Үрейді сейілтіп, қауіптің алдын алады

Жаһандану заманында цифрлы технологиясы дамыған қауқарлы ел екенімізді дәлелдеп жүрген мектеп оқушыларының қатары көбейіп келеді.

Бүгін семейлік оқушылардың тұрмыстық қалдықтан жасаған аспабы туралы әңгімелемекпіз. Бұл аспап-сейсмограф жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттардың сапасын анықтап, түрлі қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Семей қаласындағы Шәкәрім атын­­­дағы көпбейінді №5 гимназияның оқушылары құралды мектепте еденге, қабырғаға орнатып, әсерін байқау үшін пайдаланып көрген. Тәжірибе нәти­­­жесінде секіру кезіндегі қозғалыстың еденге қалай әсер ететінін байқаған. 

– Ғимараттардың, техниканың еден мен қабырғаға тигізетін сейс­­­ми­­калық әсерін қарастыру үшін осын­­дай аспап жасап көрмек болдық, – деді физика пәнінің мұғалімі Алуа Бим­бетова. Оның айтуынша, сейсмо­­­графтың механикалық түрін осыдан үш жыл бұрын Нұржамал Дәлеловамен бірге жасаған. Ал қазір аталған аспапқа бірқатар өзгеріс енгізіп, жұмыс істеу тиімділігін тағы да жақсартыпты. 

– Жаңадан салынып жатқан ғи­­мараттардың кейбірі белгіленген стан­­дарттарға сай келмейді. Бай­­­қаға­­ным, тербеліс амплитуда­­­­ларының қабыр­­­ғаларға әсер етуінен плиталар босап жатады. Содан кейін үйдің сапа­сын анықтай алатын немесе анық­­­тауға кө­мектесетін құрылғы қарастыру керек деген ойға тоқталдым. Осыдан үш жыл бұрын механикалық сейсмографты тұр­мыстық қалдықтардан жасаған едік. Механикалық сейсмографтың құры­­­лымы мынадай: сезгіштікті білдіретін датчик жұмыс істейді, тербеліс бол­­­ғанда датчик қозғалады да, ондағы тер­беліс барабандағы өлшем көрсет­кіштерімен сызылып жазылады. Сол өлшем арқылы амплитуданың ауыт­­қыған көрсеткішін есептеп аламыз. Құ­рылғының соңғы нұсқасы мен ал­­­­ғашқысының жұмысын салыс­­­тыр­ған­­да, екеуінің де көрсеткіштері дәлме-дәл келді. Демек, бұл аспапты қолдану арқылы қауіптің алдын алуға болады. Жақындағы Алматы облысындағы жой­­қын сілкіністен тұрғындардың әлі де қорқынышы сейілер емес. Сейс­мо­­­графты қолдану осындай қауіпті кез­­дерде ғимараттардың қирауының ал­дын алар еді, – деді А. Бим­­­бетова. 

Ауыр зардаптардың алдын алуға көмектесетін құрылғыны жасаған Нұр­жамал Дәлелова Ө. Жолдасбеков атын­­дағы математикадан зерттеу жұ­мыс­­­тары халықаралық конкурсынан ІІІ орын­ды иеленген екен. Ал қазір осы құрылғыны әрі қарай жетілдіру ісімен Айжан мен Шұғыла есімді оқушылар айналысып жүр. 

Табиғи апаттардың алдын алуға болмаса да, оған дайындықты жақсар­ту – өз қолымызда. Тұрғындардың қауіп­­сіздігін болжай алатын, ғима­­рат­тың сапасын анықтайтын сейсмо­графтың қандай тұрмыстық қал­дық­тардан жасалғанын білу үшін жас өнер­­тапқыштардың өзімен де сөй­лестік. 9-сынып оқушысы Айжан Жұ­мабек біз байқай бермейтін күнделікті өмірде қолданатын тұрмыстық техни­калардың да үй қабырғаларының қи­рауына әсер ететінін айтты. 

– Біз қолданып жүрген кір жуғыш машинасы қосылған кезде еден мен қабырғаға әжептәуір соққы береді. Әсе­рінен күннен-күнге қабырға мен едендер босай береді. Сейсмографты мұндай жағдайға жеткізбес үшін қол­­­­дануға болады. Тербелістердің қаз­іргі салынып жатқан үйлерге әсері өте көп. Олардың адам өміріне қауіпті не қауіп­сіз екенін ешкім білмейді. Оны осы сейсмограф зерттей алады. Бұл құрыл­­ғының барлық бөлігі тұрмыстық қал­­дықтардан жасалған. Оны күнде­­­лікті өмірде көреміз, қолданамыз. Со­­­ның бірі – автокөлік шеберха­­насындағы серіппе, қағаз таспа, қағаз таспасын жылжытқанда минималды үйкеліс ту­­ды­­­ратын лайнер, барабанды орнату және қозғалтқышқа арналған қуат көзі. Қазір сейсмографтардың түр-түрі бар. Бірақ біз жасаған аспап құны жағынан қолжетімді, сапасы да өте жақсы және жеңіл. Бұл – аспаптың артықшылығы. Иә, аталған құрылғы бұрын жасалған, біз оны жақсартуға үлес қостық, қосу­­­дан да жалықпаймыз. Болашақта «Ар­­дуино» бағдарламасын да қосқымыз ке­леді. Бұл бағдарлама арқылы салы­­­нып жатқан ғимараттың ішіне сейсмо­­­графты қойып, оны өзіміз қашық­­­тық­­тан отырып бақылай ала­­­­­ты­­­­­нымыз­дай мүмкіндік жасағымыз келеді, – деді жас өнертапқыш Айжан.

Сейсмографты құрастыруға арнал­ған қалдықтардың қолжетімділігі оның бірінші артықшылығы болса, екін­­шісі – бір шикізаттың орнын басқа­­­­­сымен ауыстыра алуда. Бұл туралы Шұ­­­­­­­ғыла Уалхан айтып берді. Ол ас­­папты күнделікті өмірде кез келген адам пайдалана алатынын айтты. 

– Аспапты жасау кезінде автокөлік шеберханасынан тапқан үш серіппені қолдандық, оны резинкамен, ал қоз­­­ғалтқышқа арналған қуат көзінің ор­ны­­на күн сәулесін пайдалануға бола­­­ды. Құрылғыны әр адам тұрмыстық жағ­­дайда жасай алады деп ойлаймын. Се­­бебі қажеті материалдар барлығына қолжетімді, эксперимент жасағысы келетіндер де оңай жасай алады, – деді Шұғыла өз тәжірибесіне сүйеніп. 

Сейсмографты сейсмикалық қа­­уіпті аймақтарда, мысалы, таулы жер­дерде, ауылдық округтерде, жаңа құ­рылыстар мен білім алу барысында физика-география бағытындағы оқу мекемелерінде қолдануға болады. Жас өнертапқыштар болашақта ғимараттың қауіпсіздігін қашықтықтан анық­­­­тайтын сейсмограф құралды шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. 

Ғылым жолына енді қадам басып, қоғам игілігі үшін қызмет етіп келе жат­­қан жас өнертапқыштардың еңбегі әрқашан елене бермек. «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңа­лығын халықтың қажетіне беріп оты­­­ратын ғалым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады» деген Қаныш Сәтбаевтың парасатты пайы­мына жаңалық ашуға құмар жастар мысал болып отыр. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