Десе де, дәріханадағы самсап тұрған дәрі-дәрмектің қайсысының дертке шипа боларын дәрігердің нұсқауынсыз нақты білудің өзі қиынға соққан. Бағасы да әркелкі. Тіпті, тым қымбаты да, қолжетімді арзаны да жетіп артылады. Ақыры қалтаңа қарап бағасың. Ең қызығы, бізде қымбат дүние адамға жақсы әсер етеді деген ой қалыптасқан. Бұл негізінен нарықтың және жарнаманың ықпалы. Фармацевтика мамандарының айтуынша, кез келген дәрі не тұнбалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесінің талаптары негізінде жасалып, сан алуан сынамадан өтеді екен. Тіпті, әсер ету жағдайы да бірдей дайындалатын көрінеді. Соның өзінде қымбатына қарай жүгіретініміз жасырын емес.
Мұндайда кейбіреулер шөп тұнбасын ішуді ұсынып жатады. Соңғы кезде шөптен түрлі тұнба әзірлеп, шәй түйетіндердің де саны көбейген. Әлеуметтік желіде жарнамасынан көз сүрінер мұндай дәрілік шөптердің кейбірін «тау шөбінің тамыры» десе, енді бірін «теңіз балдырынан жасалған» деп жарнамалайды. Қайсы бірін қарасаңыз да, сырқаттан құлан таза айықтырып жібереді-мыс. Дегенмен шөптен дәрі дайындау адамзат баласының бәріне ортақ көнеден келе жатқан дәстүр. Бүгінде мұнымен түбегейлі айналысып жүргендер де жоқ емес.
Шөппен емдеу тиімді ме?
Шөптермен емдеу, яғни фитотерапия – медицина ғылымының бір саласы. Тіпті, мұның тарихы 7 мың жылдан асып жығылады дейді ғалымдар. Еуропаның, Ежелгі Мысырдың, Қытайдың, Үндістанның алғашқы қауымдық қоныстарында емдік өсімдіктер жиі қолданылғаны анықталған. Шөптермен емдеу дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бізге жеткендігі белгілі. Егер заманауи фармакологиялық дәрі-дәрмек орташа 5-10 жыл «өмір сүрсе», ал Гиппократтың өзі сипаттаған шөптер бүгінге дейін өзінің өзектілігі мен тиімділігін жоймаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, ауруханаға жатқызылған науқастардың 5-7%-да химиялық препараттарға төзбеушілік салдарынан дәрілік асқынулар пайда болады екен. Мұндай науқастарға міндетті түрде шөп препараттар қолдану ұсынылады. Сонымен бірге аталмыш ұйым статистикалық деректерді саралай келе жыл сайын дүниежүзінде 1 миллионға жуық адам дәріні теріс қолдану мен қабылдау кезінде реакция салдарынан қайтыс болады екен. Сондықтан терапияның іргелі тәсілдерін қайта қараған ДДСҰ өткен ғасырдың 80-жылдарының басында әлем ғалымдарының басын қосып, дәлелді медицина принциптері негізінде өсімдік шаруашылығының көп ғасырлық тәжірибесін ғылыми түрде тексеріп, медицинаға енгізген. Осыған байланысты, шөп медицинасы дәрілік шөптен препараттарды жасаудың тың әдісін енгізген. Сөйтіп, әлемде алғаш рет – фитониринг, шөптік препараттарды өндіруде әлемдік көшбасшы болып Bionorica (Германия) компаниясы өз жұмысын бастаған. Қазір немістер салған осы жолға дүниежүзінің ілескені анық.
Шөп шәй мен түрлі дәрілік шырын өндіру ісі біздің елде де соңғы уақытта белең алды. Адамдардың барлығы болмаса да, ішінара дәріхана сөрелерінен шөп шайды сатып алып жатқанын көріп жүрміз.
