Көктемгі су тасқыны ақтөбе­лік­терді жыл сайын әбігерге салады. Осы орайда «AMANAT» партиясының бақылау комис­сиясы тасқынның алдын алу және болдырмау бағытында жүріліп жатқан жұмыстарды ба­қылап, комиссия отырысында талқылады.
Тасқынға тастүйін дайын
918
оқылды

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті қала және аудандық әкімдіктерімен бірлесе отырып, су тасқынына қарсы дайын­дық жұмыстарына кіріскен. Депар­тамент бастығының орынбасары Саид Молдақараевтың айтуынша, осы кезге дейін инженерлік жұмыс­тар жоспарында көзделген 103 іс-шараның 75-і іске асырылыпты. Бұдан басқа 36 іс-шарадан тұратын Жол картасы бар. Оның бүгінде  17-сі ғана орындалған. 

Қазір облыс бойынша су басу аймағына жататын 36 елді мекен бар. Оның 11-ін су басу қаупі жойылып, 10 елді мекенде қауіп сейілген. Алайда 15 елді мекенді су басу қаупі әлі басым екені айтылды. 

– Су тасқыны жағдайы күрде­ленген кезде әкімдікпен бірлесіп, 350 техника, 66 жүзу құралдары, 236 мотопомпа азаматтық қорғау қыз­меттерінің күштері мен құралдары дайындалды. Жанар-жағармай, инерт­ті материалдар мен құм қаптар қоры жиналған. Сыйымдылығы 15 мыңнан асатын 87 орналастыру пункті әзірленді, – деді департамент бастығының орынбасары.

Ақтөбе қаласы әкімінің орын­басары Жұлдызбек Бисембин қала аумағынан қар шығару жұмыстарын баяндай келе, қараша айынан бастап 180 мың текше метр қар арнайы полигондарға тасылғанын жеткізді.  

– Қала аумағында жалпы ұзын­дығы 61 шақырым еріген және жаң­быр суын өткізетін арық жүйесі бар. Оның 53 шақырымы ашық жүйе, ал 6 шақырымы жабық суағарлар болып табылады. Сонымен қатар 45 дре­наждық-жинақтау құдығы, 5 сорғысу айдау бекеті бар, – деді Ж.Бисембин. 

Жиында өзге де мәселелер анықталды. Мәселен, Елек, Қарғалы өзендерін кеңейту, түбін тереңдету барысында ағаштарды кесу үшін Үкімет жанындағы қоршаған ортаны қорғау комитетінен рұқсат алу керек. Бұл жұмысты қиындатып, біраз уақытты шығындаған көрінеді. Сондай-ақ мұздарды жаруға бөгде компаниялар тартылып отыр. Олармен жазбаша келісімшарт та жоқ. Бақылау жұмыстары барысында комиссия мүшелеріне су қой­ма­ларындағы дамбалардың қолданылу мерзімін айғақтайтын құжаттарды немесе сертификаттарды ешкім көр­сете алмаған. Олар­дың жарамдылы­ғына еш­кім кепілдік бере алмайды. Кө­терілген мәселе­лерге орай пар­тиялық бақылау комиссиясы тара­пынан құзыретті органдарға ұсы­ныстар беріліп мә­селелердің тез арада ше­шімін табу талап етілді.