлекеттік кірістер органдарына қашықтықтан бақылауды жақсартуға мүмкіндік бермек. Жаңа заң жобасы жергілікті есептілікті тапсыратындардың қатарын көбейтпек. Мұндай бақылау жосықсыз кәсіпкерлерге жақпауы мүмкін. Себебі қитұрқы әрекеттерді іске асыру қиындайды. Алайда таза, са­лық­ты орнымен төлейтіндер үшін бұл жаңашылдық көп мүмкіндік береді.

– Бұдан бөлек, жаңа заң жобасы бойын­ша нарықтық бағаны айқындау әдістері де өзгереді екен. Ол қалай?

– Мәселен, қазір нарықтық бағаны айқындаудың арнайы 5 иерархиясы бар. Олар – салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі, «шығындарға қосу» әдісі, кейін­нен өткізу бағасы әдісі, пайданы бөлу әдісі, таза пайда әдісі. Қазір салық төлеуші 5-әдісті қолданғысы келсе, онда ол алдыңғы 4 әдісті не себепті қолдана алмайтыны туралы негіздеме дайындауы керек. Ал жаңа өзгерісте мұндай иерархия жоқ. Енді салық төлеуші 1-әдісті неге қолдана алмайтынын түсіндірсе, қалған 4 әдістің кез келгенін өз қалауымен қолдана алады. Соның көмегімен салық төлеушілер уақытын, қаражатын үнемдейді. Нәтижесінде, қызметкерлерге тү­се­тін жүктеме де азаяды. Салық төлеу­­шілер үшін бұл жақсы жаңалық болмақ. Мемлекеттік кірістер органы үшін де са­лық төлеушілердің негіздемелерін қарау уақыты үнемделеді.

Десе де, трансферттік баға белгілеу бойынша тексерулерді уәкілетті орган мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы анықтаған кезде, яки салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларының ұлғаюына алып келетін немесе алдағы уақытта алып келуі мүмкін жағдайларда ғана жүргізеді. Мәселен, соңғы 5 жылда осындай 101 салықтық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде республикалық бюджетке 100 млрд теңге түскен. Ал одан бөлек мониторинг шеңберінде салық төлеушілер 60 млрд теңгеге жуық салықты дербес төлеген.

– Менің түсінуімше, бұл жерде уәкілетті органның құзыреттері артқалы отырған сияқты. Бәлкім, оны бөлек агенттік немесе бюро етіп құрған дұрыс болар?

– Осынау ауқымды да жауапты жұмыспен бізде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты бір бөлім – Трансферттік баға белгілеу басқармасы ғана айналысады екен. Бізде қайдан түссе де мемлекетке түсетін кірісті жинайтын орган орталықтандырылған ғой. Сондықтан оны бөлек орган етіп құрғанның қаншалықты маңызды екенін ойлану керек болар. Бірақ, меніңше әзірге осы бөлімнің өзін нығайтып алсақ та болатын сияқты. Ол үшін ондағы штат санын көбейту керек. Еңбекақыларын көбейтіп, материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Халықаралық дәрежеде жұмыс істейтіндіктен, кадр сапасын арттыру керек. Шет тілін жетік білетін, халықаралық іскерлік ортада тәжірибесі бар мамандарды тарту қажет. Өйткені жаңа заң күшіне енер болса, оларға да түсер жүктеме артады. Сондықтан оларды бөлек болмаса да, департамент деңгейіне көтерген дұрыс. Бұл енді Қаржы министрлігінің жаңа басшысының құлағына алтын сырға. 

Ал әзірге біз осы заңмен олардың бақылау функцияларын кеңейтіп, құзыреттерін нығайтып жатырмыз. Соған керісінше, салықтан жалтарады-ау деген тұстарды тарылтып жатырмыз. Мұның барлығы осы бағытты терең зерделей түскенде анықталды. Шетелге заңсыз активтердің көптеп кетуіне бір кезде осы заңның әлсіздігі әсер етті. Енді заңда бақылау күшейтілсе, мұндай олқылықтардың алдын алуға болады. Заңның жаңартылған нұсқасы мемлекеттің де, салық төлеушінің де мүддесін көздейді.

Ал шындығында, бұл мәселенің тү­бірі – біздегі еліміздің, жеріміздің байлығының, мемлекеттік қаражаттың ар­­­қасында байыған дәулетті адамдардың ашкөздігінде жатыр. Әйтпесе, осының бә­­рін заңды түрде істеп, шартты түрде ал­­ғанда 100 миллион долларын шетелге шығарса, үстіндегі 20 миллионын салыққа төлеуіне болар еді. Бірақ «сараң байыған сайын қытымыр болады» деген сөз рас-ау. Олар мемлекеттің әл-ауқатынан бұрын өз қа­лтасын ойлап, неғұрлым арзан, анағұрлым қитұрқы жолдармен шығаруға тырысуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