Еліміздің оңтүстігінде осы шөп шайлардың 250-ге жуық түрін жасап саудалап отырған ең ірі компаниялардың бірі – «Зерде-Фито» ЖШС компаниясы. 20 жылға жуық түрлі шөптен фито шай жасаумен айналысып келе жатқан кәсіпорынның өндіріс директоры Мақсат Жұматаев компания отандық нарықтың 55%-ын қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
«Біздің кәсіпорын дәрілік шөптердің мол түрін шығарумен айналысатындықтан шикізатты өзіміздің елмен қоса шетелдерден де молынан тасымалдаймыз. Тіпті, Ресей, Украина, Беларусьтегі да шикізаттар келеді. Мұның барлығын мемлекеттік сатып алу жолымен жүзеге асырамыз. Сондықтан бір жолда бірден мол көлемде шикізат әкеліп, оны өңдейміз. Келген өнімді алдымен зертханаларға апарып, сапа сертификатын аламыз. Егер талапқа сай болмаса, өнімді кері қайтарамыз. Қазір дайын өнімді еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатырмыз. Әзір шетелдерге шығарып жатқанымыз жоқ, бірақ алдағы уақытта жоспарда бар», – дейді маман.
Еліміздегі ірі қалалар мен ауылдық жерлерге дейін жеткізіліп жатқан аталмыш фитошайлардың сапасына ерекше мән берілетінін айтады Мақсат Жұматаев. Оның сөзінше, кез келген өнімді зертханадан бөлек, қолмен де саралау жұмыстары өткізіледі екен. Себебі қолмен жүйелеу арқылы сапаның талапқа сай болуын одан сайын нақтылай түседі екен.
«Біз әлемдік сапа стандарттарына сай өнім өндіреміз. Сапаға ерекше мән береміз. Егер сапа төмен болса, әлеуметтік желілер мен арнайы көрсетілген сайтқа нашар пікірлер келе бастайтын еді. Әзірге ілуде біреу болмаса, ондай бір жаман пікірдің болғанын көрмедік. Көбіне халық оң пікірін айтып, хабарласып жатады. Қазір әлеуметтік желілер арқылы белгісіз өнімдер көп саудалана бастады. Бірнеше рет осындай дәріден уланып қалған жағдайлар да тіркелді. Ал біз мұндайға жол бермейміз», – дейді Мақсат Жұматаев.
Дәстүрлі медицинаның да ерекшелігі бар
«8 жасымнан бастап ағам Құмар Зарқымұлымен бірге еріп жүріп, шөп дәрілермен емдейтін халықтық медицинаны жадыма жаттап өстім» дейді Рашат есімді дәстүрлі емші. Бүгінде Рашат Астана қаласынан шағын шығыс медициналық орталығын ашып, келушілерді емдеп жүргеніне 6-7 жылдың жүзі болған екен.
Рашаттың ағасы Құмар Зарқымұлы қытай елінде дәрігер мамандығы бойынша профессор дәрежесіне дейін көтерілген. Дәстүрлі медицина оның ішінде шөп дәрілермен емдеудің қыр-сырын ерекше жағдайда меңгеріп қана қоймай, талайдың дертіне шипа тапқан. Бүгінде жастайынан үйренген ғылымды бойына сіңірген Рашат та жазда шөп піскен шақта еліміздің шығысына, оңтүстігі мен батысына арнайы барып, дәрілік шөптерді өз қолымен жинайды екен.
«Мен Қытайдың Үрімжі қаласында медициналық университетті осы Халық емі саласы бойынша оқып бітірдім. Менің бұл жолды таңдауыма әкемнің ағасы Құмар ақсақал үлкен әсер етті. Еліміздің әр өңіріне барғанда шөптердің түрін арнайы зерттеумен де айналысып жүрмін. Мысалы, шөптердің түрінен майбұлау жасап, мақпал шөптен тұнба әзірлеу арқылы бүйрек, бауыр, буын мен асқазан ішек ауруын емдеп жүрмін. Тіпті, белсіздікке душар болған жандар да келіп дертіне шипа тапты. Сондықтан мен шөп дәрілердің қасиетін ерекше сипаттаймын. Әрине, химиялық дәрі-дәрмектердің адам ағзасына әсер етуі тез жүргенімен оның келесі бір жағы болады. Химиялық дәрілер бір органды емдегенімен келесі біріне кері әсер етіп жатады. Шөп дәрілерді дұрыс қолданса, мұндай келеңсіздіктер болмайды. Әрине, химияға қарағанда баяу болуы мүмкін, бірақ адамның денсаулығын шынымен оңалтып жібереді. Бұған менің де емделушілерімнің де көзі жетті», – дейді Рашат Құсыманұлы.
Дәрілік шөпті пайдаланудың да жолы бар
Қазір Қазақстанда дәрілік заттардың 7,4 мыңнан астам атауы тіркелген екен. Оның ішінде дәрігердің рецепі бойынша 5 736 (77 %), рецепсіз – 1 691 дәрі-дәрмек еркін түрде сатылымға шығарылады екен. Бірақ осы дәрілердің кейбірінің адамға жағымсыз әсер ететіндері де бар. Ол енді «кейбір адамның денсаулығына да байланысты» дейді дәрігерлер.
«Мен қарапайым дәрілерді ішкен кезде денеме түрлі бөртпе пайда болатын. Бала кезімді онша білінбеді. Қазір жасым 40-тан енді асқан шақта дәріханадан қарапайым парацетамол мен аспиринді де сатып алмайтын болдым. Дәрігерлер химиялық дәрілерге реакцияң бар деп кесіп айтты. Тіпті, өміріме қауіп төнуі мүмкін екенін ескертті. Содан бері үш жылдың жүзі болды, тек шөп дәрілерді қолданып жүрмін. Керісінше осы шөптен жасалған дәрілердің ағзама жағатынын байқадым», – дейді астаналық тұрғын Алмагүл Қуандыққызы. «Дәрілік өсімдіктермен емдеу жүйесі – фитотерапия деп аталады. Ол адам ағзасына жұмсақ, зиянсыз әсер етіп, жанама әсерлердің туындауына жол бермейді. Бұл әдіспен емделуді – аурудан табиғи жолмен құтылғысы келетін адамдар таңдайды. Дегенмен өзін-өзі емдеумен айналыспай, алдымен дәрігермен кеңескен жөн. Негізінен өз басым шөптік дәрілерді қолданудың дұрыстығын емделушілеріме үнемі айтып отырамын. Өзімнің 28 жылдық тәжірибемде үнемі айтатыным, адам алдымен өзінің денсаулығын оңалту үшін, тамақтануды реттеуі керек. Қазір жастар газды сусындар мен түрлі фастфуд өнімдерін көп пайдаланады. Бұл адам ағзасын улап тастайды. Осы тағамдар кесірінен ауырғандардың денесінде рак клеткаларының қозуы әбден мүкін. Биологиялық активті заттар жылы және суық болып екіге бөлінеді. Суық активті заттар деп теңіз түбінің өнімдерін айтсақ, жылы активті өнім деп жер бетінде өсетін шөп түрлерін айтамыз. Екеуінің адам ағзасына әсер етуі негізінен бірдей. Тек қолданар алдында дұрыстап нақтылап алған дұрыс. Мен өзімнің емделушілеріме көп жағдайда өт жолдары мен бүйрек жолын, асқазан жолдарын тазартатын дәрілік шөптерді тағайындап отырамын», – дейді жалпы практикалық дәрігер Айнагүл Шәдетқызы.
Дәрілік шөптерді пайдаланудың елімізде көп тараған түрлері бар. Олар: тамақ ауырғанда – түймедақ гүлдері, жебірдің шөбі, шайшөптің шөбі, тыныс жолдарының ауруына – шегіргүлдер, жебір шөп, киікоты т.б. болып сараланатыны шын. Сондықтан әрбір шөптер адам ағзасына оң әсерін берері сөзсіз. Алайда олардың тиімділігі – жиілілігімен, жүйелілігімен және ұзақтығымен тікелей байланысты болмақ. «Егер сіз шөп тұнбаларын ішіп жүрсеңіз, онда оны ең кемі апта сайын үзбей ішу керек екенін ескертеді» мамандар. Бір ескеретіні – емдік шөптерді қабылдауды арнайы маман тағайындаса тіпті жақсы.
Бердібек ҚАБАЙ