Қымбат Сағынқызы – тұңғыш гобойшы қыз ғана емес, қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы радио режиссерлердің бірі. Мұндай деректерді бірі білсе, бірі білмес, сондықтан өмірі өнегеге, тағдыры тағылымдық тәрбиеге толы қазақ қызының тұлғалық келбетін, адами болмысы мен ел-жұртпен қарым-қатынасындағы үлгі етер тұстарын тілге тиек еткен замандастарының бізге айтып берген ыстық естеліктерін оқырман назарына ұсынбақпыз.
Гобой аспабын меңгерген тұңғыш қазақ қызы туралы естеліктерді бастамас бұрын, алдымен бұл аспаптың сипатына тоқталуды жөн көрдік. Ол– қазақ халық аспаптарына ұқсас келетін үрмелі аспап. Гобой аспабын үйрететін сыныптар 1934 жылдан бастап ашыла бастады десек, оны бітіріп шыққан алғашқы түлектер қатарында Нұрғалиев, Қ.Сағынова, Т.Тікішев, А.Қармысов сияқты өнер адамдары бар. Осы түлектердің ішінде құлақ құрышын қандыратын әуезді әуенге ие аспапты үйренген жалғыз қыз – Қымбат Сағынова болған. Бірақ Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның түлегі Қымбат Сағынқызы саналы бар ғұмырын Қазақ радиосында музыкалық редакцияның режиссері қызметіне арнаған еді. Айта кетейік, биыл қазақтың тұңғыш гобойшы қызының туғанына 90 жыл толып отыр.
Бүгінде Қымбат апамыздың жолын қуған қыздарымыздың қарасы көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Қазір өнерімен еліне танылып үлгерген Құралай Мәлімбаева, Гүлжан Мадамар, Айгүл Қайыржанқызы секілді гобойшы қыздарымыз аспаптың қыр-сырын жетік меңгеріп, симфониялық оркестр мен камералық музыкаға сай үйлестіріп, қолданып жүр. Ендеше апамыздың екінші өмірі жалғасуда деуге де болады.
БҮКІЛ ӨМІРІН РАДИОҒА АРНАДЫ
Қымбат Сағынқызы 1934 жылы Орал облысында дүниеге келген. Замандастарының айтуынша, мектептен қайтып бара жатқан өнерпаз көше бойында менмұндалап тұрған музыкалық мектепті көзі шалып, сонда оқуға қатты құмартқан екен. Содан бастап музыкалық мансабының алғашқы кезеңі басталады. 1953 жылы Алматыға барып, консерваторияға, белгілі Добровольский сыныбына оқуға түседі. Оқуды бітірген соң Қымбат Сағынқызы да оркестрде ойнауы керек еді, бірақ консерватория ректоры Ахмет Жұбанов оның кішкентай қызының болуына байланысты гастрольдік өмірден бас тартуына ықпал етеді. 1960 жылы Қымбат Сағынқызы Қазгостелерадиоға шақырылып, ол жерде дыбыс инженері, содан кейін режиссер болып жұмысын жалғастырған. Радиода жұмыс істеген жылдары – оның ең бақытты сәттерінің бірі еді. Ол өзінің сүйікті М.Магомаев, И.Кобзон, М.Шаханов, О.Сүлейменов сынды қайраткерлердің басын қосып, мәтінге музыка қойып, әртүрлі бағдарлама дайындап жазып алған. Мұндай адамдармен қарым-қатынас оның өміріне оң өзгерістер алып келгені рас.
«Әжеміз бүкіл өмірін радиода жұмыс істеуге арнады. Музыкалық білімі қай жерде жүрсе де әсерін бермей қоймады. Мысалы, 1960 жылдары алғашқы фортепианоны сатып алуы отбасымыздағы музыка өнерінің жаңа бастамасы болды. Үйімізде фортепиано қазір де тұр, оны көрген сайын әжемізді еске аламыз», – дейді немерелері.
Жұбай ОРЫНАЙ,
филология ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры:
«КІТАП СҰРАМАУЫҢЫЗДЫ ӨТІНЕМІН» ДЕП ЖАЗЫП ҚОЯТЫН
Қымбат апайымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Сарыбаев ағамыздың жары ретінде білеміз. Өзім А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сол кезде Шора ағаймен бірге орысша-қазақша сөздікке қатыстық. Бірте-бірте Қымбат Сағынқызымен де таныстығымыз арта түскен. Қымбат апай академик Рабиға Сыздықованың үйіне көп баратын, түрлі шарада бірге жүретін болған. Өзі мейірімді, үнемі күліп жүретін кісі. Үйінің есігін жиі қағатынмын, бір барғанымда кіреберістегі «Кітап сұрамауыңызды өтінемін» деген жазуды көрдім. Оған күліп те алдық. Бұл – кітапты күтіп ұстаудың, мұқияттылықтың көрінісі ғой. Әр кітаптың өз орны болатын. Шора ағай мен Қымбат апай қалжыңдары жарасқан жұп еді. Бірде Шора ағай дәрігерге көрініп, үйге келгенде «Маған диагноз қойды. Дәрігер сіздің бәйбішеңіздің шашынан аллергияңыз бар екен деді» деп күліп те, күлдіріп те алатын.
