Қазақстан Ұлттық банкі Берлинде өткен World Money Fair дүниежүзілік ақша конференциясында KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын таныстырды.
World Money Fair көрмесінде Ұлттық банк «Көкбөрі» монетасын таныстырды
2,114
оқылды

Көрмеге қатысудағы негізгі мақсат – Қазақстанның KOKBÓRI инвестициялық монеталарын әлемге таныстыру. Бұл туралы Aikyn.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына жасалған ребрендинг нәтижесі.

Халықаралық сарапшылар KÓKBÓRI инвестициялық монеталарының көркемдік жаңалығын, ұлттық бояуын және сапасын жоғары бағалады. KÓKBÓRI дизайнында «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған. 

Эксклюзивті дизайн KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын тек инвестициялық тұрғыда ғана емес, коллекциялау үшін де, сыйға тарту үшін де тартымды етеді.

Монета өнімдерін әзірлеуге деген кәсіби көзқарас Қазақстанға үздік монета өндірушілердің қатарына кіруге мүмкіндік берді. Өндіріс сапасы, дизайны, технологиядағы жаңашылдығы сияқты әртүрлі номинация бойынша иеленген көптеген марапат осыны айғақтайды.

World Money Fair  – жыл сайын халықаралық монеталар қауымдастығының басын қосатын әлемдегі ең ірі нумизматикалық алаң. Оған орталық банктердің, монета сарайларының, монета шығаруға арналған жабдықтарды өндіруші компаниялардың өкілдері, дизайнерлер, ірі нумизматикалық басылымдардың өкілдері қатысады. Ұлттық банк WMF-ке 2000 жылдан бері жыл сайын қатысып келеді.

 

Номиналы 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік, proof сапалы алтыннан соғылған KÓKBÓRI инвестициялық монеталары.

Номиналы 1, 2, 5, және 10 теңгелік, proof сапалы күмістен соғылған KÓKBÓRI инвестициялық монеталары.

Еске сала кетейік, «Жібек жолы» атты Қазақстанның алғашқы инвестициялық монеталары 1996 жылы айналымға шықты. 

2009 жылғы қараша айынан бастап әртүрлі салмақта «АЛТЫН БАРЫС» және «КҮМІС БАРЫС» инвестициялық монеталары шығарыла бастады. 

2020 жылы инвестициялық монеталардың атауы латын графикасында ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS болып жазылып, айналымға шығарылды.