Мәжіліс отырысында «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Көлік министрі Марат Қарабаев мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиға депутаттық сауал жолдады.
Кеген мен Нарынқолдың жолы халық үшін қияметтің қылкөпірінен кем болмай тұр – Жанарбек Әшімжан
979
оқылды

Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген жиынында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыстар қажет. Жалпы, жол саясатындағы мақсат біреу – республикалық немесе аймақтық жол болсын, бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес» деген болатын.

Бұған дейін де Мемлекет басшысы Қазақстандағы жолдарды құрақ көрпеге теңеген еді. Әлі күнге дейін салада салғырттық аз емес.

Жол – Қазақстанның қантамыры. Тамырдан ақау кетсе адам ағзасы қандай апатқа ұшырайтыны өзіңізге мәлім. Жол азабын жүрген біледі. Осы орайда сол азапты күнде бастан кешіп жатқан Алматы облысы Кеген, Нарынқол және Ұйғыр ауданындағы елдің жанайқайын жеткізгім келеді. Бұрын да айтқанмын, тағы айтуға тура келді. Өйткені, нәтиже жоқ.

Жалпы, Кеген ауданы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 215 шақырым. 

«Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар автокөлік жолы 1968 жылы салынған. Осы жолдың Кеген асуынан Кеген ауылына дейінгі жолға 2021-2022 жылдары «ҚазАвтоЖол» орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген, жоба құны – 875,4 миллион теңге. Жауапсыз мердігердің кесірінен сонша қаржы желге ұшты да кетті. Жыл өтпей жолдың асфальт жабындысы толығымен бұзылып, қайтадан таз қалпына түсті. 

2022 жылы осы учаскілерде 18 жол көлік оқиғасы тіркеліп, Ай мен Күннің аманында 43 адам жарақаттанып, 10 адам қаза тапты. 2023 жылы 6 жол көлік оқиғасы болып, 27 адам жарақаттанып, 2 адам бақилық болды. 

2022 жылы Ақсай ауылынан Кеген асуына дейінгі «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар жолының және Қарқара ауылынан Қырғыз шекарасына дейінгі аралыққа күрделі жөндеуге 2017 жылы басталып, айналдырған 23 шақырымға 3 млрд 296,0 млн теңге жұмсалған жоба 2023 жылы зорға аяқталған. 

Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғайтын республикалық 70 шақырымдық жол халық үшін қияметтің қылкөпірінен кем болмай тұр. Кезінде уақытша жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерге барып, жолдың ой-шұқырын аяғымен таптап жүрген жолшылардың тірлігін өз көзімізбен көріп, жер шұқығанбыз. Жалпы, ел ішінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен өңірдегі филиалдарына елдің наразылығы аз емес. Саладағы жемқорлық мәселесі жолдың да, халықтың да титығын шығарып болды.

Ұйғыр ауданы аумағындағы Шонжы-Көктал арасын жалғайтын 40 шақырымдық жол өңір тұрғындарының әлеуметтік тауқыметіне айналды.

Күйреген көлік, жұқарған жүйке, қосалқы бөлшек күтіп жолда қалған жүргізуші, жол күткен бала-шаға қалады.   

Талқаны шыққан тасжолға ашуланған халық екі мәрте Қайқы асуын жауып, наразылығын да білдірді. Алайда бүгінгі күнге дейін «ҚазАвтоЖол» тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ.

Алматы облысының таулы аймағы туризмді дамытуға өте қолайлы. Туризм кластерін дамытуды Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте айтты. Алайда, ойдым-ойдым жолда қарыс қадам жүре алмай жүрген жұрт туризмді емес, үйіне тура жетуге зар.

Сондықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік аталған аудандарда арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін халыққа хабарлап, тиісті шаралар қолдануын, ал жолға жауапты министрлік жоғарыда көрсетілген республикалық және аймақтық маңызға ие жолдарға кешенді сараптама жасап, жеделдетіп халық игілігіне сапалы жол ұсынуын сұраймын.