Зиратты су шайып жатыр

Елорда іргесіндегі Рақымжан Қошқарбаев ауылы көктемнің келуін үрейлене күтіп отыр. Өйткені ондаған жылдан бері бейітке таяп қалған Нұра өзеніне жыл сайын сонда жерленген адам сүйектері ағып кетіп жатыр. Ал биыл тұтастай зиратты шайып кету қаупі төнген.

Астанадан небәрі 45 шақырым жерде жатқан Целиноград ауда­нына қарасты Рақымжан Қошқар­баев ауылындағы бейіттерде мазар­лар құлап жататынын осыған дейін де бірнеше мәрте көтергенбіз. Бір­неше жыл бойы, әсіресе көктем тұсында топырақты су шайып, бейіттердің жартысына жуығын бұзып кеткен. Адамдар әр жылы ата-бабаларының өзенге ағып кетпеген сүйектерін тауып алаты­нын айтып ащы жанайқайын жет­кізді. Ауыл тұрғындарының ай­туын­ша, бейіттің жартысына жуы­ғы толықтай бұзылған. Бейітте сонау 1680 жылдарда қайтыс бол­ған ата-бабалар да жерленіпті. Бірақ, өкінішке қарай, құлап, сумен бірге ағып кеткен. Қазір тоқсаныншы жылдары қаза болған жандардың да зираттары құлаудың алдында тұр. 12 жылдан бері ауыл жанындағы өзен жағасынан қай­тыс болған адамдардың сүйектерін теріп алып, қорықса да, қайта жерлеп жүрген тұрғындар өзен арнасын бұруға биліктен еш рұқсат ала алмай отыр. 

– Сонау үш ғасырдан бері қай­тыс болған адамдар жерленген бейіттің қазір жартысына жуығын су шайып, бейіттер құлап, адам­дардың сүйегі еріген қармен бірге өзенге ағып кетеді. Тапқанымызды жинап, құран оқытып, қайта көм­ген боламыз. Біреудің аяғы, біреу­дің басы шығып жатады. Кімдікі екенін де білмейміз. Бейітте сонау 1680 жылы қойылған мазар да болған. Су оны да шайып кетті. Қазір 1800 жылдардағы, тіпті бертінгі тоқса­ныншы жылдардағы зираттар да құлауға таяп қалған. Үлкен бейіттің 10-15 метрі жоқ. Қойылған тастары құлап, су ағыз­ған құммен бірге кетті. Ал биылғы қар аса қалың. Тіпті, бейіт түгелдей суға кете ме деп қорқып отырмыз. Жергілікті аудандық, облыстық әкімдіктерге өзен арнасын бұруға рұқсат беруін сұрап, талай мәрте хат жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Карьерлерден тас өндіретін фир­ма­лар өзен арнасын бұрып беруге әзір. Бірақ аудан әкімдігі рұқсат бермейді. Былтыр тіпті 3-4 шаруа­шылықпен келісіп, күзде іске кіріскен. Әкімдік полиция жіберіп жұмыс істетпей, өзен арнасын бұруға рұқсат бермей қойыпты, – дейді Рақымжан Қошқарбаев ауы­лының тұрғыны Бақыт Қырғыз­баева. 

Жетпістен асқан зейнеткер сонау 2017 жылдан бері осы мәсе­лені көтеріп, бармаған жер, бас­паған тауы қалмаған. Округ және аудан әкімдерінен бастап, бұрынғы Ақмола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаевтың жеке қа­был­дауын­да да болған. Экология де­пар­та­ментіне, тіпті осыған дейінгі Үкі­мет басшысы Әлихан Смайы­лов­тың да қабылдауына кіргенін, бірақ барлық мемлекеттік органдар мен құзырлы ведомстволар, құрғақ уәдеден әріге аса алмағанын ашы­на жеткізді. 

– Сол кездегі облыс әкімі Ер­мек Маржықпаев 2022 жылы Це­ли­ноград ауданы әкімдігіне «Биыл­дан қалдырмай бейіт мәселесін шешіңдер!» деп тапсырған еді. Бірақ содан бері екі жыл өтті. Ата-бабаларымыз, туған-туыстарымыз жатқан бейіт көз алдымызда құлап, адамның сүйектері суға кетіп жа­тыр. Жүрегің ауырып, жаны­мызды қоярға жер таппаймыз. Ал биылғы қар бейіт жиегіндегі жар­қабақпен бірдей. Зираттар толық­тай қардың астында жатыр. Бізге өзен арнасын бұруға рұқсатын берсе болар еді. Өзіміз барып шаруашылықтармен келісіп, өзеннің арнасын бұрғызар едік. Қайтыс болған күйеуім бейітке шешек, оба сияқты түрлі жұқпалы аурулармен науқастанған адамдар­дың да жерленгенін айтатын. Сон­дықтан егер дереу әрекет етпесе, Нұра өзенінде су арқылы адамдарға жұқпалы дерттің таралу қаупі де аса жоғары, – дейді Бақыт Қырғыз­баева. 

Су шайып құлаған бейіттерден адам сүйектері сонау 2012 жылдан бастап табыла бастапты. Мүрделер арықтармен Нұра өзеніне дейін ағып кетіп, кейбірі жолшыбай топырақ арасында қалып қойған. Тұрғындар бейітті алғаш су шаюы өзеннің жағасында біреулердің жағажай жасамақ болып ағаштарды балталап шауып тастағанынан басталғанын жеткізді. 

– Өзеннің жанында әжептәуір қалқан болған талдар өсіп тұратын. Біреулер жағажай салмақ болып бүкіл тал-ағаштардың бірін қал­дыр­май балталап жүріп құртты. Жа­ға­жай жалаңаштанып, жанын­дағы құмды қиыршықтар біртіндеп құлап шайыла бастады. Күні бү­гінге дейін адам сүйектерін қаппен жинап, бейітке қайта апарып көмеміз. Бірде аяқ, бірде қол, біресе бас сүйектері шашылып жатады. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Жақында қазіргі облыс әкімі Марат Ахметжановқа жазылған­мын. Телефонмен хабарласқан адам 15 ақпанда Zoom арқылы әкім­мен қосылатынымызды айт­қан. Бірақ күні бүгінге дейін ешқан­дай хабар-ошар да, жауап та жоқ. Жазған хатыма «жұмысқа алынды» деген бір ауыз сөзі бар жауап қана келді. Тіпті, кейбір шен-шекпенділер жазған арыз-шағымдарымыз үшін ұрсатын да болды. Бізге бейітті жермен-жек­сен етіп тегістеп, тынышталуы­мызға кеңес берді. Бұдан өткен сұмдық бар ма? Біз мұсылман­шылықтан жұрдай болып барамыз, – дейді ашынған ана. 

Түйткілді мәселе жөнінде Целиноград ауданы әкімдігімен тілдеспек болдық. Алайда әкімдік хатшысы аудан әкімі Бахидбек Оспановтың еңбек демалысына кеткенін жеткізді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерік Жиенбековпен бірнеше мәрте хабарласып, ақыры қызметкер­лерінің бірімен сөйлесудің сәті түсті. Аудан әкімдігі жергілікті шаруашылықпен олардың өз қаражатына Нұра өзені арнасын бұруға келісім жасалғанын айтты. 

– Бейіт аумағының одан әрі құлауын және бұзылуын болдырмау үшін іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында «Баш-Құм» ЖШС-мен жобаны жасауға меморандум жасалды. Олар өз жеке қаражаты есебінен Нұра өзені арнасын бұру бойынша жұмыстарды өткізбек. Бүгінде аталған серіктестік жобаны келісу үшін Ақмола облысының Экология департаментіне жіберді. Жалпы ұзындығы 680 метр айналма жолмен Нұра өзенінің қазіргі арнасын бұру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын сарап­тама­ның оң қорытындысын алған­нан кейін бастайды. Бірақ одан әрі мемлекеттік экологиялық сарап­тама­дан өту үшін Нұра-Сарысу бассейні инспекциясымен жобаны келісу қажет, бірақ осы жерде мә­се­ле туындап отыр, – деді Целино­град ауданы әкімдігінен. 

Түйткілді мәселені одан әрі анықтау мақсатында Нұра-Сарысу бассейні инспекциясы басшы­лығы­мен тілдестік. Ведомствоның айтуынша күні бүгінге дейін Ақ­мо­ла облысынан Рақымжан Қошқар­баев ауылындағы бейітті бұзбауы үшін Нұра өзенін бұруға қатысты ешқандай жоба келмеген. 

– Бұл мәселе жайлы біз толық­тай хабардармыз. Бірақ Нұра өзе­нін бұру мәселелері жергілікті атқарушы билік, оның ішінде Ақ­мола облысының табиғи ресурс­тарды пайдалану басқармасының құзырында. Бізге жергілікті ат­қарушы органнан жоба келуге тиіс. Бірақ күні бүгінге дейін ешқандай жоба бізге келген жоқ, – дейді Нұра-Сарысу бассейні инспек­циясы басшысының орынбасары Әлия Мырзағалиева. 

Бұдан кейін түйіннің ұшын Ақмола облысының табиғи ресурстар басқармасынан іздедік. Басқарма басшылығы қазіргі күні жобамен жұмыс істеліп жатқанын алға тартып айдың соңына дейін жоба сараптамадан шығып Нұра-Сарысу бассейні инспекциясына баруға тиіс екенін атап өтті. 

– Иә, бұл мәселеден хабардар­мыз. Кеше ғана дәл осы мәселе бойынша Целиноград ауданы әкімдігі, жобаны жасаушы «Баш-Құм» ЖШС және Ақмола облысы­ның табиғи ресурстар басқармасы болып үшжақты меморандум жасалды. Оған сәйкес, Нұра өзені арнасын бұру бойынша жоба тия­нақталмақ болды. Қазіргі уақытта жоба шамамен әзір де болып қалды. «Баш-құм» аз-маз түзет­кеннен кейін сараптамадан өткі­зіліп, одан кейін Нұра-Сарысу бас­сейні инспекциясына жөнел­тіледі. Ақпан­ның соңына дейін бұл жұмыстар аяқталуға тиіс деп оты­рмыз, – деді Ақмола облысы таби­ғи ресурстар басқармасы басшы­сының орын­басары Болат Төкішев. 

Сонымен, ондаған жылдан бері  шешілмей келе жатқан өткір мәсе­ленің түйіні жуық арада тарқатылар деген үміт бар. Бірақ құзырлы ор­ган­дардың сағызша созып жүруі­нен тұтас бейіт биыл көктемге суға кетіп қалмай ма екен деп тағы қапа­ланасың. Бюро­кратиялық ке­дер­гілер мен енжар­лықтың сал­дары­нан әруақтардың обалына қалып жатқанымыз өкінішті. Түйткіл­ді мәселе одан әрі де біздің назарымызда болмақ. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы