Елімізде қант өндірісі қиын жағдайда тұр. Өйткені қызылша егу өз-өзін ақтамайды, ал ішкі нарықты Ресейдің арзан импорты басып қалғандықтан, жергілікті зауыттар өнімін сатуда қиналып отыр. Шұғыл әрекет етпесек, отандық өнімнен айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Қант өндірісі тоқырап тұр
коллаж: Елдар ҚАБА
709
оқылды

Импорт – демпинг пен қымбатшылықтың басы

Еліміздің қант шаруашылығын түбегейлі қолға алу керек. Өйткені тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен бұл сала ішкі нарықтың жартысын әрең жауып отыр. Мәселен, еліміздің жыл сайынғы қажеттілігі 500 мың тонна десек, оның 150 мың тоннасын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады, қалған 350 мың тоннасын тұрғындар тұтынады. Осы көлемнің жартысы – импорт. Айталық, былтыр 290 мың тонна шекер импорттаппыз, оның 200 мың тоннасы, яғни 70%-ы Ресейдікі. Қалғаны Беларусь, Бразилия, Мексика елдерінен. Ішкі нарықты көршінің өнімі басқандықтан, өзіміздің зауыттар 66 мың тоннаға аз өнім өндірген, яки 2022 жылы – 344 мың тонна, 2023 жылы – 278 мың тон­на. Былайша айтқанда, отандық қант өндірісін импорт тұншықтырып тұр.

«Өкініштісі, былтыр біз жоспарды орындай алмадық. Меже – 400 мың тонна өндіру, оның 70 мың тоннасы қант қызылшасынан болуы керек еді. Бірақ 278 мың тоннаның 40 мың тоннасы ғана өз өнімімізден болды. Өнім азайып кеткені аздай, бағасы былтырғыдан 90 теңгеге арзан боп қалды. Өйткені қоймада қоятын орын жоқ, тездетіп өткізу керек. Ал нарықтағы бағаны көршіміздің арзан қанты түсіріп тастаған. Бұл жағдайдан шығу үшін «сұр импорттың» ағынын тоқтатқан жөн. Мемлекеттік органдардан автомобиль көлігімен қант әкелуге тыйым салуды бірнеше рет сұрағанымызбен, нәтиже болмай тұр», – дейді Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы президенті Айжан Наурызғалиева.

Ресейлік Sugar.ru сайтының мәліметінше, еліміздің қант зауыттарында бүгінде 82,4 мың тонна қант жинаулы тұр екен. Оның 42,6 тоннасы желтоқсан айында өндірілген. Егер жағдай ушығатын болса, онда осы азғантай өндірістен айырылып қалатын түріміз бар. Ол үшін бірінші кезекте Ресейден келетін сұр импорттың жолын жабу керек. Өйткені қазіргі бағаның төмен болуын «демпинг» деп бағалау­ға болады. Демек, уақытша деген сөз. Егер ішкі нарықты импортқа толық беріп қояр болсақ, олар ертең тауарының бағасын көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан отандық өндірісті осы бастан қорғау керек. Оның үстіне, мұндай жағдай елімізде бұрын да болған. 2022 жылы Ресей қант экспортына тыйым салып, оның соңы елімізде қант тапшылығы мен қымбатшылығына әкелген болатын. Сол кезде оның 1 келісі 900 теңгеге дейін жеткен еді. 

Қант зауыттары монополистердің қолында

Бұл тұстағы тағы бір мәселе – Жетісудағы зауыттар олигополияның қолында екені. Монополиялық жағдайға ие алпауыттар қантты жергілікті қызылшадан емес, Бразилияның құрақ шикізатынан өндіргенді жөн көреді. Онда да оны Нью-Йорк биржасынан емес, үш есе қымбат бағаға оффшорлық компаниялардан сатып алады. Әрине, өз ақшасына емес екені тағы белгілі.

«Үкімет қант зауыттарына шикізат сатып алуға 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлген еді. Енді олар жалғыз тұтынушы өздері екенін бұлдап, қант қызылшасын сатып алуға шаруалармен біржақты ке­лісімдер жасап, бағасын өз бетінше келісіне 15 теңге деп белгілеп отыр. Ал бұған керісінше бразилиялық фермерлерден құрақ қант шикізатын қымбатқа алады. Мәселен, зауыттан шығатын қызылша қантының өзіндік құны 275 теңге, ал құрақ қантының бағасы 440 теңгеден жоғары. Монополияға қарсы органдар олардың қызметіне араласпай отыр. Тіпті, «олар монополистер тізілімінде жоқ» деген уәж келтіреді, – дейді «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» филиалының Жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шарипов.

Оның айтуынша, жергілікті шаруалар күні бүгінге дейін қант зауыттарының нақты қожайыны кім екенін білмейді. Сондықтан да зауыттар мемлекетке тиесілі болуы керек деп санайды. Осындағы ахуалды баяндап олар тіпті Президентке де ашықхат та жазған екен. Өйткені 2005 жылы жекешеленіп кеткен бұл зауыттар «Орталық Азия қант қорпорациясы» ЖШС-на (ЦАСК) тиесілі. Аталған корпорацияға еліміздегі «Кант» АҚ, «Алматинский Сахар» АҚ, «Алматы қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ сынды барлық маңызды қант активтері топтастырылған. Осы бір қолға шоғырландыру кезінде еліміздегі Алакөл, Бұрұндай, Қарабұлақ және Шу сынды төрт ірі қант зауыты жауып тасталған. Мәселен, Қарабұлақ қант зауыты 2007 жылға дейін республиканың 70%-ға дейінгі сұранысын өтейтін, яғни тәулігіне 900 тоннаға дейін қант шығаратын ірі өндіріс орны болған. Ал қазір сондай зауыт салу үшін 350-400 млн еуро қажет.

