Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар халық­тың көші-қоны және қылмыстық-ат­қару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқы­лымда қабылдап, ЕАЭО елдерінде ғылы­ми дәрежелер туралы құжат­тарды өзара тану туралы келісімді ратификациялады.
Көші-қонға бақылау күшейеді
528
оқылды

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов көші-қон және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты түзетулер негізгі төрт ережені қамтитынын айтты.

«Көші-қон саласындағы заңнаманы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі айқындалды. Кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруіне және Қазақстан азаматтығын алуына шектеу қойылды. Экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынады. Төтенше жағдайларда мерзімі өтіп кеткен құжаттарды пайдалану мәселесі реттеледі», – деді жұмыс тобының жетекшісі М.Магеррамов.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда 2022 жылдың сәуірінде мақұлданған болатын. Құжатты пысықтау барысында депутаттар «қандас» мәртебесін беру, Қазақстан азаматтығына қабылдау және оны қалпына келтіру тәртібін жетілдіруге, сондай-ақ еңбек мигранттарына бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге еңбек рұқсатын алу мүмкіндігін беруге бағытталған және өзге де бірқатар норма енгізді.

«Сонымен қатар заң жобасында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін қасақана бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктейтін норма енгізілген. Осыған байланысты заң жобасының тақырыбы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгертілді», – деді М.Магеррамов.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Сондай-ақ Мәжіліс 2023 жылғы 8 маусымда Сочи қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялап, Сенатқа жіберді. Құ­жат жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Ол келісімнің ережелері ЕАЭО елдері аза­маттарының мүше мемлекеттердің аумағында жұмысын жалғастырған кезде философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежелерін растаусыз тануды қа­рас­тыратынын айтты.

«Бұрын ғылыми дәрежелер туралы құ­жаттарды тану үшін жұмысқа орналасатын мем­лекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін жүргізу талап етілді. Келісім ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерін жүргізбей-ақ тануды ұсынады», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Дәулет Мұқаев қосымша баяндама­сында құжат білім беру және ғылыми байла­ныстарды нығайтуға көмектесіп қана қой­май, білікті мамандардың ұтқырлығын жеңілдетіп, сол арқылы Еуразиялық ай­мақтағы интеграция мен ынтымақтастықты арттыратынын атап өтті. 

Мәжіліс комитеттері Су кодексінің жоба­сы мен су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді, қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы және «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын жұмысқа қа­былдады.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі де қаралды. Өткен аптада ол жаңартылған Үкімет құрамында Қаржы министрі қызметіне тағайындалған еді. Бұл ретте оның орнына Қаржы және бюд­жет комитетінің төрағасы болып Татьяна Савельева сайланды. Ал Respublica партиясы фракциясының өкілі Айтуар Қошмамбетов Мәжіліс депутаттарының қатарына қосылды. Бүгін Мәжіліс депутаты ретінде ол ант беріп, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі атанды.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер ағымдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 20 депутаттық сауал жолдады. Депутат Жанарбек Әшімжан Көлік министрі Марат Қарабаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиға жолдаған сауалында Алматы облысы Кеген, Нарынқол және Ұйғыр ау­дандарындағы елдің жанайқайын жеткізді. Жол азабын жүрген біледі демекші, бұл үш ауданда жол мәселесі шешілмей келеді.

«Жалпы, Кеген ауданы бойынша респуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 215 шақырым. «Көкпек–Кеген–Түп» жолы 1968 жылы салынған. Осы жолдың Кеген асуынан Кеген ауылына дейінгі тұсына 2021-2022 жылдары «КазАвтоЖол» ҰК орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жоба құны – 875,4 млн теңге. Жауапкершілігі жоқ мердігердің кесірінен сонша қаржы желге ұшты да кетті. Жыл өтпей жолдың асфальт жабындысы толығымен бұзылып, қайтадан баяғы қалпына түсті. 2022 жылы осы учаскілерде 18 жол көлік оқиғасы тіркеліп,  ай-күннің аманында 43 адам жарақаттанып, 10 адам қаза тапты. 2023 жылы 6 жол көлік оқиғасы болып, 27 адам жарақаттанып, 2 адам бақилық болды», – деді депутат. Одан да өзге көптеген мысалдарды келтірген ол тал­қаны шыққан тас жолға ашуланған ха­лық екі мәрте Қайқы асуын жауып, на­разы­лығын білдірсе де, «КазАвтоЖол» ҰК тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ екендігін жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен аталған аудандарда арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесін халыққа хабарлап, тиісті шаралар қолдануын, ал жолға жауапты министрлік жоғарыда көрсетілген республикалық және аймақтық маңызға ие жолдарға кешенді сараптама жасап, жеделдетіп халық игілігіне сапалы жол ұсынуын сұрады. Тағы бір депутат елдегі жайылым жерлердің жағдайын айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге сауал жолдады.

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары атына соңғы кезде ауа райы­ның салдарынан туындап отырған мал шаруа­шылығындағы қиын жағдайға байланысты өтініштер түсуде. Қазіргі кезде еліміздің бірнеше облыстарында (Ақмола, Қарағанды, Павлодар) жайылымдарды мұз басуына байланысты табында жүрген жылқы малы қырылуда. Жауын аралас қардан кейін Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Солтүстік-Қазақстан облыстарында да қысқы жайылымдардағы жағдай нашарлап кетті. Қалыптасқан жағдайға байланысты келесі мәселелерді шешуді сұраймыз: Біріншіден, ауа райының экстремалды қолайсыздығы жағдайында қыстау өткізу үшін облыс және аудан көлемдерінде жедел штаб құру. Тез арада шаруашылықтар мен малдың барлық түрлері бойынша шынайы ақпаратты нақ­тылау керек. Екіншіден, қажет болған жағдайда жергілікті аумақ бойынша төтенше жағдай жариялау. Үшіншіден, өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы, ал қажет болған жағдайда «Азық-түлік корпорациясының» АҚ-ның жемшөп қорларындағы жем-шөп­ті де пайдалануды ұйымдастыру. Төр­тін­шіден, жем-шөп қоры жеткілікті кө­лем­дегі шаруа қожалықтарынан мал азығын ауылдарға жеткізу мен пайдалануды ұйымдастыру. Бесіншіден, жылқыларды қолайлы жайылымдарға, соның ішінде орман қорындағы жайылымдарға ауыстыруды ұйым­дастыру. Алтыншы: Қажет болған жағ­дайда жайылымдардағы мұз бетін бұзу үшін механикалық өңдеуді ұйымдастыру. Басқа да шараларды жасау. Мал шаруашылығындағы жүйелі шара ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесіп жайылымдық жерлерді үстірт және түбегейлі жақсартуды кеңінен жүзеге асыруды ескере отырып, еліміздің жем-шөп базасын жақсартудың кешенді бағдарламасын даярлауды сұраймыз», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нұржан Әшімбетов.

Елімізде көктем түспей тұрып, көптеген аймақтарда тасқын жүру қаупі бар! Биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу болып тұр. Бір жерде қар апталап жауып тұрса, содан қашық емес жерлерде тасқын болып жатыр. Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмі­рі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қой­май, отандастарымыздың моральдық-психо­логиялық деңгейіне де кері әсер етуде! Осы мәселеге назар аудартқан депутат Ұлықбек Тұмашинов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

«Биыл су көшкіні Шығыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болуы ықтимал. Еліміздің азаматтары тағы да қиын-қыстау жағдайда қалмауы керек. «AMANAT» фракциясы су тасқынына қарсы келесі шараларды Үкімет шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді: Еліміздің барлық аумағында су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын жасау. Халыққа тасқын, сел қаупі жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеру. Төтенше жағдайдар ми­нистрлігінің құтқару қызметтерінің аза­­мат­тарды дер кезінде қауіпті жерлерден алып шығу қабілетін қазірден тексеру. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды», – деді ол.

Келесі бір депутат Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерге біркелкі қаржы бөлінбеуі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаждығы туралы мәселе көтерді.

«Елімізде бала саны артып, үш ауысымда оқитын мектептер көбейген кезде Үкімет кәсіпкерлерге ұсыныс жасап, жекеменшік мектептер салуға шақырды. Осыған байланысты 2004-2010 жылдары жекеменшік мектептер жаппай ашылып, оқу орындарының тапшылығын шешуге оң әсер етті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 7 611 білім ұясының 707-сі – жекеменшік. Оқушылар саны 245 мыңнан астам және олардың тең жартысы – 1-4 сынып оқушылары. Бүгінде мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып, 270 мыңнан астам орын жетіспей отыр. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданбаса, бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 4 есеге артуы мүмкін. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жекеменшік мектептер. Сондықтан Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік оқу орындарына да бірдей көңіл бөліп, тиісті қолдау көрсетуі керек. Алайда қазіргі кезде мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық орын алып отыр. Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз қамтылған отбасы балаларына берілетін әлеуметтік көмек – ыстық тамақ пен мектеп формасымен қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу – қарастырылмаған. Сол себептен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауыстырылса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалады. Жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмеуі және мемлекеттік көмектің болмауы оқушылардың арасында теңсіздік тудырып отыр. Сонымен қатар 2024 жылға дейін жекеменшік мектептерде бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ жергілікті бюджет есебінен берілетін. Ал осы жылдан бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру тоқтатылды. Теңсіздіктің нәтижесінде тегін ыстық тамақ пен әлеуметтік көмектерден айырылған оқушылар мем­лекеттік мектептерге қайта оралуға мәж­бүр. Бұл үш ауысымды мектептердің кө­беюі­не, жекеменшік оқу орындарының жабылуына әкеп соғады», – деді «AMANAT» фракциясының депутаты Қайрат Балабиев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы же­кеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ережелер қайта қаралып, келесідей өзекті мәселелер ше­шімін табуы керек. Жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бастауыш сынып оқу­шыларына және жоғарғы сыныпта оқитын аз қамтылған отбасы балаларына тегін та­мақ­тандыруды ұйымдастыру. Жағдайы төмен отбасы балаларына бөлінетін барлық әлеуметтік көмекті жекеменшік мектептердегі оқушыларға да мемлекеттік мектептердегідей берілуін қамтамасыз ету. Жалпы, мектептердегі тұрмысы төмен отбасы балалары мен жетім балаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық және басқалай көмекті жекеменшік мектептердегі осы деңгейдегі оқушыларға да берілу мәселесін қарастыру қажет.

Нұрлан ҚОСАЙ