Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асты (01.01.2024 жағдай бойынша 20 033 546 адам – Ұлттық статистика бюросы). Алайда халық саны көбейгенімен, бала туу көрсеткішінің төмендеуі байқалады. Демограф мамандар туу коэффициентінің азаюына бірнеше алғышарттың негіз болып отырғанын айтады.
Өсім бар, туу төмен...
1,169
оқылды

Ең алдымен, ел тұрғындарының отбасылық-некелік қатынастарға деген көзқарасы өз­герген. Яғни, шаңырақ құратын жастың ұл­ғаюы, некеге дейін бірге тұру, үйлене сала ажы­ра­су, сәби сүюді кейінге ысыру және тағы да басқа себеп көп.

Экономикалық зерттеулер институтының зерт­теуінше, егер 2012 жылғы демографиялық көр­­сеткіште жігіттер орта есеппен 26 жасында үй­ленген болса, 2022 жылғы көрсеткіш – 28 жас. Осы­дан келіп, тұңғышын өмірге әкелетін ананың орта­ша жасы 25,5 жасқа (Астана мен Алматыда – 27 жас) жетіп отыр. 

2021 жылғы халық санағының нәтижесіне қа­расақ, баласы бар әйелдер арасында 22,7% (1 180 834 адам) ешқашан тұрмыс құрмағаның көрсеткен. Оған қоса, пандемия кезеңіндегі «демографиялық дүм­пу» басыла бастаған. Мәселен, былтыр қаң­тар-қыркүйекте туудың жалпы коэффициенті 

1 000 адамға шаққанда 19,5 көрсетсе, 2022 жылдың осы кезеңінде ол көрсеткіш 1 000 адамға 20,4 бо­лып­­­ты. Санақ жүрген жылы сауалнамаға қатысқан 2002-2026 жылдары туған 15-19 жас ара­лы­ғындағы қыз­дардың 27,1%-ы «келешекте неше баланы өмір­ге әкелуді қалайсыз?» деген сұраққа 1 бала деп жауап берген. Ал 31,8%-ы – екі бала, 17,1%-ы – үш, 16,9%-ы төрт бала жоспарлайтынын айтса, 7,1%-ы «бес немесе одан да көп» деген жауапты таң­дапты. 

Сонымен, биылғы 1 қаңтардағы есеп бо­йын­­ша халық саны – 20 033 546 адам. оның ішінде 12 451 004 адам қалада, 7 582 542 адам ауыл­да тұрады. Былтыр елімізде 387 991 бала өмір­ге келсе, 2022 жылғы көрсеткіш – 403 500 бала. 

Экономикалық зерттеулер институтының же­текші сарапшысы Шынар Төлешова туу көр­сет­кішінің төмендеуі еңбекке қабілетті жастағы халықтың азаюына әкелуі мүмкін екенін айтады. «Көп­теген дамыған елдерде туу деңгейі төмен­де­гендіктен еңбек ресурсы тапшы, олар сырттан миг­ранттарды тартуға мәжбүр. Осыған байла­ныс­ты, үшінші демографиялық ауысу теориясы – ел халқының дамуының ерекше кезеңі пайда болды. Нәтижесінде, халық санының, этникалық құры­лы­мының өзгеруіне және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көші-қон әсер етеді», – дейді сарапшы.

ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ ҚАЛАЙ ӨСІП ЖАТЫР?

Демографиялық жағдай туралы сөз қозғаған кезде көрші елдердің көрсеткішіне де көз салып қойған жөн секілді. Себебі шекарамыздың сыр­тында халық саны көп, экономикасы әлеуетті мем­лекеттер орналасқан. Алдымен алып Қытай­дан бастайық, 2024 жылдың қаңтарында аталған ел тұрғындарының саны 1 млрд 409 млн адамды құрады. ҚХР Мемлекеттік стастистика басқар­ма­сының дерегінше, соңғы үш жылда халықтың өсу қар­қыны 10 есеге дейін қысқарған. Оған туу көр­сеткіші коэффициентінің азаюы мен қартаю үдері­сінің жылдамдауы әсер етіп отыр. 2023 жылы Қытайдағы туу көрсеткіші 1978 жылғы деңгейге дейін құлдырап, 1 000 адамға шаққанда 6,39 коэф­фициентті көрсеткен. Бір жыл бұрын (2022 жылы) ол – 6,77 болды. Ал өлім-жітім көрсеткіші 1000 адам­ға 7,37 коэффициентті құраған. Пандемия жай­лаған кезеңде ҚХР-да ковидтен 10,41 млн қай­тыс болыпты. Десе де, Қытай – әлемдегі халқы аса тығыз орналасқан мемлекеттің бірі. Елдегі тұр­ғын санына шаққанда орта есеппен 1 шаршы ша­қырымға 153 адамнан келеді.

Солтүстіктегі көршінің де демографиялық ах­уа­лы мәз емес. Росстат мекемесі 2050 жылға қа­­рай Ресейдегі халық саны қазіргі 146 млн көр­сеткіштен 133 млн адамға дейін қысқарады деп болжам жасап отыр. Егер елдегі жағдай оңалмаса, РФ тұрғыны көп топ-10 мемлекеттің қатарынан тө­менге сырғып, туу көрсеткіші қарқынды жүріп жатқан Конго, Эфиопия, Мексика секілді елдерге жол береді. Мәселен, Эфиопияда қазір халық са­ны 122 млн болса, БҰҰ-ның божауынша, 2050 жыл­ға дейін 213 млн адамға жетпек. Конго халқы қа­зіргі 97 млн-нан 215 млн-ға, Мексиканың ме­жесі 127 млн-нан 144 млн-ға жетеді деп күтіліп отыр. 

Ресейде 2007-2025 жылдарға арналған Демо­гра­фиялық саясат тұжырымдамасына (ана ка­пи­талы, жеңілдігі бар ипотека, ЭКҰ, декрет кезінде те­гін оқыту, т.б.) қарамастан туу коэффициенті жо­ғарылмай келеді. 

Айналамыздағы халық саны жоғары елдердің үштігіне кіретін Өзбекстанда ғана табиғи өсім қа­лыпты. Былтыр бұл мемлекетте халықтың таби­ғи өсімі 789,19 мың адамға жеткен. 2024 жылғы 1 қаң­тардағы дерекке сүйенсек, Өзбекстандағы ха­лық саны – 36 млн 799,8 мың адам. Былтыр рес­публикада 283 808 неке қиылса, ажырасу көр­сеткіші 49 198-ді құрапты. 

Ал Қазақстандағы көрсеткішке келсек, 2023 жы­лдың 9 айында 90,3 мың неке тіркелсе, ажы­рас­қандар са­ны – 12,4 мың. Айта кетейік, Wisevoter плат­­фор­ма­сының 2022 жылы жариялаған дере­гінде Қа­зақ­стан ажырасу көрсеткіші бойынша 114 мем­ле­кеттің ішінде 16 орынға шыққан бола­тын.

Дегенмен елдегі жалпы демографиялық ахуал­дың сипатына қатысты көзқарас та, пі­кір де әр алуан. Біз хабарласқан мамандардың тақырыпқа қатысты жауабы төмендегіндей болды.

Алтын УАЛТАЕВА, 

Ш.Уәлиханов атындағы 

Тарих және этнология институтының

жетекші ғылыми қызметкері, профессор:

ТУУ КӨРСЕТКІШІ ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙҒА ТӘУЕЛДІ

– Қазақстанда 1991-2000 жылдар аралығында туу көрсеткіші өте төмен болды. Ол 2006-2008 жылдардан бастап өсе бастады. Туу көрсеткішінің ең жоғарғы шыңы 2022 жылы тіркелді. Бұл – 1991 жылдан бергі уақыт ішіндегі жоғарғы меже. Біріншіден, пандемия кезінде халық жаппай үйде отырды, жұбайлар бір-біріне өте жақын болды. Адамдар балаларымен, жұптар бір-бірімен тығыз араласып, Отбасылық институт жұмысының берік болуына жағдай туды. Яғни, 2020-21 жылдардағы пан­демия кезеңіндегі осындай жағымды жағдай нәтижесі 2022 жылы көрініс тапты. Одан кейін бұл көрсеткіш біртіндеп қайта төмендеп келе жат­қа­нын байқаймыз. Ең жоғарғы туу көрсеткіштері – Маңғыстау, Түркістан облыстарында және Шым­кент қаласында. Жалпы, оңтүстік аймақтарда көр­сеткіш жақсы. Ең төменгі көрсеткіш – СҚО-да.

Туу көрсеткішінің коэффициентіне келсек, 2022 жылдың бірінші жартысында 1 000 адам­ға 19,84 бала дүниеге келді. Ал 2023 жылдың бірін­ші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 19,20 болды. Дегенмен өлім-жітім көрсеткіші азая бас­таған. Егер 2022 жылы 1000 адамға шақ­қан­да 7,11 болса, 2023 жылы 6,44 болды. Яғни, өлім-жітім көрсеткішінің азаюын көреміз.

­Халық саны өсіп жатыр, неге туу коэффициенті тө­мендейді деген заңды сауал туатыны рас? Тұр­ғын саны тек туудың есебінен өспейді. Мәселен, 2023 жылдан бастап өлім-жітім деңгейі азайды. Көші-қон ағыны байқалып отыр. Халық саны осын­дай есептерден құралады. Ал оның барлығы реп­родуктивті жастағы адамдар емес қой. Сон­дықтан егер туу коэффициенті тұрақты түрде тө­мен­дей берсе, бұл міндетті түрде республика хал­қының жалпы санның азаюына әсер етеді. Туу көр­сеткіші неге азайып жатыр? Біріншіден, таби­ғи өсім көрсеткіші төмендеген. Екіншіден, өлім-жітім жоғары. Үшіншіден, миграция көрсеткіші ұлғайған. 

Туу көрсеткішінің азаюына қала тұрғындары­ның көбеюі де себеп. Ауылдық жердің тұрғын­дары­на қарағанда қалалықтар жағдайға бейімдел­гіш болады. Қалада пәтер қымбат, азық-түлік ба­ғасы жоғары. Егер қалаға көшіп келген жас от­ба­сының басында баспана болмаса баланы жос­парлауды да тежейді. Қалада табыстың көп бөлігі шы­ғындарды төлеуге кетеді, қазір әйелдер жұмыс­бас­ты. Әсіресе, қалалы жерде еңбек нарығына іле­су, қосымша білім алу, қосымша ақша табу деген талаптар көбейген. Сол себептен туу көрсет­кіші азайды.

Ал ауылдарға келсек, ауылда да осындай әлеу­мет­тік-тұрмыстық мәселе бар. Айта кету керек, көпбалалы отбасылар ауылдық жерлерде тұрады. Жас­тардың көбісі қалаға кетіп жатыр. Мақсат – жалақысы жоғары жұмысқа орналасу, білім алу, ата-аналарына материалдық көмек көрсетуге де­ген ұмтылыс. Осының бәрі, әсіресе жастардың қа­лаға қоныс аударуына ықпал етеді.

Үшіншіден, ажырасу саны көбейген. Қазіргі күні әйелдердің көбісі өзін-өзі қамтамасыз ететін болған. Яғни, олар эмансипацияланады, эко­но­микалық тұрғыдан тәуелсіз. Бірақ оны қабылдау әр отбасында әрқалай. Ер адамдар өз позиция­сы­нан бас тартқысы келмейді де келіспеушіліктер орын алады. Сондай-ақ қаржылық-экономикалық жағ­дай, тұрғын үй проблемалары ажырасуға әсер етеді.

Тағы бір проблема – инфрақұрылыммен қам­та­масыз ету деңгейінің төмендігі. Қазір мектепке дейінгі мекемелердің ішінде саннан қарағанда са­па төмен. Жұмыс істеп тұрғандардың барлығы бір­дей балабақша емес, шағын орталық, кейбірі – мектеп ішінде отырған орталықтар. Яғни, өз ғимараты жоқ. Қызмет сапасы да төмен. 

Қазақстанда 1991 жылға дейін мектепке дейін­гі мекемелермен қамту көрсеткіші өте жоғары болды. 1991 жылдан 2010 жылға дейін бұл сала құл­дырауды бастан кешті. Балабақшалар жабылып қалды, жекешелендіріп кетті. Сонымен қатар Кеңес үкіметі кезінде 3 жасқа дейінгі балалардың қамтылу көрсеткіші де жоғары болды. Қазір 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көр­сеткіші аз, орын жетіспейді. Балабақшалар кіш­кентай деп алмайды. Осының барлығы ата-ана­ның көңіл күйіне, күнделікті тұрмыстық жағ­дайына кері әсер етіп, жастар бала туу жоспарын шегере түседі.

Ержан МЫРЗАБАЕВ, 

«Отбасы академиясы» қоғамдық бірлестігінің 

директоры, педагог-психолог:

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БӘРІНЕН БИІК ТҰРУҒА ТИІС

– Жалпы, отбасын құрған кезде асығыстық қа­жет емес. Себебі бас кезінде жас адамның бойын­да эмоция басым болады. Түрлі қателіктер болуы мүмкін. Екіншіден, ұзақ жүріп қалу да дұ­рыс емес. Ол адамның психоэмоционалды-фи­зио­логиялық қажеттіліктерін ескере отырып, қа­былданатын шешім. Ең маңыздысы, психо­ло­гиялық тұрғыдан есею, жауапкершілік ала білу. Соны­мен қатар тұрақты жұмыс орнының болуы маңызды. Отбасын құрамын деген адамға осы кри­терийлер жеткілікті. 

Егер «алдымен жағдайымды жасайын, өмірдің қы­зығын көріп алайын» деген секілді оймен жүре бер­сеңіз, нәтижесі кейін жұп құрған кезде отба­сы­лық институтқа кері әсер етеді. Өйткені отба­сы­лық өмірге дейін көп қыдырған ерлі-зайыпты­лар­да, әсіресе ер азаматтарда әйелімен қарым-қа­тынаста белгілі бір тұрақтылыққа икемделуде проб­лемалар туындайды. Сондықтан барынша ерте үйленген әлдеқайда абзал.

Біз демографиялық өсімді көздеген кезде сапалы ұрпақты қалауымыз керек. Саны бар, сапасы жоқ болатын болса, әрбір бала әлеует­ті проблемаға айналады. Мәселен, бүгінгі пе­до­фильдер, отбасында түрлі зорлық-зомбылық әре­кет жасайтындар, ұрлықшылар – олар да бала бол­ды ғой. Әрине, олар да демографиялық өсім­нің жемісі. Бірақ уақытында ата-анасы дұрыс көңіл бөлмегендіктен, дұрыс тәрбие берілме­ген­дік­тен осындай жағдайға түсіп жатыр. Сол себепті адам баласының ең басты парызының бірі – то­лық отбасы институтын құру. Біз өмірге әкелген әр баламыз он балаға, жүз балаға татитындай са­па­лы білім, тәрбие беруіміз қажет. Соған байла­ныс­ты жауапкершілік арқалауымыз керек.

Пандемия кезінде көпбалалы отбасылардың ана­ларын көрдік. Барлығы әкімдік жағалап, ми­нистрлік алдына жиналып, «төрт балам бар, бес балам бар, асырай алмай жатырмын» деп шу көтерді. Бір жағынан, баласын «асырай алмай жа­тырмын» деген ата-ана ұрпағына қаншылақты тәрбие бере алады? Қаншалықты сапалы білім алуына жағдай жасай алады? Осындай түйткілді мәселелердің барлығының біздің әлеуетті ұрпақ, сапалы адам тәрбиелеп шығумызға үлкен әсері бар. Толық емес отбасында өсіп жатқан баланың көбеюі – бұл қауіпті үрдіс деп ойлаймын.

Аяулым САҒЫНБАЕВА, 

демограф: 

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰЖЫРЫМДАМА ҚАБЫЛДАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

– Туу көрсеткіші азаяды дегенде, ол бірден күрт түсіп кетпейді, біртіндеп азаю процесі жүреді. Өйткені 1987-1989 жылдары дүниеге келген әйел­дердің әлі де репродуктивті әлеуеті жоғары. Осы жастағы келіншектер кезекті баласын дү­ние­ге әкелу ойларын жүзеге асырады деген болжам бар. Мәселен, 1989 жылғы әйелдер биыл 35 жасқа келді, олардың әлі де әлеуеті жоғары. Олар әлі де 1 немесе 2 баланы дүниеге әкелуі мүмкін. Яғни, ал­дағы 5-6, тіпті 10 жыл деп алайық, күрт төмендеу бо­­ла қоймайды. Дегенмен отбасының әлеуметтік-эко­­но­микалық жағдайы деген бар. Екінші мәселе – құндылықтар. Ол шаңырақта отбасылық құн­дылық қаншалықты жоғары сақталып отыр? Осы жағдайларды біз әлі білмейміз. Өйткені арнайы зерттеулер болған жоқ. Сондықтан туу көрсеткішіне осындай жағдайлар да әсер етуі мүмкін. 

