Қазақстандағы Британ кеңесі тұрақты түрде ұйымдастыратын бұл іс-шара елімізде төртінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Биыл бұл беделді байқауға 43 үміткер қатысқан.
«Мәдениет және шығармашылық» санаты бойынша жеңімпаз болып танылған түлек Камила Лұқпанова – бүгінде мәдениет және білім беру жобаларын басқару бойынша сарапшы. Камиланың Алматы кітапханаларын жаңғырту жөніндегі идеясы іске асып, нәтижесінде еліміздің барлық аймағындағы кітапханалардың қайта құру процесіне негіз болды. Ол ауылдарда пайдалы кеңістіктер (қоғамдық орталықтар, жаңғыртылған кітапханалар) құруда маңызды рөл атқарады.
«Бизнес және инновация» санатында жеңімпаз атанған Гүлжан Қожабаева – «Қазақстандағы тау-кен ісі саласындағы әйелдер» ұйымын құрып, әйелдердің тау-кен секторындағы рөлін арттыруда және Қазақстанды әлемдік индустрия картасына енгізген Орталық Азиядағы алғашқы адам. Алдағы уақытта Гүлжан ресурстарды әділ және экологиялық тұрғыдан тиімді басқаруға бағытталған жаһандық бағытқа үлес қоса отырып, тұрақты тау-кен тәжірибесін насихаттауды және табиғи ресурстар секторындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруға ниетті.
«Ғылым және тұрақты даму» санаты бойынша жеңіске жеткен Еркеназ Жолымбаева – уран өндіру, мұнай және газ жобаларында тәжірибесі бар маман. Ол сарқылған және жаңа ұңғымалардан уран өндіруді ұлғайтумен айналысатын KATCO уран өндіруші компаниясының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларының менеджері. Еркеназ ядролық қауіпсіздік пен атом энергиясының маңызы туралы хабардарлықты арттыру арқылы елімізде атом стансасын құруды қолдауды жоспарлап отыр.
Ал «Әлеуметтік қызмет» санатының жеңімпазы Халида Әжіғұлованың қоғамдық жұмысы балаларды қорлауға тыйым салатын және барлық отандық мектепте зорлық-зомбылыққа қарсы ішкі саясатты жүргізуге міндеттейтін заңнаманы қабылдауға негіз болған. Халида Қазақстандағы балалардың әл-ауқаты мен қорғалуы туралы тиімді заңдарды қабылдау үшін зерттеу және ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жалғастыруда.
Әрбір финалиске сертификат табысталып, жеңімпаздар ерекше кубок пен кәсіби дамулары үшін 2 000 фунт стерлинг көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды.