Қазақстанда елдігімізді, өрлігімізді, кеңдігімізді жалпақ жұртқа жария қылатын тарихи-мәдени ескерткіштер әр қала мен ауылда, сайын далада жетерлік. Осы ескерткіш арқылы біз өткенді білеміз, ұғынамыз, түйсінеміз. Дегенмен арасында кейінгі кезде бой көтерген дүниелердің ішінде әттеген-ай дегізетіндері шығып қалатыны рас. Неге? Мүмкін жауапсыздық па?
Бірдей атқа мінген баһадүрлер
Бұдан отыз жыл бұрын бодандық қамытын шешіп, тәуелсіз мемлекет болып, басымыздағы бөрікті аспанға атқанда, өзіміздің батыр халық болғанымызды жер-жаһанға жария қылу үшін, хан, би, батырларымызды ұлықтау мақсатында әр қалада ескерткіш орнатуды қолға алдық. Астанада хан Кене, Бөгенбай батыр, Алматыда Абылай хан, Райымбек, Өтеген, Наурызбай батыр, Шымкетте Алпамыс батыр, Өскеменде Қабанбай батыр, Қарағандыда Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жырау менмұндалайтын биік тұғырға отырды. Бірақ әттеген-айсыз болмады. Айтқанымыздай, ел басқарған ханымыз да, қалың қол бастаған батырымыз да атқа қонды, қолдарында бірдей найза, қалқан. Дұрыс шығар, дегенмен сол баһадүрлерді қоны шыққан, жем беріп бордақыланған, сойсақ табан қазы берердей семіз жылқының үстіне отырғызып қойдық. Соғыс алаңында емес, көрші ауылға қыдырып, митындатып, қысқы соғымға семірткен атқа мініп, қыдырып шыққан ба дерсің. Кей батырдың қолындағысы тік қылыш, негізінде қайқы болуы керек еді. Ұрыста ыңғайлысы сол болатын. Бұл туралы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов: – Тәуелсіздіктің көк байрағы қолымызға тигеннен кейін ой мен жазу еркіндігі салтанат құрды. Өткенімізде ізі қалған есіл ерлеріміздің есімі қайта жаңғырды. Оларға арналған ескерткіштер бой көтерді. Осы тұста бір көзге оғаш көрінгені сап түзеген хан, би, батырларымыздың ескерткіштеріне тән нәрсе – ол өзара ұқсастығы. Түр-түсі, атқа мінісі, киімі, қолындағы қару-жарағы. Менің ойымша, сәулетшілеріміздің көзден таса қылғаны әр ғасырдағы бабаларымыздың өміріндегі ерекшеліктерді індете қарастырмауы. Жасаған дүниелерін тарихшы, археолог, антрополог, мәдениеттанушы мамандардың тезінен өткізбегендігі. Тарихи тұлғалардың ішінде кешенді зерттеулер жүргізіп, антропологтар бет-бейнесін жасаған Абылайды (академик О.Исмағұлов), Махамбетті (антрополог М.Шаяхметов) атауға болар еді, –дейді. Осындай туындыларды көріп отырып, қарапайым ғана, елордадағы Валерий Пирожков атты шебердің қолынан шыққан әйгілі француз генералы Шарль де Голльдің жерде тұрған 3,1 метрлік ескерткішінен үлгі алсақ болмас па деген де ой келеді.Дау тудырған туындылар
Әрине, орнатылып, артынан халық қабылдамай, дау тудырып алып тастаған ескерткіштер де болды. Шала туған шаранадай, болашақта мәдени мұраға айналар дүниелерді әкелген сәулетшілердің не ойлағаны барын кім білсін? Әлде «сол жасалар дүниеге бөлінген қаржыға қызықты ма, әйтеуір былжыраған туындыларын ортаға салуға именбегендерді несі?» деп күйінесің де қоясың. Мәншүктің ағаш мүсіні. Әлеуметтік желілерде Семейде Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсіні қызу талқыға түсті. Қала тұрғындары бұл мүсінге бірден наразылық білдірді. Кейін оны алып тастады. Қазір ол жерде ешқандай мүсін жоқ. Сынға қалған ескерткішті Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласынан келген ерлі-зайыпты мүсіншілер – Иван және Юлия Куртуновтар жасаған екен. Юлия Куртунова бұл тірлік Семей әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасы деп айтқан. Мұндай сорақылыққа көз жұма қараған әкімге сөз де шығын. Сәкен ескерткіші. Бірнеше жыл бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне Жезқазған қаласында қоғам қайраткері, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші жаңадан бой көтерді. Олай деуге себеп бар. Өйткені 1994 жылы С.Сейфуллин ескерткіші қаланың ортасында қойылғанмен, сынға ұшыраған болатын. Алматыдағы үш әйелдің мүсіні. Алматыдағы сауда орталықтарының бірінің алдындағы жартылай жалаңаш әйелдердің мүсіні үлкен дау туғызған еді. Қала тұрғындары ол ескерткішті ерсі және қазақ қыздарының тәрбиесіне жат екенін айтып, дауласқан еді. Сауда орталығы өкілінің айтуынша, ол мүсіндерді сол аумақты жалға алып жатқан компания орнатқан. Компания өкілдері болса, осы мүсіндер арқылы қала тұрғындары мен қонақтарын танымал туындылардың авторларымен таныстырмақ болғанын айтқан. Кейінірек сауда орталығының өкілдері бұл мүсіндердің плагиат екенін мойындады. Расында да, Парижде осындай мүсіндер орнатылған. Оның авторы – француз суретшісі, мүсінші Ники де Сен-Фалль. Елордадағы «эротикалық» мүсін. Әлеуметтік желіні дүрліктірген тағы бір мүсін – астанадағы «Ғашықтар мүсіні». Қала орталығындағы Ғашықтар саябағында орналасқан «Ғашықтар» немесе «Бақытым менің» композициясына елорда тұрғындары екіұшты пікір айтқан болатын. Ал бұл даулы ескерткішке сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былай деп пікір білдірген: «Комиссияның құрметті мүшелері мүсінге мата жапқандарға қарағанда оптимистік көзқараста. Олардың пікірінше, айтарлықтай ережебұзушылық немесе көз тоймайтындай жалаңаштанған ештеңесі жоқ. Барлығы бұл туындыға жоғары баға беріп отыр». Суретші-сәулетші Жанұзақ Мүсәпір болса бұл композиция туралы: – Ерболат Төлепбайдың «Ғашықтар» деген ескерткіші біраз сынға да ұшырады. Жалаңаштанған деп жазғырылды да. Бірақ кәсіби суретші ретінде айтылған сындарға келіспеймін. Өнер туындысына өнер талабымен, эстетикалық талғам өлшемінде қарау керек деп ойлаймын, – дейді. Бұл мүсін қала тұрғындары мен қонақтары үшін көз күйінішіне ме әлде сүйінішіне ме, әлі тұр! Түйін: Біз бұл жерде тек сынға ұшыраған ескерткіштер туралы сөз қозғадық. Бұл болашақта ел тарихынан хабар берер өнер туындылары дүниеге келгенде, сәулетшілер өз жұмысына салғырттықпен емес, алғырттықпен қараса деген оймен жазылды. Әрине, сәулетшінің қолынан шыққан дүниесінің бірі жеке кәсіпкердің ақшасымен, енді бірі мемлекет қаржысымен жасалса да, ол ертеңгі күнге мұра болып қаларын ұмытпасақ керек.