Жалпы, бұл бастама ең алғаш 2012 жылы қолға алынған болатын. Сол кезде осы жоба аясында халықты арзан бағада көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген еді. Алайда көпке арман болған көкөніс егу жұмысы іс жүзінде өз нәтижесін көрсеткен жоқ.
Мәліметке сәйкес, сол уақытта 120 жылыжайды салуға 700 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Бұл қаржыға халықты арзан көкөніске қарық қылады делінген жылыжайлардың қаңқасы тұрғызылған. Бірақ жоспарлы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге аспай, жылыжай нысаны қараусыз күйде қалып кеткен. Бүгінде жылдап көңіл бөлінбеген жылыжай кешенінің күйі қашқан. Нысанның жабындылары сынған, жылу батареялары да тот басып, жарамсыз күйге түскен.
Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, осыдан 12 жыл бұрын көпшілікті қуанышқа бөлеген жылыжай осы күні жетімнің күйін кешіп тұр. Арзан көкөніспен жарылқайды деген бірегей жоба аяқсыз қалып, халыққа бірде-бір өнім бұйырмаған. Тұрғылықты халық «қыруар қаржы желге ұшқаны ма?» деп налиды.
Осы орайда аталмыш жобаға бастамашыл болған «Аграрлық несие корпорациясының» Қызылорда облыстық филиалы да қордаланған мәселені жоққа шығармайды. Жылыжай жұмысының жүйеленбеуінің өзіндік себебі бар екенін алға тартады.
«Бұл жоба 2012 жылы Қызылорда қаласы тұрғындарын қолжетімді бағада көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. Соған орай сол кездегі «Ауыл шаруашылығын қаржылай колдау қоры» АҚ тарапынан 120 шағын-жылыжай комплексін салуға 660 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Соның негізінде жылыжайларды салуға өтініш танытқан кәсіпкерлерге лизингке беруге шешім қабылданған. Алайда сол уақыттағы таңдалған кәсіпкерлер лизинг шартына сәйкес міндеттемелерді орындамауына байланысты лизинг шарты бұзылды. Ал 2015 жылы шағын жылыжай кешенін «Ауыл шаруашылығын қаржылай колдау қоры» АҚ қабылдау-тапсыру актісі бойынша қайта қабылдады. Соған сәйкес, шағын жылыжайлар бойынша ағылшын және голланд әдістерімен cатып алу рәсімі өткізілгенімен, оған қатысуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің болмауына байланысты сатып алу рәсімі жүргізілмеді. Бертін келе 2017 жылы 70 шағын жылыжайды, ал 2021 жылы 50 шағын жылыжайды іске қосу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тапсырыс берген кәсіпкерлерге лизинге берілді. Алайда қазір жаңа лизинг шартымен алған кәсіпкерлер шарт бойынша қарастырылған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап-арыз жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лизингтік шарт бойынша жылыжайларға лизингке алған кәсіпкерлер жауапты болып келеді», – деп түсіндірді филиал басшысының орынбасары Нұрмәди Әлібаев.
Жалпы, бір кездері жарнамасы жер жарған жылыжай жобасына тұрғылықты халық зор үмітпен қарағаны жасырын емес. Себебі осы арқылы қала тұрғындарының 65 пайызын арзан көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік артады деп сендірді. Бұл жайында сол уақытта облыс әкімдігінде өткен Қызылорда қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген мәжілісте қала әкімдігінің мәлімдегені ел есінде болар.
Сол кездегі мәліметке сәйкес, арзан көкөніспен қамтамасыз етуге негізделген жылыжай жобасы толық іске қосылса, жылына 500 тоннадай өнім жиналады деп жоспарланған. Осы арқылы аймақ жұртшылығының қыс мезгілінде арзан көкөніске деген қажеттілігін толық өтейтіні де айтылды.
Содан бері талай жыл тек тұрумен тозып жатқан жылыжай жұмысы жанданса деген көптің тілегі бар. Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясынан» жылыжай жобасының келешегі төңірегінде де сұрап көрдік.
«Шағын жылыжайды қайта іске қосу үшін қанша қаражат қажет болатынын есептеу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылыжай кешеніне техникалық зерттеу материалын дайындаған. Нәтижесінде, оны қайтадан іске қосу үшін қомақты қаражат қажет екені нақтыланды. Сол себептен қазір жылыжайларды қайта іске қосу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұған дейін екі жылыжай бойынша инвесторлар мен клиенттерді іздестіру жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар облыс әкімдігіне, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына, Ауыл шаруашылығы басқармасы секілді бірқатар жауапты орынға хат жолданды. Бірақ жылыжайларды іске қосып, өз бизнесін жүзеге асырғысы келетін кәсіпкерлер бой көрсетпей отыр. Нақты уақытта соттың қарауында жатқан талап-арыздың шешімі күтілуде. Алдағы уақытта жылыжайларды қайта қабылдағаннан кейін іске қосатын, қалпына келтіретін және кәсіппен айналысатын инвесторларды іздестіру жұмыстары жалғасады», – деп түсіндірді бұл жайында филиал басшысының орынбасары.
Бұған дейін үмітінен күдігі басым жобаны ара-тұра жандандыруға ниет білдіріп, көкөніс егуді қолға алғандар да болған. Бірақ түрлі себеппен бастаған ісін соңына дейін жүргізе алмай, жар ортадан тастап кетіпті. Соның салдарынан қыруар қаржы қар мен жаңбыр суынан тозып, желге ұшып жатыр.
Айтпақшы, жылыжай жобасы алғаш басталған тұста қала әкімі қызметін атқарған Нұрлыбек Нәлібаев бүгінде облыс әкімі лауазымын тізгіндеп отыр. Соған орай Сыр жұрты аймақ басшысынан бір кездері аяқсыз қалған бірегей жобаны қайта жандандыруға ықпал жасайды деп үмітпен қарайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы