Рас қолданыстағы заңнамада бір мезгілде бірнеше мекемеде жұмыс істеуге тыйым салынбаған. Бұл тұрғыда қызметкердің бірнеше жұмыс берушімен қосымша жұмыс туралы еңбек шартын жасауға құқы бар. Ал жұмыс уақыты Еңбек кодексінде белгіленген тәртіп негізінде бекітілуі тиіс. «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ заңгерлерінің айтуынша, егер екі жұмыс істейтін қызметкер негізгі жұмыс орнында толық 8 сағаттық жұмыс күнін өтесе, екінші қосымша жұмыстың ұзақтығы 4 сағаттан аспауы керек. «Яғни, 8 сағатқа қосымша 4 сағатты қоссақ, жұмыс уақыты күніне 12 сағаттан, ал аптасына 60 сағаттан аспауы тиіс. Сондай-ақ егер екінші жұмыс беруші еңбек шартын жасаудан бас тартса, бұл заңды бұзу болып есептеліп, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады», – дейді кәсіподақ заңгерлері.
Қазақстандағы еңбек нарығының көлеңкелі тұсы көп. Бұл туралы 13 ақпанда өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Светлана Жақыпова айтты. «Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2022 жылы еңбекақы төлеудің жиынтық қоры 31,5 трлн теңгені құрады. Министрліктің ақпараттық жүйелерінің мәліметтері бойынша, ол тек 16 трлн немесе 51% -дан аз ғана расталады. Яғни, бұл зейнетақы жарналары мен БЖЗҚ-ға тікелей аударылатын сомалар. Яғни, бұдан еңбек нарығының жартысына жуығы көлеңкеде екені көрінеді», – деді министр. Осыған орай, алдағы уақытта жұмысқа орналастыру бойынша нақты KPI анықталатын цифрлық жұмыс орны құрылмақ. С.Жақыпова, жаңа форматты сынақтан өткізу 1 мамырдан бастап Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, еңбек нарығында қызметкерлерден түсетін арыз-шағым көбейген. Ол негізінен еңбек шартын жасасу, өзгерту және тоқтатуға қатысты. Сонымен қатар ақысы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақының төленуіне байланысты шағым көп. Жауапты министрліктің 2024 жылғы 1 ақпандағы мәліметінше, еңбек инспекторлары 25 кәсіпорында 1,1 мың жұмысшыға 164,7 млн теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешегі барын анықтаған. Нәтижесінде, 500-ден астам жұмысшының құқығы қорғалып, 130 млн теңге төленіпті.
Экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбденов бір жалақысын жеткізе алмай қосымша жұмыс істеп жүргендердің мүддесін ескеретін механизмді күшейту қажет екенін айтады. «Нарықта қосымша қаражат тауып, жұмыс істеген өте дұрыс. Жұмысқа қабілетті, экономикалық белсенді азаматтар мемлекеттің басты ресурсы. Бірақ олардың қазіргі жай-күйін, физикалық қабілетін, еңбек өнімділігін бақылап отырған кім бар? Кәсіподақтардың қызметі әлсіз, беделі төмен. Бұрынғы билік жүйесіне сол әдіс тиімді болды да, кәсіподақтарды «қолбалаға» айналдырып жіберді. Осы себептен еңбек нарығында нақты бір жүйе, ашық бақылау жоқ. Дамыған елдерде адам өмірі басты орында тұрады. Мәселен, Финляндияны алайық, бес миллионнан аса ғана халқы бар, шағын мемлекет. Осы 5 млн халықтың жағдайымен айналысатын 125 мың үкіметтік емес ұйым бар. Әлем елдері осындай тәуелсіз ұйымдардың зерттеуін негізге алып жұмыс істейді. Бізге де осы жүйені қалпына келтіру қажет», – дейді маман.
Елімізде еңбек нарығын қадағалап, қызметкердің құқығын қорғайтын маман жеткіліксіз. Халықаралық еңбек ұйымының талабы бойынша әр 10 мың тұрғынға шаққанда 1 еңбек инспекторы жұмыс істеу қажет. Ал біздегі халық саны көп мегополис – Алматыны алсақ, 40 мың тұрғынға бір инспектордан келеді екен. Бүгінде Қазақстанда 3 республикалық кәсіподақ бірлестігі, 56 салалық, 35 аумақтық, 370 жергілікті кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда жалдамалы жұмысшылардың кәсіподақпен қамтылуы 10%-дан астам төмендеген.
Еңбек нарығындағы шынайы жағдай мен азаматтардың табысын анықтауда нақты картинаны алу үшін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметін де толығымен пайдалану керек дейді экономист Оразалы Сәбденов. «Бізде ҮЕҰ жұмысы көбінесе түрлі грантқа, қаржы көздеріне тәуелді. Олай болмауы керек, ҮЕҰ жұмысы ашық болып, тәуелсіз сараптама жасауы тиіс. Үкімет сол ұйымдардың ашық ақпараты бойынша жұмыс істесе нақты нәтиже көрінбек».
Құзырлы органдар 2023 жылдың соңғы тоқсанында еліміздегі орташа айлық 393 600 теңгеге жетті деп мәлімдеді. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12%-ға көп.
Halyk Finance сарапшылары бұл өсім негізінен жылдық сыйақыларды төлеуге байланысты артқанын жазады. «Былтыр жыл бойғы көрсеткішке қарасақ, орташа айлық жалақы 360,8 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда он жеті пайызға артық. Бірақ нақты сандарға қарап әрі инфляцияны ескере келгенде айтар болсақ, жалдамалы жұмысшылардың кірісі екі жарым пайызға ғана өскенін көруге болады», – делінген аталған ұйым сарапшыларының мәліметінде.
Дегенмен сарапшылар жалақының өсуі экономикадағы өсім көрсеткішінен екі есе кейін қалып отырғанын айтады. «Жалпы, жалақының өсуі экономиканың 5,5%-дық өсімінен екі есе аз болғанын атап өткен жөн. Бұл үрдіс он жылдан бері байқалады және жалақы деңгейі мен ішкі жалпы өнім арасындағы әлсіз байланысты көрсетеді. Кейде олар әртүрлі бағытта өзгеруі мүмкін, мысалы ел экономикасы қысқарған кезде жалақы өсуі мүмкін және керісінше болады», – дейді олар.
Республика бойынша орташа айлық төрт жүз мыңға тақағанымен (393 600 т) теңгенің құнын инфляция түсіріп тұр. Мамандардың есебінше, соңғы он жылда отандық нарықта девальвациямен бірге инфляцияның өсуі де қатты жүрді. Нәтижесінде ең қажетті деген азық-түлік өнімдері, тауарлар мен қызмет бағасы бірнеше есе қымбаттаған. Мысалы, 2012 жылы орташа жалақы 106 620 теңге болса, нан бағасы 78-80 теңгені құрады. Ал 2022 жылы нан бағасы 160 теңге, орташа жалақы 268 051 теңгені құраған. Мұндай мысалды тізе берсек таусылмайды.
Экономистер бұл құбылысты ел экономикасындағы құрылымдық мәселелермен байланысты деп түсіндіреді. Яғни, біздегі жалпы жалақы әлемдік стандарттармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болып қалады және халыққа тауарлар мен қызметтерді толығымен тұтынуға мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдай кәсіпкерлерді экономиканың сапалы өсуін ынталандыратын күрделі және алуан түрлі өндірісті дамытуға ынталандырмайды.
Экономист ғалым Оразалы Сәбденовтің айтуынша, еңбек нарығында түбегейлі шешілуі тиіс тағы бір мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты жағдай. «Бізде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген санат бар. Ол 2 млн 700 – 3 млн адам. Олар бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне толық қатыса алмай отыр, медициналық сақтандыру да қарастырлмаған. Олардың біразы делдалдық қызметпен жан бағып жүр. Үкімет осы мәселені реттеуі тиіс. Енді осы «өзін-өзі қамтыған» жандармен жергілікті билік өкілінің жұмыс стиліне қарасаңыз, әкімдік қызметкері ол кісіге барады да «Пәленшеке, бізде көше сыпырушының орны бос еді, айлығы осынша, келесіз бе?» деп сұрайды. Жаңағы кісі ол жұмысқа «бармаймын» дейді. Бір жағы айлығы аз, екіншіден менталитет мәселесі бар. «Ендеше бармаймын деп қол қойып беріңіз», – дейді әкімдік қызметкері. Жоғарыға осы есеп жіберіледі, бітті. Бюрократия деген осы. Осы қолдан жасалған жалған жұмысты жоймай іс оңалмайды», – дейді сарапшы.
Бюрократияны тоқтатып, нақты нәтижемен жұмыс істеу үшін Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін өзгертуге тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ЖІӨ көрсеткіші мен бірге халықтың нақты табысын да қарқынды өсіруді тапсырды. Айрықша құзыретке ие болған жаңа Үкіметтің жұмысы да осы үдеден шығуға тиіс-ақ.
Бауыржан БАЗАР