Қымбат апайдың опера театры оркестрінде бірнеше жыл қызмет еткенін де есіттік. Оның мықты музыкант болғанын Рабиға апай үнемі айтып, мақтап отыратын. Сонымен қатар Қымбат апайдың музыкада не болмаса радиода қызметінен бөлек, жарының ғылыммен айналысуына, қазақ тіл білімінің дамуына өзіндік үлес қосуына елеулі еңбегі сіңді. Шора Сарыбаев тіл білімінің күрделі кезеңінде ден қойды. Диалектологиялық экспедициямен қысы-жазы материал жинап, сөздіктерін шығарды. Дәл осы тұста қағазбен жұмыс істеу кезінде Қымбат апайдың үлесі орасан зор болғанын жасыра алмаймыз. Себебі Шора ағайдың денсаулығы сыр беріп жүрген кезі еді, көзі де нашар көріп, аяғын сылтып басатын.
Ал олардың отбасында музыкаға тек Қымбат апай ғана емес, оның Аманғали есімді інісі де жақын болды. Ол – аудармашы, «Тал түс», «Айдын шалқар», «Құтты мекен» және тағы басқа еңбегі бар. Әсіресе, екі томнан тұратын «Скифиада» деген үлкен жыр жинағын атап өтуге болады. Қымбат Сағынқызы інісінің жазушылық қабілетінің қалыптасуына көп ықпал етті. Аманғали Сағынұлы бір естелігінде әпкесінің шаңырағында қайраткерлермен, өнер, мәдениет өкілдерімен танысып, сұхбаттасқаннын жазыпты.
Шора ағай да, Қымбат апай да өте қарапайым кісілер еді, өздерінің мерейтойларын атап өтпейтін. Бір жиында кішкентай балаларды қасына шақырып алды да, қазақша ән орындатты. Олар кейінгі ұрпақтың қазақша сөйлеуіне ерекше ден қойды. Немерелерінің бәрін қазақ тілінде сөйлетіп, жүрген жерінде қазақтың ізеттілігін көрсетіп жүрді. Біз соған қызығатын едік. Тағы бір есте қалған жайттың бірі, аңқылдаған ақкөңіл жандар еді дедім ғой, мерейтойларда қонақтарды әрдайым Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрына шақыратын. Көбіне, Біржан – Сара операсына өзі билет алып, жастарға, студенттерге тегін үлестіретін еді. Шынымды айтсам, өзім бірнеше рет бардым. Осы уақыттардың өзінде Қымбат апай осы операда бірнеше жыл жұмыс істеді. Бұны Шора ағайдың асыл жарына, қазақ өнеріне көрсеткен құрметі деп білеміз. Өздері де опера театрын әрдайым айтып жүретін. Бүгінде олардың артында қалған ұл-қыздарымен де сыйластығымыз ерекше. Шора ағайымызды, Қымбат Сағынқызын сағынышпен еске аламыз, олардағы бар мейірімді қазіргі адамдардың бойынан іздейміз. Олардың әр ісі бізге үлгі болып қалмақ.
Раушан АЙТЖАНОВА,
Қазақ радиосының ардагері:
ТЫҢДАҒАНЫ – ӘСЕМ ӘУЕН, ОҚЫҒАНЫ – ПОЭЗИЯ
Қымбат Сағынова – Қазақ радиосының ардагері, ең алғашқы кәсіби музыканттардың бірі болды. Оралдың музыкалық мектебінен білім алып, Алматыдағы консерваторияны Роза Жұманова, Темір Тікішевтермен бірге аяқтады. Алматыдағы консерваторияға түскенінде қазақ қыздарының ішінде ең алғашқылардың бірі болып гобой аспабын меңгеріп шықты. Бірақ ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Аз уақыт симфониялық оркестрде ойнады да, отбасы жағдайына байланысты іссапарға шықпайтын жұмыстарға кірісті. Содан бастап Қазақ радиосында ұзақ жылдар бойы режиссер қызметін атқарып, осы жерден демалысқа шықты. Қымбат Сағынова жолдасымен екі қыз, бір ұл тәрбиеледі. Одан басқа академик Шора Сарыбаевтың шәкірттерін де тәрбиеледі. Соларға ақылын айтып, шәйін беріп, жарымен бірге талай маманның аяққа тұруына, алған тақырыптарын қорғауына да жақсылық жасаған адам. Ол өте кішіпеейіл адам болды. Кішіге – қамқор, үлкенге – көмекші еді, өзінің де ата-енесі болған, олардың да көңілін тауып жүрген жайдарлы кісі болды. Түрі де, жаны да, сөзі де көркем, мінезі тамаша адам еді. Жетпістің алтауына қараған шағында келместің кемесімен жүріп кетті. Балаларына өте жақсы тәрбие берді. Әрдайым көп оқитын, көп ізденетін, музыка тыңдаудан жалықпайтын адам еді. Біз бос уақытымызда ылғи опера театрының, филармонияның концерттерін жібермей, соларды тыңдап жүретінбіз. Сондықтан өмірінің соңына дейін тыңдағаны – әсем әуен, оқығаны – поэзия болды.
Мен Қазақ радиосына алғаш келгенде теңдесі жоқ төрт әйел бар екен, төртеуі де режиссерлер тобында жұмыс істеді. Олар Шәмшия Тайырова, Бибінұр Қайрақбаева, Еркін Айтжанова және Қымбат Сағынова. Барлығы қазақтың атақты азаматтарының, зиялы қауым өкілдерінің бәйбішесі еді. Бірақ Қымбат Сағынқызы қарапайым жан болды, жолдасы Шора Сарыбаев қалжыңдарына күліп, мәз болып отыратын. Өмірде өзінің мақсатына жетіп, өз ортасында абыройлы болып, адал дос, жақсы маман болды деп айта аламын.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