Реформа ауылға жетуге тиіс

Жаңа Үкімет биыл агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласына ауқымды реформа жүргізеді. Мұны таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тапсырды.

Ел Президенті ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыруды жүктеді. Өзге өзгерістер, тың бетбұрыстар қолға алынуға тиіс. Егер мемлекет алға қойған мақсаттарының үдесінен шыға алса, биылғы жыл іс жүзінде нағыз «Ауыл жылына» айналуы бек мүмкін. 

Дамуға не тежеу?

Ел Президенті ауыл шаруашылығының да­муын тежеп тұрған басты кедергіні атады: бұл – жыл­дар бойы қажетті қаржының жет­кі­лікті бөлінбеуі. Ауыл шаруашы­лығының бар­лық сала­сы тиісті субсидия мен инвести­цияға жарымай келеді. Инвестицияның тапшылығы техни­каның тозуына, егіннің бітік шықпауына, еңбек өнім­ділігінің төмендеуіне әкеліп соқ­тырды. 

Қазақстан әлем түгіл ТМД көлемінде әр гек­тардан ең аз өнім жинайтын республикаға ай­налғанын сарап­шылар біраз жыл айтып келеді. Жағдай түзелетін емес, кері кетуде. 2023 жылы 10,9 миллион тонна бидай жи­налды: шығымды­лық әр гектардан бар-жоғы 8,6 цент­нерден айналды. 2022 жылы өнімділік 12,9 центнерден келіп, 16,6 миллион тонна бидай орылған-тын. Бұлай бара берсе, Қазақстан «ас атасымен» өзін асырай алмай­тын халге жетуі мүмкін.

– Минералды тыңайтқыш себуді де ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнерге жетпейтін өнім алу еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Бұл – Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс жасалмайды деген сөз. Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатыс­ты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Қазір тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды, – деді Президент.

Сондықтан Мемлекет басшысы жаңа Министрлер кабинетіне ауыл шаруа­шылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыруға тапсырма берді. Оған бюджеттен ғана емес, басқа қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. 

Әйтпесе, отандық банктер активте­­­рі­­нің жалпы көлемі жаңа жылдың басында 51,4 триллион теңгеге жетті. Олардың ак­­­­­тив­тері тек бір айда – қаңтарда  2,3 трил­лион теңгеге артып шыға келді. Бірақ олар ел экономикасын несиелендіруді азайтты. Оның орнына банктер бос қаражатын мемлекеттік облигацияларға салып, валюта биржасында ойнап, тектен-тек табыс тапқанына мәз.

Банкирлер ауылға бет бұрғанша, аг­­рар­шылар мемлекеттің қамқорлығында болуы керек. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін мемлекеттік несие 1,5 триллион теңгеге дейін арттырылады. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу пысықталып жатыр. 

Экономиканың осы базалық саласында өзге де проблема жетіп артылады. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге баса мән беріліп отырған жоқ. Жаңа Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуы тиіс. Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығымен шұғылданам деу­шілердің санын мейлінше көбейтуді ұсынды. Дақыл түрін әртараптандырып, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн.

Жаңа реформа аясында ауыл кәсіпкерлеріне түсетін салық ауыртпалығы жеңілдетілмек. Үкімет оларға бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін пысықтайды. Бұл қадам шаруаларды жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ынталандыруы керек.

Тіпті, ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыреті жергілікті әкімдіктердің өкілеттігіне табысталуы мүмкін. Дамыған елдерде солай. «Әр әкім субсидияны туған-туысына, дос-танысына бөліп береді» деп Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сенімсіздік білдіріп әрі мол құзырымен бөліскісі келмей, қасарысып келеді. Жемқорлыққа тосқауыл қою үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктірген абзал.

Ауыл бағалы өнімге бет қояды

Үкімет Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Бұрынғы ұқсас бағдарлама Асқар Мамин Үкіметі тұсында қабылданған екен. Содан бері саланың проблемалары шешілудің орнына қордаланып, оған жаңалары жамалды. 

Бұрынғы тұжырымдамада АӨК-тің 3-4 басты түйткілі ғана көрсетілген. Жаңа жобада саланың шешілуі тиіс негізгі проб­лемаларының саны өсті. Оған біріншіден, шикізаттың жеткіліксіздігі, жоғары құны және сапасының төмендігі, екіншіден, негізгі құралдардың моральдық және физикалық тозуының жоғары деңгейі, үшіншіден, өндірілген өнімді өткізу нарықтарының шектелуі жатқызылды. Төртіншіден, негізгі және айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікті кредиттік ресурс­тардың болмауы, алтыншыдан, саланы одан ары дамыту үшін субсидиялардың жеткіліксіздігі аталды. Ұзын тізімі ары кете береді.

Ауыл шаруашылығы алдына жаңа міндет қойылып отыр: бұдан былай Қазақстан астығын, мал етін, тері мен жүнін және басқасын сыртқа шикізат түрінде арзанға сата бермей, оның 70 пайызға дейінгісін өңдеп, қымбатқа өткізуі тиіс. Яғни, шикізаты кетіп, шаңы қалатын ауыл алда бағалы өнімдер шығарып, баюға бет қойғаны дұрыс.

«Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуды ынталандыру үшін салық саясаты қайта қаралады. Бас­тап­қы өндірістен анағұрлым жоғары өңделген өнімдерді шығаруға кезең-кезеңімен көшу және агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімнің – сүт, ет, тері, жүн, майлы дақылдар және басқасының үлесін 70%-ға дейін ұлғайту шаралары қабылданады. Өңдеушілерді қолжетімді және сапалы шикізатпен қамту үшін өңдеуге тапсырылған ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау жалғастырылады», – деп мәлімет берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жеңілдетілген кредит беру, инвестициялық салымдар кезінде шығындардың бір бөлігін субсидиялау жолымен өңдеу өндірістерін құру және жаңғырту жөніндегі инвестжобалар іске асырылады.

Президенттің тапсырмасымен реформа аясында отандық агрофирмаларды ірілендіру процесі бастау алады. Бұл іске Үкімет өзара тиімді шарттарда трансұлттық корпорацияларды белсенді тартуды жоспарлауда.

– Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда тағы бір жаңа қадам жасалады деп күтілуде: жаңа Үкімет жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңгеден бөліп тұруы тиіс. Осының негізінде шаруалар сатып алған ауыл шаруашылығы техникасы құнының бір бөлігін инвестициялық субсидиялау бағдарламалары іске қосылмақ. Осылайша, ауыл еңбеккерлерінің заманауи үздік техника сатып алуы ынталандырылады. 

Сонда әр жыл сайын ауыл шаруа­шылығы техникасының 10%-ы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының бірыңғай электрондық паспорты енгізілмек. Осы арқылы бірыңғай интеграцияланған дерекқор құрылып, онда ауыл техникасының жай-күйі, сатып алу көлемі, лизинг, пайдаланылуы сияқты процестер есепке алынады.

Өнімділік агротехника сапасына тәуелді

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, агротехника 76%-дайға ескірген. Технологиялық жаңғыру жылына 4,5 пайызды ғана құрап отыр. Бұл рет­те 6-8 пайыздың өзі ең төменгі қарқын са­налады. Басқа кесірін айтпағанда, көнерген техника мен жабдықты пайдалану отынның 20 пайыз артық шығындалуына соқтырады. Ол дизельді арзандату үшін ел қаржысы шығындалады. Яғни, бюджетке де соққы. Мұның сыртында ескірген техника өнім­­ділікті орта есеппен 14%-ға құл­­­­­ды­­­­ратады. Мысалы, ескі-құсқы ауыл шаруашылығы көлігі – картоп жинаушы комбайн жүріп өткен егіс алқаптарын қарапайым күрекпен қопарған ауылдық­­­­тар кейде қап-қап өнім жинайды. Демек, сонша өнім қар-тоң астында босқа шіри­тін еді.

Әзірге, қазақстандық ұлан-байтақ егіс алқаптарында ресейлік және беларустік ауыл шаруашылығы техникасы үс­тем. Отандық нарыққа арзанқол Қытай ауыл шаруашылығы техникасы да белсен­ді еніп жатыр. 

Мемлекет басшысының өзі «жаңа технологияларды енгізу қажет» деп нықтады. Алайда бұл тұрғыда шенеуніктер арасында ортақ ұстаным байқалмайды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Ілияс Оспанов аграршылардың арзан техниканы қолайлы көретінін жеткізді.

«Мынаған назар аудара кеткім келеді. Көпшілік: «ауылға жаңа, суперқуатты техника керек» дегенді айтады. Бірақ маған сенсеңіздер, олай емес. Фермерлермен сөйлестім, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 90 пайызы ол деңгейден әлі алыс жатыр, оларға жұмыс істеу үшін қолданыста қарапайым, түсінікті, қолжетімді, ең арзан техника керек», – деді вице-министр. 

Бірақ бұл байламды Астық одағының сарапшысы Тілек Бекбасаров құптамады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының өнімділігін тек заманауи техникамен  арттыруға болады. Өйткені ресейлік және беларустік техникада қазіргі заманғы технологиялар қолданылмайды. Мәселен, John Deere 8R және басқа да тракторлар, комбайндар пилотсыз басқарылады, жүргізуші жалдау шығынынан құтқарады. Оларда тіпті компьютер арқылы соқасын қанша тереңдікке салуды сантиметріне дейін белгілеуге, өнім жинаудың өзге параметрлерін бекітуге болады. РФ пен Беларусь техникасында мұның бірі жоқ. 

«Біраз астықты облыстарда егістіктердің 80 пайыздайы ірі шаруашылықтар иелігінде. Айталық, СҚО-да 4,5 миллион гектар жер бар, ал тұрғындарының саны 530 мың ғана. Халық аз, жұмысшы тапшы, алқаптар ұлан-ғайыр. Сол себепті бізге барынша кең құлашты, неғұрлым өнімді, ірі техникалар қажет. Аграршылар амалсыздан ресейлік және беларустік техниканы жаппай қолданады, әйткенмен, олар біздің жағдайға көп жарамайды», – деп түсіндірді сарапшы. 

Агрофирмаларға ақпараттандыру, роботтандыру дәрежесі жоғары шетелдік озық техникаларды ендіруге көмектесу қажет. Олардың бағасы біршама қымбат: мемлекет субсидияламаса, ауыл кәсіпкерінің қалтасы көтере бермейді. 

Айтпақшы, депутаттармен кездесуде белгілі аграршы, «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк ресейлік өндірушілердің өз техникасын Қазақстанға күштеп таңатынына шағымданды. Еуразиялық одақ аясында батыстық техниканы әкелуге көптеген шектеу қойылған. Утилизациялық алым енгізілді, баж, және өзге салығы да артты. Соған қарамастан И.Жабяктың пікірінше, өнімділігі жөнінен бір John Deere ресейлік 3-4 комбайнды алмас­тыра алады. 

Қорыта айтқанда, жаңа Үкімет ішкі нарығымызға дамыған елдердің тиімділігі жоғары техникасының еркін енуіне жол ашқаны маңызды. Сондай-ақ баж, қосылған құн салығын, утилалымды жойса, осының өзі құны 1 миллион долларға дейін баратын шетелдік сапалы техниканы 100-150 мың долларға арзандатар еді.

Айхан ШӘРІП