Шелек жалаған тұтылды, айран ішкен ше?

Тараз қалалық №1 көп­бейінді аурухананың бас дәрі­герінің орынбасары Света Шаушенова мен бас есепші Ай­да­на Достаева­ның 700 миллион теңгеден астам қазына қаржы­сын жымқырды деген күдікпен қамауға алынғаны дүйім жұртты дүр сілкіндіргені жасырын емес.

Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігі мамандарының күдіктілердің үйін тінту кезінде түсірген бейне жазбасы тіпті талайдың санасын сан саққа жү­гіртті. Олай дей­тініміз – шағын видеодан  ұсталған азаматшалар­дың екі қабатты үйін, қымбат кө­ліктері мен жасырған бума-бума ақшаларын көруге болады. Сонда орынбасар мен есепші мұндай қомақты қаржыны қалай қолды қылған? Бұл қылмысты екі адам ғана жасаған ба? Әлде, біз­ге беймәлім басқа да тұлғалар бар ма? Қазір  сауал­дар көпшілік­тің санасына салмақ салуда...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтің сөзіне сүйенсек, келтірілген шығын 758 миллион теңгеден асады екен. Күдіктілер өздерінің жымысқы ойын екі жыл бойы жүзеге асырып келген. Қазір сот санкция­сымен аурухананың  бас дәрігерінің орынбасары мен бұрынғы бас есепші қамауға алынған. Тергеу амалдарына байланысты басқа ақпарат құпия сақталуда.

Әрине, «758 миллион теңгені екі адам қолды қылды» дегенге сену қиындау. Өйткені екі жыл бойы қазынадан ұрланып жатқан қаржыны аурухана басшысы мен құзырлы органдардың байқамай қалғаны таңғал­дырады. Түптеп келгенде аурухананың өз ішіндегі тексерістер немесе медициналық мекемелерге жүргізілетін зерделеу жұмыстары «балға бармақ батырғандардың» тірлігін байқау керек еді ғой. Әлде бұл қылмыста күдіктілерді қорғап, олардың әрекетін жасырып-жауып отырған тасада тұрған бір лауазымды адам бар ма? Тергеу амалдарына осы сауалдарға жауап табу міндеті тұр. Алайда бір анығы аталған ауруханаға соңғы үш жылда бақандай 23 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Әлемдік коронавирус індеті дендеген 2021 жылы ауруханаға 9,1 миллиард теңге қаралса, 2022 жылы 6,7 миллиард, 2023 жылы 7,6 миллиард теңге бөлінген. Бірақ Үкіметтен қанша қаржы бөлініп жатса да бұл ауру­хананың материалдық-әлеуметтік жағдайы бір оңалмаған. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге медициналық мекеменің 1,5 миллиард теңге көлемінде кредиторлық қарызы бар көрінеді.     

Тағы бір қызықты дерек, аурухананың дәрігерлері, медбикелері мен жалпы науқастарды емдейтін медициналық мамандары сыйақы дегенді естіп көрмеген болмаса,  бас дәрігердің орынбасары мен  есепші қолға түскеннен кейін аурухананың әкімшілік бөліміндегі  40-қа жуық жұмыс­шының  жылына жеті рет сыйақы алғандары белгілі болған. Олардың басым бөлігі бас­шылық құрамның туыстары деген ақпарат та айтылады.

Негізі аталған аурухананы бірер жыл бұрын Нұрлан Әбілдаев есімді азамат басқарған болатын. Алайда ол екі жылдай бұрын еңбекке жарамсыз болып, ұзақ уақытқа демалысқа кеткен. Ал былтыр бұл басшы басқа қызметке ауысып кетті. Ең қызығы, 700 миллион теңгеден астам қаржы Нұрлан Әбілдаев аурухананы басқарған тұста қолды болып отыр.

Енді 700 миллион теңге қалай жым­қырыл­ды дегенге келер болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі маман­дары аурухана құжаттарын тексеру кезінде медициналық мекеме бір  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есеп шотына аударған 700 млн. теңгенің төлем қағазын анықтайды. Зерделей келе, аталған ЖШС аурухананы сотқа беріп, онда жеңіп шыққаннан кейін бұл сомаға қол жеткізгені белгілі болған. Алайда сот шешіміне күдіктенген антикор мамандары сотқа арнайы сұраныс хат жолдайды. Былық пен сұмдықтың көкесі осында басталып, серіктестік пен аурухана арасында мүлде сот процесі болмағаны әшкереленеді. Осылайша, аурухананың бас дәрігерінің орынбасары мен бас есепшісі сот шешімін қолдан жасап, ауадан құралған  ЖШС-ның есеп шотына 700 млн теңгеден астам қаржыны екі траншпен аударып жіберген. Осы күнге дейін медицина мекемесіне тексеріс жүргізген өзге құзырлы органдар аталған сот шешіміне күдікпен қарамағаны талайды ойға қалдыруда. 

Енді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қалай ғана ауруханаға тексеріс жүргізіп, ойда-жоқта мұндай ауыр қылмысты анықтады» деген орынды сұрақ туады. Басқа құзырлы мекемелер бұған  дейін аурухана жұмысынан қыл таппай кетіп жатқандай, антикор мамандары бір күнде мұнша қаржыны жымқыру фактісін қалай анықтады екен?

Негізі осыдан бір жыл бұрын аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болып Хамит Мырзақасымов есімді азамат тағайындалады. Денсаулық сақтау басқармасында талай жыл еңбек еткен маман  жұмысқа кіріскен бойда аурухананың барлық жұмысына ара­ласып,  ұзақ демалысқа кеткен бас дәрігер Нұрлан Әбілдаевтың жоғын білдірмеуге тырысады. Міне, осы жағдай әкімшілік құрамға ұнамаса керек, Мыр­зақасымовтың үстінен арызды қарша бората бастайды. Тіпті, «бұрын істі болған азамат­тарды жұмысқа алып жатыр» деген желеумен бүгінде қамауға алынған бас дәрігердің  орынбасары Света Шаушенова­ның өзі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арыз тастаған. Осылайша, біреуге ор қазамын деген орынбасардың өзінің қылмысы әшкере болып, темір торға тоғы­тылып отыр.   

Әрине, мұндағы істің ақ-қарасын тергеу амалдары анықтай жатар. Алайда біреудің үстінен арыз жазып, одан опық жеу бас шайқатады. Сондай-ақ 700 миллион теңгеден астам аурухана қаржысын «екі адам жым­қырып қойды» дегенге де күмәнмен қарай­тындар көп. Сондықтан бұл істе құзырлы органдар қырағылық танытады деп сенеміз...

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы