Сонда басынан соры арылмаған, небір нәубетті кешірген ақынды фильм соңында француз билігі Парижден қуып, қуғынға ұшыратады. Басты себеп – «Вийонның қоғамға кері әсері». Мұндай қуғындауды кезінде рухты ақын Есенин де көрген. Уақытында Сталин оның өлеңдерін оқуға тыйым салады. Тарихта танымал адамдардың осылай қуғынға ұшырап (билік һәм халық тарапынан), қоғамнан аластатылған оқиғалары жетерлік. Бірақ біздің айтпағымыз бұл қуғындалу емес... «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, айтпағымыз басқа «қуғындалу» жайында...
Қазақта «халық қаласа хан түйесін сояды» деген бар. Ал халықтың қалауы не, нені қаламайды? Әлбетте ұлтты кемсітпеу, ардан аттамау, әлсізге зорлық-зомбылық жасамау деген секілді жалпыхалықтық түсініктер бар. Осындай қағидаларды ұстанбаған жандар немесе белгілі бір мекемелер қоғамның наразылығына, қарсылығына ұшырап жатады. Мұндай жағдайды Cancel culture яғни терістеу мәдениеті деп атайды. Біз осы мақаламызда мәдени бойкот жайында ой қозғап, оның еліміздегі көріністерін сөз етпекпіз.
Вайнштейн эффектісі
Батыста мәдени бойкот 2017 жылы күшейді. Даудың басы америкалық продюсер Харви Вайнштейнге қатысты еді. 2017 жылғы қазанда The New York Times пен The New Yorker басылымдары Вайнштейннің ұзақ уақыт бойы қызмет бабын пайдалана отырып актрисаларға харассмент көрсеткенін баяндайтын мақалалар жариялады. Бұл уақиғадан соң бас-аяғы 80-ге тарта адам Вайнштейннен көрген қысымын мәлімдеді. Осы себепті Вайнштейн америкалық кино академиядан, өзі құрған The Weinstein компаниясынан қуыл ды, бизнесі банкротқа ұшырады, ал әйел зорлағаны дәлелденіп, 2020 жылы 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға #MeToo (Мен де) онлайн қозғалысын бастады. Бұл хэштегті қолданатын әйелдер бір кездері басынан өткерген жыныстық қудалау мен зорлық-зомбылық туралы айтып, парақшаларында бөлісе бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жазбалар біршама уақытқа созылып, көпшілік арасында қанатын кеңге жайды. Айыпталған көптеген танымал адам беделдері мен марапаттарынан айырылып жатты. Бірнеше жыл бойы саясаткерлердің, танымал тұлғалардың және ірі компаниялар қызметкерлерін қудалау оқиғаларының толқыны көптеген аймақты шарпыды. Танымал адамдардың арасында режиссер Бретт Рэтнер, әйгілі аспаз Джон Беш, Ұлыбритания Қорғаныс министрі Майкл Фэллон секілді қоғамда беделді жандар болды. Осылайша, өмірге «Вайнштейн эффектісі» деген термин келді.
Осыдан келіп мәдени қарсылықтар жер-жерде әртүрлі жағдайларға қатысты бас көтере бастады. Мәдени бойкот тырнағына беделді адамдар ғана емес төрт аяғын тең басқан танымал брендтік тауарлар, компаниялар да ілігіп жатты. Мәселен, Forrester зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тың әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары мынадай брендтерге бойкот жариялайтыны анықталған: қызметті әдепсіз жүргізгендерге – 55%; өз қызметкерлеріне нашар қарайтындарға – 53%; басшылықтың өз лауазымын әсіре пайдаланып орынсыз әрекеттерге баратындарға – 40%.
Бір мысал. 2021 жылы H&M компаниясы Қытайда мақта теруге құлдар еңбегін пайдаланады деп наразылық білдіреді. Наразылығын Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мақта теруге мәжбүрлі жұмыс күші жегілетініне алаңдап, осы аймақтан мақта сатып алудан бас тарту арқылы білдіреді. Бұған өз кезегінде H&M компаниясының Қытайды құрметтемеуі деп коммерциялық жылжымайтын мүлік иелері H&М швед киім дүкендерін жауып кері жауап береді. Үрімжі, Инчуан, Чанчунь және Ляньюньган қалалық округтерінде орналасқан сауда орталықтарының операторларымен байланысқа шыққан Bloomberg ол жерлерде кем дегенде алты H&M дүкені жабылғанын хабарлайды. Осы бойкоттың кесірінен, үш айдың ішінде Қытайдағы H&M сатылымы 28%-ға төмендеп, компания 74 миллион доллар жоғалтты.
Бұл жағдай біздің елдегі қазақстандық бизнесмен Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты пікірі оның өнімдеріне бойкот жариялау мәселесін көтеруге дейін алып барғанын еске түсіреді. Кәсіпкер айтқан: «Егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі» деген тұжырымына көпшілік қатты наразылығын білдіреді. Бұл #CancelChoco деген хэштег арқылы кәсіпкерге тиесілі компанияларды тұтынбауға ұласып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ақыр соңы бизнесменнің кешірім сұрауымен Chocofamily қосымшасын қазақшалауымен тынады. Дәл осылай «Пинта» ресторандар желісі қазақша әуендер қоймағаны үшін қоғамның наразылығы туындап, жалпыхалықтық қарсылыққа ұшырап бара жатқан соң қазақша әуендер қоса бастап, қоғаммен санасуды жөн деп табады.
Еліміздегі Cancel culture
Еліміздегі мәдени бойкоттар Мухоряповпен ғана шектелмейді. Мәселен, былтыр ұлты қазақ ресейлік әзілкеш Азамат Мұсағалиев пен әріптестері Ресей басып алған Донбасс аймағында концертке қатысып, соғысты қолдайтын ән шырқаған. Осыдан кейін Мұсағалиев бастаған ресейлік әзілкештердің Қазақстандағы концертіне бойкот жариялағандар көбейді. Әлеуметтік желі қолданушылар өре тұрып қарсылық білдіргеннен кейін Ресейдің басқыншылығын жақтаушы «Камызяки» тобының еліміздегі концерттеріне тоқтау салынды. Аталмыш топ 5 және 7 қазан күндері Алматы мен Астанада жеке (соло) концерт қоятын болып белгіленген еді. Алайда олардың Ресейдің Украинаға жасап жатқан басқыншылық соғысын құптауымен келіспеген және топтың жетекшісі Азамат Мұсағалиевтің бұдан бірқатар уақыт бұрын қазақ тілін «курлы-мурлы» деп келекелегеніне ашынған қазақстандық қауым бұл шараға қарсы көтерілген болатын.
Бұған дейін қазақ қоғамының наразылық танытуына байланысты елде Ресейдің Ирина Дубцова, Григорий Лепс, Лариса Долина, Полина Гагарина, Сергей Глушко, Никита Джигурда секілді өнер жұлдыздарының концерттеріне рұқсат етілмеген еді. Мұның есесіне, РФ-ның Украинадағы оккупациясына бірден қарсы үн қатып, елден кетіп қалған шоумен Максим Галкиннің Қазақстанда қазан айында өтуі жоспарланып қойылған концертін жергілікті жұрт қолдаған еді.
Жоққа шығару мәдениеті тек бизнес төңірегіне ғана емес, танымал азаматтарға да қатысты. Айталық, былтыр әлеуметтік желіде боксшы Бейбіт Шүменовтің қоғамдық орында бала ұстаған адаммен жанжалдасқан бейнежазбасы кең таралып, осы бейне жазбадан кейін халық Бейбіт Шүменовті ашық кінәлайды. Ақырында, боксшыға қатысты Ішкі істер министрлігі қыл мыстық іс те қозғайды.
Мәдени қарсылыққа ұшыраған мульфильмдер
Мәдени қарсылыққа тек тұлғалар мен брендтер ғана емес, балалар ертегілері мен мультфильмдері де тап болады. Мысалы, батыста Ақшақар туралы ертегі сынға ұшырады. Бұған себеп – ертегідегі ханзада ақшақарды ұйықтап жатқанда, оның келісімінсіз сүюі болды. Ал бүгінгі жаңа этика мұны жыныстық зорлық-зомбылық деп санайды. 2020 жылы Дисней өзінің «Дамбо», «Питер Пэн» және «Джунгли кітабы» мультфильмдеріне кейбір кейіпкерлердің «нәсілшіл» бейнеленуі жайында қарсылықтарға ұшырайды. Ал 2021 жылы оларды балаларға арналған фильмдер тізімінен алынып, жаңа этика нормаларын сақтамау салдарынан мультфильмдер «ересектерге арналған контентке» айналды.
Мұндай оқиға біздің елімізде де көрініс тапқанын. Осыдан аз ғана жыл бұрын қоғамда «Базз Лайтер» мультфильміне қатысты дау өршіп кетті. Адамзат тарихындағы ең қымбат мультфильмдердің бірі саналып, 200 млн доллар қаржыға түсірілген «Базз Лайтердің» көрсетілімі Батыс елдерінде сәтті өткенімен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азияда Базздың басы дауға қалды. Себебі мультфильмде қыз кейіпкер Алиса Хоторнның әріптесі, құрбысымен сүйісетін сәті көрсетілгенінен еді. Бұл көріністі көптеген мұсылман елдері ЛГБТ-ны ашық насихаттау және құндылығымызға шабуыл деп мәлімдеп, туындыны көрсетуден бас тартты. «Базз Лайтердің» дауы Қазақстанға жетіп, даудың басы актер Нұртас Адамбаевтың жазбасынан басталып, артынша министрліктің араласуына да алып келді. Қазақстанда Базз Лайтерге тыйым салуды талап еткен петиция онлайн режимде 35 000 қол жинайды. Осылайша, фильм аясындағы дау азайып, туынды көрсетілмеді.
Мәдениеттанушылар не дейді?
Осы мақаланы жазу барысында өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутаймен байланысқа шықтық. Ол бұл тақырып аясында ойын былайша сабақтады.
«Жалпы, мәдени қарсылықтар қашаннан болған, бола береді. Өз басым бұған ұлттық идеология тұрғысынан қараймын. Мәселен, бүгінде эфирлерде біздің болмысымызға жат телешоулар мен бағдарламалар қаптап кетті. Олардың ұрпаққа беріп жатқан тәрбиесі, тағылымы, мәні мен мағынасы жоқ. Абай айтқандай, «қолымда закон қуаты болса» осылардың барлығына бойкот жариялар едім. Біз өз бірегейлігімізден алшақтап, ұлттық болмысымызды жоғалту алдындамыз. Қазақ телеарналары бұған жол беріп отыр. Эфирлерден ұлттық құндылықты насихаттайтын бағдарламарды ашудың орнына ұрпақ санасына теріс әсерін беретін бағдарламалармен рейтинг қуып әуре болып жүр. Рейтинг деген – бос сөз. Кезінде «Қазақстан» телеарнасын Ғалым Доскен басқарып тұрған тұста қандай ғажап бағдарламалар ашып еді. Сол кезде бүкіл қазақ даласы сол бағдарламарды көретін. Міне, рейтинг деген – осы. Біз өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпауымыз қажет. Кезінде Қайрат Байбосынов ән айтқан кезде кейбір қазақтардың «қандай тамаша ән, тамаша дауыс, қазақ екенімді сезініп қалдым» дегенін естігенмін. Олар неге олай айтты? Себебі ол ән біздің түйсігімізде ұйқыға кетіп бара жатқан болмысымызды оятты. Қазақы рухымызды серпілтті. Мен мәдени қарсылыққа тағы үш нәрсені айтқым келіп отыр. Біріншіден, еліміздегі нәзік жандыларға сабақ үйретіп жүрген біздің болмысқа сай келмейтін семинар-тренингтер өткізетіндерге бойкот жариялау керек. Екіншіден, концерттер мен той-томалақтарда фонограммамен ән айтатын әншілерге тосқауыл қоюымыз қажет. Үшіншіден, уағызымен біздің дәстүрлі құндылықтарымызды жоққа шығаратын молдаларға тыйым салуымыз керек. Қазір осы үш мәселе де өзектілігі күйіп тұр», – дейді ол.
Ал мәдениеттанушы Роза Омарбекқызы мәдени қарсылықтарды да мәдени этикамен жүргізген дұрыс деп санайды.
«Мәдени бойкот дегеніміз – аты айтып тұрғандай, кез келген мәселеде, қандай жағдай болмасын халықтың мәдениетті түрде ол тұлғадан немесе тауардан бас тартуы. Бізде өкінішке қарай, бұл тұста кемшіліктер кездесіп жатады. Кез келген дүниені мәдениетті түрде, сауатты сарапқа салып, сабырмен шешуге болады», – дейді ол.
P.S.
Сарапшылар қудалаудың тарихы ежелгі Грекиядағы остракизмнен бастау алатынын айтады. Кезінде мемлекетке қауіпті азаматтарды қоғамнан аластау процесін осылай атаған. Қауым жасырын дауыс беру кезінде остракон, яғни балшық сынықтарына елден кім қуылатынын жазып, ортақ шешімге келген екен. Ал біздің жағдайда бұл тіптен ертеде басталған десек ше? Қазақ халқының салтдәстүрлерінің бірінде – қара есекке теріс мінгізу болғанын қалай ұмытамыз? «Жеті жарғы» заңы бойынша қылмыс жасаған, елге ұят келтірген ерсі іс істеген, зиян жасаған ер, әйелдерді дала заңы бойынша халық жиналып, оның ұятын бетіне басады. Қара есекке (немесе қара сиырға) теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, есек бауыры астынан аяғын байлап, мойнына қара құрым іліп, үй, ауыл аралатып мазақ етеді, әбден қорлайды. Жұрт бетіне түкіреді. Бұл әсіресе жас балалар үшін қатал көрсеткіш, үлгі әрі тыйым болды. Бұл тыйымды бүгінгі тілмен Cancel culture десек болатын шығар.
Наурызбек САРША