Қандай басшылар қызметкерлерінің ынта-жігерін жер етіп, құлшынысын басып тастайды?
Супербосс. Адамдарды басқаруда қандай қателіктерден аулақ болған абзал?
607
оқылды

Бұл туралы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының (МТАЖО) президенті Гүлнар Бөкенова әңгімелеп берді. Сарапшы қазіргі заманғы басқарушылар мен менеджерлер арасында ең көп таралған қателіктерге шолу жасады. 

Микроменеджер басшы

Бәрін өз бақылауыңызда ұстауға тырыспаңыз. Микроменеджмент ұжымның құлшынысын әлсіретіп, қызметкерлердің өнімді жұмыс істеуіне кері әсер етеді. 

Мысал: Басшы әр екі сағат сайын тапсырманың орындалу барысы туралы есеп сұрап, қызметкерлер өздері-ақ шеше алатын ұсақ мәселелерге дейін араласып отырады. Бұл ұжым мүшелерінің тікелей міндеттерін орындауға емес, оның орнына есеп дайындауға көбірек уақыт пен күш жұмсауына әкеледі. 

Авторитар басшы

Өз қызметкерлеріңіздің пікіріне бей-жай қарамаңыз. Егер арада диалог болмаса және басшы сынды қабылдай алмаса, онда жобаның бастапқы кезеңдерінде қателіктерді байқау қиынға соғады. 

Мысал: Қызметкер мәселені шешудің инновациялық жолын ұсынса, басшы өзінің тәжірибесі мен абырой-беделін алға тартып, еш себепсіз одан бас тартады. Бұл қызметкерлерде қорқыныш пен батылсыздық сезімін оятады.  

Оқшау басшы

Өзіңізді ұжымнан оқшау ұстамаңыз. Мұндай басшылардың өз қызметкерлерінің шынайы мәселелері мен қажеттіліктерінен хабары болмайды. 

Мысал: Басшы кабинетінен көп шықпай, қызметкерлерімен сирек және аз уақыт қана байланыс жасайды. Ұжымдық түскі астар немесе өзге де корпоративтік шараларға қатыспайды. 

Тұрақсыз басшы

Шешім қабылдауда тұрақсыздық пен түсініксіздіктен абай болыңыз. Басымдықтарды жиі өзгерту не олардың ретін ауыстыру әдетте түсініксіздік тудырып, адамдарды шатастырады. 

Мысал: Басшы апта сайын жобалардың басымдығын өзгертіп, ұжым бір міндетті орындап бітірмей жатып, оның назарын екінші тапсырмаға аударады. 

Консерватор басшы

Инновациялар мен жаңаша тәсілдерге бей-жай қарамаңыз. Мұндай басшылар жылдам өзгеріп жатқан әлемде көштің соңында қалып қоюы мүмкін. 

Мысал: Клиенттермен өзара байланысты жақсарту үшін жаңа CRM жүйесін енгізу туралы ұсынысқа басшы дәстүрлі тәсілдердің тиімді екенін айтып, ескірген мәліметтер базасын сақтау қажеттігі туралы шешім қабылдайды. 

Ұқыпсыз басшы

Қызметкерлермен кері байланыс жасап, қажет кезде мақтап отыруды ұмытпаңыз. 

Мысал: Ауқымды жоба сәтті аяқталғаннан кейін басшы ұжымның жетістіктерін талқылауға мән бермей, тіпті қызметкерлеріне тиянақты жұмысы үшін алғыс та білдірмейді. Мұндайда қызметкерлер өздерінің күш-жігері бағаланбайтынын сезеді. 

Шешім қабылдай алмайтын басшы

Шешім қабылдауда, мақсат қоюда бойыңызды сенімсіздіктен аулақ ұстап, батыл болыңыз. 

Мысал: Жаңа өнімді іске қосу туралы маңызды шешім қабылдар алдында басшы қосымша мәліметтер мен есептер сұрап, тауардың нарыққа шығатын ең тиімді уақытын өткізіп алады. 

Осы секілді жиі кездесетін қателіктерге ұрынбаса, басшылар өз ұжымымен арадағы байланысты күшейтіп, компаниясының сәтті дамуына жол аша алады. 

Айта кетейік, МТАЖО орталығында басқарушыларды дамытуға арналған тамаша оқу шарасы бар. Оның аясында стратегиялық менеджмент, басшының эмоциялық интеллекті, корпоративтік мәдениет және KPI белгілеу әдістемесі бойынша мәселелер талқыланады. МТАЖО көп жылдардан бері ҚР Президентінің Іс басқармасы жүйесі мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін оқытумен айналысады.