Биылғы жылдың ерекшелігі – табиғи құбылысқа қарсы күреспен қос министрліктің айналысатыны. Олар: ТЖМ мен СРИМ.
Төтеншеліктер сақадай сай отыр
Су тасуы кезеңіне арналған алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес, 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанның орталық және батыс бөлігінде орналасқан өзен алаптарындағы ылғал қорының көлемі көпжылдық орташа мәннен төмен, ал республиканың солтүстік бөлігінде көпжылдық орташа мәннен жоғары екен. Көптеген өңірлерінде ақпан айында ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжануда. Сол сияқты Атырау, Қостанай облыстарында, еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтілуде.
«Жазық жерлердегі топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштері көпжылдық орташа мәндерден жоғары болды. Оған қоса, өзен алаптарындағы қардың жиналу қоры ақпан және наурыз бойы жалғасатындықтан, көктемгі тасқында күтілетін нақты су көлемі наурыз айында айқындалмақ. Оған апта сайын мониторинг жүргізіліп отыр. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік бөлігіндегі, Іле Алатауының оңтүстік беткейі мен Кетмен жотасының солтүстік беткейі алаптарын қоспағанда, кейбір таулы өзендердің аңғарында ылғалдану кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері көпжылдық орташа мәнге жақын және одан жоғары. Ақпанда ауа температурасының жоғарылауынан және қатты жаңбыр жауған жағдайда Қазақстанның оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы таулы өзендер бойында жоғарыдан еріген қар мен жаңбыр әсерінен су тасқыны болуы ықтимал. Қазіргі уақытта қардың жиналу процесі жалғасып жатыр. Таулы аймақтардағы өзендердің вегетациялық кезеңге негізгі болжамы биылғы сәуірдің бірінші онкүндігінде жасалады», – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы Асқар Нұрқанов.
Министрлік мамандары қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын және қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескере келе, су тасқыны қаупі бар аймақтарды келесідей қауіп-қатер дәрежесіне қарай бөліп отыр. 1. Қауіп-қатері жоғары – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары; 2. Қауіп-қатері орташа – Жамбыл, Павлодар және Жетісу облыстары. 3. Қауіп-қатері төмен – Маңғыстау және Қызылорда облыстары.
«Республикада елді мекендерді су басудан қорғау жұмыстары «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы», әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары сияқты тағы да басқа бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша былтыр су тасқыны қаупі төнетін елді мекендер мен тұрғын үйлерді қорғау мақсатында 856 іс-шара өткізілді. Ал Жол картасында жоспарланған 218 іс-шараның тек 126-сы ғана, яки 57,7%-ы орындалған. Қалған 92 іс-шараның 28-і бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда, 37-де жобалау сметалық құжаттама әзірлеу, түзету және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде, 27-сін іске асыру үшін қаражат іздестірілуде. Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Жол картасының мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылды. Сонымен қатар Үкіметтің тапсырмасын орындау мақсатында ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «2024-2026 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасының» жобасын әзірлеуде», – дейді басқарма бастығы Асқар Аманжолұлы.
Оның айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық үшін елді мекендердің айналасына қорғаныш бөгеттерін салу, авто және теміржол жолдардың астындағы құбырларды жөндеу және тазалау, қар шығару жұмыстары жүргізілуде екен. Гидротехникалық құрылыстарды, нөсерлі-кәріз жүйелерін, арық-дренаж жүйелерін салу және жөндеу, жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату мен автожол учаскелерінде көпірлерді реконструкциялау жүзеге асырылуда. Сонымен қатар су басу қаупі бар аймақтарда өзен арналарының жағаларын нығайту, түзету, тереңдету және тазарту жұмыстары жүзеге асуда. Азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары, күштері мен құралдарының іс-қимылдарын тәжірибелік пысықтау іс-шаралары «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Республикалық оқу жаттығу штабы Ақтөбе қаласында орналаспақ. Оқу-жаттығуларды шартты түрде көрсетпей, нақты практикалық іс-қимылдар жүргізіп, еріктілер мен халықты тарта отырып, жаңа формат бойынша өткізу жоспарланып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарының аула-аумақтарын қардан тазартуға, сондай-ақ азаматтардың «Қауіпсіздік мәдениетін» арттыруға ерекше назар аударылатын болады.
«2023 жылғы су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар ТЖ министрлігімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізбесіне түзету енгізіп, мәліметтерін нақтылаған болатын. Нәтижесінде, ондай жерлердің саны 1 079 екені анықталды. Бұл ретте, іске асырылған су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 228 елді мекеннен қауіп алынып тасталғанын атай кету керек. Ал 634-де қауіп барынша азайтылған, онда 583 479 адам тұратын 128 525 үй орналасқан.
Сондай-ақ су тасқыны кезеңінде апаттарды болдырмау мақсатында өңірлерде «Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы» басталды. Онда ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қарды тазарту және шығару, арық-дренаждық жүйелер мен су өткізу құрылыстарын тазарту бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр. Елді мекендер бойынша рейдтер, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл ережелерімен таныстыру бойынша халықпен жиындар өткізуде. Азаматтардан осы айлыққа белсенді қатысуларын сұраймыз», – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаменті басқармасының бастығы Асқар Нұрқанов.
Су жаңа министрлiк те қамсыз емес
Биылғы су тасу маусымы Су ресурстары және Иррегация министрлігі үшін алғашқы сынақ болмақ. Биылғы мақсаттардың бірі – қысқы кезеңде еліміздің аумақтарына қанша көлемде су түсетінін анықтау. Соның нәтижесінде вегитациялық және иррегациялық белгілі бір ұйғарымдар жасалатын болады. Су көлемінен бөлек, гидротехникалық құрылыстардың жағдайы да басты назарда.
«Елімізде 1 502 гидротехникалық тірек құрылыс бар. Олар – су қоймасы, дамба, бөген, гидроторап, тоған сынды нысандар. 2023 жылы қараша айында су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында барлық бассейндік инспекция, Төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, сондай-ақ меншік иелерімен бірлесіп осы құрылыстарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша актілер жасалып, иелеріне тасқын сулардың қауіпсіз өтуіне дайындық жұмыстарын жүргізу үшін ұсынымдар берілді. Бүгінде 22 нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізілген болса, республикалық меншіктегі 15 нысан бойынша қауіпсіздік декларациялары алынды, оның ішінде 2023 жылы – 11 нысан көпфакторлы зерттеуден өткен. Бұдан бөлек, министрлік бүгінгі күні жобалық көлемі 100 млн текше шақырым суға жететін 54 ірі су қоймасына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Олардың орташа толымдылығы – шамамен 30-50%», – дейді СРИМ Су шаруашылығы комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғалымжан Камбарбеков.
Түркістан тасқынды тосып отыр
Оңтүстік өңірде күн ерте жылиды. Сондықтан да мұндағылар су тасқынына жыл басынан қамданады. «Қазгидромет» РМК қаңтар-наурыз айларына жасаған болжамында: Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт сынды таулы аймақтарда қаңтарда жауын-шашын көлемі нормадан жоғары, облыстың барлық аймағында ақпан айында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болатынын көрсеткен екен. Осыған байланысты мұнда таулы аймақтағы және Арыс, Бадам, Боралдай, Келес бассейндік өзені бойындағы аудандардың (Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Арыс, Бәйдібек, Отырар, Сарыағаш, Сайрам, Келес) қауіпті учаскелерді қайта зерделеніп, қажетті алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
«2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар Жол картасындағы» іс-шаралар биыл толық жүзеге асырылды. Жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен орындалды. Осылайша, Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенін су шаю қаупі сейіліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауынан алынды. Сондай-ақ 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспарға енген 24 іс-шараның 15-і толығымен аяқталды. Нәтижесінде, 193,7 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткізілді, жаңадан 7,6 шақырым қашыртқы арна қазылды. 750 метр қорғаныс бөгеті тұрғызылып, 1,5 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті қайта қалпына келтірілді, сондай-ақ 11,6 шақырым арна түзетіліп, 5,2 шақырым лоток жаңадан салынды. 2 шақырым канал бетондалды.
Бізді бір мәселе алаңдатуда. Түркістан қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан «Шаға» каналының Шымкент тасжолы астындағы су өткелінің және одан әрі «Жеті көл» ойпатына қосылатын арнаның жоқтығы 2012 жылғы жағдайдың қайталануына алып келуі мүмкін. Сол жылы ақпанда ауа райы күрт жылынып, Қаратаудың бөктеріндегі жиналған қар қарқынды еріп, топан су сай-саламен жүріп, Шаға арнасымен Түркістан қаласы аумағына жайылған еді. Салдарынан, Ынтымақ Шаға, Бершін төбе, Бабайқорған елді мекенге су кіріп, 14 көше мен 285 үй, 153 ауланы су басып зиян келтірді, 1000-нан астам тұрғын эвакуацияланды», – дейді Түркістан облысы ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешев.
Оның айтуынша, 2023-2024 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың алдын алу және тасқын суларды апатсыз өткізу жоспары аясында да бірқатар жұмыстар атқарылған. 1 000 шақырымды құрайтын 1 327 қашыртқы арна механикалық тазартудан, 1 100 шақырымды құрайтын 260 арық-атыздардың арнасы мен автожол астындағы 149 өткелдер қоқыс, топырақтан тазартылған. Департаменттің аумақтық бөлімшелері былтыр қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріп, соның нәтижесінде Кентау, Сауран, Түлкібас, Ордабасы, Бәйдібек, Келес, Қазығұрт сияқты 7 ауданның 20 ауылдық округ әкімшілігіне 40 елді мекеннің дайын емесі туралы акті берілген. Қазір 26 елді мекеннің кемшілігі жойылыпты. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна ЖЖМ қоры мен 40 млн теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құрал-сайманы: 38 техника, 5 қайық, 116 мотопомпа, «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайын тұр.
«Су қоймаларға тоқталып өтсем, күрделі жағдайда тұрған Қапшағай, Ырмақ-өзен, Майдантал су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Мәселен, Майдантал және Ырмақ-өзен су қоймалары толығымен жарықтандырылып, күзет үйі орналастырылып, қоршау мен шлюздері жөнделді. Қапшағай су қоймасы бойынша толықтай қоршау, бейнебақылау орнату, бөгет үстіндегі жол мен су босату қондырғысын толығымен қайта жөндеу, 14 дана пьезометр қою жұмыстары жалғасуда.
Сырдария өзенінің жағдайы тұрақты, 28 желтоқсан күні МИ-8 тік ұшағымен Қызылорда шекарасынан Көксарай су реттегішіне дейін аэровизуалды шолу жүргізілді. Өзен арнасынан 11 мен 17 желтоқсандағы қатты суықтан қалыптасқан сеңнің жиналуы толығымен кеткені байқалды.
Ал Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 3,5 млрд текше метр көлемінде бос қоры бар. Қазіргі жиналып жатқан су көлемі орта есеппен секундына 500 т/м екенін есепке алсақ, тасқын кезеңінен қауіпсіз өтеміз деген болжам бар. Көксарай су реттегішіне су жинау 2 қаңтардан басталды. Көксарай су реттегішінің жағдайына байланысты қараша айында «Қазсушар» РМК және құзырлы мекемелермен бірлесіп, су жинау көлемін 1,5 млрд-тан асырмау жөнінде хаттамалық ұсыныс жасалды.
Сонымен қатар өзендер мен су қоймаларға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінде облыстағы 42 су қоймасының толуы 34%, өзендерде су көлемі орта деңгейден төмен ағуда. Қазіргі тауға жиналған қардың қоры нормадан төмен және жер қыртысында тоң жоқ», – дейді Түркістан облысы ТЖД бастығы.
Жаңа жылдағы су тасу маусымына дайындық барысы осындай. Ал оның қандай нәтиже беретінін уақыт пен ауа райы көрсетпек.
Нұрлан ҚОСАЙ