Күн өткен сайын әлемнің спорт жанкүйерлері асыға күтіп отырған Токио-2020 Олимпиадасына бір табан жақындап келеміз. Айтулы додада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады. Ұйымдастырушылар 11 090 спортшы сынға түсетінін айтып отыр. Спорт бәйгесі дегенде ел спортшыларының да мерейі үстем болғанын қалайтынымыз анық. 32-рет өткелі тұрған жазғы Олимпиада ойындарына қазақстандық саңлақтардың дайындығы қандай дәрежеде? Қай спортшыдан үміт күтеміз?
Кімге сенім артамыз?
Былтыр Спорт және денешынықтыру комитеті 24 шілде – 9 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында өтетін Олимпиадаға кемінде 100-ден астам жолдама алуды мақсат еткенін жариялады. Дәлірек айтсақ, 32 спорт түрінен 105 жолдама көзделген. Өткенге көз жүгіртсек, қазақстандық спортшылар 2012 жылы Лондон Олимпиадасына 115, 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы спорт жарысына 104 жолдаманы алған екен. Жоспар – қағаз жүзінде, іс жүзінде «ел құрамасы бұрынғы межеден аса ала ма?» деген сұрақ мазалайды. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел спортшыларының лицензия жеңіп алу қарқыны бәсеңдеп қалғанын жасырмады. Жыл басында өткен Парламент Сенаты отырысында министр мұның себебін ауыр атлетикадан берілетін жолдама санының шектелуімен түсіндірген болатын. Себебі спорттың осы түрінен ел құрамасына екі-ақ лицензия алу құқы берілген. Жеңіл атлетиканың да жағдайы мәз емес. 20-дан астам жолдама алуға болатын спорт түрінен қазақстандықтар 10-12 лицензияны қанжығасына байласа да көңілге медет. Мұның бәрі допинг дауының салдары екені түсінікті.
Қазақстан құрамасының жүлдеден үміт артатын спорт түрлері – бокс пен күрес. Ауыр атлетикадан сынға түсетін 2 спортшының бірі олжа салуы мүмкін. Каратэден 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Дархан Асаділовке сенім мол. Ол олимпиадалық рейтингте көш басында келе жатыр. Ал спорт журналисі Руслан Меделбек келер Олимпиадада ел спортшылары жалпы саны 10 жүлдені ғана иеленетінін болжап отыр.
– Меніңше, жолдама саны маңызды емес. Сапаға көңіл бөлінуі тиіс. Бізде «көп спортшы апарсақ, көп жүлде аламыз» деген жалаң пікір қалыптасқан. Мысалы, Кения секілді елдер 30-40 спортшы апарып, 4-5 алтынды қанжығасына байлап жатады. Үстел теннисінен 1 спортшы апарып, алғашқы айналымнан өте алмай қалғаны емес, жүзуден немесе жеңіл атлетикадан 1 спортшы апарып, түрлі қашықтықтағы сайыстарда бірнеше жүлдені жеңіп алғаны тиімдірек. Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 3 алтын медаль алады деп ойлаймын. Нақты сенімім– екі алтынды алатын боксшылар, ауыр атлетикадан бұрынғыдай емес, мүмкіндік аз. Үшінші алтын күтпеген алтын болмақ. Рио олимпиадасындағы Дмитрий Баландин сынды. Дегенмен күрес түрлерін де ұмытпағанымыз жөн. Коронавирус мәселесі де Олимпиада нәтижесіне өзгеріс алып келуі мүмкін. Мойындауымыз керек, Қытай – спорттық держава. Індеттің кесірінен көрші ел құрамасының жартысы додаға қатыса алмай қалса, нәтиже өзгермек, – дейді тілші.
Тарихи спорт бәйгесіне 4 айдан астам уақыт қалды. Әзірге ел спортшыларының қоржынында небәрі 29 жолдама бар. Жолдама жайы бір бөлек, Олимпиада шағында қазақстандық спортшылар Лондондағы жетістікті қайталауы екіталай. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі мен әр доданы сарапқа салып отырған спорт тілшілері де мойындап отыр.
Допинг деген дау шықты...
Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы шығарған (IWF) допинг дауының бір ұшы қазақстандық ауыр атлеттерге де тиді. 2008 жылдан 2018 жылға дейін антидопинг ережесін ең көп көп бұзған құрамалар қатарында Қазақстан Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь құрамаларымен бірге аталды. Осыдан кейін аталған 5 мемлекет Токио Олимпиадасына спорттың осы түрінен екі-ақ зілтемірші апара алатын күйге түсті. Ауыр атлетикадан ылғи олжалы оралатын Қазақстан құрамасына бұл ауыр соққы екені анық. Ал атағы жер жарған ауыр атлет Илья Ильиннің Токиоға баруы екіталай. Жуырда Ташкентте өткен Халықаралық жарыста зілтемірші 102 келі салмақ дәрежесінде алтын алды. Көтергені– жұлқа мен серпені қосқанда 355 келі. Бұл көрсеткіш былтырғы Әлем чемпионатында 15-орынға тұрақтайтын нәтиже. 102 келі салмақта мықты саналатын әлем спортшылары орташа есеппен 390 келіні еңсеріп жүр. Ильин төрт айдан астам уақыттың ішінде 390 келіні бойынан асыра алады дегенге сену қиын-ақ. Спорт тілшісі Қуаныш Қаппас допинг дауымен қоса, ел құрамасына спортшыларды іріктеу жүйесіне де көңілі толмайтынын айтып отыр.
– Токиода қазақстандық спортшыларға допинг дауы кедергі болмайды. Басқа мәселе толғантса керек. Боксшыларымыз мықты, әрине. Бірақ жасы келген, тек атақ-абыройының арқасында жүрген спортшыларды олимпиадаға жетектей бергенді доғару керек. Өзбекстан боксшылары барлық додада топ жарып жүр. Құрамасын қарасаңыз, кілең 18 жас шамасындағы жастар. Ал бізде бабы келген спортшының 25 жасқа толғанын күтеді. Мұны жасырмау керек. Өз басым ел құрамасы Токио Олимпиадасынан 2-3 алтын медаль алады деп сенемін, – деді азамат.
Түйін:
Бір елдің туы өзге елдің жерінде екі жағдайда ғана желбірейді: бірі – ресми жиындарда болса, екіншісі – спортшылар жүлде алған кезде. Спорт тақырыбының айналасында жүрген мамандармен пікірлесе келе, Қазақстан құрамасы Токиода Рио Олимпиадасы нәтижесін қайталайды деп түйін түйдік. Бұл – біздің болжам ғана. Әйтпесе, еліміздің туы өзге елдің көгінде желбірегенін жанымыз қалайды.