Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын дамытуға қатысты көптеген өзекті ойлар сөз болды. Соның бірі – инфрақұрылымды дамыту. Газетіміздің «Сіз не дейсіз?» айдарында Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновтан аталған мәселеге қатысты ойын білуге тырыстық.
Ұлықбек Тұмашинов: Инфрақұрылым дамымай, мемлекет өркендемейді
2,061
оқылды

– Ұлықбек мырза, ел экономикасын дамытуға жаңаша көзқарас, жүйелі өзгеріс керек. Әсіресе, салық, инфрақұрылым мәселесіне  тоқталып, бұл тұрғыда алда атқарылар жұмыс көп. Президент неліктен инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударып отыр деп ойлайсыз?

– Кез келген отбасын шағын мемлекет деп қарайтын болсақ, әр отбасы өз шығыны мен кірісін қадағалап отырады емес пе?! Қарапайым тілмен айтқанда, әр отбасы өз бюджетін өзі есептейді. Шығындар кіріске сәйкес келуі керек, егер асып кетсе, отбасы несиеге батып, қарыздарын қайтаруды уайымдап, дамуды мүлдем ойламайды. Сол секілді мемлекет те шығыны мен кірісін басты назарға алып отырады. Біздің мемлекетіміз түрлі шикізатқа бай, болашағы зор. Бірақ біз көп дүниені дұрыс жүйелей алмаған секілдіміз. Осыны Президент те айтты. Кейде маған «ескі Қазақстан» өкілдері әдейі өз елінің халқын қарыз құлдығына салудың амалын ойлап тапқандай көрінеді. Үкiметтен, ұлттық қордан қолдау тапқан банктер, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді былай қойғанда, салықты да дұрыс төлемейдi. Біз бұл банктердің қандай жүйе­­мен жұмыс істей­тінін жақсы біле­міз. Енді еліміз дамысын десек, экономикамыз өркендесін десек, жүйелі жұмыс­тар атқарылуға тиіс. Мемлекет бас­шысы осыны меңзеп отыр. 

– Отбасын мысалға келтіріп жақсы айттыңыз. Біздің мемлекетіміздің экономикасының дамуына не кедергі деп ойлайсыз?

– Елімізде, өкінішке қарай, облыстар мен аудандар мемлекет тарапынан беріле­тін субсидиялар мен қолдауларға үйреніп қалған. Елімізде қанша облыс субсидияланады? Санай беріңіз, үш аймақ қана донор болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы «Қазмырыш», «Титан-магний комбинаты», «Үлбі металлургиялық зауыты» сияқты кәсіпорындары бола тұра неге субсидия алып отыр? Мысалы, онда титан, ядролық реакторларға арналған уран таблеткалары, мырыш, қорғасын және ең соңында алтын мен күміс өндіру субсидия­ланады. Бұл кімге пайда әкелмек? Мен әдетте халықпен кездесулер кезінде аудан әкімдерінен бюджеттің атқарылуы қандай, қанша салық түседі деп сұраймын. Сонда естіген жауабымды сұрасаңыз таңғаласыз. 90 пайызын мемлекет субсидиялайтын аймақтар бар. Тек 10 пайызы өзін-өзі, онда да негізгі төлемді мемлекеттік қызметкерлердің жалақысынан алатын табыс салығынан төлейді. Бұл жерде қарапайым математикамен қарайтын болсақ, аудан бюджеті төрт мил­лиард болатын болса, он пайызы, яғни төрт жүз миллионы – табыс салығы деген сөз. Яғни, жаңа кәсіпорындар ашылмайды, өнімдер өндірілмейді немесе қайта өңделмейді, жұмыс орындары көбеймейді. Осыдан келіп урбанизм мәселесі туындайды. Жұмыс жоқ, адамдар қалаға асығады, баспанаға кезекке таласады. Мұның барлығы инфрақұрылымның жоқты­­­ғынан. Соның салдарынан қарыз­ға батып өмір сүріп жатырмыз.

– Инфақұрылым дамыту керек дейміз, неден бастағанымыз жөн? 

– Бір ғана мысал келтірейін. Президент еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті артқанын атап өтті. Қазақстанды толыққанды көліктік-логистикалық және транзиттік хабқа айналдыру – Үкімет алдында тұрған стратегиялық міндет. Іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды. Енді жол, көлік, логистика, шекара, транзит мәселелеріндегі кейбір олқылықтарды жоюымыз қажет. Мемлекетіміздің экономикасын дамытып, табыс көзіне айналатын саланың бірі – су жолын дамыту. Шығыс Қазақстан облысында Кеңес Үкіметі кезінде Ертіс өзені арқылы он миллион тон­­­наға дейін түрлі жүк тасымалданатын. Бұл – біз үшін өзен-кеме қатынасын қалпына келтіруге таптырмас мүм­кін­­­дік. Қытай Халық Рес­публикасынан Ресей Федерациясына Ертіс өзені арқы­лы қысқа әрі арзан жолды қалпына келтіруіміз қажет. Сонда біз Солтүстік Мұзды мұхиты, Обь шығанағына дейін бүкіл Сібір аймағын қамти алатын едік. Елестетіп көріңізші, Қытайдан тауар әкелу үшін кемелер жарты әлемді, Солтүстік Мұзды мұхит арқылы жүреді. Алыстан келген мұндай тауарлардың құны қымбат болары сөзсіз. Бұқтырма, Өскемен, Жаңа-Шүлбі су электр стан­­сала­­рын жөндеп, ретке келтірсек, Ертіс өзенінің кеме жүретін кеме жолын тазартамыз. Су тасымалы үш мың тоннаға дейін жететін кемелер жасауға тапсырыс береміз, одан қандай нәтиже аламыз? Яғни, жаңағы қымбатқа түскен тауары­ңыз арзандайды деген сөз. Ал одан біздің мемлекетімізге түсетін пайда шаш етектен болар еді. Бұл мемлекетімізге қосымша табыс түсіріп, халықты жұмыспен қамтамасыз етеді. Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарының экономикасы жандана түсер еді. Мен Мемлекет басшысының тапсырмасын осылай түсінемін. Егер әр салада осындай жүйе­­лі жұмыстар атқара алсақ, біз алмайтын асу болмайды. Инфрақұры­­­лым дамымай, ел экономикасы өркендемейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Наурызбек САРША