Қызылшадан басқа да шикізат бар

Мәселе өткір тұрған тұста оны шешудің түрлі жолы ұсынылуда. Соның бірі – өзгедей де шикізат түрлерінен қант өндірісін дамыту идеясы. Ондай ойды айтып отыр­ған, басқа емес, Сенат депутаты екені саладағы ахуалдың тым күрделілігінен хабар берсе керек.

«Қанттың орнына жүгері немесе бидайдан өндірілетін глюкозалық фруктоза шәрбатын қарастырған жөн. Бұл дақылдар қазірдің өзінде біздің елде жеткілікті мөлшерде өсіріліп келеді және тамақ өнеркәсібінде қантты алмастыра алады. Тіпті, олар қызылшадан үнемдірек және пайдалырақ болар еді. Өйткені жүгеріде 75%-ға дейін, ал қызылшада 11%-ға дейін, ал шәрбат сусынның әр литрінде орташа есеппен 100 грамм қант бар. Сондай-ақ жүгері қалдықсыз өндіріске жатады, оны малға жемге пайдалануға болады. Статис­тикаға сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда 2 миллиард литрге жуық түрлі сусын өндіріліп, шамамен 200 мың тонна қант пайдаланылған. Бұл көлем елімізде пайдаланылатын өнімнің жартысына жуығы. Оны біз көптеген ел сияқты жүгері немесе бидайдан өндірілген глюкозалық-фруктоза шәрбатымен оңай алмастыра аламыз. Бұл өз кезегінде қант импортын шамамен 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев.

Өз кезегінде депутатың бұл сөзін Парламент деңгейіндегі лобби деп бағалаушылар көп. Өйткені ол «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС құрылтайшысы екені баршаға мәлім. Бұл өндіріс осы жүгері мен бидайды өңдеумен айналысады. 

«Қант шикізатын басқа өніммен алмас­тыру туралы айтпас бұрын олар өздерінің негізгі өнімі – сірнесін сапалырақ етіп шығаруға ден қойғаны жөн болар еді. Одан соң оны жеткізіп беруді дұрыстап жолға қойып алсын. Өйткені қазақстандық өнім өндірушілермен жұмыс істейтіндер егер басқа балама болмаса, ауық-ауық тоқтап қалуы мүмкін екенін айтып жиі шағымданады. Себебі сірненің сапасы жария еткендей көрсеткіштерге сәйкес келмейді немесе өндіруші қажетті көлеммен қамтамасыз ете алмай отыр. Оның үстіне, жүгері мен бидайдан глюкозалық-фруктоза шәрбатын ғана алуға болады, оны кристалды түрге айналдыру мүмкін емес», – дейді Айжан Наурызғалиева.

Қорыта келгенде, қант өндірісі саласын көлденең пайда қуғандарды киліктірмей түбегейлі қолға алатын уақыт келді. Қазір қант саласын дамытудың Кешенді жоспары мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатыр. Соны асықтыру қажет. 2028 жыл­ға дейін ұзартылады деген жос­парда осы айтылғандар сияқты көптеген жайт ескерілуге тиіс. Бірінші кезекте импортқа тыйым салынса, екінші мәселе – демонополизация. Бүгінде отандық шикізаттан дайындалған қанттың үлесі нарықта небәрі 7%-ды құрап отыр. 2022 жылғы өлшемен алсақ, бұл – 35,7 мың ғана тонна. Ендеше ғылыми негізде есебін шығарып, зауыттардың қант қызылшасын сатып алу бағасын көтеру қажет. Сырттан келетін қант шикізатына баж салығын енгізу керек. ЕАЭО-ның Индикативті балансына сәйкес, РФ-дан Қазақстанға 250 мың тоннадан артық қант импортталмауға тиіс. Бірақ құжатында қырғыз еліне деп тиелген бұл өнім жалған транзит жолымен еліміздің базарларында қалып қойып жатыр. Осы ретте контрабандамен күресті күшейткен ләзім. Жаңадан қант зауыттарын салу керек. Мәселен, ресейліктер Павлодардың Ақсу қаласында индустриалды аймақта жылына 96 мың тонна қант шығаратын зауыт салуға мүдделі. Жоба құны – шамамен 1,48 миллиард доллар. Егер сәтті іске асар болса, 400-ден астам жұмыс орны ашылып қалуы мүмкін. Десе де, бұл – 2025 жылдың еншісіндегі дүниелер. Ал мамандар жағдайға тездетіп мемлекет араласпаса, биыл көктемде еліміздегі 4 зауыт та толықтай жабылып қалуы мүмкін деп дабыл қағуда. Ел бюджеті бұдан екі есе ұтылмақ. Біріншіден, контрабандалық импорттан ел қазынасына салық түспейді, екіншіден, зауыттар жабылса да бюджет кірістен қағылмақ. Тұралап тұрған салаға инвес­тор келмейді, ӘКК займдары мен не­сиелерін қайтару қиындап кетпек. Жұмысшылары жұмыссыз қалып, сол өңірлерде әлеуметтік ахуал күрделене түсуі мүмкін. Қант жеткізу тоқтап, кәсіп­орынның тұрақты циклі де үзілмек. Бәрін айт та бірін айт, қазіргі Үкіметтің көңілінен шығып отырған арзан қант көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Ал қымбат қанттың әлеуметтік дәмі ащы болады.

Нұрлан ҚОСАЙ