Жамбыл облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, өңірде дәрігер тапшылығы 2022 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге төмендепті.
– Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі – терапевт. Бұдан бөлек, практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, аллерголог, иммунолог, анестезиолог-реанимотолог, гастроэнтеролог, гематолог, дерматовенеролог, балалар хирургі, инфекционист, кардиолог, клинфармаколог, невролог, неонатолог, хирург, онколог, онколог-радиациялық, оториноларинголог, офтальмолог, психиатр, радиолог, травматолог-ортопед, уролог, фтизиатр, провизор және эпидемиолог жетіспейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті бюджет есебінен 98 резидент оқуға тапсырды. Нәтижесінде, 2022 жылы 16 дәрігер, 2023 жылы 19 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Қазір 56 дәрігер резидентурада оқуда. Резидентураны тәмамдаған соң 2024 жылға 30 дәрігер, 2025 жылға 16 дәрігер, 2026 жылға 10 дәрігердің облысқа жұмысқа орналасуы күтілуде, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.
Сонымен қатар елді мекендерге келген жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме ақы берілген. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 204 маманға 1 миллиард теңге қаралып, тұрғын үймен қамту үшін жұмыстар жүргізілуде.
Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Алайда басқарма басшысы айтқандай, жылда өңірге 20-ға жуық дәрігер келіп жатса, сұраныстағы 80 дәрігердің орнын қалай толтыра алмай жатырмыз? Алайда олар қажетті бағытта білім алмай, әлде қолдауы болмай «дәрігер» деген дипломымен далада қалып кетіп жатыр ма? Осылайша, жылда бітіріп жатқан жастарымыз статистикадағы сан ғана болып тұр ма?
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жанданғанына да 15 жылға жуықтады. Осы аралықта ауылға қажетті 48 дәрігердің орны толмағаны таңғалдырады. 15 жылда елді мекендерге 50 дәрігер келмегенде, бір жыл ішінде 204 медицина маманы ауылға ағылады дегенге де сену қиын. Демек, мұнда да «сұлу» статистика сөйлеп, ақиқаттан ауылы алыс болып тұр.
Осындай сәтте 2020 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің базасынан ашылған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы қайда кетті деген орынды сұрақ туады. Жамбыл облысы әкімдігі мен оқу ордасы арасында жасалған меморандум талай медицина маманын түлетуге түрткі болады деп көпшілік сенген. Тіпті, бастапқыда мұнда 100 адам оқуды бастаса, кейіннен резиденттер тартылатын болған. Сондай-ақ филиалда Қазақ ұлттық медицина университетінің ең білікті профессорлары дәріс береді деп төбеміз көкке жеткендей болған еді. Алайда арада төрт жыл уақыт өтсе де аталған филиалдан түлеп ұшқан түлек көрмедік. Тіпті, бұл туралы билік өкілдері жақ ашудан қалған. Сондықтан Жамбыл жоғары медициналық колледжіне хабарласып, мән-жайды өзіміз білдік. Сөйтсек, мұнда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы мүлде ашылмаған да екен.
– Негізі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы бізде ашылған жоқ. Тек біздің колледжді университетке сенімгерлік басқаруға берді. Сондықтан бізде жоғары білімді дәрігерлер келіп оқыған жоқ. Ал 2023 жылы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығы ауысты да, келісімшарт күшін жойды. Осылайша, орта буынды мейірбикелеріміз біліктілігін арттырғаны болмаса, бұл сенімгерлік басқарудан ұтқан үлкен ұпайымыз жоқ, – дейді Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жәмила Сарыбекова.
Иә, осылайша 2020 жылы өңірді шулатқан жобаның шаңы шықпай жатып басылған екен. Ал «енді білікті дәрігерлерді облыста-ақ дайындаймыз», «медицина маманы атану үшін Алматы асудың қажеті жоқ» деген уәделер сылдыр суға, одан әрі буға айналыпты. Сол кездегі облыс басшыларын шақырып тұрып сүйіншілеген бастаманың бұлайша өмірі қысқа болғаны өкінішті. Ал Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығы ауысқаннан кейін ондағылармен қайта байланыс орнатуға талпынбаған бүгінгі биліктің де әрекеті түсініксіз. Мұндай көзқараспен өңірдегі медицина мамандары тапшылығын жоя алмайтынымыз анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы