Жетісу спортының жарқын жетістіктері бүгінде сәл-пәл көмескі тартқандай. Олимпиада жылында Токиоға жолдама алғандар санымен мақтана алмайтындаймыз. Кезінде бір Олимпиадада бірнеше спортшы жеңіске жетіп, жүлдегер атанып, айды аспанға шығарған Алматы облысының спорт саласында биылғы жазда өтетін дүниежүзілік додаға жол ашатын 6 жолдама ғана барлығы алаңдатады.
Оған Алматы облысы әкімінің спорт саласы үздіктерін марапаттауы барысында көз жеткізе түстік. Бұл жолы құрметке ие болғандар арасында XXXII жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алғандар, өткен жылғы Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, білікті жаттықтырушылар мен спорт саласын жазатын журналистер болды. Осылардың ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионаттарында топ жарған Алматы қаласындағы Алматы облыстық №1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеңістері облыс әкімінің айрықша разылығына ие болды.
Салтанат сарайында өткен салтанатты шарада айтылғандай, 2019 жылы жетісулық спортшылар барлығы 2 537 медаль жеңіп алыпты. Оның ішінде 906 алтын, 709 күміс, 922 қола жүлде бар. Сонымен бірге 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 34 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 спорт шебері, 998 спорт шеберлігінен үміткер, 922 бірінші разрядты спортшы дайындалыпты. Жергілікті бюджеттен 108 үздік спортшыға ай сайын шәкіртақы төленсе, олардың ішінде 28 мүмкіндігі шектеулі спортшы бар. Алдағы Токио Олимпиадасына садақшылар Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, жеңіл атлетші Айман Ратова, балуан Асхат Ділмұхамедов және садақ ату бойынша бір командалық жолдама жеңіп алынған.
– Былтыр Қарасай ауданы Шамалған ауылында «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Кеген ауданы Кеген ауылында «Нұр-Аман» денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында спорт кешені салынуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр аудандарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Алматы облысында 2021 жылға дейін осындай 20 спорттық кешен пайдалануға беріледі, – деген облыс басшысы Талдықорған қаласында әлемдік стандартқа сай олимпиадалық үлгідегі жабық жүзу бассейні салынып жатқанын еске салды. Өңірдегі спорт саласының бүгінгі бағыт-бағдары, қолдау шаралары жайлы қысқаша айтып өтті. «Жетісу» футбол клубының жылды 5-орынмен аяқтағанын, волейболдан «Жетісу» әйелдер командасының жеңістеріне, көгалдағы хоккей, қол добындағы жетістіктерге тоқталды. Алматы қаласындағы Алматы облыстық №1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің тамаша жеңістерін айрықша атап өтті. Спортшыларымыздың Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында да жерге қаратпайтынына сенім білдірді. Спорттық жыл қорытындысында «Жылдың ең үздік спорт мекемесі» атанған Талдықорған қаласының денешынықтыру және спорт бөліміне, №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және федерациялар арасында үздік деп танылған Алматы облысының волейбол федерациясына облыс әкімінің дипломы мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификаты тапсырылды.
Халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, спорт тақырыбын насихаттаушы БАҚ өкілдері ақшалай сыйлық сертификатымен марапатталды.
Болат АБАҒАН,Алматы облысы