Палата төрағасы Айдос Сарым аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленгенін және қазір Мәжілістің қарауында екенін айтты. «Ғылым туралы» және «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдар өзектілігін жоғалтқан соң осы заң жобасын дамыту қажеттілігі туындаған. Бірақ оларды механикалық түрде бір құжатқа біріктіру мүмкін емес.
– Мәселенің бірі – жас кадрларды ғылыми қызметке тарту. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыруды жетілдіру қажет, мемлекеттік тетіктер сынға қалып отыр. Басқа да проблемалар бар. Негізгі заң жобасын талқылап, қай салалар қамтылмағанын анықтап, өз ұсыныстарымызды ортаға салуға мүмкіндігіміз бар, – дейді А.Сарым.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки заң жобасының ережелеріне қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, құжат Ұлттық ғылым академиясының трансформациясымен ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіріп, ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейтеді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеулердің негізділігі мен технологиялық дайындығын бағалаудың, ғылыми-техникалық ақпаратты жинау мен өңдеудің және талдаудың жаңа тетіктері енгізіледі.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Таңсәуле Серіков заң жобалары бойынша қазіргі нәтижелері туралы айтты. Ол бұған дейін үш отырыс өткізіліп, онда 100-ге жуық норма қаралғанын айтты.
Баяндамалар тыңдалғаннан кейін Қоғамдық палата мүшелері мен басқа да отырысқа қатысушылар өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Қоғам қайраткері Айжан Сқақова ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың тиімді тетіктерін пысықтау қажеттігін атап өтті.
– Іс жүзінде қолданыстағы заңның нақты жұмыс істейтін тетіктері жоқ. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қатысушылардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламалары бар, тек біліктілікті арттыру ғана қажетті нәтиже бермейді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарынан коммерцияландыруға көшудің маңызды кезеңі ретінде жұмыс механизмін құру қажет, – деді Айжан Сқақова.
Ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша бастамаларды сарапшы Ерлан Смайылов, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің доценті Мүсілім Хасенов және өзге де мамандар сөз сөйледі. Заң жобаларын бірінші оқылымға дайындау бойынша талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.