Астанадан небәрі 45 шақырым жерде жатқан Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы бейіттерде мазарлар құлап жататынын осыған дейін де бірнеше мәрте көтергенбіз. Бірнеше жыл бойы, әсіресе көктем тұсында топырақты су шайып, бейіттердің жартысына жуығын бұзып кеткен. Адамдар әр жылы ата-бабаларының өзенге ағып кетпеген сүйектерін тауып алатынын айтып ащы жанайқайын жеткізді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бейіттің жартысына жуығы толықтай бұзылған. Бейітте сонау 1680 жылдарда қайтыс болған ата-бабалар да жерленіпті. Бірақ, өкінішке қарай, құлап, сумен бірге ағып кеткен. Қазір тоқсаныншы жылдары қаза болған жандардың да зираттары құлаудың алдында тұр. 12 жылдан бері ауыл жанындағы өзен жағасынан қайтыс болған адамдардың сүйектерін теріп алып, қорықса да, қайта жерлеп жүрген тұрғындар өзен арнасын бұруға биліктен еш рұқсат ала алмай отыр.
– Сонау үш ғасырдан бері қайтыс болған адамдар жерленген бейіттің қазір жартысына жуығын су шайып, бейіттер құлап, адамдардың сүйегі еріген қармен бірге өзенге ағып кетеді. Тапқанымызды жинап, құран оқытып, қайта көмген боламыз. Біреудің аяғы, біреудің басы шығып жатады. Кімдікі екенін де білмейміз. Бейітте сонау 1680 жылы қойылған мазар да болған. Су оны да шайып кетті. Қазір 1800 жылдардағы, тіпті бертінгі тоқсаныншы жылдардағы зираттар да құлауға таяп қалған. Үлкен бейіттің 10-15 метрі жоқ. Қойылған тастары құлап, су ағызған құммен бірге кетті. Ал биылғы қар аса қалың. Тіпті, бейіт түгелдей суға кете ме деп қорқып отырмыз. Жергілікті аудандық, облыстық әкімдіктерге өзен арнасын бұруға рұқсат беруін сұрап, талай мәрте хат жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Карьерлерден тас өндіретін фирмалар өзен арнасын бұрып беруге әзір. Бірақ аудан әкімдігі рұқсат бермейді. Былтыр тіпті 3-4 шаруашылықпен келісіп, күзде іске кіріскен. Әкімдік полиция жіберіп жұмыс істетпей, өзен арнасын бұруға рұқсат бермей қойыпты, – дейді Рақымжан Қошқарбаев ауылының тұрғыны Бақыт Қырғызбаева.
Жетпістен асқан зейнеткер сонау 2017 жылдан бері осы мәселені көтеріп, бармаған жер, баспаған тауы қалмаған. Округ және аудан әкімдерінен бастап, бұрынғы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жеке қабылдауында да болған. Экология департаментіне, тіпті осыған дейінгі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың да қабылдауына кіргенін, бірақ барлық мемлекеттік органдар мен құзырлы ведомстволар, құрғақ уәдеден әріге аса алмағанын ашына жеткізді.
– Сол кездегі облыс әкімі Ермек Маржықпаев 2022 жылы Целиноград ауданы әкімдігіне «Биылдан қалдырмай бейіт мәселесін шешіңдер!» деп тапсырған еді. Бірақ содан бері екі жыл өтті. Ата-бабаларымыз, туған-туыстарымыз жатқан бейіт көз алдымызда құлап, адамның сүйектері суға кетіп жатыр. Жүрегің ауырып, жанымызды қоярға жер таппаймыз. Ал биылғы қар бейіт жиегіндегі жарқабақпен бірдей. Зираттар толықтай қардың астында жатыр. Бізге өзен арнасын бұруға рұқсатын берсе болар еді. Өзіміз барып шаруашылықтармен келісіп, өзеннің арнасын бұрғызар едік. Қайтыс болған күйеуім бейітке шешек, оба сияқты түрлі жұқпалы аурулармен науқастанған адамдардың да жерленгенін айтатын. Сондықтан егер дереу әрекет етпесе, Нұра өзенінде су арқылы адамдарға жұқпалы дерттің таралу қаупі де аса жоғары, – дейді Бақыт Қырғызбаева.
Су шайып құлаған бейіттерден адам сүйектері сонау 2012 жылдан бастап табыла бастапты. Мүрделер арықтармен Нұра өзеніне дейін ағып кетіп, кейбірі жолшыбай топырақ арасында қалып қойған. Тұрғындар бейітті алғаш су шаюы өзеннің жағасында біреулердің жағажай жасамақ болып ағаштарды балталап шауып тастағанынан басталғанын жеткізді.
– Өзеннің жанында әжептәуір қалқан болған талдар өсіп тұратын. Біреулер жағажай салмақ болып бүкіл тал-ағаштардың бірін қалдырмай балталап жүріп құртты. Жағажай жалаңаштанып, жанындағы құмды қиыршықтар біртіндеп құлап шайыла бастады. Күні бүгінге дейін адам сүйектерін қаппен жинап, бейітке қайта апарып көмеміз. Бірде аяқ, бірде қол, біресе бас сүйектері шашылып жатады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Жақында қазіргі облыс әкімі Марат Ахметжановқа жазылғанмын. Телефонмен хабарласқан адам 15 ақпанда Zoom арқылы әкіммен қосылатынымызды айтқан. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай хабар-ошар да, жауап та жоқ. Жазған хатыма «жұмысқа алынды» деген бір ауыз сөзі бар жауап қана келді. Тіпті, кейбір шен-шекпенділер жазған арыз-шағымдарымыз үшін ұрсатын да болды. Бізге бейітті жермен-жексен етіп тегістеп, тынышталуымызға кеңес берді. Бұдан өткен сұмдық бар ма? Біз мұсылманшылықтан жұрдай болып барамыз, – дейді ашынған ана.
Түйткілді мәселе жөнінде Целиноград ауданы әкімдігімен тілдеспек болдық. Алайда әкімдік хатшысы аудан әкімі Бахидбек Оспановтың еңбек демалысына кеткенін жеткізді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерік Жиенбековпен бірнеше мәрте хабарласып, ақыры қызметкерлерінің бірімен сөйлесудің сәті түсті. Аудан әкімдігі жергілікті шаруашылықпен олардың өз қаражатына Нұра өзені арнасын бұруға келісім жасалғанын айтты.
– Бейіт аумағының одан әрі құлауын және бұзылуын болдырмау үшін іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында «Баш-Құм» ЖШС-мен жобаны жасауға меморандум жасалды. Олар өз жеке қаражаты есебінен Нұра өзені арнасын бұру бойынша жұмыстарды өткізбек. Бүгінде аталған серіктестік жобаны келісу үшін Ақмола облысының Экология департаментіне жіберді. Жалпы ұзындығы 680 метр айналма жолмен Нұра өзенінің қазіргі арнасын бұру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін бастайды. Бірақ одан әрі мемлекеттік экологиялық сараптамадан өту үшін Нұра-Сарысу бассейні инспекциясымен жобаны келісу қажет, бірақ осы жерде мәселе туындап отыр, – деді Целиноград ауданы әкімдігінен.
Түйткілді мәселені одан әрі анықтау мақсатында Нұра-Сарысу бассейні инспекциясы басшылығымен тілдестік. Ведомствоның айтуынша күні бүгінге дейін Ақмола облысынан Рақымжан Қошқарбаев ауылындағы бейітті бұзбауы үшін Нұра өзенін бұруға қатысты ешқандай жоба келмеген.
– Бұл мәселе жайлы біз толықтай хабардармыз. Бірақ Нұра өзенін бұру мәселелері жергілікті атқарушы билік, оның ішінде Ақмола облысының табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының құзырында. Бізге жергілікті атқарушы органнан жоба келуге тиіс. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай жоба бізге келген жоқ, – дейді Нұра-Сарысу бассейні инспекциясы басшысының орынбасары Әлия Мырзағалиева.
Бұдан кейін түйіннің ұшын Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасынан іздедік. Басқарма басшылығы қазіргі күні жобамен жұмыс істеліп жатқанын алға тартып айдың соңына дейін жоба сараптамадан шығып Нұра-Сарысу бассейні инспекциясына баруға тиіс екенін атап өтті.
– Иә, бұл мәселеден хабардармыз. Кеше ғана дәл осы мәселе бойынша Целиноград ауданы әкімдігі, жобаны жасаушы «Баш-Құм» ЖШС және Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасы болып үшжақты меморандум жасалды. Оған сәйкес, Нұра өзені арнасын бұру бойынша жоба тиянақталмақ болды. Қазіргі уақытта жоба шамамен әзір де болып қалды. «Баш-құм» аз-маз түзеткеннен кейін сараптамадан өткізіліп, одан кейін Нұра-Сарысу бассейні инспекциясына жөнелтіледі. Ақпанның соңына дейін бұл жұмыстар аяқталуға тиіс деп отырмыз, – деді Ақмола облысы табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев.
Сонымен, ондаған жылдан бері шешілмей келе жатқан өткір мәселенің түйіні жуық арада тарқатылар деген үміт бар. Бірақ құзырлы органдардың сағызша созып жүруінен тұтас бейіт биыл көктемге суға кетіп қалмай ма екен деп тағы қапаланасың. Бюрократиялық кедергілер мен енжарлықтың салдарынан әруақтардың обалына қалып жатқанымыз өкінішті. Түйткілді мәселе одан әрі де біздің назарымызда болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы