Бұл көрсеткіш экономикасы дамыған мемлекеттердегі орташа мәннен едәуір көп. Мысалы, Ұлыбритания азаматтарының азыққа кететін шығыны 7,2% болса, Еуропаның көптеген елінде ол көрсеткіш 7%-19% аралығында.
Соңғы жылдары азық-түлік бағасы тоқтаусыз көтеріліп бара жатыр. Мұндай жағдайда халықтың тамақтану рационының құрамы қандай? Не ішіп, жеп жүрміз?
Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы дерегіне қарасақ, қазақстандықтардың негізгі тамақтану рационында сүт өнімдері, жұмыртқа және жарма мен ұн өнімдері жиі кездеседі. Яғни, етке қарағанда нанды көп жейміз. Экономикалық зерттеулер институтының дерегінше, 2021 жылы еліміздегі 1 тұрғын орта есеппен 133,8 келі ұн өнімдерін жесе, 2022 жылы көрсеткіш 128 келі болыпты. Ұннан дайындалған өнімді ең көп тұтынатын өңір Түркістан облысы – жылына 172,3 келі, ал ең аз жейтін Маңғыстау облысы – жылына бір адамға 97,6 келі.
Салыстыру үшін айтар болсақ, Арменияда жан басына шаққанда жылына 170 келі нан өнімдері тұтынылса, Ресейде – 114 келі, Украинада – 97 келі, Германияда – 84 келі, АҚШ-та шамамен 78 келі тұтынады.
Ал еліміздегі ет жеу көрсеткішіне келсек, жан басына шаққанда жылына 78,2 келіден айналыпты. Айта кету керек, АҚШ пен Еуропада бұл көрсеткіш – 100 келі шамасында.
Мамандардың пікірінше, қазақстандықтардың тағам рационында темір, йод аз кездеседі, бірақ қантты көп жейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылы түзген Азық-түлік қаупсіздігі индексінде рациондағы темірге бай тағамды тұтынуда Қазақстан 113 елдің ішінде 67 орында болған.
Мәселен, Эфиопия тұрғындары тәулігіне жейтін тағамның құрамында темірдің көрсеткіші 45,4 мг болса, қазақстандықтардың көрсеткіші – 11,3 мг. Экономикалық зерттеулер институтының мамандар Эфиопия халқы ұсақ дәнді тефаны тағам ретінде жиі пайдаланатынын айтады, оның құрамында темір көп. Рейтингтің соңында 4,8 мг көрсеткішпен Доминикан Республикасы тұр.
Темірге бай азық адамға энергия мен өнімділік береді. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының доценті, PhD докторы Айгүл Нағашыбекқызының айтуынша, елімізде халықтың денсаулығын жақсартуға байланысты көптеген жұмыс жүргізіліп жатқанымен, тамақтану рационы реттелмей отыр. «Елімізде «жасырын аштық» деп сипатталатын бірнеше минералдық жетіспеушіліктің тағамда болмауынан туындайтын аурулар: темір тапшылығы анемиясы, йод тапшылығы, зоб аурулары жиі кездеседі. Қазіргі тамақ өнеркәсібіндегі өндірудің, өңдеудің және сақтаудың ағымдағы технологиялары тағам өнімдеріндегі бағалы заттектерді сақтай алмайды. Тағам құрамында темір аз болғандықтан анемия көбейген. Әлсіздік, шаршағыштық, ентігу, бас айналу, құлақтың шуылдауы терінің және тырнақ түбінің бозаруы – осының дәлелі. Йод қалқанша безінің гормондарының синтезі үшін қажет. Бұл гормондар кез келген жастағы адамның өмірінде маңызды рөл атқарады», – дейді маман.
Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары зерттеу деректеріне сүйеніп, қарапайым тағам өнімдерін фортификациялау (құнарландыру) арқылы шешуге ұсыныс жасап, ұнды темірмен, ал тұзды йодпен байыту әдісін енгізген. «Ғалымдарымыздың ұсынысымен 2020 жылы заңға арнайы баптар енгізілді. Жоғарыдағы байытылған өнімдерді балабақшалар мен интернаттар, студенттік асханалар, алдын алу-емдік мекемелері және қоғамдық тамақтану орындары сатып алуы тиіс. Ондай байытылған өнімдердің қаптамасында «сапалы азық» healthy food белгісі қойылған. Халық ол белгіні білуі қажет», – дейді Айгүл Нағашыбекқызы.
Ел азаматтары тұтынатын тағам құрамында қанттың мөлшері көп. 2022 жылғы көрсеткішке қарасақ, қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдерді ең көп тұтыну Ұлытау облысында (жылына орта есеппен жан басына шаққанда 52,6 келі) тіркеліпті. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (48,9 келі) және Жетісу облысы (45,5 келі), сондай-ақ Алматы қаласы (11,27 келі) тұр. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында (28,7 келі), Абай облысында (32,3 келі) және Атырау облысының (32,6 келі) үлесінде.
Тағамтанушы мамандар қант жеуді азайтуға үндейді. Тәуліктегі қант қажеттілігі ересектер үшін 50 грамнан, балаларға 25-30 грамнан аспауы керек.
«Соңғы зерттеу бір тәулікте отандастарымыздың 150 грамға дейін қант тұтынатынын анықтады. Бұл әрине, артық салмақтың, қант диабетінің артуына өз үлесін қосады», – дейді А.Нағашыбекқызы.
Оның орнына ата-аналар баласының тамақтануына көп көңіл бөліп, дүкендердегі қоспасы көп тәтті сусындардың орнына табиғи сусындар беруі керек. Сонымен қатар маман С дәруменді итмұрын қайнатпасын, лимон қосылған сусын, көкөніс-жеміс салаттарын, қырыққабат қосылған тағамдарды әзірлеуге кеңес берді.
ДДҰ ескертуінен кейін әлемнің бірқатар мемлекеті қант тұтынуға шектеу енгізген. Мысалы, Мексика қант қосылған алкогольсіз сусындарға акциз салығын қосса, Венгрия құрамында қант, тұз немесе кофеин көп қаптамадағы тағамдарға салық салады. Қант салығын Италия мен Польша да енгізді.
Бір жағынан құнары мол, ағзаға пайдалы азық-түлікті таңдап, рационға қосуға қымбатшылық та мүмкіндік берер емес. Бізге қарағанда ТМД-дағы мемлекеттердің азық-түлікке шығыны азырақ. Мысалы, Ресей халқы табысының 39%-ы тамақ сатып алуға кетсе, Беларусьта – 40,8%, Әзербайжанда – 45%.
Сарапшы Айгерім Аманжолованың айтуынша, өңірлердегі азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасындағы өзгерістерді орталықтандырылған қадағалау тетігі әлсіз. «Әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін маңызды азықтың қолжетімді болуын жедел шешу мәселесі реттелмеген. Бір жағынан жағдайды талдау үшін өңірлерде деректердің жетіспеушілігі бар», – дейді ол.
NielsenIQ Kazakhstan компаниясының дерегіне сүйенсек, 2021 жылы қазақстандықтар азық-түлікке айына орта есеппен 59 000 теңге жұмсаған. Ал 2023 жылғы шығын көлемі 82 000 теңге болыпты. Яғни, 2021 жылғы көрсеткіштен 40%-ға жоғары.
«Тұтыну себетінің негізін құрайтын макарон өнімдері, май және т.б. тауарлар құнына инфляция әлдеқайда жылдам өсуде. Азық-түлік емес тауарларға келсек, сабын, сусабын, тіс пастасы, кір жуғыш зат, яғни бізге үнемі қажет өнімдердің бағасы 2 жылда 50%-дан астам қымбаттағанын байқаймыз», – дейді компанияның қаржы жөніндегі директоры Мәдина Сейсенғалиева.
Жалпы, тұтыну себетіне адамға ең қажетті тауарлар мен қызметтер жиынтығы кіреді. Оның тізімін түзгенде алдымен күнделікті ішіп-жемге керек азық түрі, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет құны, көлік және де басқа да қызмет ақысы есептеледі. Яғни, тұтыну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Еске сала кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейінің Үкімет бекіткен биылғы мөлшері – 43 407 теңге.
Әдетте, ең төменгі күнкөріс деңгейін ең төменгі айлық көрсеткішімен шатастыру жағдайы жиі кездеседі. Рас, екеуі де бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, бөлек ұғымды білдіреді. Төменгі жалақы мөлшері (2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 85 000 теңге) ең алдымен жұмыс істеп жүрген жандарға есептелсе, төменгі күнкөріс деңгейі – сол мемлекетте өмір сүріп жатқан барлық жан басына шаққандағы есеп. Былайша айтқанда, аштан өліп қалмауыңыздың кепілі.
Қазақстан Республикасы азық-түлік себетіндегі тізім тұтынылатын 64 негізгі өнімнен тұрады. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Гүлдара Нұрымова аталған тізімге балық, теңіз өнімдері, ет және т.б. қоса алғанда, өнімдердің барлық негізгі түрі кіргенімен, айына 43 407 теңге осы өнімдердің көпшілігін сатып алу үшін жеткіліксіздігін айтты.
«Тұтыну себетінде дәрі-дәрмек, киім-кешек, шаруашылық және кеңсе тауарлары, коммуналдық қызметтер, демалыс ескерілмеген. Өкінішке қарай, Қазақстандағы тұтыну себеті жоғары инфляция сияқты бірқатар факторларға байланысты әлемдік нормаларға сәйкес келмейді. Мысалы, Германияда тұтыну себетін жинақтамас бұрын 60 000 отбасы арасында сауалнама жүргізіледі және неміс тұтыну себетінің құрамына 750-ден астам тауарлар мен қызметтер, соның ішінде демалыс, коммуналдық қызметтер және т.б. кіреді. АҚШ-тың тұтыну қоржынына 350 позиция кіреді, оның құрылуына АҚШ-тың 12 000 тұрғыны қатысады. Біздің елімізде тұтыну себеті қалай қалыптасады – бұл үлкен мәселе. Біздің комитет депуттары бұл нормамен келіспей, министрлікке бірнеше рет ескерту жасады», – дейді ол.
Сарапшылар тұтыну себетіндегі тауарлар мен қызмет түрлерін қайта қарайтын уақыт жеткенін айтады. Одан басқа жол да жоқ. Инфляция шырмап тұрған кезеңде халықтың табыс көзін көбейтпей кедейлік қамытынан босай алмасымыз анық.
Бауыржан БАЗАР