«Бағасы 45 мың болатын аяқкиімді сатып алған кезде сапасының сын көтермейтінін білгем жоқ. Астана базарларының бірінен сатып алған қыстық киімім киюге жарамсыз болып қалғаннан кейін әлгі дүкенге қайта барып, мән-жайды түсіндірдім. Дүкен иелері 2 ай болған киімге кепіл жоқ екенін айтып шығарып салды», – дейді Алмат.
Жалпы, елімізде «Тұтынушының құқығын қорғау туралы» заң бар. Заңда көрсетілген баптарды бақылау мемлекеттің құзырында екені айтылған. Бірақ республикалық Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, қандай да бір жағдайда тұтынушының құқығы бұзылса мемлекеттік органдардың араша сұрап жатқаны байқалмайды.
Заңгерлер тәжірибесіз бе?
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, жыл сайын елімізде тұтынушылар тарапынан комитетке 30 мыңға жуық шағым келіп түседі екен. Бұл – бір ғана үкіметтік ұйымға тіркелген шағымдар. Ал жергілікті жерлердегі заңгерлер мен тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына келіп түсетін шағымның санынан жаңылып қаласыз.
«Біздің елде тұтынушылар құқығын қорғау саласында маман тапшылығы өте үлкен келеңсіздік туғызып отыр. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын кез келген заңгердің үлкен тәжірибесі болуы керек. Немесе сол бағытқа маманданып бейімделуі шарт. Ал қатардағы заңгерлердің барлығы бірдей тұтынушының құқығын қорғай алады деп айта алмаймын. Біздің елде заңгерлерді дайындағанымен, тұтынушы құқығына байланысты деп бөлмейді. Ал дайындалмаған маман бірден тұтынушының құқығымен айналысып кете алмайды. Сондықтан біздің елдегі мемлекеттік органдардың құрамындағы арнаулы комитеттер мен басқармалардың мамандары шарасыздық танытады. Нақты іспен емес, тек статистикамен айналысып қана отыр. Ол жақтан тауы шағылып қайтқан кейбір тұтынушылар бізге немесе жеке заңгерлерге өтініш артып жатады. Бір ғана Астананың өзінде мұндай жағдайлар мыңдап тіркеледі. Қолдан келгенше заңды түрде қолдау көсетуге тырысамыз. Әрине, бір істі бастағаннан кейін соңына жету үшін уақыт қажет. Кейбір тұтынушыларымыз төзімділік танытпай, әділетсіздік құрбаны болып кете барады», – дейді республикалық Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары, заңгер Тұрсын Жағыпарова.
Заңды білу артық етпес
Кез келген тұтынушы өзі үшін заң тармақтарын біліп жүргені абзал. Мысалы, тұтынушылар сатып алған ұялы телефондарға байланысты арызын айтып заңгерлерге көп жүгінеді екен.
Қазір адамға ең қажетті құралдың бірі ұялы телефон болып кеткені шындық. Тіпті, телефонсыз өмірді елестете де алмайтынымыз рас. Бүгінде осы ұялы телефонға байланысты дау-дамай – бізде ғана емес, әлем бойынша ең күрделі мәселелердің бірі. Телефонды сатушы мен сатып алушылардың арасындағы даудың бүгін-ертең шешіле қояр түрі жоқ біздің елде. Себебі 2019 жылы 2 сәуірде қол қойылған «кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңда ұялы телефондарды кері қайтаруға болмайтын тауарлар қатарына жатқызып жіберген екен.
Біздегі кері қайтарылмайтын тауарлар тізіміне тағы не жатады дейсіз ғой?! Біріншісі – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, екіншісі – іш киім түрлері, үшіншісі – шұлық бұйымдары, төртіншісі – жануарлар мен өсімдіктер, бесіншісі – метрлеп өлшеніп сатылатын тауарлар, оның қатарында, мата, тоқыма бұйымдары, кілем, линолеум және тағы басқа. Ең соңғы тармақта ұялы телефонның түрлері енгізілген.
«Заңгер ретінде маған сатып алушылар өздерінің құқықтары тапталып жатқанына байланысты көп хабарласып жатады. Қолдан келгенше мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысамыз. Дегенмен осы ұялы байланыс құралдарының шаруасы тым күрделеніп кетті. Себебі бізде бұл тауар кері қайтаруға жатпайтын заттардың қатарында болып тұр. Заңды қайта қараған кезде қандай критерийге сүйенгенін түсінбедім», – дейді астаналық заңгер Меруерт Нысанбай.
Дегенмен кез келген қайтаруға жатпайтын тауарды кері қайтарып, оның шығынын өтетіп алуға болады. Ол үшін заңнамада көрсетілген баптарды бүге-шігесіне дейін білу қажет екенін айтады заңгер Тұрсын Жағыпарова.
Тауардың құжаты болуы шарт
Сөзіміздің басында әңгіме болған аяқ киім мәселесінде де дәл осындай жағдайда тек заң тармақтары арқылы қадам жасап, аяқкиімнен бөлек оның үстінен өтемақы алуға тұтынушының мүмкіндігі бар екен.
«Ол азамат қыстық аяқкиім сатып алған болса кемінде 3 ай мерзім уақытында тауарды қайтаруға құқылы. Тауарды сатып алған кездегі чек болмаған жағдайда да тұтынушы құқығы қорғалады. Тұлға тауарды алған дүкенге келген сәтте ең алдымен сапа сертификатын талап етуі қажет. Егер сертификатты көрсетпеген жағдайда Тұтынушылар құқығы туралы заңның 190-193-бабына сүйене отырып, полиция өкілдерін шақырып, өзінің құқығы бұзылып отырғанын айтып арыз жазуы керек. Бұл жерде маңызды дүние осы сәттен бастап, аталмыш заң тармағының 18-24-баптары негізінде видеоға түсіруге құқылы. Арыз жазылған күннен бастап заң тұтынушының құқығын қорғау тарапында жұмыс істейді. Осылайша, іс сотқа өтіп тауар Сот сараптамасы орталығына жіберіледі. Егер тауар шынымен сапасы төмен және сатып алған құнына сәйкес келмеген жағдайда дүкен әкімшілігіне, аяқкиімді шығарушы фабрика анықталса, оларға да айып салынып, тұтынушыға оның құны не басқа тауар өтелінеді», – дейді заңгер Тұрсын Жағыпарова.
Білуімізше, тұтынушылар туралы заңда тұтынушы өзінің ісін дәлелдеген жағдайда әр күнге тауар құнының бір пайыздан төмен емес мөлшерлемесі көлеміндегі қаражат пен сот сараптама жасау үшін кеткен шығын өндіріледі. Демек тұтынушының құқығын қорғау туралы заң бар, бірақ көп жағдайда адамның салғырттығы салдарынан заң орындалмай жатады.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 30-бабына сәйкес, «егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, тауар сатып алынған күннен күнтізбелік 14 күн ішінде сатушы, дайындаушы оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті» деп жазылған. Бұрынырақта бұл мерзім 30 күн болатын. Дегенмен де кез келген тауарды сатып алған жағдайда оның сапасына күмән туғызсаңыз сапа сертификатын талап ету міндеті көзделгендігін және сол арқылы тұтынушы өзінің құқығының қорғалуын қамтамасыз ете алмақ.
Батыста бәрі басқаша
Біздің елде заң кейде заңгердің араласуымен жүзеге асып жатса, батысты мүлде ондай емес. АҚШ-та тұтынушының құқығы бірінші орынға қойылады. Нәтижесінде, тұтынушылар құқығын асыра пайдаланатын адамдар тобы қалыптасқан. Мысалы, олар би кешіне не мерекеге барса, сәнді киімдерді дүкеннен сатып алып немесе интернеттен тапсырыс беріп, заттаңба-биркасын алып тастамай киеді екен де, келесі күні ұнамағанын айтып кері өткізіп, ақшасын қайтарып алады, мұны бізге сол жақта тұрып жатқан Алтынай Смит айтып берді.
Оның айтуынша, АҚШ билігі осы арқылы өз азаматтарын қорғай отырып, ел экономикасын ұдайы бақылауда ұстайды. Сонымен бірге бизнестің дамуына серпін береді. Егер тауар ұнамаса, үмітті ақтамаса, сапасы көңіл көншітпесе, онда кері қайтарып тастауға болатынын білетін сатушылар сапасы мен қызметтің бекем болуына тырысады.
Дамыған елдердің деңгейіне жету үшін біздің елде де тұтынушылардың белгілі бір статусы болуы керек. «Сатушы тарапынан саттым, өткіздім осымен бітті деген немқұрайлылықтың басым болуы сатып алушының да талаптарының белгілі деңгейде осалдығын көрсетеді. Кез келген тұтынушы өзінің құқығын қорғайтын заң талаптарының барлығын болмаса да алғышарттарын жадына тоқып жүрсе, біздің елде де көштің ілгерлеуі, сатушының икемделуі байқалар еді.
Бердібек ҚАБАЙ