Тағы бір әсер ететін фактор – әйелдердің еңбек на­рығына енуі және білім алу мәселесі. Қазір бел­сенді репродуктивті әлеуеті жоғары жастар – 1990 жылдардың аяғында өмірге келгендер. Естеріңізде болса, ол жылдары елімізде туу көрсеткіші ең тө­мен кезең болатын. Сәйкесінше, 90-жылдардың ая­ғында туған қыздардың саны да аз деген сөз. Әрине, бұл ретте интенсивтілік төмендеуі мүмкін. 

Біздің елде баланы дүниеге әкелуге шектеу жоқ. Дегенмен біз тууды жоғары деңгейде ын­таландыру шараларын да қабылдаған жоқпыз. Демографиялық дамудағы басты мақсатымыз – осы, осындай мәселелерді шешуіміз керек деген­дей арнайы демографиялық тұжырымдама жоқ. Әрине, денсаулық сақтау саласында, әлеуметтік қорғау саласында белгілі бір қолдау түрлері бар. Бірақ оларды бір ізге түсіріп, тұтас тұжырымдама ретінде бағдарлама қабылдаудың уақыты келген секілді. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен өткен Үкімет­тің кеңей­тілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Президент азаматтарға әлеу­меттік көмек пен қолдау механизмдерін то­лық қайта қарау қажет екенін атап көрсетті. Бәл­кім, осы тапсырманың аясында арнайы демогра­фиялық тұжырымдама қабылдаған жөн болар де­ген ойдамын.

Бізде шешілмей келе жатқан инфрақұрылым мә­селесі бар. Жас аналар, қыз-келіншектер балалы бол­ған соң оларды дәрігерлік тексеруге, балабақ­ша­ға тасиды. Қоғамдық көліктің жетіспеуі, медициналық мекемелердегі ұзын-сонар кезекте тұру әйелдерді қажытып жібергендіктен, олар ке­лесі баласын туу жоспарын кешіктіре түседі. Мұн­дай мәселелердің барлығы біздің демография­лық саясаттың тікелей іске асуына тікелей кері әсер етеді.

Сондай-ақ айта кетер тағы бір жайт, халық сана­ғында «Неке және отбасы» деген статистика­лық жинақ бар. Сол жинақта 1 млн 180 мың әйел тұр­мысқа шықпай бала туғаны жазылған. Бұл үр­дісті қоғам қалай қабылдайды, қандай көзқарас болуы мүмкін. Айта кетейік, Қазақстанда шама­мен 100 қызға шаққанда 106 ұл бала дүниеге ке­леді. Бірақ ер балалардың саны тез азаяды. Оған бала өлімі көрсеткіштері, бозбалалық кезеңдегі түр­лі жағдайлардан қаза табу, жол-көлік оқиғасы және тағы басқа себептер әсер етеді. Яғни, реп­родуктивті жасқа жеткен кезде әр әйелге ер-аза­мат жете бермейді. Өздігінен баланы өмірге әкеліп жатқан әйелдердің арасында да арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген жоқпыз. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын. Ауыр аяқ болып қалып, ер бала үйленуден бас тартуы мүмкін. Негізінен, қыздар кейін­гі келешегінен қауіптеніп, түсік жасатпай, ба­ланы өмірге әкеледі. Әркімнің өмірлік оқиғасы әр­түрлі. Оған араласып, кесім айту да этикалық тұр­ғыдан дұрыс емес деп ойлаймын. Олар да де­мог­рафиялық өсімді беретін әлеуметтік топ са­натына жатады.

Бауыржан БАЗАР