Тары – Түркістанның бренді

Отырар ауданының Балтакөл ауылында тұратын жас кәсіпкер Ерасыл Жүребек адам ағзасына пайдасы мол тары өнімінің нарықта бәсекелесі аз деп санайды. Себебі әкесінен дарыған бұл кәсіпті сонау бала күнінен бері зерттеп келеді.

Еліміздегі ең үлкен жоғары оқу орындарының бірі әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетін үздік бітірген ол мегаполистегі ірі компанияларда жұмыс істей жүріп те шалғай ауылдағы әкесінің кішігірім бизнесіне қолдау білдіріп тұрған. Бойына дарыған атакәсібі қойсын ба, қанша жерден алып шаһардағы ірі компанияда жұмыс істесе де кішкентай ғана ауылына, ондағы егін басында күнге күйіп жүрген әкесінің жанына бару ойынан кетпей ақыры ауылға тартып тұрады. 

«Осыдан 10 жыл бұрын 2-3 гектар жерге ғана тары егіп жүрдік. Алған өнімімізді базарға апарып қаптап, кейде келілеп сататынбыз. Әкем бізді тарыдан түскен табыспен жетілдірді. Түркістан қаласындағы мамандан­дырылған Дарын мектебіне оқуға түсуіме себепкер болды. Дарында оқуымның нәтижесінде ұлттық бірыңғай тестден ең жоғары 133 балға ие болып, өзім қалаған Алматыға оқуға түстім. Осынау жетістіктерімнің түбінде әкемнің маңдай тері жатқандай көрінеді», – дейді Ерасыл біз­бен әңгімесінде.

Әкесі ауыл­да тары егіп, оны дайын­дайды, ал биз­нестің марке­тингін меңгерген Ерасыл Алматыда жүріп ғаламтор арқылы жарнама жасап, клиент­терді ауылға жіберіп отырады. 

«Ауылдың бренді саналатын тарыны неге үлкен нарыққа шығармасқа, неге Өзбекстан мен Қырғызстан тауарын ығыстырмасқа деген ой мені мазалай берді. Ақыры бұл ой мені ауылға қарай жетеледі. Қазір шүкір, біз өндірген сапалы сөкті Шымкент, Тараз, Қызылорда және Алматы, Астана қалаларына дейін жіберіп тұрамыз», – дейді кейіпкер. 

Бастапқыда аз ғана жерге егін салып жүрген әкелі-балалы Сабыржан мен Ерасыл екеуі ақылдаса келе бұл кәсіпті дамыту үшін 2-3 жылдан соң тары өңдейтін кішігірім цех сатып алады. Бұл кездері ауылда да осындай кішігірім цехтар көбейеді. Балтакөл ауылы баяғыша тарының мекеніне айналады. Сұраныс та көбейеді. Қазір ауылдықтардың табыс көзіне айналған. Бір отбасы ай сайын орташа есеппен бір айда 30 тонна тары қуырса, тоннасын 40 мың теңгеден сатады екен. Түскен 1 млн 200 мың теңгенің біраз бөлігі кететін шығын­ды жапса, орташа есеппен 800-900 мың теңге көлемінде табыс қалады деп түсіндірді бізге Ерасыл. Мәселен, дәл Ерасыл тұратын үйдің көшесінің өзінде 10 үй тары қуы­рады екен. Басқа кәсіп­керлікпен салыс­тырмалы түрде айтқанда табыс өте жоғары деп санайды ол. 

Ерасыл Сабыржанұлы бизнесін дамыту үшін жақында «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайыз болатын жеңілдікпен 20 млн теңге несие алады. Ондағы ойы – үлкен диірмен алып, тары бизнесін одан әрі дамыту. 50 келі болатын қаппен сатылатын тарыны сақтау, оны тасымалдау, көтеру де қиынға соққан­дықтан, енді заманауи үлгіде 400 гра­мдық пакеттерге салып сатуды қолға алды. Сатып алушылар үшін де тиімді әрі санитарлық жағ­дайы да сенімді бола­тын сәнді пакет қаптарға тапсы­рыс беріліпті. Жуық арада келіп қалады. Дистрибьютерлік компа­ниялармен келісім жасалған. Ерасыл енді Балтакөлдің бренді саналатын тары­дан бөлек, құрғақ жеміс түріне жататын табиғи өнімдер – қауынқақ пен құртты вак­кум пакеттерге салып, нарыққа шы­ғару­ды жоспарлап отыр. Ауылдың жас жігіттеріне де жұмыс көзі болмақ. Түркістанды осынау өнімдермен толық қамтып, тек Балтакөлдің емес, тарыны Түркістанның брендіне айналдыруды мақсат еткен. 

Дәл қазір, яғни ораза айына 2 ай қалғаннан бері тары өніміне сұраныс әдеттегеіден бірнеше есе артыпты. Мұндағылар цехта таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін тынбай жұмыс істейді. Бір диірмен 30-40 млн теңге табыс алып келеді екен.

Тары өсіру мен оны сату, әрине көп еңбекті талап етеді. Тіпті, бір қап сөкті дайындау үшін 3 сағаттай уақыт кетеді екен. Егін алқабындағы жайқалып піскен тары дақылын белгілі техникалармен орып, оны дестелеп, желмен суыру арқылы таза қызыл тарының өнімін ажыратып алады. Әрі қарай тары­ны жібіту, отта қайнатып бас­тыру арқылы қара қазанда қуырады. Қуырылған тары цехта өңделеді. Осындай заманауи техно­логия­мен өндірілген тарыдан сөк, талқан және жент тағам­дары дайындала­ды. Жалпы, тарыны халқымызда «жауынгер дақыл» деп атайды екен. Себебі ол ұзақ мерзімге сақталатын құн­ды дақыл. Себе­бі тары қуаңшы­лыққа, аңыз­аққа және ыстыққа төзімді, диқандардан көп күтім қажет етпейді.

Аттың жалында, атанның қомын­да күн кешкен қазақ үшін тары дақылы кенеулі, тоқ тамақ саналған. Тарының тағам ретіндегі құнары мен жұғым­дылығы, адам денсаулығына пайдасы ғылымда әлдеқа­шан дәлелденген. Тары адам ағзасына тоқтықты дарытуымен бірге, емдік қасиетімен де қадірлі. Ол адамға күш-қуат береді. Ғалымдар сондай-ақ оның адам ағзасындағы улы заттарды жоюға да септігі бар дегенді айтады. Тарының ауыл шаруашылығы мен өндірістегі пайдасы да қыруар. Мәселен, тары сабанын жеген сиыр сүтінің өнімі мен құнары артады. Сабаны қыста да көкмайсадай жұмсақ болып тұрады, сондықтан оны мал сүйсініп жейді. Тары жеген тауық көп жұмырт­қалайды екен. 

Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге енді ғана көбірек көңіл бөлініп келе жатқаны рас. Ерасылдай жанып тұрған жастар өз ауылының брендін өшіріп алмай өсіріп жатқаны бізді қуан­тады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы