Ми кез келген жағдайға тез бейімделеді. Мысалы, өткен ғасырдың 1960 жылдарында америкалық психолог Мартин Селигман «үйренген дәрменсіздік» атты құбылысты ашқан. Зерттеу барысында ол иттерге тәжірибе жасайды. Жануарлар екі бақылау тобына бөлініп, әртүрлі бөлмеге орналастырылады. Әр иттің еденіне әлсіз электр тогы түсетін жеке қорабы болады. Бірінші бөлмедегі иттер бокстан дұрыс нүкте тапса, босатылуы мүмкін. Оны басу арқылы олар бокстан кетуге мүмкіндік алды. Екінші бөлмеде, керісінше, иттердің жәшіктері бірінші бөлмедегі иттердің әрекетіне байланысты ашылды. Үшінші топта иттерді тоқ соқпаған. Тәжірибенің бірінші кезеңі бірінші бөлмедегі иттер тез қалпына келсе, екінші топтағы жануарлар апатияға ұшыраған.
Эксперименттің келесі кезеңінде барлық ит еденде ток өтетін бір бөлмеге орналастырылды. Жануарларға сол жерден шығуға мүмкіндік берілді. Ол үшін септумнан секіру керек. Бірінші және үшінші топтағы иттер тәжірибе талаптарын тез ұғып, әрекет етті. Ал екінші иттердің көпшілігі алдымен жылап, содан кейін еденге жатып қалған. Зерттеудің бұл кезеңінде олар жанына батқан ауырсынуға назар аудармағанын көруге болады.
Мартин Селигман экспериментінен дәрменсіз халде адам өзіне ұнамайтын жағдайға да еті үйренетінін көреміз. Яғни, өзін-өзі басқару сезімі болмаса, серотониндік нейрондар психикаға жағымсыз жайттарды да қалыпты етіп көрсететіні белгілі болды. Соңғы кезде сәнге айналған «комфорт зона» тіркесінің түпкі мәні осында.
Адам бойында осындай жағымды және жағымсыз сезімдерінің туындауында негізгі рөл ойнайтын ол – нейромедиаторлар. Олардың негізгі қызметі — жүйке жасушаларына белгі беру. Яғни, жүйке жүйесі ішінде өзара байланысатын заттар. Бір нейрон осы арқылы басқа нейронға қажетті сигналдарды жібереді. Нейромедиаторлар ХХ ғасырдың басында ғана зерттеле бастады. Сол кезде ғалымдар нейрондардың бір-бірімен қалай байланысатынын анықтауға тырысты. Мысалы, 1906 жылы Сантьяго Рамон-и-Кахал мен Камилло Гольджи жүйке жүйесі туралы зерттеуі үшін бір уақытта Нобель сыйлығын алған. Дегенмен ғалымдардың пікірлері қарама-қайшы болатын. Рамон-и-Кахал нейрондардың химиялық заттардың көмегімен бір-біріне сигнал беретініне сенімді болды. Ал Гольджи нейрондар электр қуатымен байланысады деген көзқарасты ұсынды.
Биология ғылымдарының кандидаты Елена Белованың сөзінше, ХХ ғасырдың ортасында ғана нейромедиаторлар көрінетін синапстың электронды фотосуретін түсіруге мүмкіндік ашылған. Сол сәтте ғана нейрондардың көп бөлігі бір-бірімен нейромедиаторлар арқылы байланысатыны анықталған. Ал электрлік синапстардың сирек кездесетіні белгілі болған.
Синапс – екі нейрон арасындағы немесе нейрон мен сигнал қабылдайтын эффекторлық жасуша арасындағы байланыс орны.
Ғалымның айтуынша, нейромедиаторлар мен гормон айырмашылығы: гормон ішкі секреция бездерінде бөлінеді, ал нейромедиаторларды нейрондар бөліп шығарады.
Кейбір нейромедиаторлардың ауытқушылығы депрессиядан эпилепсияға дейін әртүрлі аурудың пайда болуына себепкер болады. Бұған қатысты ғалымдар түрлі пікір айтады. Дегенмен әзірге Паркинсон ауруы – бұл «дофамин» нейромедиаторының жетіспеушілігінен пайда болатын жалғыз ауру. Сонымен қатар аштық, шаршау, ұйқышылдық, сүйіспеншілік сезімі – мұның бәрі гипоталамуспен байланысты. Мысалы, мотивацияға, оқуға және сүйіспеншілік сезімдерін оятуға да осы дофамин жауапты.
Сол секілді депрессия да мотивациялық механизмнің бұзылуынан туындайтын кесел. Елена Белованың айтуынша, адам өз ісінен ләззат алуды тоқтатқанда мидағы «мен жақсымын» деген сенім беретін эндорфин компоненті өшеді. Эндорфин жетіспегенде мотивация әлсіреп, адам өз өмірін сақтап қалу үшін күші мен энергиясы жетіспейтін жағдайға келеді.
Дегенмен қазір көптеген жұмыс беруші аутизм, дислексия және басқа неврологиялық жағдайлары бар адамдарды жұмысқа қабылдауға сескенеді. Шын мәнінде, мұндай ерекшелігі бар азаматтардың да өзге кандидаттар секілді күшті және әлсіз жақтары бар, керемет қабілеттері мен дамыған кәсіби дағдылары болуы мүмкін.
Бүгінде батыс елдерінде «нейроерекшелік» тұжырымдамасы танымал болып келеді. Бұл – жұмыс берушілерге «нейродивергенттер» арасындағы таланттарды тануға, оларға ыңғайлы орта құруға және нейродивергенттердің өздері табысты мансап жолдарын құруға көмектесуге арналған бағыт.
Neirodiversity – бұл нейроерекшелік немесе мидың әртүрлі парадигмада жұмыс істеуі деп аталады. Клиникалық психолог Гүлбаршын Қасымның сөзінше, бұл медициналық термин емес. Мұндай адамдар бұл әлемге өзгеше көзбен қарайды. Яғни, олар анамнезінде дислексия, дисграфия, даун синдромы, биполярлық бұзылыстар, назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы және аутистикалық спектрдің бұзылуы және т.б. интеллектінде бұзылыстары бар адамдар.
Дүниежүзілік Нейроерекшелік және жұмыспен қамту орталығының мәліметтері бойынша, нейродивергенттер арасындағы жұмыссыздардың саны мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы жұмыссыздардан үш есе, ал денсаулық ерекшеліктері жоқ жұмыссыздардан сегіз есе көп. Дегенмен ғалымдар нейродивергентті адамдарда оларды басқалардан ерекшелейтін қабілетіне күш салып, ерекше жағдай жасауға кеңес береді.
Кәмила ЕРКІН