Жер дауы мен жесір дауы ежелден қазақ үшін аса өзекті мәселе екені рас. Дегенмен қазір сол алғашқы даудың әбден шегіне жетіп, тіпті жарылудың алдында тұрғанын жиі байқап жүрміз.
Қор болған қорым
2,041
оқылды

Халықтың төзімі мен амалы таусылып дағдарып тұрғандай. Жерінен мүлде айырылып, бар малын баға алмай зар илеп отырған шаруалар аз емес. Әсіресе, қара топырағы құнарлы әрі шұрайлы деп саналатын теріскей облыстарда түйткілді жайттың тоңы жібімей қойды. Соның ішінде бүгін қозғағалы отырған жайт, тіпті жан ауыртарлық. Жерді жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың арқасында меншіктеп алған кейбір  алпауыт латифундистердің ескі қорымды да жыртып таста­ғаны  ауылдағы ағайынның жанына қатты батып тұр.

Жер дауымен жылдар бойы арпалысып келе жатқан ауылдардың бірі –Көкшетаудан таяқ тастам жердегі Зеренді ауданына қарасты Ортақ, Раздольный, Күсеп, Айғыржал деген бірнеше ауыл. Азғантай малымен күнелтіп жатқан бұл ауылдардың қазіргі күйі аса мәз емес. Қысы-жазы дала төсінде еркін кезетін жыл­­­қы­­­лары қолға келіп, жем-шөбі тақырлан­­­ған ауылдарда шынымен жұт бас­­­­талған. Ал оның үстіне жер дауының ушық­­­қаны соншалық аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Түйткілді жайт әсіресе Ортақ ауылында аса өткір. Жерінен бұ­рын ауыл жұртының ата-бабасы жерленген қорымның жыртылып кеткені халықтың ашуы мен жанайқайын тудырған. 

 

Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ескі бейітте сонау 1931-1932 жылдардағы аштық кезінде қаза болғандар жерленген. Ортақ ауылының тап іргесінде жатқан ескі қорым сонау Кеңес заманының өзінде диқандар 100-200 метрге дейін айналып өтетін болған. Айналасы топырақпен тіктөртбұрыш түрінде үйілген қорын 10-12 шаршы метрді құрайды. Кеңес Үкіметі кезінде қорымның басында қойылған тасы мен темір қоршауы да болыпты. Алайда қорымның басына қойылған тасы мен темірі осыдан ондаған жыл бұрын ұрланып кеткен. Дегенмен күні бүгінге дейін ата-бабаларының мәйіті жерленген жердің сол күйінде сақталып келгенімен, жақында «Дихан плюс» ЖШС ол жерді жыртып тастаған. Ауылдың қызба мінезді жігіттері дереу барып, мәселені жуан жұдырық пен дойыр қамшының күшімен де шешпек болыпты. Бірақ ауыл ақсақалдары мен беделді азаматтарының айтуы­мен тоқтаған. Түйткілді мәселені заң­­­­­­­ның айналасында шешпек болған. 

– Зиратты жыртып кеткені ауылдағы бар жігіттің намысына тиді. Ата-бабаларының жатқан жерін аяусыз жыртып кеткені жандарына батты. Жерді жырт­қызған қазір аудандық мәслихатта депутат болып отырған Денис Швайбович деген кісі. Үш жылдан бері жеріміз үшін арпалысып жүрміз. Түйткілді мәселеге байланысты өз басым ауылдың азаматы ретінде адвокат тауып, қаржы беріп соттасып жатырмыз. Бірақ күні бүгінге дейін көршілес ауылдармен бірге жерді қайтара алмай жүрміз. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бізді күйдіретіні – ата-бабамыз жатқан қорымды қорлағаны. Жер иесінің заң аясында жауапқа тартылғанын қалаймыз, – дейді Еркін Ғайсин есімді Ортақ ауылының белсенді азаматы. 

Түйткілді мәселе бойынша облыстық құзырлы органдар, аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімі, «Дихан плюс» ЖШС-ы, аудан және округ әкімдіктері, облыстық тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының өкілдері мен ауыл тұрғындарының қатысуымен арнайы комиссия келіп, зират басын шолып тексерген. Тексеру барысында расында да ескі қорымның жыртылғаны анықтал­­ған. Мұны Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшылығы да жерін даулаған ауылдардың адвокаты Ботагөз Сәрсекееваға берген ресми жауабында да растап беріпті. 

– «Дихан плюс» ЖШС-ның тұрғындардың ата-бабаларының қабірлері жат­­қан жер учаскесін жырту фактісі бойынша былтырғы жылдың 15 қарашасында Зеренді ауданы Ауыл шаруа­шылығы бөлімі, Күсеп және Ортақ ауылдық округ әкімдері, «Дихан Плюс» өкілімен бірге комиссиялық шолу жасалды. Учаскеде биіктігі шамамен 1 метр төртбұрыш үйінді және 10 шаршы метр аумақты қоршалған жер бар. Ортақ ауылынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Қандай да белгілер мен металл қоршаулары жоқ. Зеренді ауданы тіркеу және жер кадастры­ның ақпараты бойынша 1986 жылғы электронды форматтағы материалдар бойынша қабірлердің, жерлеу орындарының көрсетілген орны жоқ. Зеренді ауданы әкімдігі тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығына сұрау салған. 17 қарашадағы №105 актіге сәйкес «Дихан плюс» жер учаскелерінде тарихи-мәдени мұра ескерткіштері анық­­­­талған жоқ. Бірақ зерттеу барысында «Диқан плюс» ауыл шаруашылығы жерлерінің аумағында археологиялық ескерткіштер табылды. Оның ішінде Ортақ ІІ, ІІІ,ІV қорымдарында күзет аймақтары сақталмаған және қорған шетіне дейін жыр­тылған. Ортақ ІV қорымдарының бірі жыртылғаны анықталды. Аталған №105 ак­ті ауданның Жер қатынастары жө­ніндегі уәкілетті органымен қорғандарды қалпына келтіру және қорғау аймағын сақтау жөнінде шаралар қабылдау үшін «Дихан плюс» ЖШС-на жолданды, – делінген Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының берген ресми жауабында. 

Ескі қорымның жыртылуы фактісі бойынша бірнеше сот отырыстары да болып, ақыры Зеренді аудандық полиция бөлімі осы жылдың 1 ақпанында Ортақ ауылы тұрғындарының шағымымен ескі қорымды жыртуы бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Мұны Ақмола облысының Полиция департаменті де растады. 

– Биыл 1 ақпанда Зеренді ауданы Ортақ ауылының тұрғындарының жер жырту кезінде ескі бейітті қорлап, жыртып кеткені үшін «Дихан плюс» шаруа қожалығының жұмысшыларына қатысты шара қабылдау туралы өтінішімен Қылмыстық кодекстің 294-бабы (вандализм) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Ақмола облысының Полиция департаментінен. 

Қазір аталған баппен тергеу амалдары жүріп жатыр. Жоғарыда аталған ауылдар мұнымен қоса, 30 мың гектардан астам жерлерінен де айырылып, жайылымсыз әрі егістік жерсіз қалған. Тұтас республика бойынша бірыңғай бір-екі схемамен банктер мен ірі қаржылық ұйымдардың кепілдігіне кеткен жерлер одан кейін де түрлі жалтарма әрекеттермен «құрығы ұзындардың» қолына ілігіп кеткен. Салдарынан ұлтарақтай жерге зар болып жайылымсыз, шабындықсыз, сондай-ақ егістік жерінен айырылып, пайсыз қалған ауылдардың саны еселеп өскен. Түйткілді жағдайға тиісті орындар мен құқық қорғау органдары тиісті шешім шығарар деген үміттеміз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы