Төл мәдениетіміздің жауһарлары кеңінен насихатталады

Президент мемлекет мүд­десін, қо­ғам­ның сұранысын және медиас­фера­ның даму үрдісін ескере оты­рып, ме­диа заңнаманы қайта қарау туралы тап­сырма берген болатын. Соған бай­ланысты «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжі­лістің бірінші оқылымында мақұл­данды.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат ми­­нистрлігінің кеңейтілген алқа отыры­сында министр Аида Балаева мәлімдеді. Сонымен бірге министрліктің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын да көпшілік алдында жа­риялады.

Іс-шараға Парламент депутаттары, «AMANAT» партиясы мен зиялы қауым өкіл­дері, ҚХА, ҮЕҰ, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері де қатысты.

«Министрлікті құру барысында, Мем­лекет басшысы Үкімет алдына ауқымды мін­деттер қойды. Атап айтқанда, бәсекеге қабі­летті, жаһандық контексте бірегей мә­дениетін сақтаған ұлттық болмысымызды қалыптас­тыру арқылы мемлекет пен қо­ғам­ның үйле­сімді дамуын, ішкі идеоло­гия­лық және сырт­қы имидждік әлеуетін, аза­маттарымыздың ел ертеңіне сенімділігін қам­тамасыз ету. Әрине, осындай стратегия­лық ірі міндеттің үдесінен шығу үшін біз министрлік құзыретіндегі барлық сала мен бағыттардағы жоспарымызды сараптап, жаңа деңгейге көтердік», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр биыл көптеген жаңа жоба мен бастама жоспарланып отыр­ғанын да атап өтті. Оның айтуынша, елімізде мәдениет пен ақпарат саласында біршама тың өзгеріс байқалып, сала ма­мандарына қолдау көрсетіледі. 

«Біз алғаш рет 8 тілде таратылатын «Мә­­­дениет» онлайн-порталын іске қоса­мыз. Жаңа портал арқылы мәдени құнды­лық­­тарымызды ел аумағында ғана емес, шетел аудиториясына да насихат етуді мақсат етіп отырмыз. Оның негізгі міндеті – әрбір қы­зығушы үйден шықпай, төл мәдениетіміздің барлық жауһарын тануға, аралауға – музей, кітапхана, театр, ұлттық кино, көрмелер, рухани қорықтар, ұлттық музыканың алтын қоры мен заманауи әуездің жаңа үлгілерімен та­нысуға жағдай жасау. Мұндай жобалар әлем­дік тәжірибеде өз тиімділігін баяғыда-ақ көр­сеткен. Мә­селен, күніне 50 мың адам кі­ре­тін «Лувр» музейі онлайн кеңістікте 10 мил­лион «виртуалды туристі» қабылдайды», – деді министр.   

Аталған порталда еліміздің тарихы мен мәдениеті араб, ағылшын, қытай, орыс, түрік, француз, испан, түрік, қазақ тілде­рінде насихатталмақ. Қазақстан мәдение­тінің түрлі саласына арналған бөлімдерде таланттар, елдің даму мүмкіндіктері, театр қойылым­дары, киноиндустрия, мұражай, кітапхана, мұрағат туристік орын, қолөнер, сондай-ақ Қазақстанның сәулет өнеріндегі жетістіктері туралы ақпараттар ұсынылады.

Әлемдік қоғамдастық назарын Қазақ­стан­ның мәдени мұрасы мен сан қырына аудару үшін бұл сайтты ашу аса маңызды қадам болмақ. Бұл жоба 2024 жылдың 1 наурызында жүзеге асатындығы да белгілі болды. 

Министрдің мәлімдеуінше, былтыр елімізде 44 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам ғимарат күрделі жөндеуден өткі­зіл­ген екен. Одан бөлек, мәдениет қыз­мет­­кер­лерінің жалақысы 45%-ға өскен. Сон­дай-ақ соңғы 30 жылда алғаш «Халық әр­тісі» құр­метті атағы 8 мәдениет қайратке­ріне табыс­талған. Бұл да мәдениет саласын қолдаудың бір басымдығы. 

Былтырғы жылға қорытынды жасап, ал­да­ғы жоспарын пысықтау барысында ми­нистр Аида Балаева «Биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы – Қазақстандағы бейбіт­шілік пен ынтымақты бейнелейтін «Бірлік» ансамблінің құрылуы», – деді. Қазір «Ақ­жауын» ансамблінің республи­калық мәр­те­бесін қалпына келтіру мәселесі де назарға алынып отыр. 

«Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық ки­ноны қолдау орталығы алдымен сцена­рий­лерді қабылдап, үздіктерді сарап­тама ке­ңе­сінен іріктейтін болады. Ұлттық мүддемізге, идео­логиямызға сай келетін басым тақырып­тар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады», – деді министр.

Қазір халық арасында отандық киноин­дус­трияға байланысты сан алуан пікірдің тарап жүргені шындық. Кино түсірдік екен деп ойға келген дүниені қисынсыз экранға шығару үрдісі белең ала бастағаны тағы рас. Жоғарыда министрдің өзі айтып отырған ереже осындай келісімсіз дүниенің тал­ғаммен жүйеленетін аңғартса керек. 

Одан бөлек, телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қара­пайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға ба­сым­дық беріл­мек. Қазақта «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл ұғымға адалдық танытып келе жатқан талай жан бар. Мемле­кеттік тапсырыспен шығатын кітаптар мен сатып алынатын жазбалар саны жылдан жыл­ға артып келеді. Қазір жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында министрлік жанынан әдеби клуб құру жоспарланғаны туралы да айтып өткен, Аида Ғалымқызы мәдениеттің ажы­рамас бір сағасы әдебиет саласына да ерекше қамқорлық танытылатынын баян­дады. Осыған байланысты былтыр жалпы әдебиет сүйер қауым үшін министрлік та­ра­­пы­нан біршама ізгі бастама қолға алы­нып, нәтижелі орындалған болатын. Олар­дың қатарында Ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығы табысталды. Алғаш рет «Қазақ­стан­ның халық жазушысы» атағы 6 адамға берілсе 134 кітап 346 мың данамен жарық көрген. Алдағы уақытта да бұл үрдіс кезең-ке­зеңімен жүзеге асатыны айтылды. 

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Мереке Құлкенов, «Мәде­ниет туралы» заңға «баспа және әдеби редак­тор» деген тармақты енгізіп, министрге осы мамандықтың мәртебесін көтеруді ұсынды. Аида Балаева әдебиет дамымай, басқа са­ланың дамуы мүмкін емесін айта келе, ұсы­ныстың назарға алынатынын жеткізді. 

«Креатив хабтар – қоғамды рухани өр­кендеуге бастайтын креаторлардың тамыр жаятын жері. Бұл жерде адамзатқа ортақ мәдени құндылықтар өмірге келеді. Әлемдік кретив индустриядағы хабтардың рөлін зер­делей келе, 2019 жылы елдегі алғашқы креатив хаб, әлеуметтік-мәдени кеңістік – ÓzgeEpic құрған болатынбыз. ÓzgeEpic креа­тив хабы қазір Алматымен қатар мәдени аста­намыз Түркістан қала­сында және бас қала Астанада өз жұмысын жүргізіп жатыр. Былтыр министрлік дін саласындағы мемле­кет­тік саясатты дамы­ту­дың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Қоғамдық ке­ңесті үйлестіру орта­лығын ашты. Биылға да ау­қымды жоспар бекітті. Енді министрлік ар­хив саласын түгел цифрландыру, 7 тілде тара­латын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосу және кадрларды даярлау алгоритмін рет­ке келтіру міндетін алға қойды», – деді алқа отырысында сөз алған «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай. 

Сонымен бірге алқа отырысында ми­нистр мәдениет пен руханияттың шекарасы бол­май­тынын еске сала отырып, заман ағы­мы мен қоғам талабына сай заңнама тал­аптары орындалуы керегін баса айтты. Әдебиет, мә­дениет, руханият саласы қыз­меткерлерінің статусын биіктете отырып, саясаттың қол­жаулығы болмауы керегін тілге тиек етті.  Соны­мен бірге кез келген рухани құндылық­тар­ға аса жауапкер­шілікпен қарауға шақырды. Осы рухани құндылықтардың бір саласы – ономастика. Министр ендігі жерде ономастика сала­сында рушылдық пен туыстық мәселесі болмайтынын, керісінше бұдан былай елге белгілі тұлғалар мен еңбегі сіңген жандар насихатталатынын жеткізді.

Бердібек ҚАБАЙ