Сәрсенбі күні Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Былтыр жалпы экономика 5,1 пайызға өсіп, даму қарқыны бәсеңдемеді. Десе де, қазір Үкіметке жайбарақат отыратын емес, жаңа серпінмен іске кірісетін уақыт.
Жаңа Үкіметке – жаңаша міндет
1,782
оқылды

Мақсат айқын, бағыт белгілі болса да, жол берілген қателіктерді жою қажет. Жыл сайын ішкі жалпы өнімді 6 пайызға арттырып, 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерді орындау үшін Үкімет пен әкімдіктерге берілген құзырет дұрыс қолданылмай, салдарынан реформалардың жүзеге асырылмай жатқанын айтып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту, ұстанымдарын жүйелеуді,  экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Соңғы бес жылда салық тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткен. Салық салудың кері осы екен деп, қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқты Құн салығын өсірумен мәселе шешілмейтінін, жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын айтты Президент. Себебі бизнестің өркендеуіне салық кедергі болып жатқан жағдайлар жоқ емес. Сондықтан бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, нақты қолдауды көбейтіп, салықты жүйесіз өсіруден бұрын Үкіметке алдымен қуатты экономика қалыптастыру керек. Президент салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту тапсырмасының орындалмағаны мен шешу жолдарының әзірленбегеніне тоқталды. Сондай-ақ салық жүйесі цифрландырылмақшы. Қ.Тоқаев Мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары қосылған 14 ақпараттық жүйенің кеңінен қолданылмағанын, жаңа халықаралық жүйеге ауыспағанын айтып, ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне ІТ-аудит жүргізуді, жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық ар­хитектурасын қалыптастыруды тапсырды. Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформалап, соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жаса­латынын, осылайша ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалып­тастырылмақшы. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық болмақ. 

Президент: «Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрын­ғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр. Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек»,– деді.

Президент негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесінің азайып кеткені елдің даму қарқынына қауіпті екенін жеткізді. Ішкі-сыртқы инвестицияны көбейту қанша айтылса да, айтарлықтай орындалмай келеді. Мысалы, көптеген облыстың отыз жылдан бері дотацияға қарап, тіпті аудандардың облыс пен республикалық бюджетке кіріптарлығы инвестиция тарту мен экономикалық дамуға деген жайбасарлықтың салдары. Географиялық платформа, табиғи ресурстар сай келіп тұрса да дамымай қалған ауылдар мен аудан, қалалар осының дәлелі. Оның үстіне бюрократия­лық кедергілер де ірілі-ұсақты бизнестің қай түрін болса да тежеп келді. Ішкі және сыртқы инвестицияны көбейту үшін жаңадан инвестициялық штаб та құрылды. Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының межелі  мерзімі мен деңгейінде орындалмауы, жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен. Бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізу үшін даму институттарын жандандырып, шетелдік тәжірибеге сүйенуге тура келеді. Азуын айға білеген мемлекеттер бірден қалыптаспаған. Бірақ даму жолында тазалық пен табандылық танытып, қазіргідей дәрежеге жеткен. Ал бізде барлық дерлік сала сыбайлас жемқор­лықтың салдарынан оңалмай жатыр. Президент ақша жүретін жерге мейлінше адами факторды араластырмай, барынша бюрократиялық міндеттемелерді азайтып, тіпті инвесторларға «бір терезе» қағидаты­мен жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Әрі жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосуды тапсырды. Біз мысалы жарты жылда бір рет аудан аралап, құрылыс нысандарымен танысамыз. Әбден қаңқасын тұрғызып, қабырғасы қаланып, едені төселіп қойғанда сапалы салынуын талап етуге кеш болады. Сон­дықтан мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін құрылыс, мемлекеттік қолдау аясында іске қосылатын жобаларға міндетті түрде мониторинг жүргізу керек. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Заң нормаларын әркімнің өз қалауына қарай икемдеуге тиым салынды. Тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар мен белгіленген мерзімді бұзғаны мен жұмысты сапасыз атқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек. Өйткені құрылыс саласында олқылық өте көп. Сондықтан сапаға мән беріліп жатыр. 

Мемлекет басшысы: «Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл– құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс істелді, нәтиже де бар. Бірақ солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыру­ды белсенді түрде қолдану керек. Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бө­лінген қаражаттың мақсатқа сай жұм­салуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын». 

Экономиканы кешенді түрде ырық­тандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау – мемлекеттің экономикалық үдерістірге тым араласуынан біртіндеп бас тартуына мүмкіндік беретін реформа екені айтылды. Президент отын-энергетика нарығындағы қателіктердің соңы немен аяқталғанын еске салды. 

Қолдан тапшылық тудыра берсе, жанар-жағармайға да сұраныс төмендейтін қауіп бар. Көлік индустриясында озып кеткен елдер электрокарлар шығарып, күн көзінен қуат алып жүретін көліктер нарықты жаулайтын келешек келе жатыр. Мәселен, Өзбекстан өз көліктерімен алдымен ішкі сұранысты толықтай дерлік қамтамасыз етіп, сосын сыртқы нарыққа шығарды. Кез келген экономикасы мықты мемлекет алдымен өз өнімдерінің саудасын өз елдерінде жүргізеді. Бұл әрі экономика әрі идеология үшін тиімді тактика. Біздің елге  көліктің ескісі де, жаңасы да шеттен әкелінеді. Бір монополисті қолдау үшін ескі көлік мініп жүргендерге экология мен салықты сылтауратып тиіспеу керек. Өйткені шеттен келген арзан көліктің де бағасы утильалым мен жоғары салық, одан қалса, авто салондар мен банктердің өсімінің кесірінен қымбаттап кетіп жатыр. Ел ішінде сергектің миллиондаған айыппұлынан арзан ескі көлік мінетіндер өте көп, және олардың нақты ақшаға сатып алуға қаражаты жоқ. Көпшілігі банктерден несиеге алса, жағдайы жетпейтін жастар арендаға алып күніне 13-15 мыңнан төлеп те мініп жүр. Өз күнін өзі көріп жүргендерге аяққа нық тұрып кеткенше, ең болмаса жаңасын алғанша ескісіне, борышынан құтылғанша көлік иелерін тығырыққа тіремеу керек деп есептеймін. Олар да бекер мініп жүрген жоқ. Күнкөріс, жанбағыстың қамы үшін мініске жаратып жүр емес пе?  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфра­құрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз. Үкіметке Инфрақұры­лым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн. Елден заңсыз шыға­рылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұ­мысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда өзге де құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалып­тастыру. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділ­дікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді», – деді.

Ұялы байланыс, интернет сапасының нашарлығы мен мүлде жоқтығы, тариф төлем­дерінің өсіп кеткені Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмапты. Қазір көп жұмыс, тіпті оқушылардың сабақтары да байланыс жүйесіне байланып тұрғандықтан, қызмет көрсету сапасы жоғары болуы керек. Өкінішке қарай, або­ненттердің мұқтаждығы мен мәжбүр­лігін пайдаланып өз қалтасын ойлап жатқан ұялы байланыс операторлары да заңсыздықтар мен бассыздықтарға барып жатыр. Бұл саладағы бақылаусыз моно­полияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, жалпы заңсыздықтарды жою міндеті қойылды. Президент Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды. Жекешелендіруді тиімді жүргізу экономиканың еркін дамуына жол ашады. 

Индустрия саясатын жүргізу үшін арнайы министрлік құрылғанына бір жылдан асты. Өндірістің өркендеуіне тың серпін береді деген үміт артылғанымен сенім әлі ақталған жоқ. Министрліктің алдына даму бағдарын анықтап, озық технология қолданылатын жаңа өндірістер ашу міндеті тұр. Жобалар дайын болса жоспар әзір емес. Өндірісті жүйелі дамыту үшін де Үкімет жетекшілік етуі керек. Әр өңірдің ерекшеліктеріне қарай өндірісті жүргізу керек. Әсіресе, ауылдарда жұмыс­сыздықты жою үшін зауыт-фабрикалар салу керек. Жүйе жұмыс істемей тұр. Сол үшін де Президент ел дамуына білімімен үлес қосатын экономистермен жұдырықтай жұмылуға шақырды. Әйтпегенде, бізде ақылды адамдарды тыңдап, потенциалын пайдалана бермейтін, білгеннің тілін алмайтын әдет бар ғой. 

Ауыл шаруашылығының ахуалы на­шар. Былтыр қант қызылшасы мен мақта өсірген өңірлерде диқандар еккенін орса да, төккен тері ақталмады. Қызылша іріп, жүгері шіріп кетті. Батысқа малға жем жетпей жатты. Су тапшылығынан да шығынға ұшырағандар бар. Президент айтқандай, агроөнеркәсіпке бөлінетін қаржы көлемін екі есе ұлғайтып, оңалту қажет. Көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несие көлемін 1,5 триллион теңгеге, ал, инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге, лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінетінін естіп қуанып қалдық. Шынымен де жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңартылса, жалпы өнім көлемі 2 есеге ұлғаятын болады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен был­тырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай  жұмыс істеліп жатқан жоқ. Қазір тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілер­дің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын артты­рып жатқан диқандарға жан-жақты қол­дау көрсеткен жөн. Сондай-ақ бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек. Мемлекеттік қол­дау шараларын «бір терезе» қағи­дасымен жүзеге асыру қажет, яғни  салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аг­рар­лық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агро­өнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңіл­детілген несие және субсидия беру қыз­мет­терін бірыңғай цифрлық плат­формаға біріктіру керек», – деді. Ешбір қазба байлығы жоқ жерде ауылшаруа­шылығын дамыту әлемдік тәжірибеде бар. Агрономдар осы бағытта зерттеулер жүргізіп, әр аймақта агроөнер­кәсіп кешенін дамыту жоспарын түзу керек. Әркім өз бетінше егін салса да, бә­рі­бір біз осы сала арқылы да мол та­бысқа жетуді көздесек жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Ауыл шаруашылы кей облыстардың көшін бастап отырған күре тамыр. Сондықтан министрлік мамандары ауылдарды аралап, өз көздерімен көріп, жағдайды түзесе игі еді. 

Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық секторды сынға алды. Президент Алматыдағы екінші жылу электр орталығындағы бу-газ қондырғысы­ның құрылысының созылып кеткенін, Екібастұздағы ГРЭС-тің энергоблогын он жылдан бері қалпына келтіре алмай жүрген мемлекеттік органдардың қателік­терден сабақ алмайтынын өте дұрыс ес­кертті. Үкімет ең алдымен апатты жағ­дай­дағы 19 жылу орталығын жаңғыр­тып, қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету керек. Халық тоңбаса бәрі тыныш болады. Сондай-ақ инфрақұрылымды реттеу мәселесі орынды көтерілді. Бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, жөнімен игерілсе, барлық бастама сапалы атқарылып,  пайдалануға берілсе, ешбір мәселе қайта-қайта туындамас. Президент айтудай-ақ айтып келеді. Айтқызбай-ақ орындайтын атқарушы билік болса қанекей. Прези­денті­мізге де, жаңадан іске кіріскен Үкі­метке де сәттілік тілейміз. «Ұлтқа қыз­мет ету мінезден» деген. Қолда мансап барда, тек еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет ету керек. Мақсат – анық, талап – белгілі. Тек іске асыру қалды. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, 

«AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі