Электронды сигарет, бугенератор, вапорайзер, вейп... Бұл кеселдің атауы көп, бірақ ақырында адамды апарып тірейтін тұйығы біреу – тұтынушысының денсаулығын құртып, өлтіріп тынуы мүмкін.
«Сәнді түтінге» – заңды тыйым
1,058
оқылды

Ақ халаттылар дабыл қағуда: вейптен ағза уланады, өкпе қабынады, оны тұтынатын адам өліп те қалады. Электронды темекі шеккен балалар ауруханаға түсіп, операция үстелінен бір-ақ шығып жатыр. Ресейде вейп шеккен 12 жасар баланың көз жұмғаны хабарланды. Жас ұрпақты қорғау үшін Қазақстан вейптерге тыйым салды.

Ауқымы апат дәрежесіне жеткен кесел

Денсаулық сақтау министрлігі ұсын­­­ған «Кейбір заңнамалық акті­­­лерге ден­­­саулық сақтау мәселелері бойынша өз­­­герістер мен толық­тырулар енгізу ту­­­ра­­­лы» заңының жобасын Мәжіліс екінші оқылымда қабылдады. Төменгі палатаның отырысына қатысқан 92 де­­­путат жақтады, бір депутат қалыс қалды. 

Алда Сенат мақұлдап, Президент қол қойғаннан кейін заң күшіне енеді. 

Бір қызығы, 2022 жылғы 21 желтоқ­­­сан­­­да дәл осы заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда құптағанда, онда вейптерге тыйым салу туралы норма жоқ болатын. Мұндай норманы депутаттар былтыр қосымша енгізді. Содан соң аталған өнімді елге әкелушілер лобби тетігін толық қуатта іске қосты: оларға қызмет етуге келіскен қоғам белсенділері, тіпті белгілі тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының жетекшілері дөң­­­гелек үстелдер, баспасөз конфе­­­ренция­­­ларын өткізді. Президент пен Үкіметке ашық хатпен жүгінді. Қоғамдық пікірден дүмпу мен дауыл туғызуға тырысып-ақ бақты. 

Сондағы айтатын қарсы дәйектемесі: көк түтіні будақтаған дәстүрлі шы­­­лымға қарағанда электронды си­­­гареттердің айналаға залалы аздау-мыс. Бұдан бөлек, вейптерге тыйым салу – тұтынушы­­­лар­­дың таңдау құқығын шектейтін көрінеді. 

Дегенмен бұл өнімге үзілді-кесілді қарсы мамандардың, Ден­­­саулық сақтау министрлігінің және депутаттардың дә­­­лелдері әлдеқайда салмақты болып шық­­­ты.

Біріншіден, вейп әсіресе жас ұрпақ арасында сәнге айналды. Оны бір татып көрген балалар шектен тыс әуестеніп алады, салдарынан оны үнемі жөтел қысады, тез демігіп, спортпен қарқынды айналыса ал­­­майды, жүрек соғысы жиі­­­лейді, демікпе-астма ұстамасына шал­­­дығады. Дәрігерлер вейп тұтынушы­­­лардың өкпелері күйіп, шор болып қа­­­­ла­тынын ескертеді. 

Екіншіден, бұл өнімдердің сатылымы бей-берекет сипат алған. Бұған дейінгі жылдары электронды сигареттерді 21 жас­­­­­­қа толмағандарға сатуға тыйым салы­­­нып келді. Қол­­да­­­ныс­­­тағы Ден­­­саулық кодексінің 110-ба­­­бының 3-тар­­­мағына сәйкес, нико­­­тинді тұтынудың элек­­­тронды жүйе­­­лерін (ТЭЖ), вейптерді сату орындарда, анық көрінетін жерде мынадай мазмұндағы: «ТЭЖ/вейп­­­терді және оларға арналған сұйық­­­тықтарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады» деген жаз­­­ба жазылып тұруы тиіс. 

Сондай-ақ сатушылар сатып алу­­­шы­­­ның 21 жасқа толғанына кү­­­мән туын­­­даған жағдайда жеке басын куәланды­­­ра­­­тын құжатты көрсет­­­пейінше, жас адам­­­­­­ға вейп-ТЭЖ сатудан бас тартуға мін­­­детті. Бірақ кәсіпкерлер бұл талап­­­тарды сақта­­­майды. Салдарынан оқушы­­­лар сырт­­­қы сипаты көз тартатын түрлі-түсті вейптерді мектепке алып ба­­­рып, құрбы-құрдастарының көзінше шегуді мақтан ететінді шығарды. 

Үшіншіден, никотинді тұты­­­нудың электронды жүйелерінің (ТЭЖ), соның ішінде вейптердің сұйықтықтары қолдан жасалады, нарықта контрафак, жалған өнімдері қаптады. Өндірушілері олардың құрамында не барын жасырып, құ­­рауыш­­­тарының тізімін толыққанды бермейді. Содан ТЭЖ-дің құра­­­мындағы химиялық заттары және никотиннің мөлшері белгісіз. 

Бұл кесапаттың таралуы апат ауқы­­­мына жетті. Қаржы ми­­­нистр­­лігінің дере­­­гінше, ТЭЖ/вейп на­­рығы 2020 жылдан бері алапат 300 есеге жуық өсіп шыға келген. Мысалы, 2020 жылы шетел­­­ден 21 608 дана ғана электронды темекі, вейп ресми әкелінген. Ал 2022 жылы оның им­­­порты 6 301 623 данаға жет­ті. Был­­­тырғы жылдың қоры­­­тындысы әзірге шығарылған жоқ. 

Арнайы вейп дүкендері – VapeShop-тар желісі кең тарады, тек осы өнімді ғана ұсынып, жеткізіп беретін жеке интер­нет дүкендер пайда болды, барлық дерлік сауда орталықтары мен супер­­­маркеттердің кіреберісінде вейп сататын тұғыр-дүңгіршектер ашылды. 

Олардағы вейптердің, тұ­­­тынудың электронды жү­­­йелерінің, булан­­­дыр­ғыш­­­тарының, клиромайзерлерінің, саналуан дәмді сұйықтықтарының, ароматиза­­­торларының кең ассорти­­­менті көздің жауын алып, таңдай қаққызады. Сыртқы сипаты да аса тартымды: небір суреттер бейне­­­ленген. Тапсырыспен, қалаған бей­­­неңізді, фотосуретті басқыза аласыз. 

Дизайны да заманауи: қыздардың ерін далабын, маркерлерді, флэш-дискілерді және басқасын елестетеді. Ақ түтінді құныға сорып отырған үстінен түспесе, ата-анасы немесе мұғалімі бала­­­ның не ұстап отыр­­­ғанын да түсінбей қалады. 

Яғни, бұл қауіпті өнімдер ха­­­лыққа барынша қолжетімді етілді. Бағасы да арзан: шамамен 2 мың теңгеден баста­лады. Оны кез келген бала сатып ала алады. 

Жас ұрпақты қорғауға бағытталған қадам

Сонымен, «Кейбір заңнамалық акті­лерге денсаулық сақтау мәсе­­­лелері бо­­­йынша өзгерістер мен толықтырулар ен­­­гізу туралы» заңы­­­ның жобасында бұдан былай Қазақ­­станға вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынды.

Тыйым әзірге күшіне енген жоқ: құжатты сенаторлар мақұлдап, Мем­­­­­лекет басшысы қол қоюы ке­­­рек. Сарапшылар тым кешіктіре бермей, биылғы бірінші жарты­­­жыл­дықта тосқауыл қойылады деп үміттенеді. Әзірге, бұл «сәнді у» ер­­кін сатылып жатыр.

Жаңа заң вейптерді саудала­­ғандар үшін қылмыстық жауап­­­кер­­­шілікті қарастырады. Сатушылар үшін ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке дейін тұтқынға алу. Елге әкеліп, таратқандар – 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Дәл осы қылмыстар қылмыстық топ болып жасалса, немесе аса ірі көлемде әкелініп, сатылса немесе қылмыс бірнеше рет қайталанса, жаза 5 жылға дейін бас бостан­­­дығынан айыруға дейін ауырлайды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022 жылы жүргізген зерт­­теулер көрсеткендей, Қазақ­­стан­­да 11–15 жас аралығындағы жас­­­өс­­пірімдердің 9,8%-ы вейптерді тұ­­рақты түрде тұтынады. Яғни, әрбір он баланың біреуі жас басымен тәуелді болып қалған. Проблеманың қандай ауқым алғанын осыдан ұғынуға бо­лады. 

ДДСҰ электронды сигареттердің денсаулық үшін өте зиянды екеніне назар аудартты. Себебі «олардың құрамында белгісіз химиялық заттар бар», мұның сыртында никотиннің көлемі де тым көп. Ендеше элек­тронды сигареттер қарапайым шы­­лымнан қауіпсіз бола алмайды. 

Ұйым сарапшылары никотинді тұтынудың электронды жүйе­­ле­­рінен, вейптерден тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жүйелері, асқазан-ішек жолдары қатты зардап ше­­­­­­­ге­­­­тінін айтады. Сонымен қатар вейптердің бедеулікке соқтыратыны дәлелденген. 

«Бүгінде бұл өнімге мемлекеттік бақылау жүргізілмейді. Ал вейп өнімдерін ашық сөреде орна­­­лас­­­тыруға тыйым салу туралы кодекстің қолданыстағы нормасы орын­­­далмайды. Жергілікті әкімдіктер, атқарушы органдар ТЭЖ/вейп саудасын бақылай алмайды. Сал­­­дарынан, 21 жасқа дейінгі балалар мен жастарды қоса алғанда, тұтыну­­шылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ТЭЖ/вейптерді кеңінен, еркін сату жүзеге асыры­­лады», – деп дәйектеді Денсаулық сақтау министрлігі. 

Сондықтан Үкімет пен Пар­­ламент ақылдаса ке­­ле, бұл залалды өнімге мүлдем тыйым салып тастауды жөн деп тапты. 

Вейп-эпидемиямен күресте Қазақстан алда ма?

Бұған пәрменді тоспа құрылмаса, жағдай тек ушыға бермек. Денсаулық сақтау минстрлігінің дерегінше, бір ғана Алматыда бір жылда вейп тұ­­­тыну 372%-ға өскен. Қазақстан вейп-­­­эпидемиясының қауіпті аймағына кірді.

Қазақстандық нарколог-пси­­хиатр, Психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Алена Можарованың айтуынша, Балалар вейптердің темекі немесе у екенін түсіне бермейді.

– Бұл сұйықтығы бар арнайы картриджден тұратын құрылғы түрінде болып келеді. Баланың са­­насы оны түтікшемен шырын ішкендей қабылдайды. Өндіруші­­­лер де мұны әлеуметтік желілер, ғалам­­тор арқылы «жақсы көңіл күй сыйлайтын қауіпсіз өнім» деп жарнамалайды. Шынында, мүлдем олай емес. Ондағы никотин тәуел­­ділік тудырады. Ацетальдегид өкпе тіндерін зақымдайды. Ашып көр­­­сетілмеген басқа улы заттары жетер­­­лік. Оның бәрі жүрек пен миға нұқ­­сан келтіреді. Вейп түтінінде екі мыңнан астам қауіпті зат түрі та­­­былған. Олай болса, бұл оны тұтын­­­байтын, алайда соны шегу­­шінің қа­­­сында отырған балалар мен адам­­­дарға зиян келтіреді, – деді нарколог.

Ол вейптер әлемде ерекше эпи­демия тудырып жатқанын жет­­кізді. Нышандары бойынша оның дерті пневмонияға ұқсас, бірақ аса ауыр өтеді, емдеу де күрделі.

Бұл ауруды ғалымдар EVALI атады (E-cigarette and Vaping use-Associated Lung Injury немесе электронды сига­­реттер-вейптер тартудың кесірінен өкпенің зақымдалуы). Сарапшылар EVALI дертін «ең қауіпті салдарларға ие ауруларға» жатқызды. Клини­­­калық хаттамасы болмағандықтан, Қазақстанда ол ресми тіркелген жоқ. Басқа диагнозбен кетеді. Әйт­­кенмен, қазақстандық дәрі­­­герлер вейптердің қандай салдарға соқтыратынының фото, видео айғақтарын жариялап жүр. 

Сорақысы сол, әлемде EVALI науқастарының орташа жасы 24 жасты құрауда. Сырқаттардың 62%-ы – 18 бен 34 жас аралығында, тағы 16%-ы – 18 жасқа да толмаған. Бұл ауру тез және жиі өлімге соқ­­­тырады. 2020 жылдан бері АҚШ-тың барлық штатында тіркеліп жатыр. Колумбия округінде оның науқасты ауруханаға жатқызуға немесе өлім-жітімге дейін жеткізгені туралы 2 807 дерек тіркелген.

Bloomberg агенттігі әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде Жа­­­понияда, Ұлыбританияда, Ка­­­надада, Гуамда, басқасында тіркеліп жатқанын жазды. Вейп тұтынған адамның бір жыл ішінде содан қайтыс болуы оқиғасы да анық­­­талды.

Көрші Ресей ТМД елдерінде алғашқылар қатарында вейптерге, никотинді тұтынудың электронды жүйелеріне толық тыйым салу мәселесін талқылауды бастаған. Бірақ сол бойы талқылаудан ары аспады.

Сондықтан заң жобасы сөз­­­бұйдаға салынып, күшіне енуі созы­­­лып кетпесе, вейптерге толық ты­­­йым салу арқылы Қазақстан әлемге ізгі үлгі көрсетіп, бұл істе ізашарға айналғалы тұр.

Айхан ШӘРІП